Байтайлақ батыр Қожабергенұлы – тарихи тұлға
17.02.2023 1344

«Абылай дәуірі – қазақ халқының ерлігі мен серілігінің ғасыры», - дейді, әйгілі ғалым Шоқан Уәлиханов. Абылай дәуірі – ХҮІІІ ғасырдың отызыншы-жетпісінші жылдары. Осы кезеңде ел мен жерге қорған болған әйгілі батырлардың есімі ұлт тарихының ерлік үлгісі болып жазылды. Осындай батырлардың бірі – Қожаберген Жәнібекұлы. Біз мақаламызда Қожаберген сардардың үлкен ұлы Байтайлақ  батырдың тарихи тұлғасы жайында қарастыратын боламыз.


Қожаберген Жәнібекұлы – қазақ пен жоңғардың бір жарым ғасырға жуық бірде тату, бірде қырғи-қабақ қату, кейде қанды қырғын шапқыншылыққа ұласқан тікелей көршілік қарым-қатынасының соңғы кезеңінде белсенді іс-әрекетімен тарихта есімі қалған тұлға, сол дәуірдің нақты куәгері. «Нақты куәгері» деп ерекшелеп отыруымыздың мәні – Қожаберген батырдың жоңғар-қазақ қарым-қатынастындағы іс-қызметтері, қолбасы, ел иесі ретіндегі іс-әрекеттері, ерлігі бұрын-соңды өмір сүрген өзге батырлар сияқты ел аузындағы аңыз-әңгімелер, жыр-дастандар түрінде сақталып жетумен қатар, ең бастысы әрі құндылығы – Ресей және Цинь империяларының мұрағат құжаттарында сақталуында. Яғни Қожаберген Жәнібекұлының өмір жолы тарихи, әдеби-көркем туындыларда аты аталған, ерлік жолы дәріптеліп сомдалған көптеген тұстастарына қарағанда нақты фактілерге негізделген. Оған дәлел – Қожаберген батырға қатысты біршама мол мұрағат құжаттары. Олардың бірсыпырасы Бақыт Еженханұлы қатарлы ғалымдардың ізденіс жасауы арқылы ғылыми айналымға енді, алдағы кезеңде де орыс, мәнжу, монғол т.б. дереккөздерден молынан табыла берері сөзсіз. 

Қожаберген Жәнібекұлы ұрпақтары – қазіргі күні молынан өсіп-өніп, рулы елге айналып отыр. Қожаберген батырдың үш әйелінен тараған ұлдарының үлкені – Байтайлақ. Байтайлақ та өз өмірін ел қорғау жолына арнаған батыр. Ол туралы деректерге төменде тоқталатын боламыз. Байтайлақ Қожабергенұлының бастан өткерген ерлік оқиғалары, қатысқан шайқастары туралы нақты деректер біздің қолымызға әзірге түскен жоқ. Айта кетерлігі: Қожаберген батырға, ХҮІІІ ғасырдың елуінші жылдарындағы жоңғар-қазақ, шүршіт-қазақ, орыс-қазақ қарым-қатынастарына қатысты деректерде Байтайлақ Қожабергенұлының есімі сирек болса да аталатынын көреміз.

Байтайлақ Қожабергенұлының есімі тарихи құжаттарда күні-бүгінге дейін аз да болса ұшырасады. Бақыт Еженханұлының мәнжі, монғол тілінен қазақ тіліне, И.Ерофеваның, В.Моисеевтің, К.Хафизованың т.б. көне қазақ тілінен орыс тіліне аударған бірнеше мұрағат құжаттарында Байтайлақ Қожабергенұлына қатысты деректер барлығын атап өткен жөн.

