Әбіш Кекілбаевтың публицистикасы
27.09.2022 1858

Әбіш Кекілбайұлының көсемсөзділігіне тән қандай шешендік иірімдер мен заманға сәйкес шеберлік сипат бар. Біріншіден, өткен ғасыр өрісінен орын алған А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Б.Майлиннің, тағы басқа сөзгерлердің қоғамдық, саяси көзқарастағы жазған еңбектерінде мазмұн да, пішін де басқа категорияда, яғни, оқу, ағарту, білім, ғылымға үндеп отырды.


Ал бүгінгі күн тұрғысындағы сөзгерлердің тақырыбы идеялас, туыстас болғанымен пішіні бөлек. Мәселен: 

Ахмет Байтұрсынов: «Бұл күнде күштен ойды бұрын жұмса, 

Қара күш бәйге алмай жүр осы шақта. 

Амал ет заманыңның ыңғайына, 

Бәйгесіз құр лағып босқа шаппа»,-дейді. 

Осы «Кісі мен арыстан» мысал өлеңінің тақырыбы жасөспірім балаларға қаратып айтылғандай рең бергенімен мазмұны маңызды, пішіні басқа, мазасыз мезгіл, уайымы көп уақыттың тумалары, тулаған жүрек сөздерін осылайша тұспалдап беруге мәжбүр болды. Ол ұлттық, күрескерлік рухтың биіктігі. Ал бүгінде Әбіш Кекілбайұлы көсемсөзі ақыл мен озбырлықты  да, обырлықты да, жүгенсіздікті де, жүдеушілікті де ойсырата жеңуге болатынына кәміл сендіреді. Өйткені, жәбір көргенімен тарихи-мәдени сана сақталды. Момын, жуас болғанымен ұлттық рух пен салт-сананың сабақтастығы жадының қабілетін арттырды. Ал жады қазақ халқының қанымен ағып жатқан  асыл қасиет қазынасының қоймасындай. Дәуір өтеді, дәурен ұмытылады, бірақ  халықтық ұлттық сана жаңғырып қайталанады. Ал қайталау тек жаттанды үрдіс емес, жадыны жаңалау үлгісі. Сол жаңаның елегін кейбіреулер «ескілікті деп айтатын сарынның сарқырамасына салғанда «бағзы мен бақиды жалғастырар сара жолдың» сағымға айналған сүрлеулері бүгінгі кезге сүріндірмей алып келіп,  адастырмай биік аңғарға алып шығады. Міне, сөзгерлер осылайша тереңнен тебіреніп алыстан шалғанда осы бір шалқыма мінезбен, шабан жүрістің шамасын аңғарып отырды. 

Демек Әбіштің «Бодандықта өкініш көбейсе, бостандықта жауапкершілік күшейетінін түсінуіміз шарт» деуі ортақ тақырыптың мазмұнын иік көтеріп, пішінін  салмағымен арттырып тұрғандығында. Яғни ұлы ғалым З.Қабдолов айтқандай «Әрбір жаңа дәуірде көне мазмұн тың пішін тауып, жаңғырып, жасарып қана қоймайды, әр дәуір өз шындығын, демек, өз мазмұнын ала келеді» деген зерттеу еңбегінің нәтиже-көрінісі Ә.Кекілбайұлының сөзгерлігінен көрініс тапты деуімізге толық негіз бар. 

Сөз жоқ, Әбіштің сөзгерлігі оның тілдік ерекшелігінен де танылады. Себебі қоғамдық күйзелісті қаузай отырып,  тіршілік дүниесіндегі адамзаттың мүддесін басты мәселеге айналдырады. Тіпті өзінің ішкі монологын  бұқара жұртшылықпен бөлісіп, ой негізін де халықтық өмір сүру нормаларымен сәйкес  өрбітеді. Осы жолдағы рухани күш-жігерге қуат беріп, адамның моральдық ресурстарын қозғайтын механизм тәріздес қарама-қайшылықтың  рөлін кері айналдыруға жұмылдырады. Еңбектерін зерделей түссең уайым бар, халықтың қамын жейді, тығырықтан шығудың ақыл-парасат жолы бар. Өз өмірі психологиялық қатынастарға, философиялық байламдарға бай. Ендеше жаңаша ойлау – тарихи сананың қалпын жаңғырту арқылы,  кешегі мен бүгінгіні жадылау мәдениетін ұлттық зердеден  іздегенді келер ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды уағыз деуінің мәні зор. Нығырлай айтады. Қайталай жазып, синтаксистік қолданысты пайдаланады. Мәселен: «Жаппай сауаттылық, жаппай қажеттілік болды. Жаппай зиялылыққа жеткізе алмаса да, жаппай баққұмарлықты өршіте алды. Ол өз жағдайына жаппай қанағаттанбаушылықты қоздырды. Коммунистік билік те соның арқасында құлады», - деп оқырманның назарын «жаппай» сөзіне қайталау арқылы түсіріп, белең  алған бейберекеттіліктің жалпыға, қоғамға ортақ кесірін ашып береді. 

Көсемсөздің көкшесін Абай айтқан: «Ерінбей еңбек  қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? ...Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алап алсаң болғаны, іздегенің – сол» деп, орынсыз талап, оспадар мінез жанықас жамандық пен өресіз жандардың қылығына қынжылысын білдірсе,  Әбіштің онымен қосылар тұсы: «Әуелден біреудің бағын күндеуге, бардыкін жоққа тартып әперуге негізделген  қоғамдық көзқарас капитализммен  тікелей жырысып көріп, одан ештеңе шығара алмады. Экономикалық нигилизм саяси нигилизмді өрбітті». 

