Қазақ халқының ай санау дәстүрінде әр айдың өзіне тән сипаты бар. Көшпелі халықтар еделден бері ай мен күннің қас қабағын баға отырып, уақытты өлшеп, климаттық өзгерістерге сай тіршілік қамын сәйкестендіріп отырған. Жалпы әлем халқының қайсысында болмасын, жыл санау тәртібі он екі аймен өлшенеді. Мұндағы өзгешелік – түрлі факторлар мен таным-түсініктерге байланысты жыл басы болатын бірінші ай әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы, еуропалық жыл санау жүйесі бойынша қаңтар (январь) айы жылдың басқы айы саналса, мұсылман жылнамасында мұхаррам айы бірінші болып есептеледі және ай есебіне байланысты, келетін есебі жыл сайын өзгеріп отырады.
Ақпан айында өтетін амалдардың бірі – «Ақпан-Тоқпан». Ақпан-Тоқпан амалы туралы «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты энциклопедияда былай деп анықтама берілген екен: «Ақпан-тоқпан амалы үштен – жеті күндік қатты суық амалдың екінші атауы, екі ағайынды.»
Ақпан – қыстың үш айының ең соңғысы болып саналады. «Ақпан» деген атаудың қайдан шыққаны туралы көптеген аңыздар айтылады. «Ақпан» – қазақ ұғымында «ақ ықпа», яғни ақ ықпа боран деген сөзінен шыққан деген болжам айтылады. Дегенмен мұны біз нақты тұжырым деп айта алмаймыз. Көне түркі тіліндегі, сондай-ақ туыстас түркі халықтары тілдеріндегі, және де біздің лексиконымыздағы дүйсенбі, сейсенбі т.б. қатарлы апта күндері атауларын берген парсы тілін, сан ғасырлар жүзінде аса зор ықпалын тигізген араб тіліндегі оралымдарды мұқият қарау арқылы «ақпан» сөзінің нақты қандай мағына беретінін тиянақтауға болады деп білеміз.
Жоғарыда аталған, ақпан айында келетін «Ақпан-Тоқпан» амалын қазақ «Ақпан-Тоқпан – алты күн, аязымен жеті күн» деп атаған. Расымен де қыс шілдесінің соңын ала келетін бұл амалда көбінесе қар жауып, жел тұрып, ақ дүлей қарлы бұрқасын болып, шаруа баққан малшы мен алдындағы малы үшін біршама қиындық тудырады. Кейбір жылдары «Ақпан-Тоқпан» амалы бұлтсыз шайдай ашық аспан астында тұнған сақылдаған сары аяз түрінде өтеді. Бұл да тіршілік иесіне оңай тимейді. Жалпы алғанда ақпан айы – алты ай қыстың қаһары нағыз кәріне мінетін кезең. Желтоқсанның жиырма үшінен бастап ұзарған күннің өлшемін қазақ «Қаңтарда күн қарға адым, ақпанда ат адым» деп шамалайды. Әрине, қарға адым мен ат адымның айырмасы біршама үлкен. Алайда ақпаны айында күн біршама ұзара түскенімен, Жер-Ананы күннің шуағы әлі де болса жадыратып қыздыра қоймайды. Ежелгі түркілер ақпан айын «кічік ай» деп атаған екен. Бұл – қыстық ең соңғы айы деген мағынаны білдірсе керек.
Ақпан – жылдың ең қысқа айы. Кібісе жылының төрт жылда бір рет кіретін жиырма сегіз тәуліктік күні ақпан айында сәйкеседі.
Ақпанның аяқталуы – көктем қыр астына келгені. Қазақ елінің Арқа, Алтай, Ақжайық бағытында алты ай қыстың мұрты бұзылмаған жағдайда болса, Алатаудың етегі мен Сыр бойында көктемнің алғашқы лебі білініп, қар астынан қарғалдақ гүлі жарып шығып, етектегі қар таудың бел ортасына қарай түріле түсіп, сай-саладан су аға бастайды. Ежелгі римдіктер бұл айды фебруариус деп атаған. Қазіргі григориан жылнамасындағы февраль атауына осы негіз болған. Ежелгі римдіктер мифологиясы бойынша жерасты патшалығы құдайы Фебрустің құрметіне қойылған.
