Әсет Найманбайұлының өмірден өткеніне 100 жыл
21.07.2023 1635

Қазақ музыкасы тарихындағы елеулі, ерек тұлғалардың бірі – Әсет Найманбайұлы. Биыл әйгілі әнші, айтыскер ақын, сазгер, ағартушы, аудармашы Әсет Найманбайұлының өмірден өткеніне 100 жыл толды. Осыған орай Әсет Найманбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы қарастыруды жөн көрдік. 


Әсет шығармаларының алғаш баспа бетінде жарық көруі – 1910 жылдан басталады. Энциклопедист Құрбанғали Халиди Әсеттің бірнеше өлеңін жазып алып жариялаған екен. Кеңес дәуірінде Әсет Найманбайұлы есімі көмескіленіп қалмағанын көреміз. 1925 жылы Сәкен Сейфуллин Әсет өлеңдерін бастырса, 1936 жылы ғалым, ақын Бүркіт Ысқақов Әсет шығармашылығы туралы мақала жариялайды. 1968 жылы әдебиеттанушы ғалым Балтабай Адамбаев Әсет Найманбайұлы шығармаларын жинақтап, құрастыпы бастырады. 1988 жылы Бексұлтан Нұржекеевтің құрастыруымен жарық көрген «Әсет» атты жинаққа 29 ән мәтіні, 71 өлең, 10 айтыс-қағысы, 8 қисса-дастаны енгізілген екен. Сонымен қатар Әсет Найманбайұлының өмір жолы мен шығармашылығына өткен ғасырдың ортасында Есмағамбет Ысмайылов, Ахмет Жұбанов, Ханғали Сүйіншәлиев, т.б. әдебиеттанушы, музыкатанушы ғалымдар өз еңбектерінде тоқталып, ақынның мұраларын жинақтаған болатын. 1989 жылы жарық көрген «Бес ғасыр жырлайды» академиялық жинағы ІІ томының 337-345 беттерінде Әсет Найманбайұлының туындылары енгізілген. 

Арғынмын, атым Әсет арындаған,

Арындап ән сала ма дарымаған?

Аспанның аясында ән шалқытқан,

Бұлбұлмын, даусым көкте дамылдаған, -

деп қазақ әнінің көгінде шырқау биікке дауысын әуелете шырқап өткен Әсет Найманбайұлы 1867 жылы дүниеге келіп, 1933 жылы өмірден өткендігі туралы деректі ғаламтордан, әр кезеңде шыққан кітаптар мен энциклопедиялардан оқуға болады. Осы ретте тоқталуды қажет ететін бір жағдай: Әсет Найманбайұлының өмір жолына қатысты кешелі-бүгінгі басылым беттеріндегі сан алуандық. Яғни оқырман үшін бірізділіктің болмауы. ХХ ғасырдың екінші жартысынан қазіргі дәуірге дейін жарық көрген академиялық жинақтар мен энциклопедияларды алып қарастырып, салыстырғанда осы жағдайға анық көз жеткіземіз. Атап айтқанда 1989 жылы әдебиеттанушы ғалымдар Мардан Байділдаев пен Мұхтар Мағауиннің құрастыруымен жарық көрген «Бес ғасыр жырлайды» жинағының екінші томы, 337-бетінде мынадай мәлімет берілген: «Әсет Қарқаралы уезінің Темірші болсынына қарайтын 8-ауылда (қазіргі Жезқазған облысы, Қоңырат ауданы, «Қызыларай» колхозы) туған. Осы маңдағы Керегетас, Қызыларай таулары мен Қаршығалы өзенінің бойы – Әсеттің ата мекені болған». Демек Әсет Найманбайұлының кіндік қаны тамған туған өлкесі – Қызыларай таулары болып табылады деген сөз. 2011-жылы Қарағанды қаласында жарық көрген «Қаз дауысты Қазыбек би» атты энциклопедияның 186-бетінде Әсет Найманбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы анықтамалық дерек берілген. Онда былай деп жазылған: «Әсет Найманбайұлы 1867 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қызыларай ауылы – 1923, Қытай, Іле аймағы, «Көкқамыр» жайлауы». Бұл деректен біз бұрынғы Қоңырат ауданның қазіргі Қызыларай кеңшары – қазіргі Ақтоғай ауданының Қызыларай ауылы екенін бағамдаймыз. Бұл деректер – бірізді. Ал 2005 жылы Алматы қаласында жарық көрген «Қазақ мәдениеті» энциклопедиясының 93-бетінде мынадай деректі көреміз: «Әсет Найманбайұлы (1867, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Бақты ауылы – 22.3.1922, Қытай, Құлжа қаласы». Мұндағы дерек бойынша Әсет Найманбайұлының туған жері – қазіргі Абай облысының Үржар ауданы деген ұғым туындайды. Әрине, Әсет Найманбайұлы немесе жалпы әнші ақындар өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеген, жақсы мағлұматқа ие жандар болмаса, мұндай алуан түрлі ақпараттар былайғы жұртты күмәнді ойға қалдыратыны анық.  