Абайдың сол кезде қоғамды жайлап бара жатқан жекебасылық  күйттің, ендігі уақытта қоғамаралық, әлеуметаралық, тіпті, еларалық қатынастағы  жымысқылық әрекеттің жандана түскенін ғылыми  тұрғыдан түйіндейді. 

Елдіктің белгісі еңсені түзеудің жолы болмақ деп бір екпіндесе, былайғы уақытта Абайдан шыққан кекесін уыт Әбіш Кекілбайұлының стилінен де аңғарылды.  Екі дәуірдің биігінен сөйлеген «ғасырлық тұлғалар» заманауи сөз төркінін жамағат-жұртты қорғаштауға жұмсаған. Сөйтіп, ой көркемдігімен озық тұрады. 

Абай: 

«Амалдап қарағайды талға жалғап, 

Әркім жүр алар жердің ебін қамдап... 

Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр талап – 

Бұларды керек қылмас ешкім қалап. 

Терең ой, терең ғылым іздемейді, 

Өтірік пен өсекті жүндей сабап»,-деп, жалқаулық  пен жауапсыздықтың тексіздікке тартарын сөзгерлесе, Әбіш «...Бүкіл нарықты көлденеңнен табылған дәулеттің қанжығасына байлата өңгертіп жіберу әлеуметтік әділетке  сыймасы аян».

«...Бүгін майда жекешелендірудің майын қалқып ішіп отырса, ертеңгі орташа бірсүгіні ірі жекешелендірудің жылы-жұмсағына да елден бұрын солар сұғынады». 

Ой мен тілдің ұқсастығы кемел көсемсөзгерлердің тұлғасын биіктете түседі. «Абайдың асыл көркемсөзге қойылған талабы туралы былай делінген: «Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін»-деп зерттеуші Айгүл Ісімақованың сөзін Әбіштің теориясымен тамырластығын іздесек, ол: «Ана тіліне  шорқақтық – аса қауіпті сауатсыздық. Жай сауатсыздық жарылы етсе,  өз тіліңе деп «сөздің ішін» саралау үшін ұлттық тіл мен сана дағдарысынан сақ болуды ескертеді. 

Әсілі асыл сөздің әлімсақтан қалыптасқан теориясын сөз өнерінің жұлдыздары алыстан, бағзы замандардан адамдардың санасына тарихи орнықтылық тағылымын насихаттау формасы – айту, жазу деп тұжырымдады. Айту мен жазудың қабылдану машығы әртүрлі. Айту дыбыстық жүйемен қамтамасыз етіледі, алайда сөйлеуші шешен ғана оны, яғни әр сөздің құтын қашырмай «әуелі», «екінші», «үшінші», «төртінші» деп бұтарлап немесе «...мен ойлаушы едім: ей құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп» сарт, орыс, ноғай турасындағы  кейбір пікіріне түзету енгізіп: «енді қарап тұрсам сарттың екпеген егіні жоқ. ...Орысқа қарамай  тұрғанда қазақтың өлісінің... тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. ...Оның бәрі – бірін-бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып зор болғандық әсері» , - деп  қазақтың намысына тие, шымбайына батыра айтқан. Сол идеологиялық сарын Әбіш көсемсөзінің төркінінде де бар. Мәселен, «біреулері дәстүршілдікке, біреулері тоқмейілсілушікке бой алдырса, біреулері бұрынғыдан бетер ізденіп, талаптанып, талпынып баққан»,-дейді. 

Келтірілген екі мысалда да сөз төркіні қоғамдық кейіпте, әлеуметке қарасты айтылады. Тақырыптың өзектілігі еленбейтін кемшіліктен келер үлкен кесірдің себебі өзімізде,  әркімге қатысты дүние,  үлкен-кішіге ортақ дүниені ескермеу нәтижесінде  құлықсыз ұрпақ өседі, ол кейінгіге сор деген маңызды мәлімет беріп тұр. Қалай дегенде де көсемсөзгер үнсіз қала алмайды. Қай қырынан алып қарағанда да кемшіліктің кетігін тауып, жамауына жапырақ ұсынып тұрады. 

Елдік, ұлттық мүддеден туған түбегейлі мақсатты ой – көпшілік игілігіне жаратылып, жергілікті дәулет пен ырысты есеппен елдің  экономикалық күш-қуатын еселеуге жұмсауды көсемсөзгер дәйім естен шығармайды. Ол үшін дейді Әбіш Кекілбайұлы: «Ішкі  ынтымақты нығайтудың жолы – өзгерістeрдің қызығын азғантай топ қана көретін саяси-экономикалық эгоизмге жол бермеу»  керектігіне баса назар аударады. 

Әбіш Кекілбайұлының көсемсөзгерлік еңбектерін ғылыми стильге жатқызамыз. Себебі сөйлем құрылымдарының нормасы сақталып, ғылыми категорияға лайықталған. Оның экономикалық-саяси талдау еңбектерінің сипаты, кеңістікті шолу, сараптау, саралау тұжырымдарының қорытындысы әртүрлі жанрларды қамти отырып, ғылыми стильге негізделген. Тұлғалық, портреттік очерктеріндегі тілдік қолданыстың ерекшелігі кейіпкерін қоғамдық  құрылым жүйесінен алшақтатпайды. Олардың әрқайсысы ғылыми тақырып, сондықтан биік деңгейде суреттеп қана қоймайды, даралық орнын көтерген мәселесін, атқарған қызметінің қоғамдық мәніне зер салады. 

