Аты аңызға айналған батыр (Партизан Қ. Қайсенов туралы)
05.05.2023 2939

Қасым Қайсеновке -105 жыл 


Әлемдегі әрбір халықтың бетке ұстар тұлғалары мен даңқты батырлары болады. Олар халықтың басына күн туып, қиындықтарға тап болғанда, халықтың ішінен суырылып шығып, отқа, суға түсуге, қан төгіп, жан беріп қорғауға бел байлап шығады. Қазақ халқының ішінен шыққан осындай батырлардың бірі және бірегейі – Қасым Қайсенов еді. 

Қасым Қайсенов  1918 жылдың 23 сәуірінде Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданындағы «Асубұлақ» ауылында туылған. Ауылда орталау мектепті бітіріп, 1934 жылы Өскемен қаласындағы Республикалық саяси ағарту техникумына оқуға түсіп, 1938 жылы бітірген. Сол жылы техникум маңынан ашылған Саяси ағарту курсына басшылық етті. 1938-1939 жылдары Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспекторлық қызмет атқарды. Сол жылдың қысында Әскери барлаушылар училищесіне оқуға жіберілді. Осы училищені 1941 жылдың қазан айында бітірісімен басқыншылар қолында қалған Украина әскеріне партизан қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі ретінде жау тылына жіберілді. 1944 жылдың аяғына дейін жау тылында Украина, Молдавия Карпат тауының арғы жағындағы Украина жерлерінде партизан отрядтарына (полктарына) басшылық етті. 1945 жылдың басында елге оралып, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінде, кейін Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандарында аудандық атқару комитеттері төрағаларының орынбасарлары болып қызмет атқарды. Кейіннен әртүрлі қызмет атқара жүріп жазушылыққа бет бұрды.

1957 жылдан Қазақстан Жазушылар одағына мүше. Қазақстан әдебиетіне Партизандар соғысы жайлы совет адамдарының ерлік аңызын жанр ретінде тұңғыш автор болып бетін ашты. Ол отызға жуық кітаптардың авторы.

Ол соғыс кезінде «Бағдан-Хмельницкий» ордені және Бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен екі рет, «Чехословакия партизаны» ордені, және жиырма бес Кеңес Одағының, шетелдердің әртүрлі медальдармен, Қазақ ССР-ның «Құрмет грамотасымен» және «За заслуга» орденімен марапатталды. Батырға      1995 жылы «Қазақстанның халық қаһарманы» деген атақ пен армия полковнигі деген шен берілді [1].

Батырдың жорық жолдарына назар аударсақ,  ол 1939 жылы әскери барлаушылар мектебіне қабылданып, оқуды 1941 жылдың күзінде бітірді. Бұл жай ғана мектеп емес еді. Аса күшті дайындықтан өткен жауынгер қорғану, соғысу өнерін жетік үйреніп, адам өлтірудің көптеген тәсілін меңгерген. Ол туралы өзі қайтыс болардан бір екі жыл бұрын Хабар телеарнасының «Үзеңгі жолдас» деп аталған бағдарламасында жүргізуші Ж. Шаштайұлымен 1 сағатқа жуық әңгімелесіп отырғанда өзі айтқан  еді. 

Партизандардың ұйымдастырушысы ретінде 1941 жылдың  қараша айында Оңтүстік-Батыс майдан штабының қарамағына жіберілді. Майдан штабы оны арнайы тапсырмамен жау жайлаған Украина жеріне парашютпен түсірді. Ол 1941-1942 жылдары Киев, Полтава облыстарында астыртын ұйым жұмыстарына белсенді қатынасып, Чапаев атындағы партизан құрамасын ұйымдастырып, кейін сол партизандар құрамасының № 3-ші партизан отрядына басшылық етті.