Әсет Найманбайұлының туған жері туралы нақты деректі біз академик Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» академиялық еңбегінен табамыз. Аталған кітаптың 261-262-беттерінде ақын, композитор Әсет Найманбайұлы туралы дерек берілген.

Ішінде Ахаң бар, 15-16 адамдық өнерпаздар тобы 1942 жылдың көктемінде, нақтылай айтқанда мамыр айында тылдағы еңбекші жұртты аралап концерт қойып, жабырқаулы жұрттың көңілін көтеріп, әрі майдан үшін қаражат жинап жүреді. Кәсіби музыканттар тобы Семей облысының Аягөз, Үржар, Мақаншы аудандарын аралап келе жатады. Композитор Ахмет Жұбанов барған жерінде тек жоспарлы концерт қоюмен ғана шектелмей, зерттеу жұмысымен де шұғылданып, әр өңірде бұрын-соңды өмір сүрген өнер адамдары туралы сұрастыра жүреді. Осылай олар Мақаншының Бақты ауылына келеді: «Соңғы концерттің алдында бір село тұрғынының үйінде, әдетше шайды тартып отыранымызда, мен отырып: «Осы арада белгілі Әсет әнші болыпты дейді, тіпті осы маңайда қайтыс болса керек, оны білетін бұл арада кім бар және үй-ішінен, бала-шағасынан біреу-міреу табылмас па екен!» - дедім. Үй иесі әйелі (ері майданда екен): «Осы бізге қарсы үйде Әсеттің туған қызы тұрады, керек десеңіз шақыртайын», - деді. Біз қуанып кеттік. Көп ұзамай, бойы орташа, қара торы, әкесіне қатты ұқсайтын, жаңылмасам отызға әлі кіре қоймаған әйел келді. Үйлі-баранды болған. Ән салмайды», - деп атап көрсетеді, сол ауылдағы Әсеттің қызымен кездескендігі турасында.

Әсеттің 1923 жылы өмірден өткенін ескерсек, отызға ілінбеген деп сипаттап отырған қызы әкесінен жас қалғандығы анық: «Әкесін анық біле алмайды. Жас қалған болуы керек. Ол өзінің үлкендерден естіген-білгендерін бізге айтып берді. Бірақ көп жаңалық жайлар шықпады. Көбіне ол кісінің қатты риза болғаны – біздің әкесінің өмірбаянын, әншілік жолын, жүрген жерлерін, туған, өлген кездерін сұрағанымыз болды», - деп жазады.

Бұдан әрі қарай академик Ахмет Жұбанов ақын Әсеттің туған жері туралы мынадай деректі келтіреді: «Әсет 1867 жылы Қарқаралы уезі, Темірші болысы, 8-ауылда (осы күнгі Қарағанды облысы, Қоңырат ауданы «Қызыларай» колхозының тұрған жері) туды. Алғашқы мекені Кертас тауы, Қаршығалы өзені болды. Руы – қаракесек, оның ішінде – Майлық. Кейбір деректерде Әсеттің туған жылы 1856 немесе 1864 болып та келеді. Самегой деген қызының жоқтауындағы сөзіне қарағанда және баласы Қожекенің сөздеріне сүйенгенде Әсеттің туған жылы 1867 болып шығады. Әсеттің жас кезінде әкесі Найманбай осы кездегі Мақаншы ауданына қарасты (Семей облысы) Бахты (Көктұма) маңына көшіп барады. Әсетті сол Көктұма қаласындағы Зейнұлла дегеннің медресесінде оқытады. Әсет ескіше хат таныды, жаза білетін болды. Жасынан зерек, алғыр бала Әсет өз қатарынан ілгері болып, молданың да, айналаның да көзіне ерте түседі. Бір жағынан оқудағы ұқыптылығы болса, екіншіден оның жастай әр нәрсеге әуестенуі көргендердің көңілін аударады». Академик Ахмет Жұбановтың келтіріп отырған дерегі – тарихи ақиқат деп білеміз. Әсет Найманбайұлының жастық шағы мен ержетіп өнерпаз атанып, тарихи тұлға болып қалыптасқан өңірі – қазіргі Мақаншы ауданы мен арғы бет – ҚХР, ШҰАР Іле қазақ облысы екені белгілі. Бұл – әбден зерттелген, зерделенген ақпарат. Айтпағымыз – алдағы кезеңде Әсет өмірі мен шығармашылығына қатысты бірізділік сақталса дегендік болмақ.