Тарихи оқиғалар мен әлеуметтік саладағы құбылыстарға  анықтама береді. Мысалы: «Бодандық дегеніміз – обал-сауабыңды біреуге артып, құдайдың салғанына көніп бағу. Бостандық дегеніміз – өз тағдырыңның жауапкершілігін өз мойныңа алып,  өз қамыңды өзің қамдау»  - деп тарихи тұрғыдан түсініктеме береді. 

Энциклопедиялық түсініктеме түзіп, жазар тақырыбының мазмұнына алдын ала шолу жасайды. Еңбектерінің мән-мағынасы бағытынан ауытқымайды. Жүйеленіп,  қорытындыланып отырады. Айғақты пікірлерін дәлелдеу мақсатында термин сөздерді  орынды қолданады. 

Тарихи құбылыстарға жіті мән беріп,  шұғыл көсемсөзгерлік  пен қоғамдық пікір танытады. Өзекті мәселенің себебін анықтап, кезекті ісшараның қалай атқарылатынын парасатпен пайымдайды. 

Қай тақырыпқа қалам тербесе де сол көтерер мәселенің өзіне тән стильдік  қолданысты шебер игеріп, сол тақырыптың төңірегінде жалпыға ортақ ұғымдағы  сөздерді тиімді қолданады. Сөзіміз дәлелді болу үшін: «Қарабура... Қара... Бура... Киелі ұғым. Қара – көптің белгісі. Бура – күштің белгісі» немесе «Жалпы атам қазақтың жолға қарау әдеті әу баста ел арасы мен кісі арасын кетістіру үшін емес, бекіттіру үшін ойлап табылған. Біреуді жасына қарап сыйласаң, біреуді  жолына қарап сыйлайсың.  Жолына қарап көрсетілген жораға ешкім де өкпелемейді, ешкім де тартынбайды. Әсіресе қазақ баласы «кіші» деген сөзге өкпелемеген. Өйткені үлкен балаға енші тисе, кіші балаға мұра,  үлкен ағаға төр бұйырса, кенже ініге қара орын бұйырған»  , - дейді. Әбіш қара жолды емес, дәстүрлі қасқа жолдың нұсқасын тілге тиек етеді. Жалпыға бірдей, жалқыға ортақ, жалғызға ата жолының  сүрлеуі болған ұлттық ұстанымды  лайықты стильмен, орнықты  жіктеп береді. Ұғымдық парасы, тәрбиелік тәлімі орасан ежелгі бабалар тектілігін тегін сөзбен текке шашпай ұлағатты ұғымға сыйдырып, асыл мұралық қағидасына қаса түсірмей қадауқадау сөйлем құрылымының құдіреті мен құндылығын құптатып отырады.  Ұлттық ұлы мұраттың ынтымағын «Қазақ үшін татулықтың, тұтастықтың асқақ өлшемі – екі туып, бір қалу, сондықтан да олар бүкіл ұлтымызлы екі туып бір қалған қып көрсету идеологиясын ұстанған» , - деп тілдік қолданыстағы сөздерді өз иіріміне түсіре отырып, асқан шеберлік пен  ұлттық дәстүрден тараған туыстық психология қатынасын ұлықтауды мұрат тұтады. 

Әбіш сөзгерлігінің көркемдік деңгейін көтеретін метафоралық бейнелеулерді көптеп кездестіруге болады. Танымдық, суреттеу, мүсіндеу, салыстыру, ұқсату, тағы басқа  құбылыстың құпия-сырларына қанығып,  қырқыртысына үңіле түсу үшін теңдестіре,  шендестіре айтылған түйдек-түйдек алапат теңеулер төгіліп жатады. Мәселен: «Қараптан-қарап арбалып, қараптанқарап қармалып қалатынын да жорғадай тепеңдеп, жортақтай секеңдеп,  жолбарыстай атылып, арыстандай «ах» ұрып,  лапылдай жанып, лекілдей құйып, теректей теңселіп, желектей жайқалып,  шалғындай шайқалып, обырдай омақасып» , - деген сияқты екі  компонентті метафоралық теңеулер мен құйын сөздердің құламасы қара жорғадан ақбоз жүйрікке мінгізгендей етеді. Жаңаша сөйлем құрылымы, жаңа тұрпатты шығармашылық  лексиканың туындауына септігін тигізіп,  стильдік артықшылықты аңғартады.  Демек, Әбіш Кекілбайұлы  тарихи қауымдастықтың рухани,  саналы дүниетанымына зерде  тұрғысынан ықпал етерлік идеологиялық  бірлікті сақтауды ұсынды. Осы жолда күллі әлем тәжірибесіне  қанығып, дамудың алуан әдісін алға тартты. Соны сөзбен,  тапқыр ізгілігімен, әлеуметтік кемел ойлампаздығымен жазды.  Антонимдік, синонимдік  қатардан тұратын күрделі, құрмалас сөйлемнің тұжырымды ой нұсқасын ерекшелеп тұруы Әбіш көсемсөзінің өзгешелік сипатын танытады.  Әрі сөйлемдерінің тұйық райлы «у» жұрнағымен аяқталуы да автордың өзіндік қырын аша түседі. Соның бір мысалы: «Нарыққа парықты көше алмау. Қарадүрсін көшу. ...өзіміздің шын мүмкіндіктерімізбен есептеспеу. ...кеңістіктегі нақты жағдайға жете мән бермеу» , - деп ертеңгі күннің есесін бүгін ойлау қажет дегенді меңзейді. 