Қожаберген батыр – қонтайшысы Әмірсананың өз елінде бұлғақ басталып, Жоңғариядағы ахуал шиеленісіп, Цинь тарапынан басқыншылық соғыс басталғанда қазақ арасынан пана іздеп келген кезде паналатқан қазақ билеушісі. Және бұл – саяси тұрғыда үлкен тәуекелді, батылдықты қажет ететін қадам еді. Бұл – Жоңғария билігіндегі таққа таласушы топтар мен осы мемлекетті тарих сахнасынан тайдырып құртып жіберуге шындап кіріскен Цинь империясының түрлі айла-шарғы, әскери қысымын тікелей сезініп қабылдау, осыған сәйкес нақты әрекет жасау болатын. 

Жоғарыдағы жағдайларға байланысты Әмірсананың өзіне жақтас адамдарын, жасағын ертіп қашып келіп паналауына, қарсы шабуылы мен дипломатиялық әрекеттеріне қатысты құжаттарда Абылай хан, Әбілпейіз сұлтандар мен шұбарайғыр Қожаберген, көкжарлы Барақ батырлардың есімі жиі ұшырасады. Қожаберген батырдың, жоңғарлармен шүршітпен немесе орыстармен түрлі мәмілелік қарым-қатынасында баласы Байтайлақтың да іс-қызметі көрініс тапқан. Бұған жоғарыда аталған ғалым, зерттеушілердің жинақтарынан нақты мұрағаттық мысалдар келтірелік Тарихшы Бақыт Еженханұлының «Қожаберген батыр» жинағында былай деп көрсетілген: «Келесі күні, яғни жетісі күні, айдаһар уақытында (таңғы жеті мен тоғыз аралығында) Далишан Қожабергеннің Байтайлақ есімді ұлы және Қара Барақтың інісі Мәми сынды он адамды Нарит асуы арқылы осында бастап әкеліпті» [1, 161 б]. Осы құжаттың біршама толық баянын «Цинская империя и казахские ханства. Вторая половина XVIII – первая треть XIX в.» атты мұрағаттық жинақтағы  орыс тіліне аударған нұсқасын тәржімалап ұсынуды жөн көрдік. 1757 жылы қыркүйек айындағы «Чжао Хойдың қазақ старшинасы Қожабергенмен келіссөз туралы Әскери кеңеске баянаты атты» осы құжатқа Цяньлун билігінің 32- жылы бининнің 8-айындағы оқиға негіз болған. 

Чжао Хой былай деп бәрін тәптіштеп баяндайды: «7-айдың 6-сы күні Эбукетедегі батыс қарауыл Аягөз, Жар (Үржар) жақтан 200-ден астам салт аттының жүріп өткенін анықтаған. Тұяқ іздері өте ірі екендігіне қарағанда қазақ жылқыларына ұқсайды.

Қызметшіңіз шивэй Да Лишан бастаған отрядты сол бағытта із кесуге жұмсады. Жетісі күні ол лагерьге Қожабергеннің ұлы Байтайлақ пен Барақтың інісі Мәми және басқаларды ертіп әкелді. Олар былай деді: «Абылайдың ұлы императорға бағынғандығы туралы хабар барлық өңірлерге тарады. Біздің әкеміз бен үлкен ағамыз Әмірсананы іздеуден қолдары босамай жатыр. Сондықтан алдымен мені сіздермен кездесіп келуге жіберді. Және де Баяр Нямға қарасты бір адамды тұтқындап алдық, оны сіздерге тапсырамыз және осы қадам үшін лайықты сыяпат күтеміз.

Қызметшіңіз айтты: «Няма біздің армиямыз талқандап бағындырған қарақшылардың адамы болып табылады. Ол соншалықты бір маңызды тұлға емес, оны Әмірсанамен салыстыруға да келмейді. Ал егер Әмірсананы ұстап әкеліп берсеңдер, сендерден сый-сыяпатты аямаймыз»[2, 135-б].

