Қаржаубай Сартқожаұлы: Баба түріктің 1400 жыл бұрынғы мұрасы прототүрік тілінде жазылған
18.05.2022 3269

Тарих – ғасырлар қойнауында қалып, талай сырды шертетін, талай мұңды сездіретін, талай ақиқаттың көзін ашатын ұлық ғылым. Оның қырқасына шығып, бір өрлеп, кейін жоқ болып кететін немесе оның ұшар шыңына қонып алып, мәңгі түспейтін тұлғалар да жетерлік. Біздің бүгінгі сұхбаттасқалы отырған спикеріміз Қаржаубай Сартқожаұлы – саналы ғұмырын тарихқа арнаған ғалым, доктор, профессор және осылардың бәрінен бұрын шынайы тарихшы. Мерейлі жасы 75-ке келіп, бірнеше монография мен 300-ге тарта ғылыми мақалалары жарық көрген ғалымның тағы да ашқан әлемдік ғылыми жаңалығына төмендегі әңгімемімізді оқи отырып, куә бола аласыз. Кіндік төбеден табылған мұра қандай? Байырғы түркі тілінің алғашқы нұсқасы Күлтегін ұстынынан 132 жыл бұрын тұрғызылған ескерткіш ұстынның ерекшелігі неде? Мұндағы ұстынның мәтіні бізге қандай ақпар береді? Иә, осы секілді тарих қойнауында жасырынып қалған сауалдарға жауапты порталымызға тарихшы Қаржаубай Сартқожаұлы айтып берді...



- Қаржаубай Сартқожаұлы, осы жасқа келгенше саналы ғұмырыңыздың барлығын дерлік ғылымға, соның ішінде тарихқа арнап келесіз. Тарих сіз үшін не? Тарих деп нені түсінесіз?

- Тарих – ұлы Керуен. Жай бір салтанатты керуен емес, нағыз қанды керуен. Онда асып-тасыған бір сәттілік ұшқын қуаныш, заңғар-шыңдардың қабырғасын қақырататын қайғы-мұң бар, қан-қасап соғыс бар. Бейкүнә адамдардың теңіздей толқып төгіліп жатқан қаны бар. Не үшін олай болмақ? Тақ үшін талас, байлық үшін күрес. Ұлы халқымыз: «екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» деп баяғыда айтып кеткен. Міне, «адам» атты пенде ес жиып, етек-жеңін көтергеннен бері көріп келе жатқаны осы қасірет. Сонда артымызға, болашаққа не қалды? Халық қалды, оның жады, жазып кеткені хаты, яғни тарихы қалды дер едім. Ал анау антұрған тақталасы, байлық үшін болған ашкөздік күресі әлі жалғасып келеді, келешекте де жалғаса береді. Сөйтсек, осы өрт мұхитының ортасында арпалыса жүріп халық атты құдіретті күш екі-ақ түрлі құндылық жасап қалдырыпты. Оның бірі – материалдық құндылық, екіншісі – рухани құндылық. Рухани құндылықтар дегеніміз – тіл, дін, діл, тарих. Бүгінгі күні бұл төртеуі әр халықтың ұлттық кодына айналып, ұлттық болмысын анықтап, халықтың ұлттық идеологиясына айналған. Біздің түркі халықтары өздерінің төл әліпбиін сонау Хун (Күн) дәуірінен бастап жасап, жетілдіріп тасқа қашап жазып, ұрпаққа қалдырды. Оның бірден-бір дерегі – Көк Түрік дәуіріндегі Күлтегін, Білге қаған, Тұй-ұқұқ, Елетміш Білге Тұр-айын қаған ұстындары және т.с.с. Оның сыртында түркілер Ұлы Жібек жолының бойында болып, шығыс пен батысты жалғастырушы алып көпір рөлін атқарып тұрды. Нәтижесінде халықаралық қатынас дамып, бүкіл әлем халықтарымен араласы бастады. Олар өз ішінде, өз қазанында қайнап жатып, қалмай әлеммен тіл табысуды мақсат етеді. Шығысында Мәңгілік көршісі қытайлармен, батысында парсылармен, алыстағы Византиямен саяси және сауда қатынасын жүргізді. Сол халықтарға өздерін мойындату қажеттілігі туындады. Аттың күші, қайқы қылыштың жүзімен қатар, рухани алыс-беріс жасау арқылы мойындату қатар жүрілді. Сондықтан да түркілердің басқа халықтардан алғаны да көп, бергені де көп. Басқаны мойындатудың бір түрі сол елдердің тілін, жазуын меңгеру болды. Оны да жасады. Нақты дерек ретінде айтсақ, ұлы адамдарға арнап тұрғызған тәу ету орындарына қойылған ұстындардың бір бетіне қытай иероглифімен немесе соғды әрпімен тарихын жазып, қалдырып келді. Бұғыты, Орда-Балық, Текес (Шығыс Түркістан) ұстындары осы санатқа кіреді. Сондай бір ұстын – Күйс-толғой ұстыны. «Күйс-толғой» – жер атауы. Моңғол тіліндегі мағынасы – «Кіндік төбе». Мәтіні санскриттің брахми әліпбиімен жазылған.