Жоғарыда атап өтілгендей әкесі Найманбай Әсеттің жеті-сегіз жасында ата қонысы Қызыларайдың Керегетастағы қыстауынан, Алакөлдің бойындағы Еміл-Барлық болысының жері Көктұмаға (қазіргі Абай облысы, Мақаншы ауданы, Бақты ауылы) отбасымен бірге Семей қаласына қоныс аударып келеді. Бұл арада да тұрмыстары оңала қоймаған себепті, Бақтыда тұратын әпке-жездесіне көшіп барады. Осындағы Зейнулла имамның медресесінде оқуға қабылданады. Медреседе оқыған кезінде Әсеттің таланты ашыла бастайды. Он төрт-он бес жасқа келгенде әкесі Найманбай қайтыс болады. Жан сақтаудың қамымен Көктал болысындағы нағашысына барған Әсет көп ұзамай өзінің әншілігімен, ақындығымен жұрт көзіне түсе бастайды. Аз уақытта-ақ елдің еркесіне айналып үлгерген Әсет осында жаңбыршы руының Кермеқас (Керімбала) атты қызымен  отбасын құрып, біржола тұрып қалады. Анасын да қолына алған соң бойындағы бар талатын халқына ұсынып, елінің еркесі ретінде ғұмыр кешеді. «Жігіттің жүрген жері – Мысыр шаһар» деп қазақ бекер айтпаған. Осылайша он бес жасында нағашы жұртына келген Әсеттің Әсет болып қалыптасқан құтты мекені – Жетісудің теріскейі мен күңгей беті болып тарихқа таңбаланды:

Тауық боп тары тердім Найман шалдан,

Найман шал – айы туған маңдайшадан,

Үйректей, қаздай қалқып жүрмін жүзіп,

Көл – елде, көп жұртымда қыдыр шалған.

Ертіс, Сыр, Есіл, Іле өзендерім,

Тау өтпес Тарбағатай, Тянь-Шаньннан.

Ми дала, меңіреу шөл, күміс көлдер.

Мекенім ертеде елім ірге жайған.

Құм қыстау, өлке көктеу, өзен күзеу,

Жайлауым – жалпақ дала қарлы таудан.

Ойда – орыс, өрде – қытай қоныстасым,

Ауылым бар Ауғанға да таяп барған.

Ән мәтінінен алынған бұл жыр жолдары – Әсет ақынның тағдыр жолын, қоныс бағдарын бейнелейтін шынайы ғұмырнама. Әсеттің өнген-өскен, басына үй тігіп, бауырына қазан асқан және ұрпақ-жұрағаты тамырын тереңге тартқан өңірі – Мақаншы ауданы болса, біршама уақыты арғы бетте өтеді. 1916 жылғы Ресей патшалығы тарапынан жасалған қанды жазалуға қарсы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде көптеген жұрт шетелдерге, соның ішінде Қытайға асқаны белгілі. Әсет те жазалаушы отрядтардан жан сауғалап қашқан кезде Қытайға өтіп кетеді.  Сөйтіп Әсеттің шығармашылық өміріндегі екінші кезең басталады. Шын мәнінде Әсет Найманбайұлының әндері мен өлеңдері, дастандары мен айтыстары молынан сақталғаны – Қытай қазақтары ортасында болғаны, өткен ғасырдың елуінші, алпысыншы, одан бергі, әр кезеңде арғы беттен оралған қандастармен бірге Әсет туындылары өзінің бар бояуымен Атажұртқа жетіп отырды дей аламыз. Әсет туындыларының Қытай қазақтары арасында кеңінен танымалдығының бір куәсі – 1945 жылы «Салиха-Сәмен» поэмасы мен таңдамалы өлеңдері жеке кітапша болып басылып шыққан екен. Қытай қазақтары арасынан шыққан көптеген әнші-ақындар өздерін Әсеттің шәкіртіміз деп есептеген. Әсет туындыларын жеткізушілердің ішінде қазақтың жезтаңдай әншісі, композитор, Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақышевтың орны ерекше. Әсеттің әндерін арғы беттен саф күйінде алып келіп, керемет орындаушылығы арқылы туған халқымен қауыштырды. 

