«Сұлулық әлемді құтқарады» халықаралық симпозиумы
18.06.2022 2699

2022 жылғы 15-19 маусым аралығында Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында «Сұлулық әлемді құтқарады» халықаралық симпозиумы өтіп жатыр. 


Симпозиумның мақсаты – Халықаралық дәрежедегі суретшілермен тығыз байланыс орнатып, еліміздің мәдени қорын кеңейту, қазақ елінің мәдениеті мен өнерін, әлеуметтік-экономикалық дамуын, рухани баюын суретшілердің қылқаламы арқылы жеткізу. Сонымен қатар өскелең ұрпаққа патриоттық, эстетикалық тәрбие беру, халықаралық суретшілер арасындағы достық, мәдени-шығармашылық байланыстарды дамыту және нығайту.



Симпозимның ерекшелігі – сурет өнерін дамыту. Көптеген жас суретшілерге кәсіби суретшілермен тәжірибе алмасып, біліктілігін арттырып, шығармашылығын шыңдауға мүмкіндік жасау. Оларды Халықаралық көрмелерге қатысып, құнды дүниелер жасауға баулу.

Халықаралық суретшілердің басын қосып, тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін жоба 2018 жылдан бері өткізіліп келеді.



Биыл іс-шара Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтіп жатыр. Симпозиумға 20-ға жуық суретші қатысып отыр. Жоба аясында пленэр, конференция, көрме және шеберлік сағаттары өтуде.

Аталмыш симпозиумды ұйымдастырып отырған «Batik kami» мәдени қоры – 2016 жылдан бері белсенді жұмыс атқарып келе жатырған мәдени қорлардың бірі. Бүгінгі таңда қазақ халқының мәдениет мен өнерін дамыту мақсатында қызмет атқаруда. Сондай-ақ батик тәсілімен сурет салуды насихаттап жүрген батыс өңіріндегі тұңғыш қор. Бүгінде ол «Қазақстандағы батик өнерінің шебері» атанып, Назарбаев мектептерінде батик методикасы оқытылып, 7-8 сынып оқулықтарына енгізілген. Еліміздің мәдениеті мен өнерін, ұлттық ою-өрнегін шет мемлекеттерге таныстырып қана қоймай, ұлттық киімдерді де насихаттап жүр.       

                               

Сондай-ақ «Batik Kami» мәдени қоры жас түлектерге де Жоғарғы оқу орнына түсуге жәрдемдесуде. 2019 жылы 3 бірдей түлекті Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне, 2020 жылы 2 талапкерді Алматы қаласындағы «Сымбат» дизайн және технология академия колледжіне, 2021 жылы 3 мектеп бітірушіге Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің білім гранттарын иемденуіне көмектесті. Шығармашылық емтихандарға дайындаудың нәтижесінде Заман Аль-Хафиз Италия мемлекетіндегі IAAD (Istitute darte applicate a design)университетіне 50% жеңілдікпен оқуға қабылданды. 2019 жылы жыл сайын АҚШ-та суретшілердің өнерін әлемге таныту мақсатында ұйымдастырылатын «ART-Expo-New York» халықаралық галереясында «Batik Kami» мәдени қоры үздіктер қатарынан көрініп, ҚР атынан қатысуға жолдама алды. Аталмыш қор көрмеге 12 картина апарып келушілердің назарын аудартты. Көрме 4 күнге созылып, картиналар шетелдіктер үшін сатылымға шығарылды. Шетелдіктердің қызығушылығына ие болған қор, галереядан кейін   Швеция Елшілігінің шақыртуымен, Стокгольм қаласына жеке көрмесін өткізді.                   

                           

«Batik Kami» мәдени қоры ҚР Тәуелсіздігінің 30жылдығы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі» РМҚК-да 1 айға жуық жеке көрмесін өткізді. Бұл Батыс өңіріндегі суретшілердің Ұлттық музейде ұйымдастырған алғашқы көрмесі болды. Көрмеге 150-ге жуық картина апарылып, музей қорының қайырымдылық жобасына 9 шығармашылық жұмысы тарту етілді. Қайырымдылыққа табыс етілген картиналардан балаларға арнап ұлттық нақыштағы бұрыш жасалды.



Жоба авторы Камила Жапалова – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Қазақстан өнер академиясының корреспондент-мүшесі. Ресей Суретшілері кәсіби Одағының мүшесі, Халықаралық заманауи өнер академиясының мүшесі, «Batik Kami» мәдени қорының директоры.