Міне осылайша шүршіт әскербасы Байтайлақ бастаған топты мол олжамен қызықтырмақ болады. Байтайлақ пен Мәми мұндағы мәселені шешуші адамдар емес болатын. Мұны шешетін адам – сардар қолбасшылар Қожаберген, Барақ  батырлар, Әбілпейіз сұлтан, Абылай хандар еді. Қожаберген батыр шүршіт сардарымен кездесуде сақтық шарасын қолданып, өзі бірден бармай, шүршіт әскеріне ұлы мен інісі басқарған өкілдерін әдейі алдымен жіберіп аңысын аңдағаны анық. Қожаберген батырдың баласы Байтайлақпен бұл кездесуде шүршіт әскербасы оған былай дейді: «Қожаберген мен Қара Барақ – сендерде Абылайдан кейін іс атқаратын мәртебелі адам болып саналады екен. Оның үстіне олар алыстан келіп бізбен кездеспекші екен. Ендеше, біз екі адамымызды жіберіп, сол Қожаберген мен Қара Бараққа сәлем бергізейік»[1, 163 б]. Әрі қарайғы істің барысы дәл осы айтылғандай өтеді. Мұны Чжао Хой баянатын әрі қарай оқығанда көз жеткіземіз: «Осыдан кейін адамдарымызды Қожаберген бимен жолығуға жұмсадым. Қожаберген алпыстан астам адамын ертіп лагерьге келді. Ол тізесін бүгіп кемеңгер патшамыздың амандық-саулығын сұрады және осы кезде ол ұзақ ғұмыр тіледі. Сіздің қызметшілеріңізбен бірге бата рәсімін жасады.

Қожаберген былай деді: «Тек ойраттың қашқын отбасыларын қолға түсірумен ғана айналысып кеткендігім соншама, ұлы армияның біздің жерімізге келіп қалғанын да естімеген екенмін. Абылайдың ұлы императорға бағынғанын, енді Әмірсананы қолға түсіру үшін оны іздеп жатқандығын кездейсоқ естідім. Біз де сіздерге қызмет кеткіміз келеді».

Қызметшіңіз айтты: «Сіздер дәл қажетті уақытта келдіңіздер. Сіздердің есімдеріңіз бен лауазымдарыңыз, сондай-ақ сіздерді бізге бағынышты болуға алып келген себептер туралы ұыл әміршіге хабарланатын болады. Қазіргі күні Абылай бізге өздері қолға түсірген Дашцэрэн мен Цэвээнді бізге тапсырып үлгерді. Тек Әмірсана ғана қолға түскен жоқ. Қарақшы Әмірсананың біздің алдымыздағы жағдайы өте ауыр. Бізде қарақшыны ұстап тұтқындау туралы императордың жарлығы бар. Оны қолға түсірмей, біз әскерді ешбір шегіндірмейміз. Біздің әскеріміз барлық бағыттар бойынша шабуылдауды дәл осы Абылайдың бізге бағынуы себепті уақытша тоқтатып отыр. Егер сендер Әмірсананы ұстап, біздің қолымызға тапсыратын болсаңдар, ұлы император сіздерді ғаламат жомарттық танытып рақмет айтады »[2, 136 бет]

Бұл құжаттан Байтайлақ пен әкесі Қожаберген батырдың қазақ даласында жүрген Әмірсана қонтайшыны шүршітке ұстап беруге мүдделілік танытқандай түр көреткенін аңғарамыз. Іс жүзінде қиын-қыстау заманда басына іс түсіп қазақ арасына келген Әмірсананы ұстап бермегені, шүршіттердің сый-сыяпатынан ар-намысын биік қойғанын көреміз.

