Биыл қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдық мерейтойы. Қазақ елін ширек ғасыр басқарған қайраткерді қарапайым халық ыстық ықыласпен еске алады. Себебі ол билік тізгінін ұстаған уақытта халық үшін қалтқысыз қызмет етті. Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қапшағай қаласын Қонаев атымен атау туралы ұсыныс айтты. Қалалық мәслихат депутаттары президенттің ұсынысын қолдап, Қапшағайға Қонаев атын берді. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде айтулы тұлғаның қаншалықты зерттеп, тани алдық? Осы және өзге де сұрақты ҚР Білім және ғылым минитсрлігіне қарасты Мемлекет тарихы институтының жетекші ғалымы Амангелді Нұркейұлы Қашқынбаевқа қойған едік. Тарих ғылымдарының кандидаты тұлға туралы толымды әңгіме айтып, өз ойын ортаға салды.
– Биыл Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдық мерейтойы. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында қайраткерді қаншалықты зерттеп, тани білдік? Жалпы ол кісінің ашылмаған қырлары бар ма?
– Соңғы уақытта еліміздің үлкен басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туралы көп әңгіме айтып жатырмыз. Таяуда ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қонаевтың еңбегін ерекше атап өтіп, оның атымен Қапшағай қаласын атау туралы ұсыныс айтты. Бұл ұсыныс қоғамның қолдауын алып, тұлғаның аты Қапшағай қаласына берілді. Көпшілік арасында «Қапшағай қаласын неге Қонаевтың атына беріп жатырмыз?» деген сұрақтар туындауы мүмкін. Жақында Орта ғасырлық тарихшы, философ, елші болған Макиавеллидің еңбегі қолыма түсті. Аталған еңбекте ол «Өзінің даңқымен емес, тағдырдың жазғанымен билеуші болған адамға билікке қол жеткізу оңай. Бірақ оны қолда ұстап тұру қиын» деп жазыпты.
Ғалымның ойын сіздің сұрағыңызбен байланыстыратын болсақ, Қонаев қиын заманда билік басында болды. Коммунистік партия мен тотаритарлық жүйенің әлеуметтік мәселелерге жөнсіз араласатын кезеңінде билікке келген адам туралы айту қиын. Дегенмен Макиавелли сияқты өмірлік тәжірибесі мол адамның сөзімен сабақтайтын болсақ, егер де Қонаев нашар мемлекет басқарса, оны өмірден өткеннен кейін халық жақсы жағынан еске алмас еді. Жалпы Қонаевтың Қазақстанға сіңірген еңбегін жаңа деректердің негізінде ғылыми тұжырыммен дәлелдейтін уақыт келген секілді. Өкінішке қарай тұлға туралы Қонаевтың өзінің еңбектерінен бөлек оның өмірі мен еңбек жолын жазған ғылыми еңбек жоқ сияқты. Мүмкін мұндай еңбекті өзім көрмеген шығармын. Ғылыми негізде оңы мен солын таразылап көрсететін зерттеу еңбегін байқамадым.
– Дінмұхмамед Ахметұлы мемлекет басқарған қырық жылда Қазақстан қандай жетістіктерге жетті?
– Бұл сұраққа жауап беру маған қиын емес сияқты. Өйткені өзім Дінмұхамед Қонаев басқарған тұста жоғары оқу орнына түсіп, Қазақ мемлекеттік университетінің Тарих факультетінде білім алдым. Менің оқуға түсуіме Қонаевтың шарапаты себеп болды.