Айталық: «Алдымен, шығаратын қорытындымыз – заман ұсынып отырған жаңа мүмкіндіктің жолын кеспеу, елдіктің  жолында қолыңнан келетініңді аянып қалмау. Озғанға көз алартпау, қалғанға  тұмсық көтермеу. ...мемлекетіңе қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да болысып бағу. ...бұғанасы қатпаған  тәуелсіздіктің басына бар пәлені үйіп-төкпеу. ...жігерін жасытпау. Ар-намысын қайрап, тәуекелге бел буғызу, - дегендегі өзіндік  басыңқы реңк беретін «керек» деген сөзді оқырманына іштей айтқызып отырады. Яғни, рухани сабақтастықтың көпшілікпен бірлескен түріндегі  оқудың жаңа тәжірибелік  дәстүрін енгізіп отырады. Сөзбен де, оймен де, іспен де бір арнаға тоғысқан Әбіш идеясы стильдік құрылымының ерекшелігімен халықтық мүддеге ойысып, елмен бірге ертеңгі күнге рухани сапарлас болып отырады.  Сөйтіп, тұйық райлы «у» жұрнағы арқылы сөз төркінін ұғындырып, ізгі мұраттарға жетелейтін ой желісін ширата түседі. Демек, Әбіштің сөз қолданысында  тұтастай алынған бір сөйлемді  емес, бір әріптің өзін шашауын шығармай кәдеге жаратуы – сөз қадірін біліп, ел қасиетін ұғынуы, ұлттық ана тілін қастерлеуі. 

Немесе «дар», «дер» жалғаулық арқылы ұранды, айбарлы сөздерінің  ұлттық рухтың салмағын арттыра түсетінін көресің. Айталық: «Өткенін ұмытпайтын ұлтқа сенсеңіздер – бізге сеніңіздер! Атасын ұлықтайтын жұртқа сенсеңіздер – бізге сеніңіздер!  Анасын ардақтайтын ұрпаққа сенсеңіздер – бізге сеніңіздер!» , - деп ел сенімін көтеретін, көпшілік рухын жандандыратын  жалыны от, қарпуы шоқ сөздермен жұртшылықтың  күш-қуатына  дәс береді. Сыншы, зерттеуші ғалым Д. Ысқақұлының «Шығармаға  арқау болған белгілі бір идеяларды халыққа неғұрлым ұғынықты, ұтымды жеткізу мақсатымен жазушы оған сай келетін түр (форма), стиль таңдайды» , - деген пікіріне сүйенер болсақ, Әбіш Кекілбайұлының стильдік форма таңдауы да осындай биік талаптан туындаған жайт. 

Мәселен, оқырманның ойлау, қабылдау, түйсіну, сүйсіну, қанағаттану сияқты эмоциялық әсерін, оның оқып отырған әңгіме жанрларының элементтерінен аңғарасың. Қазақ лингвистикасында лингвотанушылар бұл турасында «Паратілдік құрал» деген ғылыми түсінік қалыптастырған. Сөз дыбысталып не  дауысталып айтылмайды,  ишаратпен ғана ұғынысады немесе ымдау арқылы түсініседі. Бұл ұғым қазақ баспасөзінде ым-ишарат публицистикасы деп танылған. Айталық бетті шымшу «ұят-ай» деген мағына берсе, қолмен омырауын соғып «мен» сұқсаусағын қарсы адамға шошайтып, «сен» деген, немесе көзін шарасынан шығара жан-жағына қарап, шарасыздық, қорыққандық түсінік білдіреді. 

Әбіш Кекілбайұлының публицистикасын оқығанда осындай оның бастамасымен, идеялық ұстанымымен іштей келісіп, бас изеп немесе қолыңды маңдайына тіреп, сөзгермен бірге ой үстінде тұмарланып отырасың. Сөйлемді оқи отырып та оның құрылымдық жүйесіне орай әуезділік тауып, ішкі әуеніңмен толықтыра автормен бірлесіп кетесің. Демек оның ұсынысын мақұлдадың, сөзін қостадың, ойына келістің. Алайда сенің ұстанымың мен бекінісіңді оңай олжалап кететіндей ол не айтып, нені жазды? Мәселе сонда болмақ. Әсіресе көсемсөз қоғамдық өмір болғандықтан оған иіле қою қандай қиын болса, иландыра қою да оңайдың шаруасы емес. Демек, сөйлеушінің шығармашылық режимі ерекше әсерге құрылады да, жазу үлгісінде оқырманын барлық деректерге мойынұсындыратындай сөйлем құрылымына сүйенеді. Осыдан барып шеберлік деген стильдік құрылымға мән беріледі. 

