Теңге – тарих
15.11.2023 2774

Бүгін 15 қараша – Ұлттық валюта күні. Қазақстан Республикасының Президенті 1993 жылы 12 қараша күні «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» құжатқа қол қойған болатын. 15 қарашада теңге айналымға енді. Биыл бұл даталы оқиғаға 30 жыл толып отыр. 


XI– XIII ғасырларда қазақ жерінде соғылған теңгелер

Жалпы қазақ теңгесінің тарихы тереңде жатыр. Өкініштісі бұл тақырып әлі толық зерттелген жоқ. Десек те, қазіргі таңда қазақ теңгесі, яғни ұлттық нумизматикамызға қатысты жәдігерлер Түркістан қаласында орналасқан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музей қорында сақтаулы тұр. Атап айтқанда, қорық музейдің нумизматикалық теңгелер тобында 13583 дана жәдігер болса, олардың 7695-і негізгі қор есебіне, 5888-і көмекші қор есебіне алынған екен. Бұлардың дені –  ерте орта және XIV ғасырға тән бұйымдар көрінеді.

Осы орайда, X-XIII ғасырларда қазақ даласында соғылып, ортағасырлық сауда-саттық ісіне пайдаланылған теңгелер жайлы қолымызда бар ақпаратты портал оқырмандарымен бөлісуді жөн көріп отырмыз. 

Күшілік ханның күміс теңгесі

Бұл жәдігерді өткен ғасырдың 90-шы жылдары дүние бүлініп, құнды бұйымдар талан-таражыға түсіп жатқан тұста танымал нумизматыр һәм шығыс эпиграфикасының білгірі, Алматы қаласының тумасы Владимир Настич азиялық қалта саудагерлердің бірінен сатып алған екен. 

Қазіргі таңда Ресей Ғылым Академиясы Шығыстану институтының бөлім меңгерушісі Владимир Нилович әуелі, күміспен қаптаған бұл жәдігер 1213-1214 жылдары Эл-Узжанд (Үзген, Өзген, Үзгент) қаласында құйылғанын анықтаған. Бұл шаһар қазір Қырғыз Республикасы Ош облысындағы аудан орталығы ретінде белгілі. Қаланың көне орны Қарадария өзеннің оң жағалауында орналасқан. Шаһар XI ғасырда найман Күшілік ханның ордасы болғанын тарихтан білеміз.

Шығыстанушы Владимир Настич 1998 жылы жоғарыдағы күміс теңгенің қос бетіне жазылған жазуларды оқып, оның аудармасын ғылыми ортаға жариялапты. Күміс теңгенің сол жақ бөлігінің бетіне: араб тілінде «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деп жазылса, осы жазудың жиегін айналдыра қоршап «Алланың атымен бұл дирхам (теңге) хижраның 610 жылы Узжанб қаласында құйылды» деген жазу жазылған екен. Ал теңгенің келесі бетіне (суретте оң жақта): «Аш-жалаңаш бұқараны бай, бағлан болдыратын Khānān-Khān мың жасасын» деп жазылып, осы жазуды айналдыра «Бұл дихрам хижраның 610 жылы Узжанб қаласында құйылды» деген жазу жазылған  (Настич В. Н. Загадочный узгендский "голодный" дирхам 610 г. х. - чекан карахытайского гурхана? // 6-я Всерос. нумизмат. конф.: ТДС . - СПб . - 1998 . - С. 59-60). 

Жоғарыда тиын бетіне бәдізделген «Khānān-Khān» атауын  В.Н.Настич: «Бұл сөз «Хандардың ханы» деген ұғымды білдіреді. Яғни, Ляо елінің билігін басып алған Күшілікті сол заман тарихшылары «Қара Киданның Гүр ханы» немесе «Хандардың ханы» деген лақап атпен белгілеген», дейді.

Кетбұға сұлтанның теңгесі

Кетбұға қазақ тарихында орны зор тұлға. Шамамен 1150 – 1225 жылдары өмір сүргені жайлы дерек бар. Өз заманында жырау, күйші, би әрі қолбасшы болғаны жөнінде айтылады. XIV ғасыр мұрасы «Шаджарат әл-атрак» атты кітапта жазылған аңызда: «Теңіз бастан былғанды, кім тұндырар, а, ханым, Терек түптен жығылды, кім тұрғызар, а, ханым» деп, Жошының өлімін әкесіне естірткені туралы айтылса, Доспамбет жыраудың «Кетбұғадай билерден, Кеңес сұрар күн қайда?» дейтін жыры бар. 

Бірақ мына күміс теңгені соқтырған адам басқа Кетбұға. Оған дәлел, күміс теңгенің өң бетіне «al-Malik al-Adil Zayn-ad-Din Kitbugha Ben Abd-Allah al-Mansuri al-Turki al-Mughli» деген жазу жазылып, теңге хижраның 694 жылы соғылғаны туралы мәлімет берілген. Яғни, бұл дата біздің жыл санау бойынша 1295 жылға дәл келеді.

Мұндағы біз сөз етіп отырған кіші Кетбұға атақты Айн Жалут шайқасында мамлюктердің қолына түскен құл екен. Оны сұлтан Калаун сатып алады. Осылай құлдыққа сатылған жауынгер Бейбарыс бабасы сияқты 1264-1296 жылдары Мысыр еліне патша болады. Осы жылдары өз атынан Ал-Кахира шаһарында күміс теңге соқтырады. Бұл жәдігер қазір Ұланбатыр қаласының тұрғыны Байырсайқан Басынсұрен (Bayarsaikhan Baasansuren) атты нумизматикатанушының жеке қорында сақтаулы тұр.

