«Пахтакорға» бармай қалған қазақ
12.07.2022 2052

КСРО тарихындағы ең ірі әуе апаттарының бірі 1979 жылдың 11 тамызында орын алды. Бұл қайғылы жағдайдың бел ортасында қазақ ұланының да болуы бек мүмкін еді. Тәңір жарылқап аман қалды. Ол – Құралбек Ордабаев болатын. Әңгіме даңқты футболшы, әйгілі қақпашы, тіпті бір маусымда 16 рет пенальтиді қайтарған ең үздік қақпашы атанған саңлақ турасында.


1979 жылдың 11 тамызындағы әлемді тітіреткен қайғылы оқиғаға биыл 43 жыл толады. Зырылдап уақыт өткенімен де қайғының азабы сейілген емес.   КСРО чемпионатының кезекті матчының бірі ташкенттік «Пахтакор» мен Беларусь елінің бас клубы «Динамо» арасында өтуі тиіс болатын. Алайда жерден 8400 метр биіктікте ұшып бара жатқан екі әуе кемесі адами фактордың кесірінен соқтығысып, 178 адамның сүйегі жерге үгіліп, шашылып түсті.

Оқиға қалай болып еді. Осы тақырыпты қаузап зерттеушілер сол кезеңде авиация саласында жауапты қызмет істеген жандардың айтар естелігіне көп жүгінеді. Әуе апаты орын алатын күні аспан бұлтты болып, күннің өзі түнеріп, қайғылы қазаның болатынын алдын ала сездіргендей еді. Одан бұрын сол күні, сол мезетте КСРО-ның тізгінін ұстаушы, КОКП-ның бас хатшысы лауазымындағы жайсаң Леонид Брежнев бастаған ақ жағалылар мінген ұшақ оңтүстікті бетке алып әуеде қалқып бара жатады. Әрине, алып империяның басшысы мінген ұшаққа жердегі диспетчерлер жол ашып, трассасын тазалап отыруы бұлжымас заңдылық. Тіпті, заңнан да жоғары десе де артық емес. Л.Брежнев мінген ұшаққа жол босатып беріп, басқа лайнерлерді барынша тығыздап, жолдарын тарылта түседі. Қырсыққанда қымыран іриді деп, дәл осындай сын сағаты туындап тұрған сәтте авиация орталығындағылар осынау аса жауапкершілікті жүктейтін жұмысты тәжірибесі аз, жұмысқа жаңа келген жас диспетчер қызметіндегі Н. Жуковскийға тапсырады. Оның үстінен шаруаны қадағалау ісін де білікті маман емес, салғырттығымен танылған В.Сумской деген жазғанға жүктейді.




Әуе апатын зерттеушілер де, тергеушілер де қайғылы қаза, бір емес, бүтіндей 178 адамның өмірін жалмаған әуе апатының басты себебі – жас диспетчер Н. Жуковскийдің «Ту – 134» әуе ұшағының әуе апаты орын алатын аймақтан ұшып өтетін уақытын дұрыс, дәл есептеп айтпағандығынан деген байламға келді. Өйткені 1979 жылдың 11 тамызы күні түскі мезгілде, анығы 12:53-те Воронеж облысының әуежайы Воронежден Челябинск-Воронеж- Кишинев бағытына ұшатын ұшақ жолаушыларды қанатына қондырып алып әуеге көтеріледі. Дәл сол күні Донецк әуежайындағы тағы бір «Ту-134» әуе кемесі Ташкент – Атырау – Донец – Минск бағытын бетке алып аспанға тартып отырады. Әуеге Воронеж әуежайынан алдымен ұшып шыққан ұшақтың экипажын басқарушы А.Тараненко арада 24 минут өткенде жердегілермен байланысқа шығып, өзі қалықтап келе жатқан 8400 метр биіктегі трассадан да жоғарылап, бос тұрған 9600 метрдегі әуе трассасына шығуға рұқсат сұрайды. Әрине, ол тәжірибесі тым аз жас маман Н. Жуковскиймен байланысқа шыққан. Жуковский болса, Тараненкоға рұқсат бермей, 9600 метр биікте қарсы бағытта басқа ұшақтың ұшып келе жатқанын айтып, келісім бермейді. Мамандар сонда білім-білігі таяз Жуковскийдің орнында басалқы диспетчер болса, Тараненкоға рұқсат етер еді дейді. Өйткені 9600 метр биіктегі дәлізде қарсы бағытта ұшық келе жатқан ұшақтың қашықтығы тым шалғай болатын. Әрі қарсы бағыттағы ұшақ Днепропетровсктің үстінен 5 минут бұрын ұшып кететін еді. Тараненко рұқсат ала алмаған соң, амалсыз өзінің ұшып келе жатқан дәлізі 8400 метр биікте қалықтай береді. Түскі сағат 13-тен 25 минут кеткенде Ташкенттен ұшып шыққан «Ту-134» ұшағын басқарушы А.Комаров авиациялық училищені жаңа тәмамдаған түбіт мұрты енді тебіндеген Н.Жуковскиймен байланыс ұстайды да, өздерінің ұшағы 5700 метр биікте келе жатқанын, рұқсат болса, 8400 метрге өрлеуге жол сұрайды. Өздері Днепропетровск аумағының үстінен 13:34-те ұшып өтетінін де ескертіп айтып қояды. Жукоский жерде отырып екі бірдей ұшақтың Днепропетровск үстінен өтуде 3 минут айырмашылығы бар, ешқандай қатер төнбейді деп өзінше кесіп-пішіп шешім қабылдап, рұқсат етеді. Экипаж командирлері жердегілермен байланыс орнатып, жағдайды пысықтап алған соң, алаңсыз ұша береді. Сумской Жуковскийдің шала істегенін аңғарып қалып, микрофонға жабысады да, 9000 метрде ұшып келе жетқан «Ил-62» ұшағының командиріне 9600 метрге өрлеуін тапсырады. Сосын 8400 метр биікте ұшып келе жатқан Беларусь елінің «Ту-134» ұшағына дереу 9000 метрге ауысуын, себебі тағы бір «Ту-134»-тің осы дәлізде ұшып келе жатқанын айтады. Аспаннан «ұқтым» дегенді естіген Сумской өзінің әбжілдігі болмағанда қаншама адамның ажалы келетінін айтып, мақтанып қояды. Шынтуайтында «ұқтым» дегенді «Ту-134»-тің командирі емес, «Ил-62» ұшағының командирі айтқан болатын. Ал ол дауысты Сумской да, Жуковский да «Ту-134»-тің бірінің командирі айтты» деп ұғынып, қайта тексеруге ерініп, бейғам отырған. Ақ шарбы бұлттың арасында қалықтап келе жатқан екі лайнер 8400 метр биікте бір-біріне соқтығысады. Молдова еліне тиесілі алып ұшақ, беларустік лайнердің бүйірінен келіп соққанда сағат тілі 13:35-ті көрсетіп тұрған еді. Осылайша 178 адамның ғұмыры қиылып, құстай жүйткіп келе жатқан екі ұшақтың күл-паршасы шығып, сынған қанаты мен қалдықтары, адамдардың бөлшектенген сүйектері жерге қарай құлайды. КСРО бұл әуе апатының да дақпырты мен қасіретін әлемге жария етпей жылы жауып, өз ішінде тындыра салуға барынша күш салады. Тіпті, әуе апаты туралы бірден хабар-ошар ресми түрде жарияланбайды. Тек «Пахтакор» футбол клубының 17 мүшесі ажал құшқаны үлкен абың-күбің әңгіме тудырып, әуе апаты күллі әлемге естіледі. Қайғылы жайтты алдымен жариялаған да өзбек елінің баспасөзі болатын. Айтпақшы 178 адамның өмірін қиған әуе апатының басты себепкерлері Сумскойға да, оның қарауындағы Жуковскийге де сот 15 жыл жаза кеседі.