1943 жылдың қыркүйек айының 21 күні Чапаев атындағы партизан құрамасы Кеңес Армиясымен қосылғаннан кейін оны тағы жау тылына жіберді. Ол төрт рет арнайы тапсырмамен жау тылына – Украина, Молдавия, Румыния, Чехословакия жерлерінде партизан отриядын басқарды. 1944 жылдың қараша айының екінші жартысында Карпат тауында 4 Украин майданы әскери бөлімдерімен қосылған соң 1945 жылдың басында туған еліне оралды [2]. 

Қасым Қайсенов соғыс басталған сәттегі бір оқиғаны былайша баяндаған: «Кескілескен соғыс жүріп жатты. Канев түбінде, ұлы Тарас қабырына таяу жерде 1941 жылы орыс жазушысы Гайдар жаумен шайқасқан еді. Әскери тілші ретінде жүрген ол Днепрге салынған көпірді ерлікпен қорғаушылар арасында көп уақыт болған. Оған Тарастың сом құйылған тұлғасы қарап тұрғанда нашар соғысу мүмкін емес еді. Сірә, сол кезде Тарас өзінің биік мінбері үстінен жау жарқанаттарының дарылын естіп, оларға толассыз оқ атқан көпірді қорғаушылар тілегін тілеп тұрған да шығар. Аркади Гайдар ақырғы демі қалғанша көпірді қорғасты. Ал, кейін шегінуге тура келген кезде ол украин партизандарының арасында қалды. Кейін біз бұл ержүрек орыс жазушысының сүйегі Золотонош деп аталатын кішкене бір украин қаласының маңында ұлы ақынның табаны жерге тиген жерінде қалғанын естідік» [3]. Міне, осындай қайғылы оқиғаны естіген батыр Тарас Шевченконың рухани ұрпақтарының бірі – Аркади Гайдар да сондай болып, туған халқының бақыты жолында өмірін қиған екен ау деген ойға келген екен.

Соғыс кезіндегі оқиғаларды Қасым Қайсенов: «Украина жеріне басып кірген гитлершілдер қалалар мен селоларды талқандап, өртеп, ескерткіштерді қиратумен болды. Олар тек бір ғана Кобзарьдың ескерткішіне тиіспеді. Басында бұған біз, партизандар таңданысып жүрген едік, бірақ кешікпей-ақ, фашист сілімтіктерінің «қайрымдылығының» сыры да мәлім болды. Басқыншылар украиндардың даңқты ұлы Тарасқа деген сүйіспеншілігінде шек жоқ екенін білді, сөйтіп одан өздеріне бір пайда таппақшы болды. Фашистер тіпті Кобзарьдің ескерткіштерін қорғау жөнінде арнайы бұйрық та шығарды. Гитлершілдер бұл арқылы украин халқының сеніміне ие боламыз деп те дәмеленді» деп жазды [4].

Қ. Қайсеновтің Григорьевка селосы тұсындағы Днепр шайқасының шындығы туралы мәліметері жеке мұрағат қорында сақталған. Оған назар аударсақ, соғыс кезінде Украинаның астанасы Киевті азат етуге бағытталған атақты Букринский плацдармын Днепр шайқасына дайындап құруда маңызды рөл атқарған жауынгерлер басшыларының қатарында белсенді қызмет атқарған. Шайқас алдында ол жауынгерлерімен бірге Қызыл Армияға көмек көрсету үшін Днепрдің сол жағасындағы Котцковский орманында дайындалып жүрген болатын. Дәл сол уақытта Чапаев атындағы партизан отядының командирі Иван Кузьмич Примак Қасым Қайсеновке 3-ші отрядтан 120 адамды алып, оң жағалауға шабуылға өтуді тапсырып, батыл жауынгерлердің көмегімен плацдармды алу және онда тәулік бойы жауды тоқтатып тұруы керек болды. Бұл оқиға 1943 жылы 21 қыркүйекте жауынгерлердің жартысынан айырыла отырып, оң жағалауға өткенде Григорьевка селосын алған. Ізінше осы Букринский операциясының алғашқы шайқастары басталған болатын. Ондағы басты мақсат Киевті азат ету еді.