Қазақстандағы ақпан айындағы күн райының орташа өлшемі 12-14 градусқа тең екен.
Ақпан – ақ боранның анық күшіне еніп ойқастайтын айы. Ақпан айының соңы – көктем мен қыстың өзара арбасқан күресіне толы. Бірде ақ боранды шыңылтыр аяз, бірде жадыраған жайма-шуақ аралас ақпанның құбылмалы күн райын бағамдау да мүмкін емес-ау.
Ақпанның ақпан аталуы тіпті де бекер емес. Көктем жақындап қалды дегенімізбен, ақпан айында жердің топырағы қаңтарға қарағанда тағы да тереңірек қата түседі. Бұл – ақпан айында жер бетіне түсетін күн сәулесінің тоқсан пайыз бөлігі кері шағылысатындығына байланысты. Ақпанның қалың қары жер бетінің тоңазуын қаңтардағыдан да арттыра түскенімен, бұл шын мәнінде топырақ қабатындағы өсімдіктер мен жануар-жәндіктердің көктемге үсіп қалмай аман сақталып жетуі үшін аса маңызды.
Ақпан айында болып өткен айтулы оқиғалар көп. Себебі, ақпан айы – дүниежүзі және Қазақстан тарихындағы айтулы оқиғаларға, өзгерісті жылдарға толы. Солардың ішінен ең маңызды дегенінен төменде мәліметтер келтірелік:
1865 жылы 1 ақпанда АҚШ-та құлдық жойылды. Осылайша бірнеше ғасыр бойы Африкадан қара нәсілділерді кемеге тиеп алып келіп плантацияларда аяусыз еңбекке салатын қатал қатігездікке тыйым салынды.
1934 жылы 1 ақпанда Қазақстаннның халық жазушысы, драматург, әнші, домбырашы, Сәкен Жүнісов дүниеге келді.
1892 жылы 2 ақпанда америкалық өнертапқыш Уильям Пейнтер әлемде алғаш рет шөлмектің металл қақпағын ойлап тапты.
1913 жылы 2 ақпанда Орынборда тұңғыш қазақ тіліндегі «Қазақ» газетінің алғашқы саны араб қарпімен жарық көрді.
1940 жылы 2 ақпанда қазақтың көрнекті жазушысы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин өмірге келді.
1809 жылы 3 ақпанда әйгілі неміс композиторы, музыкадағы романтизм жанрын қалыптастырушы өкілдерінің бірі Феликс Мендельсон дүниеге келді.
1992 жылы 3 ақпанда Қазақстанның астанасы Алматы қаласында АҚШ елшілігі ашылды.
2004 жылы 4 ақпанда Facebook әлеуметтік желісі алғаш іске қосылды.
1909 жылы 4 ақпанда көрнекті ақын, драматург, әдебиеттанушы ғалым, профессор, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбділда Тәжібаев дүниеге келді.
1952 жылы 5 ақпанда дүние жүзінде алғаш рет АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында үш түсті бағдаршам қолданысқа енгізілді.
1969 жылы 5 ақпанда көрнекті жазушы, мәдениеттанушы, журналист Дидар Амантай дүниеге келді.
2001 жылы 6 ақпанда алғаш рет Дүниежүзілік ұялы телефонсыз күн атап өтілді. Идеяның авторы – француз жазушысы Фил Марсо. Ұялы телефонды шектен тыс қолдану адам денсаулығына зиянды деген ойды еске салу үшін аталған күн ұсынылған.
1934 жылы 6 ақпанда Орталық Қазақстандағы көмір алабының орталығындағы шахтерлер кентінің негізінде Қарағанды қаласының іргесі ресми қаланды.