Ашығын айтатын болсам, ауыл мектебін қазақ тілінде бітірген мен үшін университетке түсу оңай болған жоқ. Қазақ ұлттық университетіне бірнеше рет барып, талпынғаныммен тарих факультетіне түсе алмай жүрдім. Сол кезде Үкімет қаулысына сәйкес ауылда білім алған балалар үшін жоғары оқу орнына түсудің жеңіл жолы пайда болды. Нақтырақ айтсам, мектеп бітірген соң бір немесе бірнеше жыл ауылда шаруашылықпен айналысқан азаматтар дайындық курстары арқылы университетке түсуге мүмкіндік алды. Жеке өз басым тарих факультетіне Үкіметтің қаулысының арқасында түстім. Бір жыл бойы дайындық курсының тыңдаушысы болып жүргенде кәдімгі студенттер секілді ай сайын степендия төлеп тұрды. Сондай-ақ бізге жатаханада міндетті түрде орын болды.
Дайындық курсын бітіріп, емтихан тапсырғаннан кейін студент ретінде оқуға қабылдандық. Бұл ауылдағы мамандардың аздығына байланысты қазақ жастарына жол ашу бағытында жасалған қадам болатын. Осындай қамқорлықты ескеретін болсам, бұл партия басшылығында жүрген Дінмұхамед Ахметұлын және басқа да қазақ азаматтарының жастарға жасаған үлкен қолдауы деп білемін.
Әрине бұл менің және мен сияқты мыңдаған жастардың басынан өткен көрініс. Алайда бұдан бөлек еліміздегі ауылдар жақсы жағынан өзгеріп, түлеп шықты. Мысалы 1960 жылдары ауылға электр жарығы келіп, халықты қуанышқа жеткізді. Ұзын сөздің қысқасы Қонаев уақытында ауыл халқының тұрмыс жағдайы жақсарғанын өз көзіммен көрген адаммын. Осының бәрі біз әңгіме етіп отырған Дінмұхамед Қонаевтың қол жеткізген табыстары деп білемін. Жалпы еліміз экономикалық тұрғыдан ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті. Мысалы 10 мыңнан аса савхоздар мен колхоздар пайда болды. Елімізде мал және егін шаруашылығы ерекше екпінпен дамығанның арқасында біз Совет елдері арасында 7 орынды алдық.
– Қонаевтың қазақ руханиятына қосқан үлесі туралы көп айтылады. Қайраткер Қазақстанды басқарып тұрғанда ел руханияты қалай дамыды?
– Дінмұхамед Қонаев халықтың сүйікті ұлы болды. Мен оқыған университет 1974 жылдары Киров көшесінің бойында орналасты. Сол маңда Димаш Ахметұлының үйі болғанын біз кейін білдік. Біз ол кезде қазіргідей темір қоршаумен қоршалып тұратын үйді көрген жоқпыз. Ал Қонаев өте қарапайым адам болды. Осы қарапайымдылықтың арқасында өнер және білім саласының қайраткерлерінің Қонаевпен кездесуі қиынға соқпаған сияқты.
Мәселен ол әйгілі тарихшы Ермұхан Бекмаханов пен жазушы Ілияс Есенберлинді қолдап отырған. Бекмаханов тарихшылардың ішінде ең бірінші болып ұлт азатттық қозғалыстың жетекшісі Кенесары Қасымұлын дәріптеп биікке көтерді. Тарихшының Кенесарыны зерттеуіне Қонаев жан-жақты қолдау көрсеткен. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде соғыстан қажыған халықтың рухын көтеруге лайықты тұлға керек болды. Сол себепті партияның орталық комитеті халық пір тұтатын батырларды дәріптеуге рұқсат ететін шешім қабылдады. Мысалы орыстар Невский, Кутузов, Суборов және Ушанков секілді әскери қайраткерлердің ерліктерін дәріптей отырып, солардың атындағы орден, медальдар берілді.
Сол кезде коммунистік партия комитетінің басшысы Жұмабай Шаяхметов және министрлер кабинетінің төрағасы Қонаев «Қазақ ұлтының батырлары қайда?» деп қазақтан шыққан батылдарды ұлықтау туралы бір шешімге келген секілді. Ал «Батыр ретінде көрсететін кім бар?» дегенде Кенесары ханның аты-жөні аталса керек. Міне сол кезде Кенесары тақырыбымен аздап болса да айналысып жүрген Ермұхан Бекмахановтың аты аталады. Өйткені ол 1944 жылы шыққан «Қазақстан тарихы» деген оқулықтың құрамында болған.