Жау тылына аттанған жауынгерлердің мақсаты Қызыл Армия бөлімшелері келіп жеткенше жауды бөгеп тұру еді. Сол кезде Днепрден өтіп бара жатқан жауынгерлерді бомбылап, жағаны жарқыратып көрсететін ракеталармен үздіксіз атқылаған, онымен қоса пулемет, минометтермен атқылап, оқ жаудырған. Жауынгерлер шайқаса отырып, түнгі сағат 2 шамасында жауынгерлерінің жартысынан айырыла отырып, жағаға шығып, жауға шабуылдап Григорьевка селосын алған. Бұл жерде жаудың танк және машиналары тұрған. Онда село көшелері тар болғандықтантанклер шабуылға қаурыт шыға алмай қалған. Нәтижесінде немістер техникаларын тастап қашып, село партизандардың қолына өткен. Осы уақытта партизандарға Қызыл Армиядан көмекке жауынгерлер де жетіп, ары қарай бірлесе отырып, Зарубенец және Луковец хуторларын алып, 1943 жылы 22 қыркүйек күні күндізгі сағат 12-де Қызыл Қызыл Армия негізгі құрамалары келіп қосылғанша жауды ерлікпен шайқасып тежеп тұрған.

Шайқас жүріп жатқанда десанттар тобының командирі Александр Тканко және Роберт Кляйн Харков қаласына барып,  онда Н.С. Хрущевқа жолығып, өздерін плацдарымда басып алған отряд командирі ретінде таныстырған. Ондағы мақсаттары жаудың өтіне кеткен Қасым Қайсенов пен оның жауынгерлері қаза тапты, енді ешқандай айғақ жоқ, біздің айтқанымызға бәрі сенеді деп ойлаған. Сондай-ақ, олар сол жерде ешқандай күмәнсіз Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Сол сәттен бастап газеттер тілшілері жаза бастаған, кейін ол келеңсіз бұрмаланған мәлімет «Украин ССР-і Кеңес Одағының 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында» деп аталатын кітапта 1968 жылы Кеңес Одағының Батыры Александр Тканко аталған [5]. Шайқаста ерлік көрсеткендер үшін Кеңес Одағының Батыры атанған 4 адам Қасым Қайсенов бастап барған жауынгерлермен қайықшылары өткізген болатын. Яғни, шайқастан кейін нағыз ерліктер көрсеткен жауынгерлерге марапаттау түгілі рахмет те айтылмаған екен.

Днепр шақасына қатысты зерттеушілердің еңбектеріне назар аударсақ, жалпы шайқас Днепр өзенінің бойында 1943 жылдың 26 тамызынан 23 желтоқсанға дейін жалғасқан. Екі жақ майданды басқарған қолбасшыларға келсек, Кеңес Одағының Қызыл Армиясын басқарғандар – Г.К. Жуков,  К.К. Рокоссовский, И.В. Конев, Н.В. Ватутиндер болса, немістер жағынан Эрих фон Манштейн, Гюнтер Ханс фон Клюге әскери топтарды бастап барған. Екі соғысушы қарсыластардың әскери күш-қуатына тоқталсақ, Кеңес Одағынан 2650000 солдат, 51000 қару, 2400 танк, 2850 ұшақ шығарылған, ал немістер жағынан 1250000 солдат, 12600 қару, 2100 танк, 2000 ұшақ шайқаста пайдаланылған. Соғыстан кейінгі әскери шығындар екі жақтан көп болған. Мысалы, Кеңес Одағының адам шығыны – 1,5 млн. құраса, немістер жағынан – 1,6 млн. адам шығыны болған. Жалпы екі жақтан 4 млн. адам шайқасқа қатысқан. Днепрдегі шайқас 1400 шақырымға созылып, Смоленскіден Азов теңізіне дейінгі аралықты қамтып, әр жерінде түрлі орерациялар орындалып, 2 кезеңнен тұрған және 4 ай уақытты қамтыған. Барлық шайқастары 5 ірі майданға бөлінді. Бұл алапат шайқас әлемдік шайқастардың қатарына саналып, 1943 жылғы Сталинград, Курскден кейінгі Днепр шайқасы үшінші үлкен шайқас деп есептеледі [6].