1889 жылы 7 ақпанда америкалық өнертапқыш Герман Голлерит әлемдегі тұңғыш электрлі есептеуіш машинаны патенттеді.
1949 жылы 7 ақпанда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актриса Гүлжамал Қазақбаева дүниеге келді.
1834 жылы 8 ақпанда әйгілі орыс химигі, химиялық элементтердің периодтық жүйесінің авторы Дмитрий Менделеев дүниеге келді.
1926 жылы 8 ақпанда жазушы, сыншы, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Разия Рүстембекова дүниеге келді.
1900 жылы 9 ақпанда америкалық теннисші Дуайт Дэвис үлкен теннистегі ең беделді сыйлық «Дэвис Кубогын» шығарды.
1925 жылы 9 ақпанда Қазақстанның астанасы Орынбордан Қызылорда қаласына көшірілді.
1940 жылы 10 ақпанда әйгілі «Том мен Джерри» мультфильмінің алғашқы сериясы көрермендерге ұсынылды.
1946 жылы 10 ақпанда танымал композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев дүниеге келді.
1929 жылы 11 ақпанда Ватикан мемлекеті құрылды.
2016 жылдың 11 ақпанынан бастап БҰҰ шешімімен ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні аталып өтіліп келеді.
1945 жылы 11 ақпанда ҚР Еңбек сіңірген әртісі, танымал диктор Сауық Жақанова дүниеге келді.
1818 жылы 12 ақпанда Чили республикасы өз тәуелсіздігін жариялады.
1951 жылы белгілі ақын, журналист, қазақ айтысының заманауи үлгісін негіздеуші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерманов дүниеге келді.
1769 жылы 13 ақпанда әйгілі ресейлік публицист, мысалшы ақын Иван Крылов дүниеге келді.
1936 жылы 13 ақпанда бұрынғы Көкшетау облысы Зеренді ауданында жазушы, очеркші, КСРО Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Жанайдар Мусин дүниеге келді.
2012 жылы 14 ақпанда Эмми Бродмур атты әйел Дүеиежүзілік кітап сыйлау күнін негіздеді.
1957 жылы 14 ақпанда белгілі жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлы дүниеге келді.
1564 жылы 15 ақпанда көрнекті итальян физигі, механик, астроном, философ әрі математигі Галилео Галилей дүниеге келді. Ол әлемде алғаш рет аспан денелерін бақылау үшін телескопты пайдаланып, осының нәтижесінде бірқатар маңызды астрономиялық жаңалықтар ашты.
2014 жылы 15 ақпанда қазақстандық әйгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен Сочи Олимпиадасында күміс жүлдегер атанды.
1942 жылы 16 ақпанда Солтүстік Кореяның мемлекет, партия және әскери қайраткері, бас көсемі Ким Чен Ир дүниеге келді.
1933 жылы 16 ақпанда көрнекті философ ғалым, философиядағы диалектика және диалектикалық логика теориясы бойынша отандық философтар мектебінің негізін қалаушы, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Жабайхан Әбділдин өмірге келді.
1947 жылы 17 ақпанда Халықаралық заңгерлер қауымдастығының негізі қаланды.
1993 жылы 17 ақпанда Алматыда БҰҰ-ның дипломатиялық өкілдігі ресми қызметін бастады.
1930 жылы 18 ақпанда Күн жүйесінің тоғызыншы планетасы – Плутон ашылды.
1946 жылы 18 ақпанда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, педагогика ғылымдарының докторы Анатөлі Құлназаров дүниеге келді.
1473 жылы 19 ақпанда әйгілі поляк астрономы, математик, механик, экономист, Қайта өркендеу дәуірінің ұлы қайраткері, Николай Коперник дүниеге келді. Ол тұңғыш ғылыми төңкеріске бастау болған әлемнің гелиоцентрлік жүйесінің авторы ретінде танылды. «Жер Күнді айналып жүреді», - деген болжамына дін өкілдері сенімсіздік танытты.