Қазақ тарихында аттас батырларға қатысты оқиғалардың өзара алмасып жүретіні өте жиі ұшырасатын жағдай. Мысал үшін, тарихтағы Бөгенбайлар, Жәнібектер, Барақ батырлардың ғұмырнамасы турасында қаламгерлер мен зерттеушілер арасында талас-тартыстар болып жататыны бар. «Аттас батырлар» мәселесі Байтайлақ батырды да айналып өтпегенін көреміз. Қазақ тарихындағы белгілі батырлардың бірі – Байтайлақ Бәйімбетұлы. Орта жүз абақ керейдің шеруші руы, ұзынмылтық бөлімінен. Екіншісі – Байтайлақ Қожабергенұлы. Орта жүз абақ керейдің шұбарайғыр руынан. Шыққан үлкен руы, өмір сүрген дәуірі, атқарған жауынгерлік іс-қызметі тұрғысында екі Байтайлақтың арасында үлкен ұқсастық, сәйкестік барын көреміз. Екі батырдың өмір сүрген уақыты мен жүріп өткен жорықты жолдары бірдей деуге болады. Сондықтан жоғарыда атап өткен батырлар тәрізді, қазіргі күні екі Байтайлаққа қатысты жаңылыс мәліметтер, таласты жағдайлар кездесіп жатады. Осындай екұшты жағдайдың бірі – қазіргі Абай облысы Жарма ауданы Қалбатау ауылдық округі жеріндегі Байтайлақ батыр зиратына қатысты. 

Осы ретте анықтай кетерлік жағдай шеруші Байтайлақ Бәйімбетұлы – жас мөлшері шұбарайғыр Қожаберген батыр шамалас, яғни кіші Байтайлақтан кемі 25-30 жас үлкен адам. Он екі абақ керейдің бірі шеруші руына ұран болған, ерлігімен ел есінде қалған Байтайлақ батыр Бейімбетұлына арнап ұрпақтары, ел-жұрты 2015-жылы Қалбатауда кесене тұрғызған болатын. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы орталғы Талшық кенті маңындағы адырды жергілікті ел ежелден «Батыр төбе» немесе «Байтайлақ төбесі» деп атап келгендігін ескере отырып, бұл жерге де бір топ азаматтың елге сауын айтып, қаржы-қаражат салуымен 2020 жылы Байтайлақ батыр кесенесі бой көтерген болатын. 

Шартты түрде шеруші Байтайлақты «үлкен», шұбарайғыр Байтайлақты «кіші» Байтайлақ деп атайтын болсақ, қазіргі күні жұртшылық арасында: «Қалбатау өңіріндегі Байтайлақ адырында қай Байтайлақ жатыр?» - деген сұрақ қойылуда. Бұл жерде де нақты кесімді жауап таба қою қиын. Себебі, үлкен Байтайлақтың өмір сүрген уақытын ел аузынан жеткен, ұрпақтар жадында сақталған оқиғаларға, бірен-саран мұрағат құжаттар негізінде 1703-1781 жылдар деп белгілеушілер бар. Егер осы ақпарат дұрыс дейтін болсақ, абақ керейлер, оның ішінде шерушілер де 1781-жылдары Шыңжанның Буыршын өңіріне дейін өтіп мекендеп үлгергенін ескере отырып, үлкен Байтайлақтың да Қалба өңірінде жерленгенін жоққа шығаруға болмайды.

Және күллі он екі абақ керейге ұран болған Ер Жәнібек Бердәулетұлының зиратының нақты қайда екенін сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдар басында жергілікті көнекөздердің көрсетуімен анықтап ойға түйіп, кейіннен іздеп сұрау салушыларға көрсетіп, басын көтеруде ақпараттық негіздеуші болған этнограф-тарихшы, шежіреші Мұхаметқазы Мұхамадиұлына 2014 жылы Астана қаласында жолығып сұхбаттасқанымызда: «Бір азаматтар сол арада кесене тұрғызу үшін өтініш білдірген екен. Жергілікті жауапты билік өкілдері маған хабарласып: «Осы өңірдегі ел мен жер тарихынан хабарыңыз бар адамсыз ғой. Осы мәселеге қалай қарайсыз?» - деп менен сұрағанда: «Шеруші Байтайлақ батыр бұл жерде жатыр», - деп естіп-білген емеспін», - деп жауап бердім», - деген еді. 

