Ұлт мұратына құндақталған ұлттық басылым
27.04.2022 1633

Алаш баспасөзі мен қалам ұстаған қазақ қайраткерлері үшін ел-жер, отан тақырыптары ең ыстық, қастерлі ұғымдар. Әр жазушы өзінше ой қозғап, әр ақын бөлекше жырлап келеді. Бұл қазақ халқының отан ұғымын тереңнен танып, жер қадірін жете түсінген тектілігімен де біте қайнасып жатыр. Туған жер деп қалам тербегенде осы қастерлі ұғымға тебіренбейтін қазақ баласы кем де кем. Ал «Милли адабият» жарияланымдарымен таныссаңыз, бұл ойдың дұрыстығына тіптен де анық көз жеткізе түсесіз.


«Милли адабият» – 1943-1945 жылдар аралығында Берлинде жарық көрген әдеби журнал. Ұлттық әдебиет атын алған айлық басылымда көркем туындылардан тыс, түркі дүниесінің белгілі тұлғаларына қатысты ғылыми-зерттеу сипатына ие материалдар да басылып тұрған. Журналға редакторлық жасаған Мәжит Айтбаев пен онда автор ретінде қатысқандардың барлығы дерлік ІІ дүниежүзілік соғыста кеңес армиясы құрамында шайқасып, майдан шебінде немістерге қолды болған түркі жауынгерлері еді. Алайда Сталинның 1941 жылы 16 тамызда қол қойған №270 бұйрығы бойынша соғыс кезінде жау қолына тұтқынға түскен командирлер мен саяси қызметкерлер әскерден қасақана қашқандар болып есептелініп, үй-іші сертті бұзған, отанын сатқан отбасы ретінде тұтқындалды. Осы бұйрыққа байланысты жау қолына түскендер жер мен әуе күштерінің барлығы қолданылып, көзі жойылып, ал қызыл әскерлердің отбасы мемлекет тарапынан берілетін жәрдемнен айырылды. Осылайша Сталиннің қанқұйлы бұйрығы салдарынан ержүрек жауынгерден бір сәтте отан сатқынына айналып шыға келген олардың шері шеменге айналды. Елі мен жерінен қапыда айырылып, қайғыдан қан жұтты. Тағдыр тәлкегіне түсіп, жат қолында ауыр азаппен күн кешті. Өлім мен өмір ортасында тартысып ғұмыр кешкен есіл ерлердің туған жерді сағынуының өзі зарға толы еді. «Әттең, сенде өлсем арманым жоқ» деп өлімнің өзін сүйініш санайтын ауыр хәлдегі мұң жатты көкіректерінде.

Журнал авторлары көбіне сезімдері мен сағыныштарын өздерін қыран құс, түз тағысы және басқа да жан иесі мен табиғат құбылыстарына теңеу арқылы жеткізіп отырды. Ен даланы еркін кезген, жұпар ауасы мен тұнық шәрбатын қанып ішкен, сайын далада сайран салған түз тағысының еркін бейненсін әспеттеу арқылы меңдеткен күйіктен арылуға тырысты. Айталық, «Алатау» атты өлеңінде Сыр баласы:

«Япырай, Алатауда салсам ойнақ,

Ән салып, азаттықта жүрсем ойнап.

Қайтпаған қиялардан қыран болып,

Алатау өзендерін жүрсем бойлап.

 

Алатау ардагері тұйғын болсам,

Шарықтап қанат қағып барып қонсам.

Шайқалған жұпар жердің гүлін құшып,

Ләззатті шырын, тәтті балын сорсам», – дейді.

«Легион әскерінің» қаламынан туған «Айлы түнде» өлеңінен де біз осы үнді аңғардық. Онда ақын:

«Айлы түнде дүниені,

Кезген сұлу самал жел.

Хабарсыз кеткен жарымнан,

Маған хабар алып кел.

 

Соқса жүрек лүпілдеп,

Көзімнің жасы іркілед.

Сүйіктімнің хабарын,

Сен білмесең, кім білед», – деп қапалы көңіліне медет іздейді. Жарының хабарын білмеккке зарығады. Немесе Қобызшы Қорқыттың:

«Зарласам, зар илесем зарлы үнім,

Алтайға жетер ме екен желмен бүгін.

Адасқан аққу құстай айдалада,

Зарлаумен өтпек пе енді жастық күнім», – деген өлеңдері де осы сарындас.