1921 жылы 19 ақпанда көрнекті қоғам қайраткері, заң ғылымының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Салық Зиманов дүниеге келді.
1962 жылы 20 ақпанда орбиталық ұшуға жіберілген алғашқы америкалық тұңғыш астронавт Джон Гленн Жерді үш мәрте айналып шықты.
1899 жылы 20 ақпанда қазақтың танымал мемлекет және қоғам қайраткері, шешен, әрі публицист, ұлт жанашыры, аграрлық шаруашылық мәселесінің білгірі Ораз Жандосов дүниеге келді.
2000 жылдың 21 ақпанынан бастап әлемде Халықаралық ана тілі күні аталып өте бастады.
1918 жылы 21 ақпанда Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, белгілі қолөнер шебері Ғани Иляев дүниеге келді. шебердің 500-ден астам туындысы республиканың көркемөнер галереялары мен қорларына қойылған.
1946 жылы 22 ақпанда медицина саласындағы Нобель сыйлығының иегері, америкалық ғалым Зельман Ваксман «стрептомицин» атты антибиотик ойлап тапты. Бұл антибиотик қазіргі күнге дейін кең қолданыс тауып келе жатыр.
1874 жылы 23 ақпанда ағылшын майоры Уолтер Вингфилд таза ауада, ашық аспан астында ойнайтын жаңа ойынды патенттеді. Бұл – үлкен теннис ретінде белгілі.
1956 жылы 23 ақпанда әйгілі скрипкашы, «Камерата» классикалық музыка ансамблінің негізін қалаушы, директоры, көркемдік жетекші және солисі Гауһар Мырзабекова дүниеге келді.
1466 жылы 24 ақпанда дүние жүзінде алғаш рет лотерея ойыны өткізілді. Оны алғаш негіздеген – нидерланды суретшісі Ян Впн Эйктің жесірі. Ол күйеуінің өмірден өтуіне 25 жыл толуына байланысты Бельгияның Брюгге қаласында ұтыс өткізген екен.
1948 жылы 24 ақпанда белгілі күйші, домбырашы, сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтаев дүниеге келді.
25 ақпан күні әлемде Спирт күні атап өтіледі. Масайтатын сусындар құрамында болатын бұл сұйықтық адамзат баласына ежелден белгілі. Еуропалықтар спиртті XI-XII ғасырда молынан өндіре бастаған. «Спирт» сөзі латынның «spiritus vini» яғни «шараптың рухы» сөзінен алынған.
1916 жылы 25 ақпанда әнші, ҚР халық әртісі Кәукен Кенжетаев дүниеге келді.
1993 жылы 26 ақпанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттің шекарасы туралы» ҚР Заңы күшіне енді.
1980 жылы 26 ақпанда танымал қазақстандық зілтемірші, ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, әлемдік рекорд орнатушы Татьяна Хромова дүниеге келді.
1917 жылы 27 ақпанда Ресей империясында жасалған төңкеріс нәтижесінде Романовтар әулетінің соңғы патшасы ІІ Николай тақтан тайдырылды. Буржуазиялық-демократиялық республика билігі Уақытша үкімет елде біршама ауқымдағы демократиялық шешімдер шығарды. Саяси бостандық, сөз бостандығы, баспасөз бостандығы т.б. ілгерілеушіліктерге қол жеткізгенімен, елдегі Уақытша үкімет пен Кеңестер билігі қатар орын алды. Заманауи Қазақ мемлекеттілігі тарихында үлкен рөлге ие болған «Алаш» қозғалысы дәл осы кезеңде тарих сахнасында толықтай іс-әрекет жасады.
1947 жылы 27 ақпанда денсаулық сақтау саласындағы белгілі ғалым, медицина ғылымдарының докторы, академик Абай Байгенжин өмірге келді.
1854 жылы 28 ақпанда АҚШ-тағы екі ірі партияның бірі Республикалық партиясының негізі қаланды.
1846 жылы 28 ақпанда қазақтың көрнекті ақыны, жырау, жыршы Жамбыл Жабаев дүниеге келді.