 

- Иә, енді әңгімеміздің ауанын сол Күйс-толғой ұстыны мен ұстындағы мәтінге қарай бұрсақ. Мәтіннің кілтін қалай таптыңыздар?

- Күйс-толғой мәтінінің кілтін тауып, алғаш транлитерация, транскрипциясын жасаған неміс ғалымы Д. Мауе. Бірақ профессор Д. Мауе мәтінге жасаған транскрипциясын әрі қарай өңдеп, жаңғыртудан бас тартқан. Нақтылап айтсақ, көне парсы тіліне арналған алфавиттен мүлдем жат тілдің сөздерін белгілегендіктен, ол тілдің лексикасын дөп басып жаңғырту – оңай мәселе емес. Сондықтан да Д. Мауе жұмысын транскрипция жасаумен тоқтатқан. Д. Мауе профессор Күйс-толғой шрифтілерінің әр қайсысының мәнін қою үшін 120 сілтеме жасай отырып, Қазақстандық архитектор Э. Бәйтеновтың Тарбағатай тауынан тапқан, Кергетас деген жердің жартасына қашалған «qaƔan» (қаған-Д.Мауе) лауазым атауын белгілеген шрифтінің бір өзін Бұғыты, Тараз, Күйс-толғой кескіндерімен салыстыра отырып, мәнін тауып қойған. Ұстындағы кескіндердің мәнін табу барысында үлкен ізденіс жасаған. Брахми шрифтісіндегі дауысты дыбыстар көп жағдайда сөз басында жазылмайтынын көрсете отырып, соншама ауыр да азапты жұмысты жанкештілікпен атқарып шыққан. Осы еңбекқорлығы үшін профессор Д. Мауеге аса үлкен рақмет айтамыз.

 

- Енді бұл ұстындағы мәтінді моңғол тілінде жазылған моңғол жазуы деген әңгіменің жалған екенін айтасыз. Бұл қалай болғаны? Түсіндіріп бере аласыз ба?

- Иә, бұл әңгіме былай болды... Жаңа ғана профессор Дитер Мауе жайлы айттым ғой. Міне, сол осыншама ауыр ізденіс азабын тартып жүрген кезінде кездейсоқ бизнесмен әрі өзінің ұлттық құндылықтарын іздестіріп, талпынып жүрген ҚХР-ның бұрынғы азаматы, моңғол Л. Хурцбатар кез болады. «Түйеге шу дегеннің өзі дем береді» деген-дейін, содан оған бұл мәтін протомоңғол тілінде жазылған болуы мүмкін деген ой салған. Соның әсерімен профессор «мәтін моңғол тілінде болуы мүмкін» деген бір лебізін сенімсіз болса да, айтып қалған болса керек. Айтуын айтса да, сақтық жасап, мәтіннің жаңғыртпасын жасауды тоқтата қойған. Былайша айтқанда, 14 ғасыр бұрынғы, нақтылап айтсақ 1400 жыл бұрынғы бүтін бір этнос тілінің жат тілге арналған шрифтімен жазылған тарихи құндылыққа көпті көрген ғалым сақтықпен қараған. Сосын ғылыми сараптамаларымызда А. Вовин, Л. Хурцбатарлар субъективтік көзқарастың жетегінде кетіп, тарихи құндылықты бұрмалағанын ғылыми анализ жасай отырып, дәлелдеп бердік. Аталмыш авторлар мен біздің сараптамамызды салыстырып, маман ғалымдар өз пікірлерін айтады деген ойдамыз. Ал Л. Хурцбатардың 2019 жылы Германияның Кельн қаласында, ұйғыржын-моңғол алфавитімен моңғол тілінде жазылған «1400 жыл бұрынғы протомоңғол тілі» деген еңбегі біздің алдымызда жатыр. Бұған автордың ондаған суреті, Күйс-толғой мәтініне жасаған зерттеулері, оның лексикасын моңғолдың классикалық жазба тілімен (ХІХ-ХХ ғ.ғ.) салыстыра қарастырып, 14 ғасыр бұрынғы мәтінді аударуға тырысқан. Зерттеудің ғылыми және логикалық қисынға келмесе де, «Күйс-толғой мәтіні протомоңғол тілінде жазылған» деп белден басқан дәйексіз, дерексіз тұжырымдама жасалған. 599-600 жылдарда Орталық Азияға билігін жүргізіп тұрған Көк түрік қағанаты туралы мәтінде тайға таңба басқандай бірнеше мәрте қайталап айтып, тасқа қашап қалдырған мұраны моңғол тілді деп тұжырым жасауына таңғаласыз да қоясыз. Ол заманда жекелеген моңғол тайпалары да, тілі де болған жоқ. Өйтсе ол қайдан шыққан моңғол болуы мүмкін?