Журналда көп байқалатын құблыс – ажал құшу, өлім тілеу. Біздің пайымымызша, бұл – соғыс қажытып, аштық-жалаңаштық тауқіметі меңдеткен тұтқындардың тыныштыққа ұмтылу, мәңгі еркіндікке қол жеткізу үмітінен туған өлім. Өлімнің астары олардың торыққан көңіл-күйінде жатыр. Өйткені, неміс лагерлерінде тұтқын есебінде тұрмыс азабын тартқанымен қоймай, өз отаны сатқын ретінде санап, өлімге үкім еткендіктен олар ішкі қайшылықта, аласапыран күйде ар азабына түсті. Түңілді. Сондықтан өлімді іздеді. Алайда жай өлім емес, кіндік қаны тамған топырағында мәңгілік көз жұмуды тіледі. Тек сол өлім ғана рухын тыныштандыра алатындай көрінді.

Жалпы «өлім» концепциясын қазақ әдебиетінде жырлаған ақындар көп емес. Қорқыттың өлімнен қашуы мен Мағжанның өлімді аңсауынан кейінгі молалық лириканың шоғырын біз осы «Милли адабияттан» көреміз. Қуғын-сүргіннен көз ашпаған Мағжан өмірдің өткіншілігі мен рақымсыздығын, жалғанның жан жадыратпайтын өгейлігін

«Жел, кұңіренбе, жасың тый,

Өлім күйі – тәтті күй.

Балқиды жаным бұл күйде,

Мені де өлім әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле!», – деп шер қозғаса, Мәжит Айтбаев:

«Сол жақта, сұм өмірден таппай тірек,

Тәнімді марқұм болған жадап, жүдеп.

Алтайдың кең құздары құшаққа алып,

Әлдилеп, аяласа, – ақтық тілек.

 

Қабірімді қара тастан соқса биік,

Жерден жел, көктен күнім тұрса сүйіп.

Алтайдың аясында өскен гүлдер,

Кешқұрым кұрмет етсе басын иіп!», – деп өлім күйттейді. Бұл туралы белгілі зерттеуші Ә. Бағдаулетқызы да «Мажанның өлімге құмартуы да – баянсыз дүниеден жеріну. Жаңа, тылсым, сұлу, саф және сөзсіз – мәңгілік кеңістікке ұмтылу. Расында, дүниеден баз кешкен адамның жанында үміт қана қалады. Ал, үміт, түптің-түбінде, өлім бейнесінде келеді», – деп пікір білдіреді.

Журнал бетінде халық әдебиетінен, жырлар, аудармалар, күлкі бөлімі қатарлы айдарлар болды. Осы айдарларымен тұрақты түрде түрлі жанрдағы шығармалар жарияланып отырды. Сондай-ақ редакциясының да бұл бағытқа айрықша мән бергенін байқауға болады. Журналдың №3 нөмірінде басқармадан жолданған ресми мәлімдемеде былай делінген: «Милли адабиятты байыту үшін оның роман, әңгіме, дастан, баллада, өлең және драммалық әдеби түрлеріне (жанрларына) кең жол беруіміз керек. Болмаса әдебиеттің прогрестеріне тосық келтірген боламыз. Қазіргі кезде Түркістан ұлттық әдебиетін жасау ұстында біздердің қолға алған ең бір қажетті мәселеміз – Алманиядағы аз ғана әдебиетшілеріміздің басын құрап, олардың ата жұртымыз жөніндегі шығармаларын басуға, әдеби талантын жетілдіріп, әдеби түрлерін байытуға көп көмек беру». Осы айтқандай журналда «Әлі қарттың әңгімесі», «Жолаушы» балладалары, «Балықшы қызы», «Адамның арманы» пьесалары, «Азамат» ертегісі мен «Өткен күндер» романынан үзінділер, «Мырқымбай» сатирасының басылуы журналды мазмұндық тұрғыдан байытты.

«Милли адабият» журналы – қазақ әдебиетіне әлі аршылмай жатқан алтын жауһарының бірі. Журналдың алғашқы нөмірінің «Абайдың әдеби реформасы» мен «Махамбет жырларымен» жарық көруі, аталған тұлғалар туралы тың пікірлер айтылуы осы уәжіміздің дұрыстығына дәлел бола алады.