Ішінде өсіп-өндім қызай елдің,

Жерлерін Күнес, Текес мекендедім, - 

деп өзі айтатынындай, Әсет Найманбайұлының өмірінің елеулі бөлігі Текес, Күнес бойындағы қазақтар арасында өтеді. Әсеттанушылардың атап көрсетуінше, әншілік, ақындық, айтыскерлік, аудармашылықтан өзге ағартушылық қырымен де осы Текес, Күнес өңірлерінде танылған екен. Әсет Қытай жерінде жүргенде тек Іле бойында ғана емес, Алтай, Тарбағатай аймақтарында да болып, ондағы өнер шеберлерімен жүздесіп, өз өнерін ортаға салып, танымал болады. Сондықтан да Әсет Найманбайұлының шығармашылығы күллі Қытай қазақтарына жақсы таныс болған деп сеніммен айта аламыз.

Әсет Найманбайұлы – танымал айтыс ақыны. Әсеттің айтыскерлік қыры тым ерте жұртқа танылғанын Ырысжан қызбен айтысынан білеміз. Екі ақын бір-бірімен өлең сөзбен қарпыса келе жас сұрасуға көшеді. Сонда Ырысжан ақын:

Қой, Әсаға, осы сөзден адасалық,

Аз ғана ақыл сөзбен жанасалық.

Біреу үлкен, біреуіміз кіші болмай,

Кел енді жасымызды санасалық, - 

дегенде Әсет қызға алдымен өз жасыңды айт дегенге келтіреді. Сонда Ырысжан қыз өзінің он алтыдан он жетіге шығатынын айтады. Әсет сонда былай деп жырлайды:

Тағады теңге-шашбау қыз артына,

Жаққанмын жас күнімнен өз халқыма.

Ырысжан, ынтаменен сырласайық,

Шығып ем он бесімнен он алтыға, - 

дейді. Демек екі ақын айтысқан уақыты 1882-83 жылдары деп шамалауға болады. Екі ақын саяси-әлеуметтік мәселелермен қатар, жұмбақ айтысқа кеңінен орын береді. Көбінесе Ырысжан жұмбақтап, Әсет шешіп отырады. Ақыры Әсет Ырысжан ақынға былай дейді:

Бұл бір оңай жұмбақ қой көңілдегі,

Дұрыс па қыздан Әсет жеңілмегі?

Арғын, найман, алты арыс, уақ, керей,

Сап жүйрікпін Сарыарқа өңірдегі,

Адамның бар денесін жұмбақ қылып,

Қалды ғой енді әкеңнің кеңірдегі?

Ақыры бұл жұмбақ айтыста еш мүдірмеген, сөзден сүрінбеген Әсет ақын жеңіске жетіп, қыздың орамалға түйілген алтын жүзігіне ие болады.

Әсет – эпик ақын. Ақынның Тарбағатай, Алтай, Алатауды мекендеген күллі қазаққа танымал болған «Салиха-Сәмен» және «Пушкин», «Ағаш ат», «Үш жетім» т.б. поэмалары мен дастандары бар.

«Қысмет», «Әсет», «Қаракөз», «Інжу-маржан» секілді қазақ ән өнерінің жауһары қатарына енген ерекше әндері – Әсет Найманбайұлының шығармашылық әлеуетін танытады.

Әсет Найманбайұлының ақындық әлеуетін, өз тұсындағы жаңашылдығын анық аңдаған қытай қазақтарының «Әсет – екінші Абай» деп бағалауы бекер емес. Әсеттің әншілігіне қоса,ән өлеңдеріндегі екпін мен ырғақ, сөз қолданыстың өзі бір ғажап! Бұл – қазақ поэзиясының Құлагер тағдырлы  дүлділі Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығына қозғау салып, өнер адамдары туралы тамаша туындылар жазуына дем болған деуге негіз бар. Ілияс туындысы мен Әсет әнінің сөз қолданыс лебі мүлде жымдасып кеткенін көреміз:

Ән салсаң, Әсеттей сал әсемдетіп,

Қоздырып, белебені дәсерлетіп.