Есенберлиннің жазуынша Қонаев өзін шақырып алып, «Сіз солтүстік Қазақстан облыстарына барып, сол жердегі халықпен сөйлесіп, архивтерде болыңыз. Сол жерде Кенесары Қасымұлы туралы деректер жинаңыз» деп тапсырма беріпті. 1944 жылы Ілияс Есенберлин орталық комитетте нұсқаушы болып жұмыс істеп жүрген болатын. «Мен тапсырманы орындап, Кенесары туралы деректер жинадым. Деректерді жазу машинасына теріп, Дінмұхамед Қонаевқа тапсырдым» деп жазады. Ол зерттеумен танысып шығып құжатты Шаяхметовке берген, кейін оны Қонаев алып, Бекмахановқа ұсынады. Жазушы өз естелігінде «Егер де мен сол жылдары Қонаевтың тапсырмасы бойынша Кенесары туралы деректер жинамағанда менің «Қаһар» деген романым шығарма еді, шықпас па еді?» деп жазады.
Біз Совет үкіметі туралы айтқанда «Қылышынан қан тамып тұрған» деп сөйлегенді жақсы көреміз ғой. Иә, ол кезде ұлт азаттық көтерілістің көсемі Хан Кене туралы айтуға болмайды. Бекмахановқа берілген тапсырманың арқасында Кенесары ханның аты қайта жаңарған. Осы еңбектің арқасында Кенесары хан қазақ даласындағы ұлт азаттық көтерілісінің жетекшісі деген атаққа ие болды. Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы және министрлер кабинетінің төрағасы ретінде елдің беделін көтеруді ескеріп отырған тәрізді.
– Қонаевтың кезінде Қазақстанның оңтүстік облыстарын Өзбекстанға қосу туралы бастама көтерілді. Осы бастамаға Қонаев қалай қарсы тұрды?
– Қонаев 1960-1962 жылдары алғаш рет Қазақстан коммунистік орталық комитетінің төрағасы болады. Алайда ол 1964 жылы қызметінен босайды. Оның қызметінен кетуіне не түрткі болды? Сол уақытта Никита Хрущёвпен Қонаевтың арасында бір түсінбестік болған секілді. Ол қандай мәселе? Совет басшысы шаруашылықты тиімді басқару деген желеумен Қазақстаның оңтүстік аймағын Өзбекстанның құрамына беру туралы бастама көтереді. Қонаев Хрущёвтің осы талаптарымен келісе алмаған тәрізді. Алайда Қонаев 1964 жылы Қазақстан коммунистік партиясының жетекшілігіне қайта тағайындалды. Бірақ ол уақытта Қонаевтың бағына орай Мәскеуде де билік ауысқан болатын. Хрущёвтің орнына бұрын Қазақстанда аз да болса еңбек етіп, Қонаевты біршама танитын Брежнев келді.
Жалпы Қонаев жоғары дәрежелі инженер ретінде өзін мойындатты. Мысалы ол Мәскеуде түрлі-түсті метал және алтын институтын аяқатағаннан кейін Балқашта басшылық қызмет етеді. 1970 жылдары Алматы қаласы кенеттен тау көшкінінің астында қалып қоятындай қауіппен бетпе-бет келетін. Мен 1973 жылы Алматыға келген кезде мұның шет жағасын көрген едім. Түнде милиционерлер келіп, «Құжаттарыңызбен ақшаларыңызды өзіңізбен ұстап жатыңыздар» деп ескертетін. Сол кезде ол Медеу тосқауылын құрып, таудан келетін тасқынның алдын бөгеуді ұйымдастырды. Осы арқылы ол өзінің ірі маман екенін көрсете алды.
