Тарихшы Б. Сүлейменовтің 110 жылдығына арналған ғылыми-теориялық конференция өтті
Бөлісу:
26.12.20222337
2022 жылғы 20 желтоқсанда академик «Ақай Нүсіпбеков» оқулары аясында, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты белгілі тарихшы Бегежан Сүлейменовтің 110 жылдығына арналған «ХІХ-ХХ ғғ. басындағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері» тақырыбында ғылыми-теориялық конференциясын ұйымдастырды.
Сүлейменов Бегежан Сүлейменұлы (1912-1984) – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ КСР Ғылым Академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты.
Бегежан Сүлейменов Ақтөбе облысы Шалқар ауданында дүниеге келген. Карл Либкнехт атындағы Мәскеу мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген. 1938-1942 жылдары-Қазақ педагогикалық институтының КСРО тарихы кафедрасының аға оқытушысы (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті); 1942-1943 жылдары - Қазақ мемлекеттік педагогикалық шет тілдер институтының ректоры (қазіргі Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті); 1943-1946 жж - КСРО Ғылым академиясының қазақ бөлімінің Тіл, әдебиет және тарих институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары; 1946-1952 жылдары Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтында аға ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1952 жылы тарихшы өзінің прогрессивті көзқарастары үшін қуғын - сүргінге ұшырап, 25 жылға сотталды. Алайда, ғалым 1954 жылы ақталып шықты. Оңалтудан кейін, Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтының ғылыми қызметкері ретінде еңбек жолын жалғастырды. 1957-1984 жылдары осы институттың революцияға дейінгі Қазақстан тарихы бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.
Б.Сүлейменов Қазақстанның отаршылдық кезеңінің тарихын зерттеді. Ол отаршыл Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің ерекшеліктеріне арналған көптеген ғылыми еңбектердің авторы болды. Бекежан Сүлейменов Ыбырай Алтынсариннің шығармашылық мұрасын зерттеп, оның жетекшілігімен Ыбырай Алтынсариннің 3 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. 5 томдық «Қазақ КСР тарихы: көне заманнан бүгінге дейін» атты еңбекті жазуға қатысты.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, т.ғ.д., профессор З.Е. Қабылдинов «Белгілі тарихшы-ғалым Б. Сүлейменовтің өмірі мен қызметі туралы» тақырыбында құттықтау сөз сөйледі, сондай-ақ конференция ұйымдастырушыларына, А. Нүсіпбековтың туыстары мен жақындарына, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., проф. Б.Е. Көмеков, ҚР ҰҒА корр-мүшесі, т.ғ.д., проф. Х.М. Әбжанов, А. Нүсіпбеков атындағы мектеп-гимназиясының директоры У.М. Тоқтарбаев құттықтау сөздерін жеткізді.
Баяндамашылар – т.ғ.д., проф. К.Ш. Хафизова, т.ғ.д., проф. Қ.С. Алдажұманов, т.ғ.д., проф. М.Ж. Әбдіров, т.ғ.д., проф. Т.А. Төлебаев, т.ғ.д., проф. Ж.Б. Құндақбаева, т.ғ.д., проф. А.Т. Қапаева, т.ғ.д., проф. О.Х. Мухатова, т.ғ.к., проф. С.Қ. Өтениязов, т.ғ.к., доц. Н.Т. Жанақова және т.б., А.Нүсіпбеков және Б.Сүлейменовтың кәсіби қызметі, Қазақстан тарих ғылымына қосқан үлестері туралы жан-жақты баяндады.
Конференция жұмысына 50-ден астам отандық ғалымдар, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қызметкерлері қатысты. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институтының жас курсанттары да көрнекті қайраткерлерді құрметтеуге келді.
Аталған іс – шара аясында Институттың жас ғалымдары-А.Д. Куникеев, Т.А. Рысқұлов, А.С. Марғұлан, А.С. Тылахметова Ақай Нүсіпбекұлының отбасылық қорынан Ақай Нүсіпбеков атындағы атаулы стипендиялармен марапатталды.
Іс – шара Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 2022 жылғы ғылыми жетістіктерінің бірі-жаңа монографиялар мен құжаттар жинағының тұсаукесерімен аяқталды. Аталған еңбектер қатары төмендегідей:
- Отандық және шетелдік тарихнамадағы ХVІІІ – ХІХ ғасырдың І жартысындағы Кіші жүз көсемдерінің саяси портреттері. Ұжымдық монография. Авторлары: Ахмет А.Қ., Ізбасарова Г.Б., Ужкенов Е.М., Джумағалиева К.В., Сатенова М.Р., Шотанова Г.А. (бас редактор).
- "Қазақстандағы мұсылман және православиелік миссионерлер: қызметі мен нәтижелері (XIX – XX ғасырдың басы)". Ұжымдық монография. Авторлары: Садвокасова З. Т., Мұхатова О. Х., Рүстемов С. К., Марғұлан А. С., Бурханов Б. Б.
- Қазақстандағы білім беру тарихы мұрағат деректерінде (ХХ ғасырдың 20-30 жж.). Құрастырушылар: Қайыпбаева А.Т., Мұхатова О.Х., Борбасов, Әбікей Ә.М., Тулентаев Қ.А., Байжұманова З.Е.