Шырқатып, шығандатып, шалықтатып,

Шапшытып, шүмектетіп, нөсерлетіп.

Талдырып, талықсытып, тамылжытып,

Орғытып, орағытып, басқа өрлетіп,

Самғатып, саңқылдатып, сар желгізіп,

Ұрынтып, өршелентіп, бәсеңдетіп...

Қазақ тіл білімі ғылымында «көсемше» аталған етістіктің түрі арқылы ән салудағы әншінің көңіл-күйін, шабыттануын, шырқау тәсілін, тыңдаушыға жеткізу қалыптарын «көсемшелей» отырып қандай ғажап жеткізгеніне тәнті болмасқа еш амал жоқ.

Серпілтіп, сумаңдатып, сексен ырғап,

Қырық қарып, тоқсан толғап, бес өрлетіп,

Қарқынды үн қан қайнатып, жүрек жұлып,

Жан жалмап, көңіл тербеп, әсерлетіп,

Сүйе бер, суырылтам ән сұлуын,

Тілің бал, сілекейің шекерлетіп.

Сарайым – саба құям, пісіп-пісі,

Қойдырман ән қымызын ой кернетіп.

Сөз – жаңбыр, даусым – дауыл, әнім – ескек,

Ойнақтап басылайын аз желдетіп.

Осындағы асқан динамиканы, әсерлеу мен көркемдеудің не бір шешендік қолданыстарын айтып тауысу мүмкін емес. Айтушы мен тыңдаушының арасындағы байланысқа құрылған саз бен әуеннің ғажап үйлесімді сәтін бұдан артық қалай жеткізуге болады? «Құлақтан кіріп бойыд алар, әсем ән мен тәтті күй», - дейтін Абай айтқан халді шырқау шыңырау ән арқылы лапылдата, лықсыта отырып жеткізу – Әсеттей ән падишасының қолынан келетін психологиялық қалып-күй. 

Әсет шығармашылығына Абайдың ықпал, әсері ретінде біз оның көлемді романдарды аударуға талпысынан аңғарамыз. Бұл – Абай айналасына тән құбылыс болатын. Әсет те осы үрдіспен орыстың әйгілі ақыны А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне аударады.

Әсет Найманбайұлының 1923 жылы Құлжа қаласында қайтыс болғаны туралы өмірбаянында айтылады. Елудің дәл ортасына келіп, шығармашылық әлеуеті нағыз кемеліне келген шағында қапияда болжаусызжеткен ажалға тап болады.

Ертең жазып, бүрсікүн бітірем деп,

Баянсыз тіршілікке сенуменен,

Қатын-бала асырау амалында,

Кеттім-ау үнем көңіл бөлуменен,

Менен сорлы ақын да өтті ме екен,

Бір сөзі баспа орнына берілмеген.

Осыменен өмір бітті, дем таусылды,

Ішімде көп сөз кетті-ау терілмеген.

Тіршілікте әрекет етпеген соң,

Сүйектен не шығады кебіндеген, -

деп өкініштен өзегі өртене жырлаған ақынның ажалы мүсәтір (аммоний хлориді) дәрісі деп абайсызда ішкен улы алмас (сулема) дәрісінен келеді:

Үйімде Қапаридіңң жатып алдым, 

Алмасты мүсәтір деп татып салдым. 

Ажалды Алла маған бергені жоқ, 

Құлжадан бес теңгеге сатып алдым.

Өлімді ойламаған жазған басым.

Дүрмекке елітіп жүріп, қапы қалдым,

Өрнекті өлеңімнің гүлі қурап.

Сөгілген ескі етіктей қақырадым,

Ел-жұртым қоштасатын мезгіл жетті.

Найман ел, жалпақ үйсін, қалың арғын.

Әсет Найманбайұлының бұл өлеңі 1923 жылы жетінші айдың жиырма үшінде Көкқамыр жайлауында жазылған екен. Өзінің ажалы жетер мезетін де осылайша өлеңмен өрнектеген өршіл ақын, асқақ әнші осы арада өмірден өтеді.

Ұраным Арғын Шордан Қаракесек, 

болмайды адалдыққа арам есеп, - 

деп жырлаған ақынның өлеңдерінің мазмұны әділет пен адалдық, елшілдік пен тектілік сияқты жақсы қасиеттерді ұлықтау, адам бойындағы жаман әдет-қылықтардан жирену болып келетінін көреміз. 