- Сонымен Л. Хурцбатардің жаңсақ пікірін қуаттаған ғалымдардың ішінде кімдер болды деп ойлайсыз?

- Осы еңбектің 30%-ға жуығын қазақстандық Нәпіл Базылхан жазып беріпті. Оның кіріспедегі сөзінде Л. Хурцбатардің еңбегін «әлемдік жаңалық» деп қорытынды жасап, «моңғол тілінің әлемдегі алғашқы құжаты» деп бағалапты. Н.Базылханның бұл тұжырымына оқырман қауым мен ғалымдар өз пікірлерін айтатын болар. Күйс-толғой мәтінінің өзінде моңғол туралы бір сөз жоқ. «Түрік қағанаты», «Түріктің Нири қағаны» деп көк тасқа өшпестей етіп ойып тұрып жазып қалдырғанын қалайша бұрмалай аламыз?! Әлемнің түріктанушы, филологтары, тарихшылары алғашқы Көк Түрік Қағанатын түрік тілді, түрік этносы орнатқан мемлекет екенін бір жарым ғасыр бойы дәделдеумен келеді. Сондықтан субъективтік қортынды жасаушыларға ғалымдар өз сөзін айтатын болар...

 

- Осы бір тарихи мұраның өзектілігі неде? Демек 1400 жыл бұрынғы мұра болса, онда тарихи мемлекет болғаны анық қой? Оның аумағы, орналасқан жері қай жерде болуы мүмкін?

- Күйс-толғой (НТ. І) ұстын мәтініне байыптап қарасақ, алып аймақты иеленіп жатқан алғашқы Түрік империясының екіге белінгенін заңдастырған тарихи Акт іспетті. Қағанаттың шығысы Қадырхан (Хянгань. Қытайша-атауы «Синь Ань Лин») таулары, Амур дариясынан бастап, батысы Темір-қапығ (Темір қақпа), Каспидің шығысындағы Парфия, Памир тауларынан, Оңтүстігі Гималай, Тивет жотасы, ұлы қорғаннан солтүстігі Лена дариясына дейінгі алып аймақ арасына алғашқы Түрік қағанаты билік жүргізіп тұрды. Таспар қаған өмірден өткен соң тақ таласы бел алып, күн өткен сайын қағанат ішінде шиеленіс күшейе түсті.   Осы шиеленісті қытайдың Сүй патшалығы пайдаланып, батыс , шығыс түріктердің ортасына өрт тастап, бір-біріне қарсы қойып, айдап салып отырды. 599-600 жылдары Ұлы Қағанат қақ айырылып, екіге жарылды. Қауіп-қатерге толы осы кезеңде Қағанаттың шығыс қанатының (төлес қанаты) ханы болған Нири хан елді екіге бөлуге ерекше рөл атқарған сияқты. Ханның осы саясатына Керей, керейдің Қарқын, Бұғра (қытай нұсқаларында-Пугу деп белгіленген), Байырқу, Чибажижү сияқты тайпалар мен тайпалық одақтар қарсы болып аб-арын (тобымен аң аулау) кезінде Нири қағанды атып өлтірген. Мәтіннің тарихи маңыздылығы осы мәселеге келіп тіреледі. Алып империяның екіге бөлінуі ханның қанымен куәландырылып, Ел басшысын құрбандыққа шалғандықтан, бұл мәтінді тарихи қағанаттың екіге бөлінуінің Актісі деп бағалауға тура келді.

 


- Тарихи мәтінді оқу кезінде қандай заңдылықтарға сүйендіңіз? Әрі оның қазақ үшін маңызы қандай?