Осы шеберлікті біз Әбіш Кекілбайұлының  сөзгерлігінен танимыз. Тілі – ұлттық, әрине, ал стилі өзгеше сипатта: «Бүгінгі тоқтап қалған өндіріс, тұралап қалған тұрмыс, азып жатқан тәрбие, арып жатқан мәдениет үшін жап-жас тәуелсіздігіміздің титтей де кінәсі  жоқтығын ұғыну үшін айтамыз. Оны жариялауға бір күн жетеді. Шындап тәуелсіз болу үшін көп жыл керек. Отаршылдық өзінен құтылса да сорынан құтыла алмайтындай қып, құзғын қақпандарын құжынатып құрып кеткен.  Даламызға ғана емес, санамызға да құрып кеткен» , - дейді Әбіш сөзгер. Осы мағыналы ойдың маңызын оқырман қалай сіңіреді: Әрине, стильдік құрылымының, ой артықшылығының есебінен.  Оқып отырып, басыңды изеп, батыл сөздің, тура мінездің байыбына батып, бар мен жоқтың бағасына қанығасың. Шындық пен шырғалаң қатар айтылған қатқыл сөзге иланып қана қоймайсың, өз тарапыңнан да іштей қосыла отырып, «рас-ау» деген сөз ар жағыңнан айтылып жатады. Демек, сөзгермен оқырман қауымның бір-бірімен тікелей ой байланысуы оның білім деңгейі мен кәсіби қабілетінің, идеялық мазмұн бірлестігінің, оқып отырып, түр-түсінің құбылуы ым-ишаратымен де байланысып жатқандығын көреміз. Бұл сөзгердің  сөйлемдерді шебер қолдана білуіндегі  оқырман әлеуметке ықпал ету формасы деп айта аламыз. Мысалы: «Осынау киелі орында қасиетті ата-бабаның алдындағы перзенттік қарызын түгендесе келген осы қауымның бұл тілегін көкте Алла, жерде аруақтар құп көргей! «Әумин», - дейік ағайын» деген сөйлемнің оқырман әлеуметке әсері қабылданып, іштей «әумин» деп  қосарланып оқып отырады. Бұл көсемсөзгердің шындықты, қоғамдық болмысты нақты көрсету арқылы көпшілік, ел мүддесінен шығуы. Әрі жалпыға бірдей ортақ ұғымдағы ұлттық дәстүрдің ишаратын орынды пайдаланатындай шеберлік таңдауында. Айталық: «Бізге, әрине, нарық та керек, демократия да керек, бірақ тәуелсіздік бәрінен де керегірек... Өйткені біз тек тәуелсіз болсақ қана нарық пен демократияға жете аламыз. Ал тәуелділік жағдайында нарыққа жете алғанымызбен демократияға жете алмаймыз. Себебі: демократия мен тәуелділік – сыйыспайтын ұғымдар. «Бетерден де бетер бар» деген осы емес пе? [48], - дегенде оқып отырған әлеумет іштей толқып, өңі өзгеріп, қабағы тартылып, қасы жиырылып, түр-түсі эмоциялық  өзгерістерге ұшырап отырады. Демек, Әбіш Кекілбайұлының көсемсөзі үнемі қажеттілік тудырып, зор ықыласқа бөленеді деген сөз. Яғни әлеумет пен Әбіш Кекілбайұлын байланыстыратын құрал оның экономикалық күрделі тақырыбының өзектілігі мен әлеуметтік мәдени бағыттағы шынайы еңбектерінің өткірлігі. 

Ауызша публицистикада ойды нығырлай жеткізу үшін бір сөздің бірнеше қайталанып, баса айтылу үрдісі бар. Шешендік өнердің шеберлігі де содан аңғарылады. Шешендік өнердің тым арыдан басталатын тарихына ден қойсақ, мәселен:  «Римдіктер сөз зергерін төрт топқа жүйелеген. Олар: 

1) шешендер; 

2) философтар; 

3) ақындар; 

4) тарихшылар. Әбіш Кекілбайұлы көсемсөзінің мазмұн-мағынасында  кездесетін көптеген  деректер шын мәнінде  тарихи, мәдени, әлеуметтік болып келеді.  Сондай-ақ оның философ  екендігі де шығармаларынан аңғарылып отырады. Осы ретте бастапқы ғалымның ойын таратар болсақ, «Риторика немесе шешендік өнер ғылымы «өнердің падишасы» ретінде саналған». Шығыстан бастау алған шешендік өнер тарихына көне Грек елінің қоғамдық-әлеуметтік істеріндегі толқулар себеп болған деген сынды пікірлерді толықтыра келіп: «Өйткені шешендік өнер қоғамдық қажеттіліктен туды. ...әлеуметтік даму өрістеп, демократияның жандануына жойқын қозғаушы күш ретінде тарих сахнасына шықты» деген ғалым Серік Негимовтің пікірін басшылыққа алар болсақ, онда жазбаша көсемсөздің де Ахмет Байтұрсынов айтқандай қоғамдық маңыздылығы  тіпті тереңдей түспек. Оның сипаты айтар ойдың қайталанып келер сөздерімен де ерекшеленеді. Осы орайда, Мырзатай Серғалиевтің «Сөз басында бір сөздің немесе сөз тіркесінің қайталанып келуі кездейсоқ құбылыс емес. Олар неше рет қайталанып келсе де, тиісті стилистикалық қызмет атқарады» - деуі Әбіш көсемсөзіндегі сөйлемдеріне тікелей қатысы бар деп айта аламыз.  Себебі оның тәлімгерлік, мәдени-әлеуметтік, саяси-экономикалық көсемсөзіндегі сөз қолданысы басыңқы қабатпен, қатты әсер ету ықпалымен оқырманына сіңісті болып отырады. Айтар болсақ: Ол үшін әрбір адамға адамзаттың өткендегі тындырғанының алдында «тікелей мұрагерлік», бүгінгі тындырмағаның алдында «тікелей міндеткерлік», ертеңгі тындырмағының алдында «тікелей жауапкерлік» деп ұғатындай терең зерде, тарихи сана керек» деген сөйлем жолдары  күрделі түсінік бергенімен «алдында» деген сөз екпінімен негізгі ойдың төркініне жетелейді. 