Сондай-ақ республикалық «Ана тілі» газетінің 2017 жылғы 18 мамырдағы санында жарық көрген журналист, белгілі ақын Аманғазы Кәріпжанәулетінің «Жәнібек кесенесін тапқан жампоз» атты мақаласында Мұхаметқазы ақсақалдың батыр кесенесін негіздеудегі орны туралы былай деп жазады: «Кесененің Ер Жәнібекке тиесілі екендігі дәлелденгесін М.Мұқамадиұлы тарихи орынды қызғыштай қорғауға өмірін арнады. Енді бір адамдар: «Бұл зиратқа шұбарайғыр рулы Байтайлақ батыр және Жәнібек батыр жерленген», - деп жазыпты. Осыған орай: «Қазақ ғұрпында екі адамды бір көрге жерлемейді», - деп жауап берген ағамызды бұл күмәнді жағдай тағы да әуреге салып, әркімге жүгініп, дәлел іздеуге мәжбүрлейді. Зират тарихын бізде тек деректер ғана дәлелдей алады» [3]. Осындағы: «Бұл зиратқа шұбарайғыр рулы Байтайлақ батыр және Жәнібек батыр жерленген», - деп жазған адамдар өз тұсында қандай деректерге сүйенгендігін де айқындап білу қажет деп білеміз. Қалай болғанда да шығыс өңірде Байтайлақ Қожабергенұлының жерленгені анық.

Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданы Талшық кентінің шығыс жағындағы адырды да жергілікті халық үш ғасыр бойына: «Мұнда керей Байтайлақ батыр жерленген жер», - деп қадір тұтып, қастерлеп келгенін, үлкен Байтайлақтың 1737-жылдары, яғни Абылай, Әбілпейіз сұлтандар заманында осы өңірде болғандығы мұрағат құжаттарында тұрғандығын ескермеуге тағы болмайды.

Бұл арада нақты сеніммен айтар жағдай – кіші Байтайлақтың қазіргі Абай облысы аумағында өмірден өткендігі. Үлкен Байтайлақтың өмір жолына қатысты мұрағат деректерін іздестіріп жүріп отандық тарихшы ғалым Ирина Викторовна Ерофееваның құрастыруымен, жауапты редакторлығымен 2017 жылы жарық көрген «Эпистолярное наследие казахской правяшей элиты (1675-1821 годов)»[4] атты екі томдық мұрағаттық жинақтың 1-томынан кіші Байтайлаққа қатысты деректі тапқан болатынбыз. Аталған кітапқа Әбілмәмбет ханның баласы Әбілпейіз сұлтанның 1777 жылдың 9 ақпанындағы Сібір шекара шебі әскерлері қолбасшысы, генерал-майор А.Д.Скалонға жазған хаты № 355-номерлі құжат ретінде енгізіліпті. Әр құжаттың түпнұсқа факсимилиесі қосымша берілген. Құжатта Семей бекінісі аумағындағы орыс үкіметі мен қазақтар арасындағы өзара сауда қарым-қатынасындағы түйткілді жағдайлар туралы айта келе Әбілпейіз сұлтан былай деп ерекше тоқталады: «... Ерекше айтқанда, бекіністе орналасқан орыстың Иван батырынан қазақтарға көбірек реніштер туындап жатыр. Қожаберген батырдың ұлы Байтайлақ батырды өзіне алдап шақырып алып, қараңғы үйде екі ай ұстап, шығарда аямай дүре соққан себепті өз ұлысына жетпей қаза болды...»[4, 375-бет]. (мағыналық аударма біздікі – А.Б.) Мұндағы айта кетерлігі, орысша аудармасында: «...И называемого Хутеберген батыра сына Байталака, призвав к себе обманом, и держал в темноте и при выпуске сек батогом немилосердно, которой недоехав до своего улуса, умер... » ...»[4, 375-с].  - деп берілген болса, факсимилие түпнұсқада: «...керей Қожаберген батырдың ұғлы Байтайлақ батырды шақырып алғаннан соң қараңғы үйге қамап...», - деп тайға таңба басқандай анық жазылған.