- Транслитерациядан жаңғыртпа жасағанда байырғы түрік тілінің заңдылықтарын бұзбай, соған сүйене отырып жаңғырттық. Күйс-Толғай (НТ1) мәтіні – ерте орта ғасырдағы Отан тарихын жаңғыртуға қосылып отырған сирек (уникальный) түпнұсқалардың бірігейі. Байырғы Түрік бітік (руна), манихей алфавиттермен түркі тілінде жазылған түпнұсқалардан бұрынғы құжат. Дәлірек айтсақ, әлемдегі түркі тілді алғашқы дерек. Прототүрік тілінің бізге жеткен алғашқы нұсқасы. Бұл жағынан алып қарасақ, прототүрік тіл лингвистикасының теориялық мәселесін қайта қарауға жаңа деректер итермелеп отыр. Мысалыв: «ǰ» (ж), «j» (й) фонем мәселесі.Түрік тарихының алтын арқауы ру, тайпадан басталады. Осы алтын арқаудың үлкен желісін ұстаған Керей, Қият, Үйсін, Қаңлы, Бұғра тайпалары – қазақ тарихымен қатар орта ғасырдағы бүкіл түркі тарихын жаңғыртатын негізгі кілт. Кейінгі Қазақ мемлекетін (хандығын) құрушы Керей тайпалық одағы, Қоңырат, Арғын тайпаларының арғы бабалары болушы байырқу, Қараханид хандығын құрушы Бұғра (қараңыз. Бұғра Сұлтан Садуқ) тайпалары іс-әрекеттерінен тамшыдайын болса да ақпарат береді. Нақтылап айтсақ, қазақ халқының тарихын екі мың жылға созып қарастыратын мүмкіндікке қол жеткізеді. Ерте ортағасырда аталған тайпалардың кейінгі ұрпақтары қазақ халқын, қазақ хандығын қалыптастырды. Сөз етіп отырған Найман, Керей, Уйғур қағанатын, кейін ХІ-ХІІІ ғғ-да Найман және Крей хандықтарын жеке-жеке құрды. Буғра тайпасының кейінгі ұрпақтары Құл Қадыр хан, оның ұлдары Базар Арсалан хан, Сатұқ Бұғра хандар (915-955 жж.) Қараханид хандығын құрды. Бұл хандықтың халқының басым көбі Қарлұқ, Бұғра, Чігіл, Арғын, Он-оқ, Түргештер болды. Өкініштісі осы тақырыпқа байланысты тарихи түпнұсқа жеткілікті бола тұра ғалымдарымыз терең анализ жасай алмай, бүгінге жетті. Орталық Моңғолия, Бұлғын аймағының Могд самонының Күйс-Толғой (Кіндік төбе) деген жерінен 1967 жылы табылған. Ұстын орнатқан жердегі кешеннің құрылымы бұзылып кеткен. Археологиялық қазба жүрілмегендіктен, анықтау мүмкін емес.

 

- Аталған тарихи мұраның көлемі қандай?

- Бұл кешенде екі ұстын орнатылған. Координаты № 47°58´78´´; Е 104°40´97´´. Бірінші ұстын (НТ.І) биіктігі – 154 см; көлденеңі – 41 см, қалыңдығы – 12-15 см. Екінші ұстын (НТ.ІІ) биіктігі – 162 см, көлденеңі – 40-45 см; қалыңдығы – 20-21 см. Д.Мауеден бастап, одан кейінгі авторлардың түпнұсқа көшірмелерін 2017 жылдың 15 қыргүйекте екінші мәрте жасаған көшірмемізбен салыстыра, кестеге енгізіп қарастырдық. Зерттеу жұмысында сипаттамалы (описательный), тарихи-типологиялық, диахронды-салыстырмалы (сравнительный), синхронды-салыстырмалы әдістемелер және тарихи-фонологиялық, этнолингвистикалық, компоненттік ғылыми анализдер пайдаланылды. Осы әдістемелердің нәтижесінде брахми шрифтісімен (алфавитпен) жазылған мәтіннің транслитерациясын жасап, байырғы түркі тілінің сөздік қорына жаңғыртып түсірілді.



- Ұстынды зерттеу кезінде қандай іргелі жұмыстар жүргізілді?

- Моңғолия ҒА-ның Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, филолог Д.Цэнд басшылық еткен экспедиция 1967 жылы алғаш рет Күйс-Толғой (Кіндік төбе) ұстынын тапқан. Олар экспедиция есебіне кіргізіп белгілеп қалдырған. 1974 жылы Д.Наван экспедиция кезінде ұстынға кездейсоқ кездесіп, оны Улан-Батар қаласындағы тарих институтының қоймасына әкеліп сақтатқан. Осы институттың ғылыми қызметкері М.Шинэхүү алғаш рет ұстынның сипаттамасын және ұстындағы мәтінді қолмен көшіріп, Тарих институтының «Тарихи зерттеулер» атты тұрақты басылымына жариялаған.1984 жылы осы жолдардың авторы ұстын тұрғызылған орынға барып сипаттамасын, Улан-Батардағы ұстыннан көшірмесін жасады. (1984. Экспед. есебі) Күйс-Толғой ескерткішін 2004 (қазақ тілінде), 2006 жылғы (орыс тілінде) «Орхон ескерткішінің толық Атласына» енгізіліп, жарияланды. Аталмыш Далалық экспедиция есебінде де, монографиямызда да, Атласта да, Күйс-Толғой мәтіні ежелгі брахми алфавитімен жазылғанын қадап айтқан едік. Автор Күйс-Толғой ұстынының мәтінін 2017 жылы қыркүйек айының 15-інде екінші мәрте қайта көшірген. Н.Базылхан Күйс-Толғой ұстынының сипаттамасы, фотосын беріп, жазу брахми алфавитімен жазылғанын айтып 2003 жылы ұстын мәтінінен эстампаж алып, фотоға түсіріп көшірмесін жасап, 2011 жылы Индияның Жаңа Дели қаласында болған халықаралық конференцияда баяндама жасады. Германияның атақты санскриттанушы ғалымы Дитер Мауе 2014 жылы Улан-батар қаласына барып, қоймада сақталған Күйс-толғой ұстынын суретке түсіріп, жазуын қолмен көшіріп қайтқан. Нәтижесінде «The Khuis Tolgoi inscription – sings and sound» атты еңбегін жариялады. Күйс-Толғой ұстынын бұған дейін зерттеген ғалымдардың «ұстын мәтіні моңғол тілінде жазылған» деп бұрмаланған тұжырымдамасын жоққа шығарып, байырғы түрік тілінде жазылғанын ғылыми анализбен дәлелдеп берді.

