Қазақтың ән өнерінде айрықша орны бар тұлғаның бірі – Әсет Найманбайұлы. Музыка өнерін зерттеуші, академик Ахмет Жұбанов 1963 жылы жарық көрген «Замана бұлбұлдары» атты монографиясының 262-бетіне тарихта тұңғыш Әсет Найманбайұлының фотосын жариялаған екен. Одан кейін қазақ әдебиетінің белді өкілі, балалар жазушысы Сапарғали Бегалин «Мәдениет және тұрмыс» журналының 1977 жылғы желтоқсан айындағы санына «Әнші Әсет» атты мақаласымен бірге жоғарыдағы фотоны екінші рет жаңғыртып жариялапты. Қазіргі таңда жаппай қолданыста жүрген Әсет ақынның фотосының түп негізі осы. Бұл күндері ақын бейнесі компьютерлік мүмкіндіктер арқылы өңделіп, көркем түрлендіріліп тарап жүр.
Жоғарыдағы Әсет ақынның фотосын кім, қайда түсірді деген сұрақ туары анық. Өйткені бұл жәдігер туралы әр жерде, әр кезде қадау-қадау айтылғаны болмаса, жүйелі зерделеніп баяндалған жоқ. Бізге бұл фотоны қандай жағдайда, кім түсіргені туралы Алматы қаласының тұрғыны – жасы 94-ке келген Іңкәр Бапина апамыз айтып берді. Бұл кейуананы таныстырар болсақ: апамыз әуелі өткен ғасырдың қырқыншы жылдары Шығыс Түркістан тарихындағы елеулі тұлғалардың бірі, ұлт-азаттық армиясының полковнигі, аудармашы, қаламгер Балқаш Бапинның жары болса, одан кейін Әсет ақынның суретін түсіріп, оны тарихта қалдырған әуесқой фотограф Мұхаметжан Юсуповтың туған қызы екен. Аталған суреттің түпнұсқасы қазір осы кісінің қолында тұр.
Жуықта телефон арқылы апамызбен тілдескенімізде, әкесі Мұхаметжан Әбдікәрімұлы 1896 жылы Шәуешек қаласында туғаны туралы айтты. Мұхаңның әкесі Әбдікәрім атамыздың ұлты өзбек болса, осы кісінің бәйбішесі Зұлқижа Шөкіманқызы найман – қаракерей – тума екен. Әбдікәрім кезінде Шәуешектегі патшалық Ресей консулының шабарманы міндетін атқарыпты. 1901 жылы консул Борниман қайтыс болғанда оның отбасын көшірісіп Петерборға жеткізіп тастаған көрінеді. Яғни орыс, өзбек, қазақ, қытай, т.б. тілдерді өз деңгейінде игерген тұлға көрінеді.
«Менің әкем Мұхаметжан консулдық мекеменің қасынан ашылған үш жылдық орыс мектебінде оқыпты, жастайынан өнерге бейім болған. Оның сыртында Ресейден орыс, қазақ, татар тілдерінде шығатын газет-журналдарды алдырып оқитын. Әкейдің алғырлығына тәнті болған консулдық мекеменің фотографы З.С.Суменко еліне қайтарда өзінің меншік фото аппаратын әкеме беріп кетіпті. Осыдан бастап сурет түсіруге әуестенді. Шәуешек қаласының байлары әйелдерінің бетін бөгде адамға көрсетпейтін болғандықтан оларды менің анам Әмина барып түсіріп жүрді», дейді Іңкәр апай.
Заман құбылып, қуғын-сүргін өрістеген 1938 жылдары фотограф Мұхаметжанды қытай билігі түрмеге жапқан екен. Осы алмағайып күндері фото сіңірілген бейнелі әйнектерді (ол кезде пленка болмаған) нан жабатын пештің көмейіне жасырады. 1951 жылы екінші дүркін тергеуге алынған тұста әйнек-фотолардың дені жойылып кеткен көрінеді. Бір ғажабы алаш арыстарымен бірге түскен Әсет ақынның фотосы аман қалған. 1955 жылы Мұхаметжан фотограф отбасымен кеңес еліне қоныс аударып Алматыға келіп, Балқаш Бапинге жолығады. Балқаш Әлімқазыұлы бұл кісіні композитор Ахмет Жұбановпен таныстырады. Мұхаметжановтың қолынан Әсет Найманбайұлының фотобейнесін көрген композитор оны өңдетіп, суретті жоғарыда айтқанымыздай, «Замана бұлбұлдары» атты кітабына жариялайды.