Әбіш сөйлемдерінің нақтылық жүйесін ажырату үшін терең талдаулар жасауға болады. Оның қос сөздерді қолдана отырып, күшейтпелі мағынаға ие болатын сөйлемдері көтерер тақырыбының салмағын арттырып отырады. Мәселен, «Әрі-сәрі», қос сөзін былайша қолданады: «Осындай әрі-сәрі кезеңде жас мемлекетіміз бен байлығымыз көз жұмбай бөлістің оңай олжасына айналып кетпес пе екен?» немесе «ондай әрі-сәріліктен не сырттан тап болған тосын пәрмен не намысқа мініп, күш-қуатты  тосын дағдарыстан тез арылуға тегіс жұмсай алатын өз жігеріміз ғана шығара алады», - деген сөйлемнің бірнеше қос сөзден және «тосын», «не», «әрі-сәрі» сөзінің бірнеше қайталануынан тұрғанын көреміз. Бұдан шығатын қорытынды бірыңғай бағытқа жұмылайық, бірігіп ел намысын қолдан бермейік деген ұғымдарды қос сөздер арқылы таратып жазады. Қалайда сөз екпіні мен қос сөздерді қолдана отырып, айтушы өз ойын қалың қауымға жеткізуді мақсат етеді. Ұғындырады, сақтандырады, жігерін жаниды. 

Әбіш Кекілбайұлы көсемсөзінің ұғымы кең, сондықтан да сабақтас құрмалас сөйлем, аралас құрмалас сөйлем, қазақ тіліндегі жалпы түсінік туралы ұғымға қатысты ғылыми лексикология жиі ұшырасады. Тіпті, сөйлем құрылымдары қазақ тілінің жалпы ғылыми стилін қамтиды. 

Себебі, Әбіш Кекілбайұлы еңбектерінің  дерлігі бұйрық райды емес, лепті болып, сөйлемнің тұрлаулы мүшелері арқылы құрылымдық сипатымен ерекшеленеді. Сөйтіп Құдайберген Жұбанов айтқандай: «Сөйлеген адам өзіне сөйлемейді, басқа біреуге сөйлейді. Сөйлегендегі мақсат – біреудің екінші біреуге  өзінің ойын білдіруі» . Яғни Әбіштің көсемсөзі елге, ұлтқа, адамзатқа қаратылып айтылған сөз. 

«Тегі, шығарма тілін образдап (поэтикалап) жіберуге Ә.Кекілбаев өте шебер, оның аузынан бейнелі, әсерлі, әуезді сөздерді «құдайтағала», яғни қалам таланты лақ еткізіп төге салады» , - деп Әбіш көсемсөзінің теориялық мән-мағынасын терең бағалап, нақты бағасын береді. 

Өзінің кез келген шығармасына өмірдің өзекті мәселелерін тақырып етіп алады да, соны ой орамдарымен пішіп, жетілдіріп, негізгі элементтер жиынтығынан тұратын қисынды форма шығарады. Оның тұтастығын идеялық көркемдік шеберлігімен бірыңғай жүйелейді. Осы жинақтаудың мазмұндылығы 

тақырыптық сипаттың өң бойында бірге түзіліп, бірге тігістеледі және  негізгі құрылым құндылығынан ауытқымайды. Мұның өзі Әбіш идеясының ой-тұжырымының біркелкі бағытта өрбіп,  көтерген проблемалық дүниесінің  кеше-бүгін немесе ертелі кеш емес,  ертеректен иін қандырып,  сана өлшемімен пісіріп,  жетілдіріп, оның  маңыздылығы мен мән-мағынасының терең деңгейін ашып береді. Осыдан барып, қоғамтану, әлеуметтану, мәдениеттану, ғұмыртану, тұлғатану,  елтану, әлемтану,  тағы басқа ілкімдік қатынастың  тұтас бір теориясы жасақталады. Онысы дерекке бай, нанымды баяндалады.  Көзге ұрып тұрған шындық ашық айтылады. Күмәнді нәрселердің  сырына үңіліп, қажеттілік талғамына  мән беріп, қызықты қиырларын ширатып отырады. Адамдар арасындағы қатынастың ілкімділігі ой-ниет дидарластығының ішкі толғамынан туындап, келешек өмірдің жол бастау кемеріне көтеріледі. Оның түп-тамыры сыйластық, бірлік, татулық, сабақтастық, жалғастылық деген ұғымда жатқандығын үнемі қайталап, әсерлендіріп, тақырыптық маңызын ашып, жалпы көпшіліктің көңіл-күйінен шығатындай етіп зор ыждаһаттылықпен баяндайды. Ескіліктің шырмауы, қасаң қағиданың шылауы келешек ұрпақты тексіздікке алып бара жатқан бұрма мінез бен саяз ойлылықтың, парықсыз пайымдаушылықтың, астарсыз жалаңдықтың, ертеңгі күндердің аяусыз кедір-бұдырынан сақтандырып отырады. 

Міне, осы тақылеттес Әбіш шығармалары оқырмандарын  қуантып, келешек жолын айыруға, адамгершілік ниетін ардақтауға, ұрпақты ұлан-ғайыр елдімекеннің шын мәніндегі тұрғылықты тумасы екеніне, оны қастерлеуде күрескерлік рухтың, өр мінез, парасаттылық мінезділіктің қажеттілігіне сендіреді. 

