Сатыбалды Нарымбетов шығармашылығындағы әйел бейнесі
09.03.2023 1553

Көзі тірі болса қазақ киносының мэтрі Сатыбалды Нарымбетов кеше, 8 наурыз күні 77 жасқа толар еді. Өнер ортасы «Сәкен аға» атап кеткен Сатыбалды Жәлелұлы Нарымбетов 1969 жылы ВГИК-тің сценарий бөлімін бітірді, бірақ ол фильмдерін 80-жылдардан бастап, яғни, кинорежиссерлер мен режиссерлердің жоғары курсын бітірген соң ғана бастады. КСРО Мемлекеттік кино институтында Георгий Данелияның шеберханасында білім алды. Нарымбетовтың алғашқы шығармаларында Георгий Николаевичтің картиналарына тән жеңілдік, өміршеңдік пен нәзік мұң бар. Бірақ Нарымбетов кино кулуарларына бойлаған сайын драматургиясы мен Қазақстанның күрделі тарихына деген қызығушылығы арта түсті. 


Әсіресе оның туындыларында Отан, қазақ даласы әйел образында бейнелетіндей.

 

Сурет: Ескендір Нарымбетовтің фейсбук парақшасынан

 

Мэтрдің аяқталмай қалған туындысы «Жаңғырық» фильміне қатысты берген сұқбаттарының бірінде «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деп тұтас ұлтқа деген сүйіспеншілігін зерттеулерінде жазып кеткен поляк Янушкевичке фильм бойы еміс-еміс әйел дауысы естілетінін айтады. Бұл шебердің өзіне тән ерекше режиссерлік қолтаңбасының осы картинада көрініс табуының бір мысалы. Яғни, Сәкен аға үшін қазақ даласы әйел бейнесінде көрініс табады. Алайда аталған филм әлі аяқталмаған себепті бұл «интерпретация» сақталар-сақталмасы беймәлім.

Жалпы, оның әйел, ана тақырыбына айрықша балаң көңілмен қарайтынын байқамау мүмкін емес. Сұқбаттарында өзі анасының омырауын 2 сыныпқа дейін емгенін айтады. Мектептегі ұзақ ізіліс кезінде минут санап отырып, үйіне жүгіріп келіп, кері кетеді екен. Бір күні орыс әдебиеті сабағында тақтада тұрған сәтінде анасы кабинетке кіріп келіп, бар сыныптастарының көзінше, емізіп кетуге келгенін айтады. Сол сәттен бала Сәкен ұялғаннан суалып кетіпті. Осы оқиғаны шебер: «Анам нағыз режиссерлерге шешім қабылдады» деп еске алады. 

 

Сурет: «Көзімнің қарасы» фильмінен стопкадр

 

Киносүйер қауым байқап отырғандай бұл өмірдерек «Көзімнің қарасы» фильмінде көрініс тапты. Талай Халықаралық кинофестивальдерде бағы жанған, Тонино Гуэрро Феллинидің «Амаркордымен» тең деп бағалаған картина шебердің бағын ашты. Тұтас Париж дүрлікті. Себебі балалық шақ, ана бейнесі адамның ұлтына қарамастан, қашан да ыстық боп қалатын мәңгілік ортақ дүние.

Сурет: «Ләйләнің зары» фильмінен стопкадр

 

Нарымбетовтің «Ләйләнің зары» фильмінде Отан әйел, ана образында екені сөзсіз. Кинотанушы Гүлнәр Әбікеева да картинаның «қорланған жердің қорланған Мадоннасы туралы» дейді. Яғни, Одақ тек табиғи байлықтары көзі ретінді тұтынушылық көзқараспен қарап, Семей полигонында үздіксіз жойқын жарылыстар жасауы фильм кейіпкері Ләйләнің прототипі Қазақстан ба екен деген ойға қалдырады. Тағдырлар ұқсастығы айқын байқалады. Алайда оның киелі рухын ешнәрсе де, ешкім де кірлете алмайтынын режиссер қалың қауымға жеткізе білді. Оның Ләйләсі өз-өзіне қол жұмсамай, ерте көтерген баласына өмір сыйлап, полигондай қорлық көрген Қазақстан жеріндегі тіршілікті жалғайды. Бұл мэтрдің жанының ізгілігі, жақсылыққа деген ұмтылысы, сенімі. Өзі айтады: «Адамға сенім керек. Сену керек. Онсыз бәрі бекер».

Дәуірлер тоғысында жасай отырып, ол өз шығармашылығында классикадан бастап тәуелсіздік кезеңінің киносына дейінгі үлкен кезеңді қамтыды.Қай-қай шығармасын алмасаң да, әйелге, оның рухына деген шексіз махаббат сезіледі. «Адам шығармашылыққа сүйген қызын таңқалдыру үшін келеді, оның жүрегін жаулайын дегеннен. Мен міне жетпістен ассам да әлі күнге дейін әйелдің көзінен жұмбақ іздеймін» - дейтін мэтр.