 


- Кіндік төбе ұстынын зерттеудегі ғалым Дитер Мауенің еңбегіне де тоқтала аласыз ба?

- Ғалым Дитер Мауе (D.Маuе) 2017 жылы Венгрияның Секешфехервар қаласында Алтайтанушылардың 60 жиынында (PIAC) Күйс-толғой НТ1 ұстынындағы брахми алфавитінің кілтін тауып әріп кескіндерінің мәнін белгілеп6 әлем филологтарын таңғалдырған сенсациясын жариялады. Дитер Мауе еңбегі 4 бөлімнен тұрады. Онда: бірінші бөлім – Брахми жазуларының нұсқалары (вариант) туралы түсінік (вариант) (Оңтүстік, Шығыс Түркістан, Сағд, Тохар, Ұйғур). Екінші бөлімде Күйс-толғой (НТ1) мәтініндегі мәні белгісіз біраз алфавиттерді Буғыты (Моңғолия), Кергенас (Қазақстан Тарбағатай атауы), Тумшукес (Тәжікістан) жерінен табылған брахми әріп кескіндерімен салыстыра қарастыра отырып, Күйс-толғой ұстын жазуының кілтін тапқан. Зерттеу нысанына осындай анализ жасаумен қатар мәтіннің транслитерациясын, транскрипциясын жасаған. Күйс-толғой мәтінінде брахми алфавитінің Тохар нұсқасы басым болғанымен6 біраз әріп кескіндері онда кездеспейді екен. Осы алфавиттердің мәнін Тарбағатай тауынан табылған Кергентас Моңғолиядағы Буғуты, Қазақстанның Тараз қаласынан табылған алфавитімен салыстыра анализ жасай отырып, белгісіз кескіндердің мәнін анықтаған. Онда: дауыссыз 4 дыбысты белгілеген шрифті мен дауысты 2 дыбысты белгілеген әріп кескіндері НТ1-де Буғуты, Кергентас алфавитінің сыртында Бактриян әріпін қолданған. Бұл нені білдіреді? Біздің сөз етіп отырған НТ1 (Күйс- Толғой) Ұстыны Буғуты (Монғолия), Кергентас (Қазақстан) мәтіндерін сабақтастығын көрсетеді. Әрі аталмыш екі ұстынан кейін жазылған жазу болғанын Д.Мауе нақты дәлелдермен (К, gla буындар мәні) көрсетіп, тұжырымдаған. Тохар брахми жазуы солдан оңға қарай горизантал бағытта жазылады. Ал мына НТ1-жазуы жоғарыдан төмен қарай жазылған. Үшінші бөлімде Брахми алфавиті сол тілдің буын ерекшелігіне арналып жасағандықтан, жат тілдің ерекшелігін дөп басып бере алмайтыны түсінікті. Д. Мауе брахми тілінің әсерінен шыға алмағандықтан, жат тілдің дыбыстарын жаңғыртып бере алмаған.


Ғалым, профессор Д. Мауенің транслитерациясы


Брахми алфавитін қолданушы, жат тілдің дыбыс жүйесінің ерекшелігін меңгерген болу керек. Мауе маңында жүрген моңғол азаматтарының әсерімен Күйс-толғой тілін протомонгол тілі деген тұжырым жасаған. Ондағы сүйенген дәлелі мәтін тіліндегі сингорманизм заңдылығы еді. Алтай текті тілдердің барлығында сингорманизм заңдылығы негізгі рөл атқарады. Соның ішінде түркі, моңғол тілдерінде осы заңдылық басым сақталған. Ал соңғы төртінші бөлімде Д. Мауе брахми алфавитімен жазылған мәтіннің әрбір буынын таблицаға енгізе отырып, транслитерациясын жасаған. Сол арқылы жаңғыртып транскрипциясын берген. Осыншама ауыр да, азапты жұмысты жанкештілікпен жасап шыққан ғалым Дитер Мауе мырзаға мың қайтара алғыс айтамыз. Д. Мауе мырзаның бұл еңбегі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отыратын болады.


- Д. Мауенің транслитерациясын басқаша жаңғыртуға тырысқан өзге де ғалымдар болды ма?