Енді негізгі әңгімеге оралайық. Апаттан періштесі қағып, аман қалған даңқты футболшы, тасқамал қақпашы Құралбек Ордабаев бұл оқиға турасында былай деп ақтарылды.


– Мен Шымкентте «Металлург» деп аталатын клубтың қақпашысы болып футбол ойнайтынмын. Кәсіби спортқа енді аяқ басқан, жасым жиырмадан асқан жас жігітпін. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңында «Металлург» клубының негізгі құрамындағы қақпашы деген атқа ие болып жарыстарға қатысып жүрдім. Өзбекстан Шымкентке тиіп тұр. Бұл елдің де футболшылармен, футбол клубтарының басшыларымен, ел футболына жауапты шенеуніктерімен де жақын таныс бола бастаған кезіміз. Бір күні үйге «Пахтакор» клубының президенті бар, клубтың бас бапкері, басқа да басшы-қосшылары мені іздеп үйге келді. «Құралбек, сен «Пахтакордың» негізгі құрамында ойнайтын қақпашы боласың. Материалдық құндылықтардың барлығы болады. Ташкенттен үй, астыңа жаңа мәшине береміз, біздің клубқа ауыссаң» деп үлкен қолқа салды. Әрине, біздің бала күнімізден, ес білген шағымыздан үйренген тәрбиеміз – ата-ананың айтқанымен жүру, солардың ойымен санасу. Бірден әкеме айттым. Бірақ ол кісі келісім бермеді, тіпті ташкенттік клубта ойнауыма үзілді-кесілді қарсы болды. «Сен қазақ болып тудың ба, қазақтың футбол клубында ойнауың керек» деді. Бітті. Әкемнің аузына Алла сөз салды ма, көп өтпей Алматының «Қайрат» клубына шақырту алып ауысып келіп, 12 жыл тұрақты түрде ойнадым. Егер әкем сол кезде батасын беріп, мен «Пахтакорға» ауысқанымда 1979 жылдың 11 тамызындағы қайғылы оқиғаның ішінде кетер ме едім, кім білсін, – дейді Құралбек Ордабаев.


2019 жылы Өзбекстан футбол федерациясы осы бір әуе апатының орын алғанына 40 жыл толуына орай еске алу шарасын ұйымдастырып, үлкен ас береді. Қазақстаннан, әрине, Құралбек аға шақырту алып барып келді. «Қайғылы қазаның орын алғанына 40 жыл толған аста сол кездегі «Пахтакордың» періштесі қағып тірі қалған, яғни Ташкенттен аттанып кеткен 17 футболшының қатарында болмаған замандастарым да келіп, біраз жайтты еске алыстық. Қандай талантты футболшылар еді, олардың көпшілігімен «Металлург» құрамында ойнағанымда, «Қайрат» сапында жүргенімде де жақсы таныс болдым, достығымыз жарасып, әзілімізді айтысып жүруші едік. Ажалы осылай әуе апатынан келді» деп еске алды.




Расында, Құралбек ағаның әкесі сол кезде батасын беріп аттандырған болса, еліміз даңқты қақпашысынан көз жазып қалар ма еді...