Біздің заманымыздың 48 жылы ғұндар солтүстік және оңтүстік болып екіге бөлінді. Оңтүстік ғұндардың тағдыры, негізінен, Хань империясына тәуелді болды
Солтүстік ғұндар – Енисей тайпаларынан, әсіресе дуньхулар – үйсін ұрпақтарынан, сәнбилер – Манчжуриядан айырыла бастады. Ғұндардың ордалары Батыс Моңғолияға, Солтүстік-батыс Сібірге, Шығыс Түркістан ығыса отырып, біздің заманымыздың ІІ ғасырының бірінші жартысында ғұн тайпаларының миграциясы әуелі Қазақстанның шығысына – Тарбағатайға және Жетісуға қарай ығысты. Осы кезде ғұндар өздерінің 5 ғасырдай өмір сүрген Юэбан мемлекетін құрды, ол мемлекеттің ордасы Балқаш көлінің солтүстігінде орналасты. Ал кейін ғұндар Батыс Сібір тайпаларымен бірге Орал, Каспий, Еділ маңындағы жерлерге қоныс аударды.
Біздің заманымыздың басындағы I ғасырда Ғұн одағы екі топқа жарылып, бірі Шығыс Ғұн мемлекеті, екіншісі Солтүстік-батыс Ғұн мемлекеті болып аталған. Екі мемлекеттің екеуін де түркі тайпалары билеп отырған, бірнеше тайпалық одақтар болған. Солтүстік-батыстағы ғұн мемлекеті біздің заманымыздың ІV ғасырында әйгілі болып, Шығыс Еуропаға қарай жылжыды. IV ғасырдың 70 жылдарының аяғында ғұндар Солтүстік Қара теңіз өңірінде пайда бола бастады.
Ғұндардың соққысына бірінші болып жығылғандар – Азов теңізі өңірін мекендеген алаңдар еді. Көшпелі аландардың біраз бөлігі қазіргі Кубань өзені бойындағы ғұндарға бағынды. Ғұндар екі бағытта ілгері жылжыды.
Біріншісі – қыста мұзды жолмен, яғни Перекоп және Тамань түбегі арқылы қазіргі Керчь бұғазы мен Қырымдағы Боспор патшалығына беттеді. Мың жылдан аса өмір сүрген Боспор патшалығы жойылды.
Екіншісі – батыс және солтүстік батыста орналасқан сармат-алан және гoт немесе швед тайпасына бет түзеді. Сонымен, батыс ғұндарға Еділ мен Дунайға дейінгі жерлерді мекендеген түрлі тайпалар мен халықтар бас ұрды.
Осыдан кейін 376 жылы ғұндар Рим империясымен көршілес мемлекет болып, көп ұзамай оған күш көрсете бастады. 395 жылы ғұндар Закавказье мен Месопотамия аймағында шабуыл жасады.
V ғасырдың басында ғұндар Дунай жерін басып алды. Поннонияны да қол астына қаратты. Осы жерден олар атақты Ғұн державасын құрды, орталығы қазіргі Венгрияның жері болды. Басып алған жерлерінің алтын және тағы басқадай бағалы заттарын тонап, адамдарын өздеріне бағынышты етті. 433 жылы қартайған ғұн патшасы билігін немерелері Белде мен Аттилаға береді. Ағайынды екеу 12 жыл патшалықты бірге басқарып, герман тайпаларын бірінен соң бірін алды. Бір ігіп басқарған 12 жылда Бургун патшалығын да Рейн бойында тас-талқан етіп жеңді.