- Иә, әрине, болды. Соның бірі – франциялық лингвист-түрколог А.Вовин. Ол Д. Мауеннің рұқсатымен оның транслитерациясының бірде-бір нүктесін өзгертпестен пайдалана отырып, мәтіннің басқаша жаңғыртпасын жасауға әрекеттенген. Оның өзінде төрт-ақ сөздің басқаша жаңғыртқан. Олар 2 жолдағы – xiri (Kera); 3 жолдағы – hügbü (hügbüt); 4 жолдағы – ñälän (nelan); 6 жолдағы – xiri härgin (Kera erkin) сөздер болмақ. Александр Вовиннің бұл жаңғыртпасына лингвистикалық тұрғыда түсініктеме бермек болған.

Мақаласында: «Қазіргі жағдайда толық оқып түсініктеме беру мүмкін емес. Терең анализ жасаса қандай бір моңғол тілді мәтін болатынына күдіктенуге болмайды» деген. Ары қарай: «Нақты себептермен жазылған бұл тілдік мәтінді протомоңғолдың бір нұсқасы деп атауға болады. Онын нақты ерекшелігі Щивэй-киден тілімен ұқсастығы. НТ1 тілі моңғол тектес ортағасырлық және қазіргі тілі моңғол тілдерімен тым жақындығы»-дейді.

 


- Сонда бұдан нені түсінуге болады?

- Бұл жерде мәтін толық оқылмаған, түсініктеме беру мүмкін емес. Сөйте тұра, терең анализ жасаса мәтін моңғол тілді болатынын алдын ала болжайды. «Нақты себептермен жазылған протомоңғол (жыл санаудан бұрынғы ежелгі моңғол автор) тілінің бір нұсқасы» дейді. Шивэй тілінде жазылған бір сөйлем, бір сөз біздің заманымызға жеткен жоқ. Сонда ол қандай тілді айтып отырғанын түсіне алмадық. Ішкі Моңғолия ғалымдарының Кидан тілін жаңғыртып жариялаған мақалаларымен таныспыз. НТ1 мәтін тілін кидан тіліндегі сөз қорымен салғастырып қарадық. Өкініштісі ұқсастық таппадық. Моңғол тектес орта ғасырлық және бүгінгі тірі тілімен Күйс-толғой тілінің ұқсастығын көре алмай тұрмыз. Осылай бола тұра А. Вовин: «Мақаласында «НТ1 мәтін тілі Киданнан гөрі Моңғол тілінінің жүйесіне тым жақын дегенге мен сенімдімін. Бұл географиялық орналасу мәселесі тарапынан алып қарасаңыз, өзін-өзі ақтайды. НТ1 солтүстік Моңғолияда орналасқан Кидандардан алыс» дейді.

А. Вовиннің бұл уәжі НТ1 тілін моңғол тілді деп қорытынды шығаруға дәлел бола алмайды. Кепілдік бере алмайды. Кидан тілінің жазба құжаттары ІХ-ХІІ ғғ. аралығынан белгілі бола бастаған А. Вовиннің жасаған жаңғыртпа транскрипциясынан мен өзбасым бірде-бір моңғол сөзін таппадым. Мен –моңғол тілін ұлттық тілімнің деңгейінде меңгерген адаммын. Университтете Моңғолдың құпия шежіресін жаттап өстік. Көне моңғол тілін моңғол ғалымдарының моңғолтанушы ғалымдардың деңгейінде меңгерген моңғол филологиясының (лингвистика) маманымын. Онымен қатар бүкіл өмірімді Байырғы түрік руникалық жазуын іздеп табу, оқу, тарихпен ұштастыру, этнолингвистикалық анализ жасауға арнаған адаммын. Александр Вовин мақаласында: «Ұлы даланың аглотативтік тілінің жазба нұқсқасы деп дәлелденген алғашқы Алтай текті тілі-түркі тілі емес екеніне толық сенімдімін. Менің дайындаған баяндамам тіл біліміне жаңалық енгізумен қатар, аса үлкен төңкеріс алып келді»-депті. Оған уақыт атты қатал сыншы баға береді.

 


- Күйс-толғой мәтінінің мағыналық аудармасы түсіндіріп, одан соң маңызына тағы бір тоқталып өте аласыз ба?

- Иә, әрине. Мәтіннің негізгі мазмұны алғашқы Көк түрік қағанатының Алтай, моңғол үстіртіне йелік жүргізіп тұрған төлес (шығыс) қанатының ханы Нири (Нили) өліміне байланысты. Нири қаған Көк түрік хандығын империялық деңгейге көтерген атақты Мұқан қағанның шөбересі. Нири қағанға арналып екі мәрте ескерткіш ұстын орнатылған. Оның бірі ҚХР ШУАР-дың Іле қазақ-автономиялық облысына қарасты Моңғол куре (Чжаосу) аудан орталығынан оңтүстік-шығысқа қарай 5 км қашықтықтағы жазық далада орналасқан.