Батырдың соғыстан кейінгі уақытта майдандастарымен хат жазысуына соғыстың бұрмалана бастаған түрлі оқиғалары себепкер болған. Мәселен, соғыстан аман қалған партизан достарының ішінде Радион Феодрович Груша: «Құрметті Қасым Қайсенов! Мен ойлаған едім, Сізді Букрин плацдарымы туралы мақалаға қуандыма деп, сөйтсем керісінше ренжітіп алған екенмін. Сондықтан, шындықты күткен қателік үшін кешірім сұраймын. Шынымды айтсам, бұл жерде менің күнәм жоқ. Мен өз мақаламды сіздің кітабыңызға сүйеніп жазған едім, бірақ, редактор Ұлы Отан соғысының тарихы туралы кітапқа сілтеме жасай отырып, өзгерістер жасап жіберген екен. Оның айтқаны осыған келіспесең мақала жарыққа шықпайды деген еді. Мен оған келісуге мәжбүр болдым. Ал, соғыс тарихында Букрина плацдарымы туралы құпия бар. 

Кеңес үкіметі Переяслав партизандарының әскери қимылдары мен ерліктерін бағалады. Олардың көпшілігі орден және медалдармен марапатталып, десанттар тобының командирі А.В. Тканко «Кеңес Одағының Батыры» атағын алды. Ал, партизандар құрамасының командирі И.К. Примак «Бағдан Хмельницкий» орденімен марапатталды. Одан басқа, мақалада лейтинант Синашин туралы және соғысқа қатысқан 4 батыр аталады.

Мен Сізден майдан жайлы шындықтарды жазуыңызды сұраймын. Сондай-ақ, партизандардың фотолары қажет. Олар біздің музейлер үшін керек. Жіберуіңізді өтінеміз. Алда келе жатқан Ұлы Октябь мерекесімен құттықтаймын» деп аяқтап, өзінің тұрғылықты жерін былай деп көрсетіпті: 256800 Киев облысы, Мироновка қаласы, Франко көшесі, 41 үй, Радион Феодрович Груша, 31.Х. 1984 жыл.» [7] деп хатын жолдаған екен.

Қасым Қайсенов соғыстан кейін украиналық партизан досы Радион Феодрович Грушаға: «Құрметті Радион Феодрович! Сіздердің территорияларыңызда Иван Кузьмич Примак Саяси бөлімнің ұйғарымымен № 8 Қызыл Армия құрамасынан қалдырылып, оған 1941 жылдан бастап Чапаев атындағы дивизия құрамын жасақтау тапсырылған. Ол оны ойдағыдай құрып, командирі ретінде басшылық жасады. Яғни, 1941-1942 жылдары партизан құрамасын жасақтап, соғысқа дайындалғанда 4 отряд топтастырылған. Олардың командирлері ретінде мынадай адамдар тағайындалды: 1) Нагацев Феодр Степанович; 2) Қайсенов Қасым (Вася); 3) Попов Николай Михайлович; 4) Клопов Василий Матвеевич; 5) Аброменко Николай Михайлович; 6) Алексеенко Григории Давыдович; 7) Гаман Иван және тағы басқалар бар еді. Біздер шайқас алдында 1943 жылы Переяслав партизандарымен қосылдық, осы құраманың басшысы  Григоревка селосының азаматы Емелян Ломако болды. 1943 жылы Чапаев дивизиясының құрамасындағы бір топты Е. Ломако басқарып, партизандық қозғалысқа кіріскенде ондағы белсенді жауынгерлердің есімдері төмендегідей еді: «1) Яковец Дмитри Никитович; 2) Спижевой Константин Иванович; 3) Спижевой Григории Силеверстович; 4) Горевенко Силевестр Григоревич; 5) Гром Михайл Анатонович; 6) Проценко Ильия Артемович;               7) Янцелевич Анатолий Совенович және тағы басқалары да қатысқан.