Өзбек ханның теңгесі

Өзбек хан (толық аты-жөні Мұхамед Сұлтан Өзбек хан) шамамен 1280-1341 жылдары өмір сүріп, 1313-1341 жылдар аралығында Алтын Орда ұлысының ханы болған. Арғы тегі – Бату әулетінен Меңгу Темір ханның немересі. Бұл кісі билік құрған жылдары Алтын Орда ұлысы барлық жағынан кемелденіп, қуатты империяға айналған. 

Орыс тарихшысы Н. Веселовский Өзбек хан туралы «бұл тамаша хан еді, ол Ордаға тәртіп орнатты. Оның билігі тұсында мемлекет өзінің дамуы мен күш қуатының ең жоғарғы шегіне жетті. Жеке ақша айналым жүйесін құрды» деп жазған екен.

Осы орайда, айтпағымыз Өзбек хан соқтырған күміс теңгенің бір данасы «Золотая Орда. Узбек хан (1313-1341 гг). Данг 713 г.х» деген анықтамасымен Қырымның Ақша сарайында сақтаулы тұр. Бұл жәдігер хақында ресейлік нумизматик Роза Замильевна Сағдеева өзінің 2005 жылы жарық көрген «Себеряные монеты ханов Золотой Орды» атты танымдық монографиясында: «Бұл күміс теңге 1313 жылы (хижраның 713 жылы) соғылған, салмағы – 1,01 гр, диаметрі – 17 мм, тауарлық коды – 308302. Данасы - бір» деген мәлімет беріліпті. 

Жәнібек ханның теңгесі

Алтын Орда және Қазақ хандығы кезінде ұлыс билігін ұстаған Жәнібек атты хандар көп. Бұл тұлға Жәнібектердің алғашқысы болса керек. Дерек көздерінде: «Өзбек ханның ұлы, Тоғрылжының немересі Жәнібек 1342-1357 ж.ж Алтын Орда ұлысының ханы болған» делінсе, өздеріңіз көріп отырғандай төмендегі күміс теңге туралы жазылған «Сагдеева Р.З. Серебряные монеты ханов Золотой Орды. М., 2005» және «Федоров – Давыдов Г.А. Денежное дело Золотой Орды. М., 2003» атты еңбектерде: «Теңгені соқтырушы Махмұд Жәнібек (Махмуд Джанибек) хан Шыңғыс ханның тұқымы, 1341-1345 (741-758 хижра) жылдары Алтын Орда ұлысын билеген. Күміс теңге хижраның 745 жылы (1344-1345 ж.ж)  Сарай әл-Жадид шаһарының шеберханасында соғылған. Салмағы – 1,27 г. диометрі – 14,5 мм. Теңгенің өң бетінде: «Әділетті сұлтан  /Джалал ад - Дин Махмуд / Жәнібек хан» деп жазылса, келесі бетіндегі төрт жол жазбада «Шаһар Ас – Сарай. Әл-Жадид» деген сөз бәдізделіпті. Жәдігердің қайта сақтаулы тұрғаны ашық айтылмапты. Бірақ жәдігер 314483 санды тауарлық кодпен нумизматик Р.С.Сағдееваның № 219 нөмірлі каталогында тұрғаны туралы мәлімет бар екен. 

Бердібек ханның теңгесі

Атақты Алтын Орда билеушісі Жәнібек ханның баласы һәм Өзбек ханның немересі Бердібек шамамен 1357-1359 жылдары Ұлық ұлыстың билеушісі болған тұлға. Бұл кісі де өз заманында өзінің атынан теңге соқтырып, оны айналымға енгізген. 

Ресейлік нумизматик Г.А. Федоров-Давыдовтың келтірген дерекке жүгінсек («Клад серебряных джучидских монет с Селитренного городиша // Нумизматика и эпиграфика. Т. ХІІІ, М., 1980) бұл теңге хижраның 758 жылы (1357 жыл) Гүлстан шаһарында соғылған екен. Салмағы – 1,56 гр, көлемі – 15х16 мм, материалы – күміс, жәдігер қазір нумизматик Р.С.Сағдееваның № 272 нөмірлі каталогында 308231 тауарлық кодымен сақтаулы тұр.

Теңгенің өң бетінде «Әділетті Сұлтан – Бердібек хан» деген жазумен қатар арнайы сызықтың үстіне шағын төрт дөңгелек таңба шекітілсе, тиынның келесі бетіне, әртүрлі бейнелі мүсін-таңбалар бәдізделумен қатар, жылы жазылған екен. 

Жәңгір ханның теңгесі

Бұл жәдігер жоғарыда айтқанымыздай Түркістан қаласында орналасқан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музей қорында, XIV ғасырдың екінші жартысында Сығанақ, Хорезм ақша сарайларында соғылған түрлі стилдегі теңге-тиын үлгілері арасында сақтаулы тұр. Аталмыш теңгенің өң бетіне араб графикасымен جهان...ر خان   деп жазылған жазу бар.  

«Бұл теңгеге жүргізілген алғашқы зерттеу нәтижесіне тоқталсақ, жәдігер қазақ ханы Жәңгірдің атымен соғылған болуы мүмкін», дейді мамандар. Қазақ тарихында «Салқам Жәңгір» атымен танымал бұл тұлға 1643-1652 жылдары Қазақ хандығын басқарған адам, тұқым-тұяғы жағынан атақты еңсегей бойлы Есім ханың ұрпағы. 

Жәдігерді музей қорына 2016 жылы жеке тұлға әкеліп тапсырыпты. Жалпы, бұған дейін қазақ хандары арасынан тек Тұрсын Мұхаммедтің атымен соғылған теңге болғанын білеміз. Егер бұл мыс теңге расында Жәңгір хан атынан соғылған  болса, бұл Қазақстан нумизматикасы тарихында үлкен жаңалық болары анық.