Мәтіннің құрылымына зер салсақ, мынадай сөйлемдер мен сөз тіркесін көруге болады: «Бітті. Ылаңшы [қорғаушылармен] (тезарада) ымыраға келіп, сөз байласты. Іште мүрит [адамдарды] дуалады»; «Нири қаған Қатуны (ханымы) бәрін сезді. Ұшты (қайтыс болды). Керей Қарқын, Байырқу, Бұғра, Чібижү [Билікпен] мақұлдасты, келісті»; «Сырттай-ұғысты. [Олар] өздерін [жақсы] ұстады. Онда қаған қатуны (ханы [мы] жаны күйіп, зарлап, жоқтап түнеді. Жалбарына тілек тілеп тәу етті»; «Көпшіл Нири қаған-Түрік қаған йеміздің қаптаған шәкіртері шырақ ұстап самсытты. [Аруақтың] сарқытасы (қонақасы) жайылды». Бұл жердегі «қонақасы» сөзінде я болмаса жалбарына тілек тілеу, тәу ету – бәрі де көп жағдайды аңғартатын дүниелер.

Моңғолкуре Тәңіртауы мен Тарбағатай-тауының арасы – бұл Ниридің туған жері. Онымен қатар бабаларынан бермен қарай әулеттің иелігіндегі жер. Мұнда да ұстын орынатылған. Ал Моңғолиядағы Орхон бойы Көк Түрік қағанатының Төлес (Шығыс) қанатының қарамағындағы аймақ. Орхон дариясының бойына оған арналған ғибадатхана Күйс-толоғай ұстыны орнатқан. Міне бұл мәселе ғылымда бүгінге дейін белгісіз болып келген түйінді шешуге көмектеседі деген сенімдеміз.

Бұл жер – Түрік қағанаттар дәуірінде Өтүкен аталған Орталық Моңғолиядағы Хангай байтағы. Ежелден (хунну дәуірінен) керейлер мекендегендіктен мәтінде керейлердің баба жері (Ана қаяа-Ана жері) аталған. Тарих тереңіне сұғына қарастырсақ ежелгі хуннулардың (сюнну) Тәңірқұт (Шаньюй) Ордасына қарайтын жер. Қытай деректерінде (ЦТШ, СТШ,СШ) Хуннудың Бай ди (Орталық) аймағының мекені. Этникалық жағынан қарастырсақ ежелгі оғуздардың ондаған жүз жылдар бойы мекендеген тұрғын жері (автохтонная земля). Ниридің бабасы Мұқан қағанның да ғибадатханасы Орхонға құятын Тамир өзеннің бойында орналасқанын назарда ұстағанымыз жөн болар. Бұл ғибадатхананы алғашқы Көк Түрік қағанатының Мұқаннан кейінгі Таспар қаған орнатқаны ғылымда белгілі.

 


- Сонда мәтінде сөз болатын Нири қаған деген кім?

