Қонаев салған қала
19.05.2022 3070

Алпыс жылдан астам Алматы қаласын ғана емес, Алматы облысының халқын электр энергиясымен қамтамасыз етіп келе жатқан Қапшағай қаласы енді Қонаев деп аталады. Аталып қана қоймай, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жаңадан құрылған Жетісу облысының орталығы болды.



Жаңа жұрттағы ескі сүрлеу


Қапшағай. Атауы қандай мағына береді? Ғалымдар бұл сөз көне түркі терминологиясында кездесетінін алға тартады. Көне түркі сөзін тәржімалар бослақ тастағы аңғар, тар шатқал, қысаң өткел деген мағына береді. Ауызекі айтылатын аңызда ер Қаптағай батыр жоңғарға қарсы ұрыста Іле өзенін кесіп өтіп, өзі өткен қысаң жерді қап толы құммен бекітіп қойғандығы айтылады. Қап сөзін осы аңызбен де байланыстыра айтады. Тағы бір аңызда ертеде Іле өзенінің екі жағын егістік даласына айналдырып, егін еккен ел бір жылдары қатты қуаңшылыққа ұрынады. Жаңбыр жаумай, аптап ыстық жер апшысын қуыра күйдіріп жібереді. Амалы таусылған диқандар Іле өзенінің аңғарынан тоған тартып, қаппен бітеп арна жасаған екен. Бірақ арынды өзен суы қапшықтарды ағызып кете бергенде қамыққан жұртшылық «қапшығым-ай, қайран қаптан нәтиже шықпады» деп аһ ұрып өкінеді. Кейін бұл сөз дыбыстық өзгеріске ұшырап, Қапшағай атауы пайда болған дейді.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында бой көтерген қаланың құрылысы жүргізілерде кейбір адамдар қарсы болған. Өйткені су қойманың орнында көне қаланың болғанын археологтар ғылыми зертеу жүргізу арқылы дәлелдеген. Балқашқа дейінгі алқапта егістіктің арықтары мен атыздардың сорабы бар. Қойманың су жетпеген жерлерінде егістікке тартылған арықтың сорабы әлі де көрініп тұрады. Сақ, Ғұн, Үйсін тайпаларының бас болып құрған ежелгі мемлекеттері осы Қапшағай қаласының орнында салынған. Бұл жерде көне қаланың болғандығы туралы әйгілі саяхатшы Шоқан Уәлиханов та өзінің Қашқарияға жасаған сапарында жан-жақты жазады.

 

Қапшағай су электр станциясы: жоба неге кешеуілдеді?

Қапшағай су электр станциясын салу ісі өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары да қозғалған. Мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосов 1928 жылы өрден еңіске қарай екілене ағып, Қапшағай қысаңына келгенде таудың аңғарынан қысылып өтетін асау өзеннің суын бөгеп, электр станцияысын салу жөніндегі мәселені көтереді. Бірақ ұлт қайраткерлерін жазалау, айыптап ату, қудалау жүргендіктен Жандосов та опат болып, бұл іс аяқсыз қалады. Арада отыз жылға жуық уақыт өткенде 28 жастағы жас ғалым Шапық Шөкин Іле өзенінің аңғарына су электр станциясын салу арқылы оңтүстік өңірді электр энергиясына деген зәруліктен құтқаруға болатынын ғылыми тұрғыда сызба арқылы дәлелдеп береді. Аспирантураны бітірген жас ғалымның тың бастамасын Жұмабай Шаяхметов бастаған ел басшылары бірден қолдап, қуаттағанымен Мәскеу шешетін кезеңде Кремль бұл мәселеге аса қызыға қоймайды. Қызығу былай тұрсын, тың бастамаға қарсылық та білдірді. Өйткені Волга су электр станциясын салып, жылына өндіретін электр энергиясы көлемі жөнінен әлемде алдыңғы орында тұрған Мәскеу Қапшағайға қызыға қоймады. Су электр станциясынан энергия шығарғаннан жылу энергия станцияларын салып, содан қуат көзін алу «тиімді» екені дәлелденді. Өйткені жылу электр станциясынан энергияға алу үшін көмір қоры көп қажет еді. Ал Волга су электр станциясының өндіретін энергиясы 8 миллион тонна көмірді үнемдеуге мүмкіндік туғызды. Ол заманда 8 миллион тонна көмірді Орта Азия мемлекеттері біріккенде бір жылда әзер өндіретін. Осындай орасан мүмкіндікке жеткен Мәскеу Сталинград су электр станциясын салды. Енисейдің ен тоғайын отап тастап, суын бөгеп, бірнеше су электр станцияларын тұрғызды. Днепрді, Волганы, Обь өзендерінің иірімдеріне де еңселі су электр станциялары бой көтерді. Одан бөлек Ангара өзенінде Братск су электр станциясының құрылысын жүргізді, Лена мен Амур өзендеріне зерттеу жасап, ұзақ уақыт бақылаған мамандар бір емес, бірнеше электр станцияларын салуға болады деген тұжырым жасады. Осындай қарбалас тіршіліктің арасында Қапшағай су электр станциясын салу мәселесі көтерілгенімен, бірден қолдау таппады.


Алматының іргесіне су электр станциясын салуға қарсы болғандардың айтар уәжі мынау еді. Іле өзенінің аңғары өте кең, суы да мол. Оның үстіне су электр станциясы салынады деген жерге келгенде тіпті еңіске қарай сарқырап ағады. Бөген жасағанмен суға шыдас бермейді. Осындай кереғар, ұшқары пікір айтушылар да үлкен жобаны қазақ даласына қиғысы келмеді.

 

Қайраткер Қонаевтың бір қажыры

Қапшағай су электр станциясының салынуына байланысты бой көтерген қаланың өмірге келуіне Дінмұхамед Қонаевтің сіңірген еңбегі зор. Жоғарыдағы кері тартушылардың пікірінен кейін Мәскеудегі басшылар да ықылас таныта қоймағанда Қонаев Михаил Лаврьентевке барады. Академик, КСРО ғылым академиясының вице-президенті, екі мәрте Социалистік еңбек ері атанған көрнекті физик Қазақстан басшысын мұқият тыңдайды. Оның дұрыстығын, елдің дамуына серпін беретін келешегі кемел жоба екеніне көзі жетеді. Лаврьентев қазақ басшысының құжаттары мен жоспарын КСРО империясының басшыларына апарып, келісімін алады.   

Енді еліміз үшін су электр станциясын салудың қаншалықты қажеттілігі бар еді? Біріншіден, су электр станциясын салып, электр энергиясын өндіру ісі жылу энергиясынан әлдеқайда арзанға түседі. Екіншіден, автоматтандыруға өте қолайлы. Яғни бұрын он адамның қол еңбегімен атқарылып келген шаруаны тек бір түймені ғана басып жүзеге асырудың мүмкіндігі туады. Су электр станциясы энергетиканың көзі ғана емес, су қорын ауыл шаруашылығы мақсаттарына жұмсауға, кеме қатынасын жүйелеуге ыңғайлы болды. Қапшағай су электр станциясын салған соң бөгенге жиналған суды ауыл шаруашылығы саласын өрістетуге пайдаланып, суармалы жерлерге дәнді дақылдар егіледі. Соның нәтижесінде бірнеше ауылдар салынады деген жоспар болды. Расында да Қапшағай салынса, солай боларына қазақстандықтар кәміл сенді. Ең алдымен Алматы қаласын электр энергиясымен толықтай қамтамасыз етуге станцияның қауқары молынан жететін еді. Сондықтан да Қазақстан тарапы осы шаруаға келгенде табандап тұрып алды. Сол кездегі Қазақстан КСР-ін басқаратын Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қажырлы қайраткерлігі мен талмас талапшылдығы арқасында құм далада шамдары самаладай жарқыраған қала бой көтерді.

Қапшағайдың құмында қала салу мәселесі үлкен талқылаудан кейін қолға алынған жоба. Қазақстанның бірінші басшысы Дінмұхамед Қонаев Алматыда өндіріс орындарын салу қазандық-шұңқырда орналасқан қала экологиясына ауыр тиетін еді. Сондықтан да қалаға іргелес аймақтан жаңа қала салып, зауыттар мен өндіріс орындарын сол маңайға шоғырландыру мәселесі көтерілді.  

1920 жылдың соңынан бастап елді электр желісімен қамтамасыз ету мәселесі қозғалып, негізгі шаруаның бірі болды. Кеңестер Одағы дейтін алып империя осынау шараны жүзеге асыруға белсене кірісті. Ауқымды жұмыстар Қазақстанды да қамтыды. 1928 жылы арнайы қаулы қабылданып, Ленинградтан келген мамандар Алматы облысының Шарын, Шелек, Іле өзендерінің аңғарларын аралап, техникалық сызбаларын қағазға түсіреді. Қай жерге қандай су электр стансасын салуға болады деген сауалға жауап іздегендер зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Шапық Шөкиннің кандидаттық диссертациясына "Іле өзеніндегі Қапшағай су энергетикалық қондырғысын пайдалану шектері" деген тақырыпты бекітуі тегіннен емес.

 

Іргетасын өзі қалаған

Қапшағай су электр станциясының алғашқы іргетасын 1969 жылдың 20 маусымында Қазақстан басшысы Дінмұхамед Қонаев арнайы келіп құйды. Ескерткіш плитаны шұңқырға тастап, ырыммен күміс тиындарды шашады.

1970 жылдың 22 желтоқсаны қапшағайлықтар үшін ерекше күн саналады. Тек Қапшағай қаласының тұрғындары ғана емес, еліміздің тарихындағы ерекше дата, өйткені осы күні Қапшағай гидроэлектр станциясы алғашқы электр энергиясын шығарды. Қазақстанда ғана емес, Орталық Азиядағы қалған төрт мемлекеттің ішіндегі ең ірі станцияның өндірген энергиясы Қапшағайды ғана емес, Алматыны да жарқырата түсті. Өндірген электр энегриясы магистральдар арқылы өзге республикаларға да тартылды. ГЭС құрылысында ерен еңбегімен еленген 30 адам Құрмет грамотасымен, 425 жұмысшы, техник, инженер медальмен, ал Шапық Шөкин орденмен марапатталды.

Алматы мен Қапшағай арасына жүрдек пойыз жүреді болашақта. Қытайдың өндіру тәжірибесі негізінде қоқыс қалдықтарын сұрыптап өңдейтін ірі кешен салынады. Халықаралық бағаттарға да ұшып-қонуға болатын әлемдік стандартқа сай әуежай бой көтермек.

Қалада демографиялық даму динамиксы өте жоғары. Бүгінде халық саны 62 мыңнан асады. Жыл сайын қапшағайлықтар қатары бала туудың нәтижесі бойынша 1300 адамға көбейеді екен. Ал ендігі кезекті бұл көрсеткіш бұдан да арта түсетіні сөзсіз. Өйткені облыс орталығына айналған Қонаев қаласына көшіп келіп, тұрақ табушылардың да қатары қалыңдай бермек.