Демек Әбілпейіз сұлтан өз хатында кіші Байтайлақтың да батыр екенін және оның Иван батырдың аяусыз дүре соғуы салдарынан өзінің еліне жетпей жолда қайтыс болғанын жазып отыр. Әбілпейіз сұлтан – Әбілмәмбет ханның ұлы, шығысқа қанат жайған найман мен керейдің едәуір бөлігіне билік жүргізгені тарихтан белгілі. Хат 1777 жылдың ақпанында жазылғанын ескерсек, Байтайлақ батыр Қожабергенұлы 1776-жылы немесе 1777 жылдың басында дүниеден өткен деп болжамдаймыз.

Әбілпейіз сұлтанның генерал-губернатор Скалонға жазған шағым хатындағы «қазақтарға ерекше зиян шектіруші» деп аталған, Байтайлақ батыр Қожабергенұлының мезгілсіз өліміне тікелей себепші болған «Иван батыр» кім?» - деген сұраққа жауап бере кетелік. Құжаттарды, басылымдарды ғаламторды ақтарған кезде біздің назарымызға Семей қаласының көне тарихы туралы мақала түсті. Апталық «Караван» газетінің 2015 жылғы 29 мамырындағы санында[5] семейлік өлкетанушы Алла Белякинаның «Забытый основатель Семипалатинска» («Семейдің ұмытылған негізін қалаушы») деген мақаласы жарық көріпті. «Қазіргі күні Семейде осы қаланың негізін қалаған, осы өлкені зерттеуші әрі алғашқы «Орыс-қазақ сөйлеспелі сөздігінің» авторының атын ешкім де білмейді...»[5,18 стр], - дей отырып, бұл адамның аты-жөні Иван Григорьевич Андреев екенін жазады.

И.Г.Андреев – 1744 жылы Тобыл қаласында ұсақ дворян отбасында дүниеге келіп, 1824 жылы Семей қаласында өмірден өткен әскери инженер-топограф, өлкентанушы, этнограф, шығыстанушы, жазушы адам болыпты. «Орта жүз қазақтарының сипаттамасы» т.б. еңбектер қалдырған капитан Иван Андреев генерал Скалонның бұйрығымен 1776 жылы қазіргі Семей қаласы орналасқан жерге келіп, Ертістің оң жағалауына жаңа қамал тұрғызуға кіріскенін жазады. Мұнда И.Андреевтің осы жерде мекендеген жоңғар хошауыттардың Дархан цоржийн хийд (Дархан Цорж ғибадатханасы) аталатын мінәжат кешені тұрған жерге қазық қаққанын атап өтеді. Мұндағы Семипалатинск деген атаудың өзі қытай, кәріс сәулет үлгісіндегі осы ғибадатханалардың шатыр (палатка) сияқты көрінуінен қала аты пайда болғанына тоқталады. Мәселенің мәнісі – бекініс тұрғызу алты айға созылып, оған орыс солдаттарымен бірге жер аударылған тұтқындардың еңбек күші пайдаланылған көрінеді. Қазақтардан да күш-көлік алынған және адам алу жөнінде Байтайлаққа да тапсырма жүктеген болуы, батырдың оны орындаудан бас тартуы мүмкін ғой. Қорыта айтқанда Байтайлақ батырдың көлденең ажалына себепкер болған Иван батыр – капитан Иван Андреев екендігі анық.