Әбіш Кекілбайұлының ойшылдығы мен білгірлігі,  ізденіс еңбегі, саяси және мәдени өркенділігі, талдау және сараптау кәсібилігі оның өмірге деген көзқарасын айшықтап, айтар ойынан биік арман желісі аңғарылып тұрады. 

Осының бәрін ескере отырып, оның еңбектерін  кеңінен қамтып,  тереңдете талдап, зерделік сырын аша түсуге әбден болады. Алайда Әбіш күрделі тұлға. Ал күрделіні қарапайымдылыққа жатқыза алмайсың. Сондықтан да автордың еңбектері көптеп зерттелді, әрі өзінің бағасын алып та жатыр. Бірақ, көсемсөзділігі нақты тұжырымдалмады. Сол себепті де, оның ойлау жүйесінің пәрменділігі, жазар сөзінің пәтуалығы, айтар ойының ауқымдылығы кеңінен қарастырылып, талданып сараланды. 

Әбіш стилінің теориялық қалыптасуы оның үнемі ізденіс, толғаныс үстіндегі тұлғалық пішінін аша түседі. 

Біріншіден, ұлттық рухани қордың ежелгі әдет-ғұрып,  дәстүрлі еңбектерімен сусындап бойына сіңірген. 

Екіншіден, ұлттық әдебиет өнеріндегі  қаламгерлердің бәрінің еңбегімен таныс, өмірлерімен етене жақын. 

Үшіншіден, әлем әдебиетінің озық үлгілерін оқып,  оны талдап, саралап, бүгінгі қоғамның саяси-экономикалық құбылыстарымен салғастыра таразылайды. 

Төртіншіден, ұлттық, шетелдік жаратылыстану ғылымдарының тарихи даму аспектілерін жете меңгерген. Экономика, тарих, әдебиет ілімінің теориялық қалыптасу негізін оқып, айтулы саясаттанушы, экономист теоретиктер: Я.Тинберген, Макс Вебер, ДЖ.Шляссинджер, Э.Гидденс, К.Ясперс, З.Бзежинский, Ежи Вятр, Сеппо Ремес еңбектерімен танысқан. Соның нәтижесінде Әбіш Кекілбайұлының стилдік ерекшелігінің көркемдік деңгейі артып, діттеген межесіне, көздеген мақсатына  сөз құдіретімен  жетеді. Ал оның елге, жұртқа айтар ойының өткірлігі де  осындай ілім, білімнің артықшылығында ғана емес, дер кезінде сол сәтінде тұжырымды айта білетіндігінде. Яғни сөйлемдегі нақтылық оның мазмұнын ашады, нысанаға дөп келеді. Айтар болсақ, «Енді қалыптаса бастаған егемен елде тәуелсіздік мүддесі  бірінші орынға қойылуға тиісті» немесе «Әйтпесе, ертеңгі ақыл кеш, ертеңгі әрекет еш боп шығуы мүмкін». 

Көсемсөзгерлік стиль көпшілік қауымға ұғынықты айтылатын болғандықтан қолданыс аясындағы сөздердің атқарар қызметі айрықша болмақ. Негізгі мәселеге екпін түсіре айтылатын болса, енді бірде бір сөздің бірнеше қайталануы назарды ерекше аударту болып табылады. Себебі қаламгер көпке, жамағатқа қарап айтады. Мысалы: «Білім беру саясаты – мемлекеттік саясат. Білім беруді қаржыландырудың алуан көздері болуы мүмкін. Бірақ, білім берудің халықаралық қалыптарын сақтауды, оның  концептуалдық, методологиялық жүйесін жасақтауды тек мемлекет қана жүзеге асырады», «Тіл көгермей, ел көгермес» деген сөйлемдер жиынтығы бір ғана ойдың, яғни «білім беру», «саясат» деген мағынаның төңірегіне құрылып, екпін де сол орталық сөздің мағынасына қызмет етіп тұр. 

Осы орайда, қазақ тілінің прогмастиликасын зерттеуші Д.Әлкебаеваның «Публицистикалық стиль қазақ тіл мәдениеті мен  лингвостилистиканың ең бір үлкен бөлшегіне қызмет етеді» деуі Әбіш көсемсөзінің осындай салалы ой қозғау стиліне қатысы бар екеніне даусыз дәлел. 

Сөздік қордың молығуына көптеген сөздер мен терминдік кіріспелерді Әбіш ұлт тіліне ұғынықты әрі қисынды етіп қолданады. Себебі, Әбіштің сөз жасамдылығы ой-тереңдігінен өрбіп, идеялық екпіннің  мәдени деректілігіне ұласады да, әртүрлі ғылыми сөздердің анықтауышы арқылы жүйеленеді. Алайда ұстанымынан ауытқымайды. Сөз жасап, сөйлем тудыру нәтижесінде түсінікті стиль қалыптастырады. Сол үшін де өзгелік  терминдерді лайықты ұғымға айналдырып, оның түсінікті мағынасын сөзжасам есебінен сөздік аудармасын құрауға да мол үлес қосып отыр. 