Жоғарыда Макиавеллидің «Өзінің даңқымен емес, тағдырдың жазғанымен билеуші болған адамға билікке қол жеткізу оңай. Бірақ оны қолда ұстап тұру қиын» деген сөзін мысалға келтірдік қой. Ал Қонаев өзінің тәжірибесінің арқасында билікті қолында ұстап тұра білді.
Ол күрделі кезеңде билік еткенде өзінің инжинер маман ретінде дәлелдей алды және өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын бірлестіріп, Қазақстанды экономикалық әлеуметтік жағынан алдыңғы қатарлы республикалардың ішіне кіргізді.
Сондай-ақ Қонаевтың есімін Екібастұз қаласымен де байланыстыруға болады. 1970 жылы Екібастұз көмір энергетикалық комплексін іске қостыруға үлес қосты. Аталған кешен Қазақстанның солтүстік аймағын және Ресейдің Сібір аймағын электр энергиясымен қамтамасыз етті. Аталған кешенді іске қосуға атсалысқан Дінмұхамед Ахметұлы болатын. Яғни, бұл кісінің кезінде Қазақстан мал және егін шаруашылығы және тау-кен саласында айтарлықтай табысқа жетті. Осындай тынымсыз еңбегінің арқасында ел оны құрметтеп, сыйлады. Міне осы құрметтің арқасында ол кісінің есімі заңды түрде тарих бетіне шығып жатыр.
– Кейбір азаматтар «Қонаев кезінде Қазақстандағы мектептер орыстанып кетті» дегенді айтады. Бұл сынға сіз не айтасыз?
– Болған нәрсе болды. Бірақ мен мектептердің орыстануын Қонаевтың есімімен байланыстырмас едім. Біріншіден ол мен секілді мыңдаған қазақ жастарының жоғары оқу орындарына оқуына жол ашты. Ендеше оны неге басып айтпаймыз? Ал енді қазақ мектептерін жабу мәселесіне келетін болсақ, бұл мәселені шешу Қонаевтың қолынан шығып кетті деп айтуға болады. Себебі қазақ мектептері солтүстік облыстарда жабыла бастады.
Мысалы мен өзім Ақмола облысына қарасты Атбасар ауданындағы Атбасар қаласындағы қазақ мектеп интернатында оқып, 1969 жылы бітірдім. Бұл мектепте тек қана ауылдан келген балалар оқитынбыз. Шынын айтқанда жағдайымыз тамаша болды. Сол жылдары нан мәселесі қиындап дүкенде ұзын-сонар кезекті көретінмін. Бірақ сол кезде интернатта оқыған қазақ балалары нан мұқтаждығын көрген жоқ.
Өкінішке қарай аталған мектеп 1970 жылдың ортасында жабылды. Ол кезде бұл мәселеге жауапты облыс басшылары болуы керек еді. Бірақ Ақмола облысындағы билік басында бірде бір қазақ басшы болмады. Атбасар ауданындағы Әділбек Шабатов, Шайахметов секілді басшылар бізге қолдан келген қамқорлығын жасап отырды. Әйтсе де тың және тыңайған жерді игеруге байланысты солтүстік өңірде қазақтан гөрі басқа ұлттар көбейіп кетті. Бұл әрине Мәскеудің шешімі болатын.
Біз қазақ мектебі жабылды дейміз. Мысалы Атбасар ауданындағы Шаңтөбе деген жерде уран өндіріледі. Міне осы Шаңтөбе секілді қала типінде салынған кенттерде тек қана орыс халықтары тұрды. Ол кентті Мәскеу қаржыландырып, тікелей орталыққа бағынды. Өкінішке қарай ол кезде қазақ халқы мал шаруашылығымен айналысатын дәрежеде қалып қойды да кішкентай ауылда қазақ мектептерін сақтап қалу қиынға түсті. Осының салдарынан қазақ мектептері аудан, савхоздарда ашылып, бірақ ол жерде орыс халқының көптігіне байланысты кейін орыс мектептері көбейіп кетті.
– Әңгімеңізге рахмет.