Ақылдының сөзінде жұпары бар,

Ғылыммен тән тазарып жанданады.

Оқудың түзетпейтін адамы жоқ,

Қараңғы мінбарларға шам жанады.

Ақылды – аз ашулы, көп пікірлі,

Пайдалы насихатты аңғартады.

Жаманның көрпесінің өлшеуі жоқ,

Әлбетте, артын білмей паңданады.

Аман жұрт бір айыптан табылар ма,

Ақыл көзбен қарасақ, хан-қараны.

Білімдінің азығы – шикі надан,

Оқымай қайдан жазсын бұл жараны.

Әсет – «білімдінің күні ғаріп, білімсіздің күні ғаріп» деген қағиданы нық ұстаған ағартушы тұлға. Әсеттің арғы беттегі ағартушылық қыры туралы алдағы уақытта әлі де зерттеулер жүргізіп, сан қырлы тұлғаның өмірдерек қорын байыта түсуге үлкен мүмкіндік бар деп білеміз.

Әсет өлеңдерінде қазақ қоғамындағы көлеңкелі тұстарын аяусыз шенеу бар. Әсіресе ғасырлар бойы билік құрып келген төрелер институтындағы «ата даңқымен қыз өтер, мата даңқымен бөз өтер» деген жағдаймен біліксізді билікке қоюды Әсет сынға алады:

Төрені түк білмейтін сұлтан қойып,

Көргендер –білгендермен теңеле ме?

Хабарсыз қара көңіл қазағым-ай,

Еріксіз билік беріп, сол немеге?

Ақын – өз дәуірінің қуанышы мен қайғысының, жақсылығы мен жамандығының тамыршысы. Әсет заманы – тек қазақ қоғамы ғана емес, дүниежүзінде алуан түрлі төңкерістер мен соғыстар, өзге де алапат оқиғалар орын алған кезең. Қай заман болмасын, сауда қатынасы ебін тауып ел ішінде қанат жайып отыратыны белгілі. Араны ашылған өсімқор саудагерлердің ашкөздігі жайлы Әсет ақын былай дейді:

Сарт, ноғай саудагер бар базардағы,

Ол дағы қараңғы елге тажал дағы.

Ойламай бір теңгеге бір қой алып,

Халықтың ебін тапты олар дағы.

Бір теңгеге он теңге вексель жасап,

Халықтың қанын сорды-ау болар дағы.

Әсеттің атақ-даңқы негізінен өзінің орындау кез келген әншінің қолынан келе бермейтін «Қысмет» сияқты шырқау биік немесе ойлы лирикаға құрылған «Інжу-Маржан», «Мақпал» сынды әндерімен дүйім қазаққа белгілі болды дегенімізбен, бізге жеткен өлеңдеріне қарап, ақындық қуатының да осал болмағанын аңдаймыз. Әсеттің тілі бай, ойы жүрік, көркем сөздің небір өрнегін еркін кестелей біледі. «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», - деп Абайдың айтатынындай, Әсет те өлмес әндерімен қатар, өлмес сөз қалдырған талантты ақын. Әсеттің тым ертеден Абай шығармашылығына ден қойғаны, 1889-1891 жылдары Абайдың жанында, ақын шәкірттерінің қатарында болғаны туралы зерттеушілер жазады. Байқаусызда дәрі деп ойлап у ішіп алғаннан кейінгі шарасыз халдегі Әсеттің соңғы сөзі, арманы – соңына Абайдай асыл сөз қалдыра алмағандығы болыпты. Алайда – бұл шығармашылық адамының әрқашан өзіне көңілі толмайтын сыни қасиетінің көрінісі болса керек.

Болжаусыз осы екен ғой өлім деген,

Күн бұрын көзге келіп көрінбеген.

Артыма сөз қалдырмай ала кеттім,

Айғайға қайран даусым ерінбеген.

Абайдай арт жағына сөз қалдырып,

Жақсы еді-ау, әттегене-ай өлу деген.

Соңына жасқы сөз қалдырмаған немесе қатардағы көп әнші ақындардың бірі болған болса, аты көмескіленіп, немесе мүлде ұмытылған болар еді. Демек Әсет ақын да «Абайдай арт жағына сөз қалдырып өткен шығармашылық иесі.

Әсеттің сан қырлы таланты туралы айтылып та жазылып та келеді. Әлі де айтыла да, жазыла да беретіндігі анық.