Өнерде бейнеленген мәңгілік
01.11.2023 1312

«Астана Опера» балет труппасы 17-18 қарашада көрермендерді «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» бірегей балет қойылымында көрсетілген мәңгілік махаббат әлеміне жетелеп, ұлы Людвиг ван Бетховеннің қиын өмірі мен шығармашылығы жайлы хикаяны баяндайды. Бұл күні көпшілік Раймондо Ребектің керемет хореографиясында жүзеге асқан шексіз сұлулықпен және терең сезімдермен кездеседі. 


Еске сала кетейік, «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балетінің әлемдік премьерасы біртуар неміс классигінің 250 жылдығына арналған болатын. «Астана Опера» – репертуарында Бетховеннің құрметіне арнап жасалған балет қойылымы бар әлемдегі жалғыз театр екенін айта кетуіміз керек. Сондықтан арада үш жыл өткеннен кейін көркемдік басшылық хореографияны қайта жаңарту және балетті театрдың тұрақты афишасына қайтару жұмыстарын қолға алды. 

Қоюшы балетмейстер Раймондо Ребек осы үшін арнайы шақырылды. Ол труппаға хореографияны бүге-шүгесіне дейін үйретіп жатыр. 

Балет әртістерімен қатар, бұл қойылыммен опера труппасы және хор әртістері жұмыс істеуде, олар спектакльдің ауқымы мен маңыздылығын арттыра түседі. 

Ал қоюшы дирижер Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі симфониялық оркестр Бетховеннің туындыларына, оның ішінде ғаламат Тоғызыншы симфониясына, сондай-ақ Бах, Гайдн, Моцарт пен заманауи композитор Дирк Хаубрихтің шығармаларына дайындалуда. Қойылымның музыкалық негізі осы композиторлардың шығармаларынан құралған. Жетекші концертмейстер Долорес Үмбетәлиева рояльда соло орындайды.

Жапон сценографы Йоко Сеяманың шыны сарайды еске салатын декорациялары осы күні сахнада орнатылып жатыр. Қоюшының тұжырымдамасына сәйкес, мөлдір хрусталь – балеттегі іс-қимылдың қандай да бір нақты мерзімге және орынға жатпайтынын көрсететін басқа уақыт өлшемінің символы саналады. Сонымен қатар  таңның атқанын бейнелейтін үлкен мата, композитор өмірінің көкжиегіндегі жарық жұлдыздар тәрізді сәулелі нүктелер және тағы басқа жұмсақ декорация элементтері көпшілікті міндетті түрде таңғалдыратын болады.  

Әртістер сахнада Бетховен әлемін жаңадан жасайды, оның күш-қуатқа кенелетіні сонша, көрермендер барлығы солай болғанына еш күмән келтірмейді. Бұл үшін қоюшы Раймондо Ребек ұлы композитордың қиын өмірі мен шығармашылығы туралы жазбаларға жүгініп, қойылымды әсерлі ету үшін оқиғаға ойдан шығарылған кейіпкерлерді қосты. Сонымен, Эвтерпа – Шабытты орындауға Әсел Шәйкенова, София Әділханова, Аделина Төлепова дайындалуда. Сырқат – Серік Нақыспеков, Сұлтанбек Ғұмар, Даянхан Құмаров, Махаббат – Айгерім Бекетаева, Мәдина Өнербаева, Анастасия Заклинская. Бетховеннің басты партиясын Бақтияр Адамжан, Арман Уразов, Ғалымжан Нұрмұхамет таныстырады. Әке – Сұңғат Қыдырбай, Қуат Кәрібаев, Олжас Тарланов және тағы басқалары.