Жоғарыда біз мұрағат құжаттарындағы керей Байтайлақ батыр деп аталған тұлғаның іс-қызметіне қатысты бұл олардың қайсысы екенін нақты ажырату оңай емес екенін атап өткенбіз. Осыған қатысты бір мысалды алып қарастыралық. «Султаны и батыры Среднего жуза (вторая половина ХҮІІІ в.) Сборник документов» атты жинақта Ертістің Кереку маңындағы қазақтардың билеушісі Сұлтанмәмет сұлтанның 1760 жылы 26 қазанда Сібір линиясы әскерінің қолбасшысы генерал-майор фон Веймарнға жазған хатында керей руының беделді адамы Байтайлақ есімі аталады.

Генерал-губернаторға жазып, сенімді адамдарынан жіберген бұл хатта Ертіс бойындағы жерлерге мал жаюға, мал ұрлығына т.б. мәселелерге қатысты мәселелерді тиімді шешу үшін керей ұлысынан Байтайлақ батырды жолдап отырғанын айтады. Өзінің және Абылай сұлтанның ең сенімді де танымал адамдары Размәмет мырза, Таз батыр, Байтайлақ батыр, Барақ батырлардан осы хатты жолдаған. Ал генерал-майор фон Веймарн аталған хатты алған соң, 27 қазанда Сұлтанмәмет сұлтанға өзінің атына сенімді әйгілі адамдар Размәмет мырза, Таз батыр, Байтайлақ батыр және Барақ батырлар және сұлтанға шын берілген өзге қазақ билеушілері арқылы өзіне жіберген хатты дұрыс сақтаулы қалпында алғанын хабарлайды және көтерілген мәселелердің оңтайлы шешілетінін айтып сендіреді [6, 146-б]. Ендеше, бұл – қай Байтайлақ? Бұған дейін Әмірсананы қуғындап келген шүршіт қолымен кездесіп жүрген шұбарайғыр Байтайлақ па, әлде мұрағат деректерінде жазылғанындай, 1737-жылдары орыстың Тары қаласын шауып, адамдарын тұтқындап әкетіп жүрген шеруші Байтайлақ па, әлде бұл екеуінен де басқа, үшінші бір керей Байтайлақ батыр болды ма? Осы және басқа да сұрақтардың нақты жауабын қапысыз тауып, көлеңкелі тұстарына анық көз жеткізу үшін Байтайлақ есімі кездесетін орыс, шүршіт, көне қазақ тілдерінде жазылған мұрағат деректерін барынша жинақтап, сарап-сүзгіден өткізіп барып шүбәсіз қорытындыға келу керек деп білеміз. Асыл пышақ қап түбінде жатпайтыны сияқты, табанды зертттеулер арқылы өз тұсында туған халқының болашағы үшін төккен терінің, аққан қанының өтеуіндей Байтайлақ батырлардың есімі халқымен қайтадан табысып жыл өткен сайын тұлғалана түсері анық.

Асылбек Байтанұлы,

 тарихшы, әдебиеттанушы, 

ҚР Ақпарат саласының үздігі 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1 Еженханұлы Б. Қожаберген батыр (1756-1767 жылдарда қалыптасқан мәнжу-қытай мұрағат құжаттары негізінде). – Алматы: Арыс, 2017

2 Цинская империя и казахские ханства. Вторая половина XVIII – первая треть XIX в. Часть 1 

Составители: К.Ш.Хафизова, В.А.Моисеев. Алма-Ата: Наука, 1989. — 216 с.

3 Кәріпжанәулеті А. Жәнібек кесенесін тапқан жампоз. // «Ана тілі», 18 мамыр, 2017 жыл 

4 Эпистолярное наследие казахской правяшей элиты (1675-1821 годов). Составитель и ответственный редактор И.В.Ерофеева. – Алматы: Абди, 2014 ж. 

5 Белякина Алла. Забытый основатель Семипалатинска. // «Караван», 29 мая, 2015 г.

6 Султаны и батыры Среднего жуза (вторая половина ХҮІІІ в.) Сборник документов / Составитель Сирик В.А. – Алматы: Литера-М, 2018. – 560 с.