Осы орайда атап өтуге тұратын келесі бір дерек «Қазақ әдебиеті» газетінің 1990 жылғы 18 мамыр күнгі санына «Асыл ағаларды суретке кім түсірді?» деген бір тұтам жазба жарияланыпты. Авторы – Іңкәр апамыз. Жазбада әкесінен естіген естелікті келтіреді. Онда: «1918 жылдың апрель айы. Шәуешекке Россиядан қонаққа келген қазақ жазушылары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Райымжан Мәрсекұлы құрметіне қала сыртындағы бақшалардың бірінде қаланың қазақ жастары қонақ-мәжіліс жасады. Сол қонақ-мәжілісінен бүтін уәләият бойынша бірден-бір фотограф менің әкеме рәсім түсіруге дағуат қылды. Мәжіліс ашылысында Бақтыдан Шәуешекке жеке ісімен келген қәдірменді Қанағат болыс Сүйлейменұлы (Қабанбай батырдың ұрпағы) жолдастарымен жеті-сегіз адам келіп қатысты. Солардың арасында Әсет ақын да бар еді. Бұл Әсет ақынды осыдан төрт-бес жыл бұрын Барлық-Арасанға бара жатқан жолымда Еміл бойында Әлімғазы болыстың (Балқаш Бапинның әкесі) атажұртында мейман болып қонған кезімде көргем, салған әнін естігем. Келушілер мен шақырылған меймандарды таныстырып болған соң Міржақып Әсет ақыннан бірер ән, өлең айтып беруді өтінді. Бұған сонда болған халық та қосылды. Басында Әсет ән салуға тамағы ауырып жүргендігін сылтау қылып, қабыл алмады. Бірақ сұраушылар қайта-қайта ықылас еткен соң: «Мен домбырамен айтушы едім», деп домбыра талап етті. Қайдан екенін білмеймін бір жақсы домбыра тауып келтірілді. Бұны қолға алып арлы-берлі шертіп көріп, мұнымен ән-күй айта алмайтындығын білдірді. Және: «Жақсы гармонь болса», деді. Гармонь да табылды. Біраз уақыт Әсет қысылып, ыңғайсызданып отырды да, әнге салып, өзінің өнерін көрсетті. Әсетті естушілер мақтап, оған биік баға берді. Қонақ-мәжілістің соңынан рәсімге түсіру болды. Әсет сонда бір шетте отырып түсіп қалған еді», деп жазады.
Сондай-ақ Алаш арыстарының Шәуешекке келген себебі туралы Мұхаметжан Юсупов жоғарыдағы естелігінде көкейге қонымды мынадай пікір айтады: «1916 жылы патшалық Ресейдің «Қазақ жастарын майданның қара жұмысына алу туралы» оғаш саясатының кесірінен көптеген шаңырақ қытай еліне асып кеткен болатын. 1917 жылы орнаған Кеңес үкіметі сол адамдарды қайтарып әкелу мәселесі бойынша қазақ зиялыларын жіберген», депті.
Жоғарыдағы әңгімелерді айып берген Іңкәр апамыз: «Әкем Мұхаметжан Юсупов 1975 жылы Фрунзе (қазіргі Бішкек) шаһарында қайтыс болды. Осы күнде әр кез Әсеттің суреті жарияланғанда оны түсірген менің әкем екені ешқашан айтылмайды. Өкпе-наз айтайын деп отырған жоқпын. Бірақ қаншама қуғын-сүргіннен өткенде пештің көмейіне, құран қобдишасына, етігінің қонышына тығып, аман-есен сақтаған еңбегінің ескерілмегені көңілге қаяу түсіреді», деп назын айтты.