Балалар әдебиеті: жас өскін үдесінен шыға алдық па?
31.05.2022 3307

Былтырғы жылды ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «балалар әдебиеті жылы» деп жариялады. Бір жыл бойы балалар әдебиетіне жазатын, тым ауыр да, жауапты тақырыпты арқалайтын қаламгерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі керектігін баса айтқан болатын. Осыған орай балаларға арналған жылда бүлдіршіндерге қандай «базарлық» сыйладық? Жас өскіндер нендей олжаға кенелді деген сұраққа жауап іздеп көріп едік...


Жарты ғасырдан кейінгі роман

Жазушы Сәуле Досжан былтыр күрес түрлерінен қазақтан шыққан Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров туралы роман жазды. «Біртуар» деген атпан кітап болып басылған кесек шығарма орыс тіліне, жуырда түрік тіліне аударылып, Түркияда тұсакесері өтті. Жазшы Сәуле Досжан даңқты балуанның өмірі қамтылған романы туралы өз жазбасында «Бердібек Соқпақбаевтың балаларға арнап жазған романынан кейін мұндай кесек туынды жазылмапты» деп айтуы көп жайтты аңғартса керек. Қаламгер айтқандай қазақ әдебиетінде Бердібек Соқпақбаевтың 1957 жылы жазған «Менің атым Қожа» романынан кейін балаларға арналған роман жазылмауы бұл саланың сан тарауы тұнған кем-кетік екенін әйгілей түседі.

 

«Алтын сақаның» 100 жауһары

Балалар жылындағы бір жаңалық «Алтын сақа» баспасы құрылды. Рас, бұған дейін де балалар әдебиетіне қатысты шығармаларды басып шығаратын, баспалар болған, әлі де бар. Дегенмен «Алтын сақа» баспасы 100 кітапты едел-жедел шығарып, тұсаукесерін жасап та жіберді. Сол кездегі мәдениет және спорт министрі лауазымын атқарған Ақтоты Райымқұлова 100 кітаптың еліміздегі кітапханалар мен мәдениет ошақтарына таратып, оқылымға қолдау көрсетуге әзірлігін де айтты. Балалар әдебиеті жылы аясында ашылған баспаның бас редакторы ақын Саят Қамшыгер бұдан былай да баспа балаларға рухани қазына, базарлықты көптеп жарыққа шығаратындарын айтты. Баспаның шығарған кітаптарының барлығы да заманауи үлігінің талаптарына толыққанды сай келеді. Әрбір тақырыпта жарық көрген кітаптардың барлығында да QR коды бар. Кітаптың электронды нұсқасын осы кодты көшіру арқылы смартфоннан да оқи беруге болады. Аудио нұсқасын да тыңдаудың мүмкіндігі бар. Баспа ұжымының әзірлеген кітаптарының арасында «Әке мен бала», «Анам бәрін сезеді», «Сыйлық», «Анам екеуміз» деген атаумен басылған шығармалар бар. Бұлардың барлығында да адамгершілік құндылықтарды әспеттеу, рухани тазару, ұлттық ерекшеліктерді дәріптеуге басымдық берілген. Жас өскін оқырман осындай кітаптарды оқу арқылы өзінің ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, таным көкжиегінде ұлттық құндылықтың қадір-қасиеті туралы да ақпараттарды жинайды. Балалардың жас ерекшелігіне қарай бүлдіршіндердің танымына сай боямақтар да басып шығарып, көпшілікке ұсынды. Олардың арасында «Асыл мұра», «Үй жануарлары», «Көкөністер», «Жемістер» деп аталатын боямақ кітапшаларға сұраныс артқан. «Жол ережелері», «Ауа райы», «Мамандықтар», «Көңіл күй» сынды танымдық бағытта жарық көрген кітаптардың да оқырманға берер тартуы мол. «Алтын сақа» баспасы әлем әдебиетінің озық туындысы саналатын балаларға арналған ертегілерді де қайтадан қазақ тілінде сөйлетіп, аудармаларды да жарыққа шығарды. Ганс Кристиан Андерсеннің бірнеше кітабын қазақ тіліне тәржімалап, көпшілкке ұсынды. Жалпы таралымы 2000 данамен шыққан кәтаптардың әлі де жеткіліксіздігі, шалғайдағы ауылдарды айтпағанда, түкпірдегі аудан орталықтарындағы мектептердің кітапхана қорына түсе бермейтін кітаптардың сапасын нығайтумен қатар, санын да арттыру маңызды шаруа болып отыр.

 

«Qyr balasy»-ның қос «Құлыншағы»

Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен балалар әдебиеті жылы аясында жарық көрген қос томдық «Құлыншақ» та балалар тақырыбына жаңа леп, жаңа тыныс ала келді. «Құлыншақ» – жетісулық балалар жазушыларының шығармаларынан құралған екі томдық антология. Алғашқы томына Жамбыл Жабаев, Ілияс Жансүгірұлы, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Мұқағали Мақатаев, Әнуарбек Дүйсенбаев, Жәнібек Кәрбозин, Оспанхан Әубәкіров, Тұманбай Молдағалиев, Қастек Баянбай, Сәкен Иманасов, Әли Ысқабай, Шәймерден Әлдибекұлы қатарлы аға буын қаламгерлерден бастау алатын 25 ақынның тақпақ, санамақ, өлең жыр, жұмбақтар енген. Ал ІІ том – әңгіме, ертегі хикаяттар топтамасына Бердібек Соқпақбаев, Құрманбай Толыбаев, Құдаш Мұқашев, Сейдахмет Бердіқұлов, Сайын Мұратбеков, Мұхаметжан Етекбаев, Шәкен Күмісбайұлы, Жанат Елшібек, Кәкен Қамзин, Тұрлыбек Мәмесейіт бастаған жазушылардың туындылары топтастырылыпты. Әдеби антологияның жетекшісі Е. Нүсіпұлы «Құлыншақтың» ерекшелігі жөнінде оған Алматы облысында дүниеге келген 25 ақын, 25 жазушының туындылары жинақталғанын, кітаптың әр парағы бала психологиясына сай, позитив болуы үшін ашық түске боялғанын айтады. «Құлыншақты» парақтағанда байқағанымыз кітапқа енген шығармалардың мәтін түрімен бірге аудио нұсқасы да қоса ұсынылыпты. Оқырман өз қалауына қарай әрі тыңдарман да бола алатындығын жинақтың ұтымды ерекшелігінің брі деп бағаладық. Сондай-ақ антологияда ақын-жазушылардың өмірдерегіне қатысты «Керек 5 дерек», «Сен білесің бе» қатарлы айдары бар екен. Кітаптың соңындағы әртүрлі форматта құрастырылған арнайы шығармашылық тапсырмалар, жас оқырмандарды кері байланысқа шақыру, қаламгерлердің портретінің қарындашпен салынуы – бәрі де жинақтың мазмұнын бай етіп тұр. Ал тілінде, сөйлеуінде кемістігі бар балаларға арналған логопедиялық жаңылтпаш, жұмбақтар қосылып, мәтіндегі кейбір күделі, қиын сөздердің түсіндірілуі, сөз жоқ, құрастырушылардың жан-жақты, тыңғылықты дайындығын көрсетті.

 

Балаларды байытқан базарлық

Балалар әдебиетіне қосылған үлкен қазынаның кесегі – жазушы Байбота Қошым-Ноғайдың табанды еңбегінің арқасында «қазақ балалар әдебиетінің антологиясы» он том болып жарыққа шықты. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан маңызды жұмыстың нәтижесі мен ырыс-несібесін балаларымыз көреді. Қаламгерлеріміз мемлекет тарапынан қолдау көріп, көптеген кітаптар жарыққа шықты. Былтырғы жылы Нұрдәулет Ақыш, Шәкен Күмісбайұлы, Бейсембай Сүлейменов, Әлібек Файзуллаұлы, Әбділдәбек Салықбай, Сәуле Досжан, Ділдар Мамырбаева, Жаңабек Шағатай, Заря Жұманова, Серікбол Хасан сынды қабырғалы қаламгерлердің балалар тақырыбына жазған сом шығармалары жеке кітап болып басылды. Жеке авторлардан тыс, балаларға базарлық, кітап басу ісінде былтыр «Qasym баспа үйінің» ұжымы өте белсенді жұмыстар істеп, үлкен шаруаны еңсерді. Бұл баспаның қызметкерлері 60-қа тарта кітапты жарыққа шығарып, балғын оқырмандарға үлестірді. Бұл шығармалардың қай-қайсы да бүгінгі жас жуын оқырмандарды оқиға желісімен, баяндау тәсілімен, суреттеу сырымен өзіне баурап елітіп әкетері хақ.

Бірақ мұның барлығы да кем-кетіктің толыққанды бүтінделгені деген сөз емес. Ендігі уақытта саннан сапаға көшу мақсатында авторларға ұсыныс ретінде айта кететін негізгі мәселе – балалардың жас ерекшеліктеріне қарай жазу. Бізде ондай кітапшалар бар, бірақ тілі күрделі. Енді әріп танып келе жатқан балалар көп сөздің мағынасын ұқпай мүдіріп қалады. Сондықтан әр жас деңгейіне қарай күнделікті қолданыстағы сөздердің синонимдерін пайдалануға тырысса. Немесе көркем шығармалардың оқиғалар желісін ғана сақтап, бала тіліне лайықтап және қазақ тілін жетік білмейтін адамдарға лайықтап шығармаларды өзгертетін орталық құрылса құба-құп болар еді. Ондай орталықтарда автордың келісімін алу арқылы шығармаға өзгертулер енгізіліп, түзетіліп, мазмұны байытылып, үлкен сүзгіден өткеннен кейін ғана жарыққа шықса, сапа мәселесі ақсамас еді», – дейді М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері PhD Ерқанат Қуатбекұлы.

 

Әдеби жыл қорытынды

Жуырда Қазақстан жазушылар одағының әдебиетшілер үйінде әдеби жыл қорытындысы өтті. Өткен жылға әдеби талдау жасап, сараптама жүргізген баяндамашылардың арасында балалар әдебиетінің өкілдері де үн қатты. Балаларға арналған өлеңдер жөнінде арнайы баяндама жасаған Аслан Тілеген соңғы жылдары қазақ тілінде жарық көретін балалар әдебиетінің   кітаптарына сұраныстың артқанын мақтанышпен жеткізді. Баспалар да балаларға арналған кітаптарды алдымен басуға дағдыланып келе жатқанын айтты. Баяндама барысында «Ақ желкен» журналының жауапты хатшысы былтырғы жылы балаларға арналған өлеңдер жинағы молынан басылғанына разылығын білірді. Соларыдң ішіндегі ең шоқтықтысы – «Атамұра» баспасы баысып шығарған «Балалар позиясының антологиясы». Антологияға 30 қаламгердің балаларға арнап жазған өлеңдері топтастырылған. Үш жүз беттен асатын антологиядан тек өлеңдерді ғана емес жұмбақ, жаңылтпаш, санамақ, мазақтама, айтысты да табуға болады. Аслан осы антологияға балалар позиясына қомақты үлесін қосып, қалам тербеп жүрген кей қаламгерлердің енбей қалғанын да ескертті. Баяндамашының сөзінен аңғарғанымыз жекелеген авторлардың өлең жинақтары кітап болып басылып, елімізің бірнеше баспасынан жарыққа шықты. Дегенмен де насихаты кемшін соғып, өзінің облысының аумағынан аспай қалған, тамаша туындылардың да әлі тұсалып тұрғанынн қынжылыс білдірді. Мысалы, Аслан Тілегеннің айтуынша, «Қызылорда облысында Қуат Адис деген ақын тұрады. Осы ақынның «Дәрумендер дауасы» деген танымдық өлеңдер жинағы балаларға ғана емес ересек оқырмандарға да дәрумендер туралы тың ақпаратты өлең шумақтары арқылы жеткізеді. Адам ағзасына қандай дәрумен қажеттігін дәлме дәл берген. Қуат Адиистің бұдан өзге жазған «Хайуанаттардың жыл басына таласуы» хикаяты, «Жабайы табиғатпен танысайық», «Төрт түліктің төлдері және балақай», «Дыбыстар әлемі» деп аталатын кітаптарының да танымдық өресі жоғары. Тіпті бір-бір энциклопедиялық жинақ деуге де болады. Қаламгер қай шығармасын жазбасын ізденгенін, тақырыптарға үлкен адйындықпен келгенін паш етеді. Бір өкініштісі осындай тамаша туындылар облыс деңгейінен аспай, республика оқырмандарына таралмай қалғандығы. Келешекте Жазушылар одағының жанындағы балалар әдебиеті секциясы осы олқылықтың орнын толтырып, аймақтарға да сауын айтып балалар әлеміне қалам тербеп жүрген ақын-жазушыларды іздесе, кітабының шығуына мұрындық болса» деген тілегін айтты.     

Балаларды қорғау күні қарсаңында түрлі мерекелік ойын-сауықтар өтеді. Дұрыс, «қуантсаң баланы қуант» дейді қазақ. Өтсін, ұйымдастырылсын, жердегі бір періште күлімсіресе, көктегі мың періште қуанады» дейді діндарлар. Баланы қуантқан жақсы-ақ. Десе де баланың рухани байлығын арттыру мақсатында әдеби шығармалармен қорғанысын мықтап шегендеу ісінде әлі де атқарылар шаруа шаш-етектен. Бүгінгі қазақ әдебиетінің ертеңгі тірек орқырманына айналар буын осы балалар екенін ақын-жазушылар да, баспагерлер де, педагог мамандары да әрқашан есінен шығармауға тиіс.