Ибн Хаукал мен әл-Идриси еңбектеріндегі түркі тайпалары
04.04.2023 2241

X ғасырда арабтардың тарихи-географиялық ғылымы өркендей түсті, бұл кезеңде атақты зерттеушілер: Ибн Русте, әл-Истахри, Ибн Хаукал, Ибн Фадлан және тағы басқада елеулі еңбектері пайда бола бастады. Осы тұста, Ибн Хаукалдың «Жолдар мен елдер кітабы» (Китаб әл-масалик ва-л-мамалик) еңбегі ерекше орын алады.  Ол өз еңбегінде түркі тайпалары туралы маңызды тарихи-географиялық мәліметтерін келтіреді. Оның түркі халықтарына тән тілдік сипаттамасы туралы мәліметтері де назар аударарлық, тіпті, Ибн Хаукал Қазақстан территориясын мекендеген тайпалардың біртұтас тілдік ортасы туралы өз көзқарасын білдіреді. 


Оның еңбегінің ерекшелігі сол кездегі белгілі елдер мен халықтардың, оның ішінде түркі халықтарының қоныстанған жерлері көрсетілген «Жер беті» (Сурат ал-ард) географиялық картасы екенін айта кеткен жөн. 

Маңызды тарихи-географиялық еңбектердің қатарында халифаттың дипломатиялық делегациясының Еділ бойындағы Болгарияға ресми сапары нәтижесінде жазылған Ибн Фадланның «Рисала» атты еңбегін атап өтуге болады.  Шығарма авторы қазіргі Иран, Орталық Азия, Батыс Қазақстан аумағын басып өтіп, Еділ бұлғарларының астанасына келеді.  Еңбекте әртүрлі халықтардың әлеуметтік-рухани болмысы туралы маңызды мағлұматтар қамтылған, сонымен қатар Батыс Қазақстан территориясын мекендеген түркі тайпалары туралы этнографиялық, тарихи-географиялық мәліметтер берілген. Дипломатиялық делегацияның жүріп өткен жол картасы жұмыс үшін ерекше маңызға ие. 

XII ғасырдың ортасындағы елеулі еңбектердің бірі – араб географы және саяхатшысы әл-Идрисидің еңбегі.  «Нузхат әл-муштак фи-хтирак әл-афак» шығармасының авторы Еуропа және мұсылман елдерін аралаған.  Оның еңбектерінде Еуропа, Азия және Африка елдері туралы әртүрлі мәліметтер қамтылған. Әл-Идриси өз еңбегінде түркі тайпаларына тоқталып, қимақтар, қыпшақтар, қарлұқтар, оғыздар тағы басқалар туралы мәліметтерін де қалдырады.  Бұл араб авторының шығармашылығының ерекшелігі - оған белгілі, бірақ біздің заманымызға дейін сақталмаған әртүрлі тарихи дереккөздерді пайдалануында жатыр. Сонымен қатар, Әл-Идрисидің «Сурат әл-ард» (Жер беті) деп аталатын еңбегіндегі географиялық карталары ерекше қызығушылық тудырады.  Карталар әртүрлі географиялық және экономикалық объектілерді дәл көрсету үшін құнды, олар жазба ақпаратты айтарлықтай толықтырады. 

XII ғасырдың  басында Орталық Азия мен Қазақстан территориясын мекендеген халықтар немесе басқа да мәліметтер айтылатын бірқатар еңбектер жазылды.  Мәселен, XII-XIII ғасырлар тоғысында өмір сүрген араб ғалымы Ибн әл-Асирдың еңбегіне тоқталып өтсек болады.  Бұл автор өзіне белгілі мәліметтерді «Тарихтың толық сипаттамасы» (Әл-кәмил фи-т-тарих) еңбегінде келтірген.  Оның еңбегінде әртүрлі мемлекеттердің: Араб халифатының,  Саманидтердің, Қараханидтердің, Хорезмшахтардың және тағы да өзге  саяси тарихы туралы құнды мәліметтер бар. Орталық Азия мен Қазақстанның ортағасырлық тарихын зерттеу үшін бұл жұмыстың маңызы зор, өйткені мұнда этникалық, тарихи-мәдени және этнографиялық сипаттағы материалдар қамтылған.  Еңбекте монғол шапқыншылығының Орталық Азия мен Қазақстан территориясындағы зардаптары да сипатталады. 

Орталық Азияны жаулап алғаннан кейін көптеген араб тайпалары Орталық Азияның ең құнарлы жерлері мен жақсы жайылымдарына қоныстанды.  Ұзақ уақыт бойы олар жергілікті халықпен ассимиляцияланбай өмір сүрді және бастапқыда жергілікті халықпен ешқандай тығыз байланыста болмауы өздерінің ұзақ уақыт бойғы болмысын сақтап қалуға септігін тигізді.  Бұған дереккөздерден алынған мына мәліметтер дәлел бола алады: «Ведар қаласында және осы жатақта субаиты деп аталатын Бакра ибн Ваиль тайпасының арабтары тұрады.  Самарқандта олардың өзара көмек (ұйымы), керуен сарайлар қызметі бар.  Олар кең мейірімділікпен ерекшеленеді.  Бұған өзім де куә болдым» дейді. 

Зерттеліп отырған кезеңде Мавераннахрда әртүрлі этностардың ауылдары мен қалалары қатар орналасып, белгілі бір этникалық топтың әлеуметтік-экономикалық, кейде саяси мәселелерін шешумен айналысатын этникалық-ұлттық ұйымдардың құрылғанын көреміз. 

 Әл-Якуби Хорасанның барлық қалаларында бану мудар, бану рабиа, йемен арабтары және басқа тайпалардың арабтары тұрғанын хабарлайды.  Шайбан тайпасының өкілдері өмір сүрген Ушрусана ғана ерекшеленген. Бірақ, арабтар мыңдаған хорасандықтарды Мавераннахрдың ірі қалаларына көшірді, олар негізінен әкімшілік, сауда және қолөнер істерімен айналысқан және өте қысқа мерзімде жергілікті халықпен сіңісіп, жаңа парсы тілінің қалыптасуына белсене атсалысқанын айтады.

Түркі тайпалары негізінен қалаларда, қала маңында, далалы, шөлді және таулы аймақтарды мекендеген.  Қала мен дала бірін-бірі толықтырып тұрды.  Бұл дәуірде қаланың даламен саудасы өте дамыған.  Түркі көшпелі тайпалары отырықшы жерлерге әскери жорықтар жасады, көп жағдайда жаулап алған жерлерге қоныстанды. 

Сондай-ақ деректерде халифтерге жақын адамдар мен үлкен ықпалға ие тұлғалар афшин, Әбу Саджа әулеті, самарқан ихшиді, Ибн Түрксафи мен Уджаф ибн Анбас, бұхархудат және тағы басқа да түркілердің отырықшы мәдениетінің әмірлері болғаны айтылады. Мұнда, араб авторларының өздері отырықшы мәдениет өкілдері ретінде түріктерді атап өтеді. 

Масудидің Орталық Азия, Қазақстан, Иран, Солтүстік Кавказ және Қара теңіз маңы, Қытайға жақын аймақтардағы түркі тайпалары туралы жазбалары, әрине, үлкен қызығушылық тудырады.  Ол қимақтар қонысының аумағын – Ақ және Қара Ертіс жағасын айқын көрсетіп, қимақтар мен Әмудария (Джейхун) алабындағы түріктердің шығу тегінің бір екенін атап өтеді.  Даланы алып жатқан түріктерді, халаждарды, тоғыз-ғұздарды айта отырып, Масуди әсіресе соңғыларына ерекше тоқталады, олардың ерекше батылдығын, билігін, күшті мемлекеттілігін атап көрсетеді.  Сонымен, Масудидің айтуынша, хижраның 332 (943) жылы тоғыз-ғұздар Қытайға жақын орналасқан Куч қаласының аймағын басып алған.  Олардың патшалары Илхандар деп аталады және олар түркі халықтарының ішінде манихейлік дінді ұстанатын жалғыз ғана тайпалар. Түріктердің ішінде Масуди қимақтар, гуздар (оғыз), халаждар және  тағы да басқа үш тайпаның атын атап  көрсетеді. Гуздар, деп есептейді автор, ең батыл, ал халаждар сұлулығымен, биік бойымен және жағымды бет-келбеттерімен  ерекшеленеді. Халаждар Ферғана, Шаш және олардың төңірегіндегі аумақтарды алып жатыр.  Олар, Масуди атап өткендей, бір кездері барлық басқа түркі тайпаларына билік жүргізген және олардың билеушісі «Хакандардың хаканы» (қаған) бүкіл түркі иеліктерін біріктіріп, барлық түркі билеушілерін қадағалаған.  Бұл хақандардың ішінде Иран мен Шашты жаулап алған Афрасиаб түркі де болды. Қазіргі уақытта түріктердің басқа билеушілері түгел  бағынатын хақаны жоқ деп атап көрсетеді Масуди.  Жазушының мынадай ескертпесі қызық – климаты, географиялық ортасы түріктердің өзіне тән келбетіне, көздерінің кішкентай болуына өшпес із қалдырған.  Климат тіпті аяқтары қысқа, мойыны ұзын, жүні ақ болып келген түйелеріне де әсерін тигізген.

Әл-Масудидің кашақтар (қасақтар, кешектер) және хазарлар туралы мәліметтері бұл халықтардың шығу тегі жағынан да, олардың қазақ халқымен генетикалық және тарихи байланысын нақтылау тұрғысынан да ерекше қызығушылық тудырады.

Әл-Масуди айтқан Қашақ (Қасақ) халқы туралы мәліметтері аталмыш терминді нақтылау тұрғысынан да, этникалық мәселе тұрғысынан да шынайы қызығушылық тудырады.  Шынында да, Масудидің айтуынша, «Аландардың қасында, Кавказ бен Рум теңізінің арасында сиқыршылардың дінін ұстанатын, біршама өркениетті халық  қашақтар бар» дейді.  Масудидің одан бөлек төрт түркі тайпасын көрсетуі де ерекше, олар: Баджанақ, Баджан, Баджгорд және Наукерде туралы мәліметтері. Масудидің әңгімесінде олардың қонысының бұрынғы аумағының сипаттамасы да көрсетіледі:  олар Арал маңында өмір сүріп, ғұздардың, қарлұқтардың және қимақтардың өздеріне қарсы бірлескен әрекеттерінің нәтижесінде ол жерден қуылған еді.

Масудидің хазарлардың иудаизмді қабылдауы туралы хабарының осы этникалық топтың шығу тегін нақтылау үшін ерекше маңызы бар.  X-XII  ғасырлардағы араб авторлары (Ибн Русте, Гардизи, Истахри, тағы басқалары) иудаизмді Хазарияның билеуші ​​топтарының діні деп санаған, ал  халық түріктердің (гуздардың) сенімін (шаманизм)  ұстанатын деп көрсетеді.  Масуди болса түбегейлі басқа позицияны ұстанады.  Ол былай деп жазады: «Ел астанасы Итил қаласының халқы мұсылмандар, христиандар, еврейлер және пұтқа табынушылардан тұрады.  Патша, оның сарайы және шығу тегі жағынан хазарлар болып келетіндердің  барлығы иудаизмді мойындайды, бұл дін халифа Харун ар-Рашид (786-808) кезінде мемлекетте үстем дінге айналды» дейді.  Бұл туралы араб авторы былай деп жазады: «Оған (хазарлардың патшасына) әртүрлі мұсылман елдерінен және Румнан (Византия) еврейлер ағыла бастады.  Себебі, Рим патшасы қазіргі уақытта,яғни  332 хижра жылында (943), патшалығындағы еврейлерді христиан дінін қабылдауға мәжбүр етті» деп депек келтіреді.  Көріп отырғанымыздай, иудаизмді хазарлардың өздері немесе таза хазарлар қабылдаған болатын.

Хазарлар елі туралы ең қызықты мәліметтер белгісіз автордың «Худуд әл-алам» еңбегінде қамтылған.  Деректе Хазар аймағы өте бай және халқы көп, бұқалар, қошқарлар және тұтқындар өзге аймақтарға әкетіліп жататын мекен ретінде сипатталған.  Хазарлардың патшасы «Тархан-Хақан» деп аталады, ол Анс (Ашина) ұрпақтарынан шыққан деп көрсетіледі.  Кейбір зерттеушілер бұл хабарды, дұрыс емес деп есептейді.  Автор хазарлардың қалаларын санамалап, олардың барлығының қабырғасы берік, бай екенін атап өтеді.  Автордың мұсылмандар деп атаған, кәпірлердің түр-түрін талқандайтын бұлғарлар (Еділ) туралы мәліметтерін де  ерекше  атап өтуімізге болады.

Кең байтақтығымен ерекшеленетін хазарлар елінің сипаттамасы Гардизи еңбегінде біршама егжей-тегжейлі кездеседі. Автор олардың билеушісін исхад титулына ие, одан басқа хазар-хакан деп аталатын бас патшалары да  бар деп сипаттайды.  Гардизидің пікірінше, Хазар-Хақандікі тек титул ғана болған;  барлық бақылау ишадтың қолында.  Хакан мен ишад, сондай-ақ олардың барлық төңірегіндегілер, көсемдер мен қоластындағылар еврей дінін ұстанады, қалғандары, яғни қарапайым халық ғұз түріктерінің сеніміне ұқсас сенімді ұстанған.  Хазарлар жыл сайын печенегтер еліне, кейде буртастарға жорық жасап тұрған.  Хазарлардың жалаулары, найзалары, күшті сауыттары да болған.  Хазар патшасы атқа қонғанда, онымен бірге он мыңға (10 000-ға) дейін атты әскер шығады;  олардың кейбіреулері еңбекақыда, басқалары билеуші төңірегіндегілермен шығарылып,  патшаны өз қару-жарақтарымен  қорғап жүрген.  Көріп отырғаныңыздай, Хазар мемлекетінің жалдамалы, тұрақты әскері болған.

X ғасырдағы аты-жөні белгісіз автордың «Худуд әл-алам» еңбегі түркі халықтары туралы бірінші дәрежелі тарихи дерек болып  саналады.

 Бұл жерде де анонимді автор аса құнды тарихи мағлұматтар береді, онсыз түркі тайпалары мен халықтарының тарихы толық болмас еді.  Анонимді автор тоғызғұздар туралы олардың жауынгерлік және қарулы халық екенін, Қашқардың Қытайға қарайтынын айтып, «ертеде оның қолбасшылары халлухтар (қарлұқтар) немесе ягмалар болғанын» көрсетеді.  Автор суреттеуінде хырхыздар – жабайы аңдардың мінезіне ұқсайтын, бет-әлпеті дөрекі, шашы сирек, әділетсіз, мейірімсіз, жаугершілігімен ерекшеленетін адамдар. Автордың айтуынша, Қарлұқ өңірі түркі аймақтарының ішінде ең көп қоныстанған және ең бай өлке.  Қарлұқтар көпшіл, ақкөңіл, жайдарлы халық.  Облыста қалалар мен ауылдар болған.  Қарлұқтардың бір бөлігі аңшы, бір бөлігі егінші, бір бөлігі бақташы болып келеді. Олар жаугер, жорыққа шығуға бейім адамдар, деп түйіндейді автор.  Қарлұқ өлкесіндегі қоныстардың ішінде, мысалы, қарлұқтар мен яғмалар арасындағы Кулан, Мирки, Нунккнт, Ганкесир, Тузун-Балыг атап өтіледі.  Ыстықкөл маңында «Худуд әл-Алам» бойынша қарлұқтар мен чигілдер арасында шекара болғаны көрсетіледі.  «Барсхан – көл (Ыстықкөл) жағасындағы, жайлы, бай қала.  Оның билеушісі қарлұқтардан, бірақ халқы тоғызғұздар жағында» -, деп атап көрсетеді автор. 

«Худуд әл-алам» авторының жазуынша, шігілдер шығу тегі жағынан қарлұқтарға жатады, олардың аймағы халқының көптігімен ерекшеленеді, шатыр мен күркелерде тұратын, қалалары мен ауылдары аз, мейірімді, көпшіл, жайдарлы адамдар болып сипатталады.  Тухсилер (бірқатар зерттеушілердің деректері бойынша түргештер) чигілдердің (шігіл) батысында орналасқан, олар қыста да, жазда да қоныс аударып жүреді.  Шығысында Қырхыз жерімен, оңтүстігінде Артуш (Ертіс) пен Итіл өзендері, батысында Қыпшақтардың біраз бөлігімен, ал солтүстікке қарай – адам тұра алмайтын шөлді жерлермен  жанасып жатқан қимақтар елін сипаттау сөзсіз қызығушылық тудырады. Бұл ауданда бір ғана қала бар. «Ол жерде көптеген тайпалар бар, тұрғындары шатырларға қонып, қысы-жазы қоныстанып жүреді.  Олардың табысының көзі – тері мен қой, ал жазда азығы – сүт, қыста – кептірілген ет... қашанда гузелермен (оғыз) аралары тыныштық болса, қыста олар соларға барады.  Қимақтар жеріндегі ерекше «автономиялық аймақтарға» мыналар жатады: тұрғындары «кейбір әдет-ғұрыптары бойынша гуздарға ұқсайтын» «Андар аз Кифчак» және «Каркара-а-хан», тұрғындары әдет-ғұрыптары бойынша Хырхызға ұқсайтын аймақ.  Елінде бірде-бір қала жоқ, ал тұрғындары батылдығымен, жауынгерлігімен ерекшеленетін және көршілеріне үрей тудыратын «ішкі болгарлар» туралы ақпарат та  сөзсіз назар аудартады;  Хазар печенегтері» жаңа жерлерге келіп, оларды күшпен иемденіп, қоныстанған. Константин Багрянородный дәуірінен айырмашылығы печенегтер әлі күшіне енбеген шығар, өйткені «Худуд әл-Аламның» айтуынша, «мұсылман елдерінде жүрген хазар тұтқындары» көбіне печенегтерден шыққан.