Мәселен: «Партикулярлық» деген сөзді қолдана отырып, «Делегацияның құрамындағы кіші суверендерге де осындай партикулярлық негіздегі жеке қабылдаулар жасалады» [11, 87 б.], - дейді. Тақырыбы тарихи тұлғаға арналған. Кейіпкердің образын саяси даралықпен, салмақты елшінің табиғатын ашу мақсатында оның қоғамдық мәні зор істердегі орнын тауып, «партикулярлық» сөзін қолдану барысында еларалық қатынастағы сипатын дәнекерлейді. Демек, бұл сөздің сөздікте мағынасы түсінікті болды. 

Сондай-ақ, «ретроградттық», «геронтократия», «планталық», «строфикалық», «этакратиялық», «эскалация», «амбразура», «көңіл көтеру индустриясы», «ведомстволық эгоизм», «экономикадағы «экологиялық жендеттік» синдромы», «саяси экономикалық эгоизм», «деспотия», «доминион», «саяси утилитаризм» сөздерін қолдану тәжірибесі Әбіштің стильдік құлашын мағыналық ауқымымен толықтырып,  баспасөз бетіндегі сөздік қордың құрамын көбейтеді. Заманның бағытына байыпталып, әлемдік қозғалыстың әлеуметтік өзгерісіне түскен, күнделікті саяси-экономикалық  қатынастардан туындаған талап-мүдденің  мүмкіндігіне орайластырылған сөздер қоғамдық таным сөздігіне айналуына Әбіш өз тарапынан зор үлес қосты. Осы орайда, «Ә.Кекілбаев шығармашылығындағы тіл мен дүниетаным сабақтастығы» атты ғылыми еңбегіндегі Жұмазия Абдрахманованың мынадай пікірін айтуымызға әбден болады: «Ә.Кекілбаев шығармаларының өн бойынан ұлт табиғатының тұтастай болмысын, ...барлық таным-түсінікті, оның тарихын,  әдет-ғұрпын,  салт-дәстүрін,  дархан даласы мен мекен еткен жерін, яғни ұлт мәдениеті мен рухтың өзіндік тілі арқылы танимыз» деп зерттеуші ғалым Әбіштің ерекшелігін сөйлем тізбесінен тануға болатынын нақты көрсетеді. 

Яғни Әбіш қазақ ұғымына лайықталған саяси-мәдени, әлеуметтікэкономикалық көпмәтінді сөйлемді жұмсақ жеткізе отырып, терминдерді қарапайымдылық қағидасына жатқызып, жалпыкөпшілікке түсінікті мағынада таратады. Мәселен: «...барлық уақытша билік иелеріне тән дәурендеп қалу психологиясымен ғана тынбай, сол дәурендеуді көзі жұмылғанша созуға жанталасады. Ол барып геронтократияға (саясаттағы ақсақалдар үстемдігіне) ұштасады деген күрделі сөйлемнің күрмеуін шешу үшін сөздікке жүгінудің қажеті жоқ, керісінше дайын сөздіктің үлгісін көреміз. Сөйлемнің де жаңа саяси-экономикалық сапасын арттырып, көркемдік теңеулермен, бірде салыстырмалы философиялық бейнелеумен, заман түсінігін, уақыт тілін дәл соғып отырады. Дүниетанымдық, саяси-әлеуметтік пайымның ғылыми үндестігін арттыратын пікір нақтылығына, деректілігіне сүйене отырып, поэтикалық көркемдігінің де әсерлі тартылатынын аңғарамыз.  Қолданылған теңеу, эпитет, метанимия, метафора сабақтасып, салаланып келеді де Әбіш Кекілбайұлының көсемсөз шеберлігі, шешендік тұлғасына оқырманын қанықтыра түседі. Мұны біз: 

Роман желісіндегі сөзгерлік сарынынан; Прозалық шабытынан; Көркемсөзгерлік қабілетінен; Тұлғалық суреттеулерінен; Саяси талдауларынан; Экономикалық салыстыруларынан; Социологиялық сараптауының ілгері шегіністерінен; Портреттік очерктерінен танимыз. 

Айталық: «Шойыннан құйғандай шомбал кімі» немесе «Оған сендей өркөкірек, баққұмар,  пасық бағынышты емес, қой аузынан шөп алмайтын, құдай мен ақ патша қатар келе жатса, алдымен, ақ патшаға бөркін алатын, айтқанын екі етпейтін салпы етек, салыңқы иін  момын билеуші керек-ау.  Көркем құралдармен толық қамтылған: «Үш арысқа  аралас жайылған айт дастарханының  басында отырғанда  үш ен тапқан бір ененің үш баласындай осы бір үш ауылдың мәжіліс екеш мәжілісі де тек бәрінің басы қосылып түгел отырғанда ғана бар қызық, бар көркімен құлпыра қызатындай көрінетін. Ал үшеуін үш жаққа бөліп жіберсең, әлгі қырық құлпырған жылты мен шырайы, көркі мен ажары аяқ астынан жүдеп-тозып шыға келетін секілденетін, кешегі алды дархан, арқасы жазық кеңпейілің – қой аузынан шөп алмас көнтері момынға, жігерсіз ынжыққа, кешегі қызылсөзден түйін түйген кемеңгер ділмарың – әншейін жағын сауып зар қақсаған арзымсыз бәдікке, кешегі ерке шора ерің – өз жағасын өзі жыртып, көрінгенге көз алартқан арсыз ұрыншаққа айналып шыға келер-ді»  деген аралас-құрмалас, салалас-сабақтас сөйлемнің шылауында ұлттық психологиялық жады мен терең философиялық талғамнан тараған мінез-құлық әрекетін ашатын көркем құралдар жиынтығы жатыр.