Мен Иван Кузьмич Примакпен 1942 жылы Македон селосындағы Николай Аброменконың пәтерінде таныстым. Бұллар өте қажырлы еңбек етіп, 1943 жылы ерлікпен қаза тапты. Партизандар тізімі мен фото суреттер өзімде көп сақталған еді. Менде Иван Кузьмичтің түрлі фотолары бар. Партизандардың фотоларын алдағы уақытта көбейтілген нұсқаларын жіберейін.

Қазір Александр Василевич Тканко Черкас қаласында тұрады. Ашығын айтсам, ол бірқатар атақты партизандардың қаза табуына себепші болды. Орынсыз бұйрықтармен  жаудың өтіне айдап салып отырды. Оның Кеңес Одағының Батыры атағын алуы келеңсіз жағдай. Мәселен, шайқас жүріп жатқанда ол Григорьевка селосының маңына да жоламаған. Бар болғаны штабта Н.С. Хрущевтың қабылдауында болған» [8] деп жауынгер досына хатын 1984 жылдың 27 қыркүйекте аяқтаған.

Украина жеріне барып қайтқан сапарым. Мені 2011 жылдың 13-14 мамыр күндері өтетін ІІ Бүкілукраиндық оқуларға (халықаралық конференцияға) таныстарым шақырған еді. Мамыр айының 12 күні славян халқының өсіп-өнген қасиетті жері украина жеріне табан тіредім. Алдымнан қарсы алған таныстарым тарихшылардың қызмет жасайтын Переяслав қаласының мемлекеттік университетіне алып келді. Кешке қарай Днепр шайқасының бір құрамды бөлігін құрағн село Григоревкаға қарама-қарсы сол жағалауға табиғат аясына алып барды. Сол жерде жүргенде Иван Андреевич Капас дейтін әріптесім қолын оң жағалауға нұсқап тұрып, анау жердегі биіктігі 100 метрден асатын жарғабақтан немістер келіп, бергі жағынан кеңес әскері аттанып, алапат шайқас өткен дейді. Оған сіздің жерлесіңіз Қасым Қайсенов партизандарымен шайқасып өткен деп нақтылап түсіндіріп тұрды. Кешке қараңғы түсердің алдында Украина жеріне келген қонақтар – А.Н. Невежин (Ресейден), Р. Шевченко (Молдавиядан), Қ.А. Енсенов (Қазақстаннан) және украиналық жас ғалымдар Тарас Ногайка, Алексей Лукашеевич, Витали Куцор, Иван Капастармен бірге сол жағалаудан оң жағалауға қаратып тұрып бірге фотоға түстік. Өйткені, оның өзі тарихи орын және тұрған сәтімізде болашақ үшін тамаша естеліктер болмақ. 

Келесі 13 мамыр күні халықаралық конференция өтті. Оған бүкіл украинаның жер-жерінен жас ғалымдар жиналды. Ерекше разы болғаным, береке-бірлігі бар халық екен. Біреуі бяндама жасағанда екіншісі соншалықты мұқият тыңдап отырды. Сондай-ақ, барлығы ана тілінде баяндама жасады. Оған қатысқандардың барлығы 90 адам шамасында болды. 

Одан кейінгі күні украиналық әріптес жас ғалымдар өздерінің елдері мен тарихи жерлерін таныстыруға біздерді ертіп шығып, Переяслав қаласындағы бұрын Вознисенкий  шіркеуі болған, қазір соғыс мұражайына алып барды. Онда: Украина «Министерство культуриі туризму ноциональний історико-этнографический заповедник – переяслав». Музей-Діорама «Бытва за дніпро в районі переяслава І створення Букринского плацдарму восени 1943» деп жазылған. Яғни, бұрынғы шіркеу ішіне қазір музей орналастырылған. Ішіне кірсек, Днепр шайқасының үлкен суреті қойылыпты, одан басқа партизандардың киімдері, қарулары, фотолары, жорық жолдарын көрсететін карталар тұр. 