Ертеде Тунис (Тулис) (және бұл тау алтыннан жасалған) тауында өмір сүрген қарлұқтар туралы әл-Марвазидің әңгімесі өте маңызды  Олар тоғыз-ғұздардың құлдары болып, оларға қарсы шықты;  поргеш  еліне барып, оны басып алды.  Ол жерден олар мұсылман елдеріне шықты.  Қарлұқтардың  9 тобы бар: 3 – жікіл, 3 – баскіл (басмыл?), І – бұлақ, І – күкіркін, І – тухси.  Бұл әңгімедегі құнды деректер, әрине, Алтын тау (Алтай), қарлұқтардың түріктерге (тоғызғұздарға) тәуелділігі және қарлұқтардың тоғыз рулы құрамы туралы хабар.  Қимақтар туралы хабарда шаңғылардың сипаттамасы мен қолданылуын бірінші рет кездестіреміз.  Қалған барлық жағынан алғанда әл-Марвази әңгімелері Гардизи және «Худуд әл-алам» авторының хабарын еске түсіреді.

Әл-Гарнатидің «Әл-Муриб» еңбегі айтарлықтай қызығушылық тудырады, өйткені онда хазарлар, бұлғарлар туралы мәліметтер бар.  Оның көптеген ақпараттары сенімді, бірақ олардың кейбіреулері шындықтан алыс болып көрінуі бек мүмкін.  Саксинде араб саяхатшысы атап өткендей, 40 гуз тайпасы бар және әр тайпаның өз әмірі болады;  Гузелердің үлкен аулалары бар, әр аулада жүз немесе одан да көп адам сыятын киізбен жабылған үлкен шатыр бар.  Ол қалада бұлғар, сувардан келген тұрақты тұрғындардың барын, олардың да мұсылмандар екенін атап өтеді.  Саксиннің тұрғындары хазарлар да мұсылмандар болып келеді.

Қорытындылап айтар  өтер болсақ, араб тарихи деректері Қазақстан мен Орталық Азияның ортағасырлық тарихының маңызды дереккөздері болып табылады.  Мұндай тарихи деректер географиялық, этникалық, этнографиялық, экономикалық сипаттағы құнды мәліметтерді қамтиды және мемлекетіміздің өткенін одан әрі зерттеу үшін айтарлықтай ғылыми қызығушылық тудырады. Араб жазбалары Қазақстан мен Орталық Азия аумағында болған ортағасырлық мемлекеттер өмірінің кейбір аспектілерін тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді. Демек, араб дереккөздерінің деректану ғылымы үшін маңызы Қазақстан мен Орталық Азияның неғұрлым толық және объективті тарихын құрудағы маңызды құрамдастардың бірі болып саналады.

Орталық Азия халқының этникалық құрамын анықтау өте күрделі мәселе, өйткені ислам діні адамдарды әртүрлі ұлттар мен этностарға бөлуге тыйым салған. Исламды қабылдағаннан кейін барлығы мұсылман болды. Араб дереккөздерінде түркі термині оларға қарсы және исламға қарсы күрескен көшпелі түркі халқын білдіреді.

 Мәуераннахрдың әр аймағының өзіндік этникалық құрамы болды.  IX-XII ғасырларда Орталық Азия аумағында орналасқан қалалар мен ауылдарда түркі халықтарының өкілдері, соғдылар, хорезмдіктер, ферғаналық, шашшылар, ушрусандықтар, арабтар мен хорасандықтар өмір сүрді.  Олар өзбек, тәжік және басқа халықтардың қалыптасуында ерекше үлкен рөл атқарды.