- Таспар қаған ж.с. 581 жылы дүние салды. Сол кезден бастап Көк Түрік қағанат Ордасында тақ таласы басталып саяси ахуал күн санап шиеленісе келіп, 605 жыл Ұлы қағанат екіге бөлінді. Көк Түрік дәуіріндегі ең бір күрделі кезең еді. Осы кезеңге байланысты қытайдың Орда деректеріне ыждағаттықпен жан-жағына терең үңіле, анализ жасамаса, көп жағдайда қателікке ұрынады. Мәселен бірнеше Ышбара (шаболюэ) хандар, екі Чуло (Чури, Чур) қағандар қытай деректерінде хатталған. Осыдан болып көптеген ғалымдар қателікке ұрынған. Нири (Нили) қағанды Істемі қағанның шөбересі дей келіп генеологиясын Істеми → Дату (Дяньгу) Тардуш хан-Яншух тегін → Нили (Нири) қаған → Даман (Чори қаған) деп көрсетілген (Гумилев Л.Н. 1993. С. 460). Қытай ғалымы Сюэ Цзунчжэн; Нили Істемінің әулеті емес Мұқан қағанның әулеті деп дәлелдеп берді. Ол: Бумын → Мұқан-Долобянь →          Янсоух тегн → Нили (Нири) қаған деп көрсетті. Мұқан қағаннан ағалы-інілі Долобянь мен Янсоух тегін туады. Моңғолкуреден табылған тасмүсіндегі мәтін Сюэ Цзунчжэннің ұсынысы 100% дәлелдеп берді. Tасмүсінді жасатқан Нири қағанның ұлы Чуло (Чури) қаған. Істемі қайтыс болған соң Тардуш (батыс) қағанатының тағына оның ұлы Дату, ие болып, өзін Тарду (Тардуш хан) деп ұлықтады. Таспар қаған қайтыс болған соң оның ұлы Аньлоны қаған сайлайды. Негізінде бұл жолы Долобянь отыруға тиісті болған. Долобяньның шешесі Қытай болғандықтан тақты Долобяньға бермеген. Аньло (Өн-ұлұқ) әлсіз болып өз орнын Коло Исицзи ұлы Шетуге тақты өз еркімен берді. Шетуді-Ел күлүг қад Баға Ышбара немесе Аспара деген хандық атақпен ұлықтады. Жоғарда Таспар қаған заманында әр қанатты өз ішінен үшке бөліп үштік жүйемен басқаруды жарлық етіп кіші хандарды тағайындаған ( Бичурин Н.Я. 1951. с.233-240). Сол жүйе бойынша Ышбара (Шету) қаған Тардуш қанатының бір кіші ханы етіп Долобяньды тағайындап, «Апа қаған» деп ұлықтаған. Ұлы қағанат тағына отыруға екі мәрте жолы болмаған Долобянь бұл орынға көңілі толмай, Ышбара мен жаңжалдасып қалады. Шаболюэ (Ышбара) қаған Долобяньнің Ордасын шауып , анасын өлтіреді. Долобянь Тардуш қанатынның ханы Датуға қашып барып одан көмек алып, бүкіл Түрік қағанат қағаны Ышбараға (Шаболюэ) қарсы шабуылдайды. Көп кешікпей Долобянь Дату ханмен де келісе алмай Шаболюэнің орнына отырған Ұлы қаған Чулохоудың (Чора) шабуылына ілігіп, Сүй патшалығының тұтқынына айналды. Оның иелігі Алтай маңын Долобяньның ұлы Яньсух-тегінге тапсырады. Ол кешікпей қайтыс болған соң Нири (Нили) осы йеліктің кіші ханы болып тағайындалады. Тардуш ханы Чора (Чулоху) шығыс жаққа соғысқа аттанар кезде ұлы Дулю (Дулат) пен Нири ханды арттағы елге басшылық етуді аманаттап тапсырып кетеді. Чора (Чулоху) соғыста жеңіліп, Туюйхундарға қашып барып панлайды. Артта иесіз қалған елге билік жүргізу үшін Нири мен Дулат (Дулю) арасында жаңжал басталып, Нили жеңіп, бүкіл Таруш елінің (Батыс Түрік) хан тағына отырды. Тардуш ханы Чора (Чулоху) еліне қайтпақшы болғанда, Нири қаған жолын кесіп, елге жолатпады. Чуро қаған Нириден айналып өтіп, Ташкенттің солтүстігіндегі соғдыларды басқарды. Өзі Жұлдыз маңына қол жеткізіп, алғашында қытайдың Сүй патшалығыны қызмет етіп, 605 жылы қайтыс болған. Чора (Чулоху) қаған тірі қалып, күш жинап, жақтастар тауып, Нири қағанды өлтіруге үлкен жоспар құрған сияқты. Соның нәтижелеріне 599-604 жылдары қастандықпен керейдің Анаүңгір (Ана жартас) маңында аба кезінде атып өлтірген.

Нириге арнап Оңтүстік Алтай мен Тәңіртаудың арасындағы Моңғол Куре, Өтүкендегі Орхон бойына екі ұстын орнатқан. Туған жеріне ұстын орнату орынды. Ал Өтүкендегі Орхон бойына ұстын орынатуының мәні Нири қаған батыстағы тардуш қанатымен қоса Өтүкендегі түрік-оғуздарды қоластына алып дара билік жүргізу саясат жүргізген сияқты. Ұлы қағанаттың қағандарын аттап өтіп, бүкіл Көк Түрік қағанатын қолға алу саясатын құптамаған моңғол үстіртіндегі оғуз тайпалар Одағы қарсы болған сияқты. Нири қағанның бұл іс-қимылы далалық демократияға қайшы келгендіктен халықтың қарсылығына тап болған. Сондықтан да, керей, Бұғра (Пугу) тайпалары бас болып белсенділік танытып оны өлтірген .

Осылайша Нири қаған мерт болған соң оның жақтастары орхон бойындағы Күйс-толоғой деген жерге ғұрыптық кешен тұрғызып, мәтін қашалған ұстын орнатқан.

 

- Осылардың бәрін қорытындылай келе, ұстындағы мәтін прототүрік тілінде дей аламыз ба?

- Әрине! Мәтіндегі деректер кейінгі қазақ ұлтын құраушы Керей тайпалық одағы: Жалайыр, Қоңырат, Меркіт тайпаларының арғы бабалары болушы байырқу, кейінгі Қараханид хандығын құрушы Бұғра (қараңыз. Бұғра Сұлтан Садуқ) Қарлұқ, Арғын тайпаларының тарихына байланысты тамшыдайын болса да ақпарат береді. Нақтылап айтсақ, қазақ халқының тарихын екі мың жылға созып қарастыратын мүмкіндікке қол жеткізеді. Сол себепті де бабатүріктің бағзы мұрасы прототүрік тілінде жазылды деуімізге толықтай негіз бар...

 

- Мағыналы, тарихи фактілерге толы әңгімеңізге көп Рақмет!