 

         Қасым Қайсенов шайқасқан Днепр жағасына барғанда. 2011 жыл.

Дәл сол жерде Қасым Қайсеновтің «Переяслав паризандары» деп аталатын кітабы және соғыстан кейін барып, партизан достарымен түскен фотолары бар екен. Сол жердегі фотолардың ішінен әріптестерім Татяна Похолок есімді украин әйелінің фотосын көрсетті. Ол кезінде Қ. Қайсенов партизан достарымен арасында селоға келіп жүргенде араласқан және оларға жасырынып келіп-кетіп жүргенде көмек көрсеткен күрескер әйел болған дейді. Онымен әріптестерім 2009 жылы кездесіп, тірі куәгер ретінде барлық көргені мен білгенін сұрап жазып алған екен. Мен қайтарда ол кісіге жолықпақ болып сұрастырған едім. Өкінішке орай, ол 2010 жылы қайтыс болып кеткен екен. 

Жалпы, Украина жеріне сапарым сәтті болды. 4 қаласын көрдім (Киев, Бориспль, Переяслав, Канев). Тарихшы әріптестерім арнайы Канев қаласына апарды. Онда Тарас Шевченко жерленген екен. Ол қаланың ортасынан Днепр өзені ағып өтіп жатыр. Расында өте үлкен дария ғой. Қаншама уақыт тарихи оқиғалар болып өткен жер. 

Қ. Қайсеновтің әдебиетімізге әкелген оның екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі өз басынан кешірген қиын-қыстау оқиғалары, фашистермен бітіспес қатал да қанды айқастар, өзі қатысқан, өзі басқарған халық кегін алушылардың қарулы күресі. Ол тарихи шындықтан шықпай өзінің басынан кешірген оқиғаларын жазды. Батырдың қалам тартқан әдеби жанры -партизандар ерлігі жайында жазылған еңбектерден тұрады. Онда халықтың аңызына айналған партизандар ерлігі баяндалған. Еңбектерінің топтамаларына жас ұрпақты патриотизмге баулыйтын, ерлікке шақыратын таңдамалы үндеу әңгімелері, повестері кірді.

Қорытындылай келгенде, қазақ халқының атақты батыры Қасым Қайсенов туралы деректі фильмдер түсіріліп, зерттеу еңбектері жазылуы керек. Оның барлығы болашақ ұрпақ тәрбиесі мен ел тарихы үшін өте маңызды шаралалар болмақ. Әлемдегі кез келген халық ұлы тұлғалары, ақындары мен батырлары арқылы мәңгі жасайды. Қазақ халқы: «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген ғой. Сондықтан, қазақ халқы бар кезде оның адал перзенттерінің де аты ешқашан ұмытылмақ емес.

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімі:

1. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік архиві (ҚРОМА). 2368-қ., 1-т., 264-іс, 4-п.

2 . ҚРОМА. 2368-қ., 1-т., 264-іс, 5-п.

3. ҚРОМА. 2368-қ., 1-т., 67-іс, 2-п.

4. ҚРОМА. 2368-қ., 1-т., 67-іс, 3-4-пп.

5. Черненко А. Партизан из рода батыров // Вечерний Алматы, 16  апрел, 1998 г. С. 3.

6. Афанасьев В. Битва за Днепр // Обозреватель, №1. -  2010. -   С. 1-7.

7. ҚРОМА. 2368-қ., 1-т., 248-іс, 3-4 пп.

8. ҚРОМА. 2368-қ., 1-т., 248-іс, 1-2 пп.

ҚАНАТ ЕҢСЕНОВ, 

ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы

 институтының жетекші ғылыми қызметкері,

 тарих ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор