ЕҰУ ұстазы 87 шақырым қашықтықты 8 сағатта жүгіріп өтті
01.10.2022 1367

Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған Семей – Бөрілі бағытындағы 87 шақырымдық ультрамарафон өз мәресіне жетті,-деп хабарлайды e-history.kz Еуразия ұлттық университетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Іс-шараның мақсаты – қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің шығармашылығын насихаттау, сондай-ақ қоғам назарын салауатты өмір салты мен бұқаралық спортқа аудару.

Марафонның басты қатысушысы – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Рамазан Салықжанов ультрамарафонды Мұхтар Әуезов атындағы алаңнан бастады. Жүгіру бағыты Семей қаласынан атақты жазушы дүниеге келген жер Бөрілі ауылына дейін созылды.

Ол 87 шақырым қашықтықты 7 сағат 59 минутта еңсеріп, өзінің жеке рекордын орнатты. Бұған дейін спортшы Шымкент марафонында бір жарым сағат ішінде 21 шақырым жүгірген болатын.

53 жастағы ЖОО ұстазы спортпен белсенді түрде айналысып келеді. Бұған дейін ол біраз марафонға қатысып, студенттер мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап жүр.