Көк қыраны
31.01.2024 1719

Совет Одағының батыры Нұркен Әбдіровтің туғанынан 2024 жылы 105 жыл толып отыр. Қазақтың даңқты ұшқыштары отандық авиация тарихында құрметпен аталады.


Олардың қатарында Совет Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов, қазақ қыздары арасынан ерекше ерлігімен танылған ұшқыш қыз, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова, әйгілі палуан Қажымұқанның өз қаржысына жасалған ұшақты басқарып, жаумен соғысқан таңдаулы ұшқыш Қажытай Шалабаев, ақырғы шайқасына дейінгі ерлігі аңыз болған көк қыраны, Совет Одағының Батыры Нұркен Әбдіров, Моңғолия Әскери әуе күштерінің қолбасшы, генерал-майор Мүдәріс Зайсанов, жаудың танк колоннасына алғаш таран жасаған ұшақ экипажының мүшесі Бақтыораз Бейсекбаевтардың есімдері ең алдымен еске оралады. Қазақ жауынгерлері, соның ішінде ұшқыштар да Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында өздерінің ерлігімен, ептілігі мен кәсібилігімен өзге ешбір ұлттың өкілінен бір бас жоғары екенін дәлелдеп көрсете алды.

Алапат соғыс жылдарында ересен ерліктің үлгісін көрсеткен бұлардан өзге де қаншама қазақ ұл-қыздары болғаны кейінгі кезеңдерде анықталып жатыр. 

Қарағанды топырағынан туып шыққан әскери ұшқыш Нұркен Әбдіров – кескілескен шайқаста өз өмірін құрбан етіп, жауды орасан үлкен шығынға ұшыратқан батыр. Осы және басқа да ерлігі үшін «Совет Одағының Батыры» атағына ие болған ержүрек ұшқыш. Совет армиясы әскери авиация тарихында аты алтын әріптермен жазылған тұлға, ұлт мақтанышы.

Нұркен Әбдіров 1919 жылы тамыз айының 9-ында қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының бесінші ауылында (қазіргі Ақтоғай ауданы Нұркен (бұрынғы Жәмші) селолық округінен екі шақырымдай жерде, Қаратал (бұрынғы Калинин) ауылы маңындағы Тезекбай тауының етегінде дүниеге келген. 

Оның шыққан тегі, туыстары туралы деректер де баршылық. Белгілі журналист, марқұм Жылқыбай Жағыпарұлы мен Қарқаралы ауданы мемлекеттік мұрағат басшысы Манарбек Кәрімнің «Қазақ қыранының қайталанбас қаһармандығы. Қазақтың қаһарман ұлы Нұркен Әбдіров туралы» атты мақаласында бала Нұркеннің Шорманбай би деген кісінің ықпалымен Оспан деген молданы ауылға алып келіп оқытуы арқылы сауатын ашқаны туралы сол ауылдың адамы Ахметбек Әріновтің келтірген дерегі арқылы баяндайды. Онда Нұркен Әбдіровтің ата-тегі туралы мәлімет келтіріліп, «Батыр Нұркен Әбдіровтің ата-тегі, өскен ортасы» деген тарау қосылған. Осындағы мақалада Нұркеннің ру-шежіресі төмендегідей баяндалады (сөзбе-сөз): Қаракесек шежіресіндегідей Болатқожадан Түйте, одан Майқы, Майқыдан Әлтеке, Сарым, Сарымнан Өтеміс, Тоқсан өрбіген. Өтемістің алтыншы ұрпағы Жайлы деген кісі екен. Жайлының туып-өскен мекені Ақтоғай ауданындағы Жәміш өзенінің сағасы. Жайлының алған әйелі Бөргөз руынан (Бөргөздің ұрпақтары қазіргі Нұркен, Аппаз елді мекендерінде тұрады – авт.) Сегіздің бірі – Дуалының Мөжік деген кісінің Қарқас дейтін қызы. Сол Жайлыдан бес ұл: Әбдір, Әбдікеш, Нұрлыбек, Қарсыбек, Жасыбек өрбиді. Аралары бір-бір жасар үйелмелі-сүйелмелі бес баланың әкесі Жайлы қайтыс болып, үрпе-шүрпе жетімдердің күн көрісі өте қиын халде қалады». 

Аталған деректі мағлұматта Шорманбай бидің Жайлы әулетіне әр кез қамқор болып, олардың ел қатарлы түтін түтетуіне мүмкіндік тудырғаны баяндалады: «Шорманбай «Шоқпартас» деген күзегіне жайлаудан ертерек келіп, арасы тақау қыстағына жиі қатынасып, жылы үйдің жанындағы шошаласының төбесін жауып, күрделі жөндеуден өткізіп, Әбдірге үй етіп салып береді. Сол қамқорлықтың арқасында ағайынды Әбдір мен Әбдікеш сенімді Шорманбай бидің отбасымен араласып, бір туысындай балалы-шағалы болған. Үлкен ұлы Сәрсеннен кейін 1917 жылы Сәдірбек, 1919 жылы Нұркен дүниеге келіп, басқа да бала-шағасымен молшылыққа кенеледі. Шорманбай би өз алдына үй болып отырсын деген оймен Әбдірге Жарас Айнабай дегеннің қызы Бағымды, Әбдірдің інісі Әбдікешке өзінің немере туысы Нұрмағамбеттің Кәкіш деген қызын қосып, басына үй тігіп беріп, отау етіп шығарады (Әбдікештің ұрпақтары бұл күндері Нұркен ауылында тұрады – авт.)», – деп баяндайды.

Осылайша асып бара жатқан дәулеті болмаса да, кісі қолына қарамас тіршілігі бар қарапайым шаруа Әбдірдің отбасында отбасында туып-өскен бала Нұркен 1935 жылы Жамбыл атындағы 7 жылдық мектепті бітіргеннен кейін Қарағанды қаласындағы 18-шахтаның кітапханасына қызметке орналасады. Осы мекемеде қызмет атқара жүріп, 1937 жылы Мәскеудің кітапхана қызметкерлерін даярлайтын техникумын бітіреді. Бұдан соң бірнеше жыл «Қазақ кітап саудасы» мекемесінің Қарағанды бөлімшесінде есепші болып қызмет істейді. Осыдан кейінгі кезеңде Нұркен Әбдіров заң орындарының шақыруымен 1938-1939 жылдары аудандық, облыстық прокуратурада тергеуші болып қызмет атқарады. Осында істеп жүргенде жас жігіттің ұшқыш болуға аңсары ауады. Бұған да өзіндік себептер жоқ емес еді. 

ХХ ғасырдың 30-ншы жылдарында дүние жүзінде авиация саласы көптеген жетістікке жетті. Авиацияны дамытушы елдердің, соның ішінде Совет Одағының мың-мыңдаған ұл-қыздары әскери немесе азаматтық ұшақтарды игеріп ұшқыш болуды, сөйтіп зеңгір көк аспанда құстай қалықтауды армандады. Совет ұшқыштарының ерлік пен жүректілікке толы істері жастарға кеңінен насихатталды. 

Солардың ең көрнектісі – челюскиншілер болды. 1934 жылы 13 ақпанда Солтүстік Мұзды мұхиттың қалың мұз құрсауында қалған «Челюскин» кемесіндегі 103 адамды құтқару үшін Анатолий Ляпидевский, Василий Молоков, Николай Каманин, Маврикий Слепнев, Михаил Водопьянов, Иван Дорониндер бірнеше апта бойы ауа райының қолайсыз жағдайына, өзге де кедергілерге қарамастан, өмір мен өлім арасында арпалысып жүріп, мақсаттарына жетеді. Олардың көзсіз ерлігіне әлем жұртшылығы куә болды. «Совет Одағының Батыры» дейтін атақтың №1 алтын жұлдызына А. Ляпидевский ие болып, өзге жолдастары алғашқылардың қатарынан табылды.

Отызыншы жылдардың тағы бір көрнекті ұшқыштары Гризодубова, Осипенко, Раскова қатарлы үш қыз болды. Олар 1938 жылы 24-25 қыркүйек күндері Мәскеуден Амурдағы Комсомольскіге дейінгі 6450 шақырымдық қашықтықты АНТ-37 ұшағымен жерге қонбастан ұшып өтіп, әлемдік рекордты жаңартты. Олар да Совет Одағының Батыры атанған болатын.

Өзге де көптеген замандастары сияқты жас шахтер Нұркен де челюскиншілердің, ұшқыш қыздардың ерлігіне сүйісініп, оларға еліктеп өседі. Арман жетегінде жүрген жас жігіт 1939 жылы Қарағанды қаласындағы аэроклуб ұшқыштарының курсына қабылданып, оны ойдағыдай бітіріп шығып, запастағы пилот мамандығына ие болады.

1940 жылы Қызыл Армия қатарына алынған Нұркен Әбдіров Чкалов (кейін Орынбор қаласындағы К.Е. Ворошилов атындағы) әскери авиация училищесіне түседі. Соғыс басталғанда курсант Н. Әбдіров өзі сұранып майданға аттануға өтініш береді. Дегенмен, майданға білім-тәжірибелі мамандар қажет еді. Оның осы күнге дейінгі білік-тәжірибелерін ескере отырып, алдымен Ташкенттегі, одан кейін Сібір қалаларының біріндегі шабуылшы әскери ұшқыш дайындайтын курстарға аттандырады. Ұшқыштар училищесін ол 1942 жылы бітіріп шығады. 

Шабуылдаушы ұшқыш Нұркен Әбдіров Оңтүстік-Батыс майданы, 17-әуе күштері, 1-аралас авиация корпусының 267-авиация дивизиясының 808-шабуылдаушы авиация полкіне қабылданады. 1942 жылдың 23 қазанында Борисоглебскеде Нұркен Әбдіров алғашқы шайқасына тапсырма алып, жау шебіне шабуылға ұшады. Мұндағы құрамының сапында ол өзінің ержүректігімен көзге түседі. Ол әр шайқас сайын шыңдалып, тәжірибе жинай түсті. Нұркен Әбдіровтің ұшақ экипажы үлкен ерлік пен өжеттік, әскери шеберлігімен ерекшеленіп, жоғары басшылықтан берілген әр тапсырманы мұқият орындап отырды. Өзінің ең алғашқы, яғни қазанның 23-і күні әуе шайқасына аттанар алдында батыр былай деп жазған екен: «Егер біз фашистерді құртпасақ, олар біздің түбімізге жетеді. Сөйтіп қуанышты, бақытты өмірмен қоштасамыз...» Бұл – отаншылдық сезімі қалыптасқан, өжет те ержүрек адамның аузынан айтылатын сөз екені анық.

Нұркен Әбдіров өзінің игерген теориялық, практикалық білімдерін қан майдан өтінде жүріп жетілдіре түседі. Әр жорықтарында жаудың колонналарын, оқ-дәрі, қару-жарақ қоймаларын, ұрыс техникалары мен адам күшін жойып, орасан зор шығын келтіреді.

Жаудың тылындағы оқ-дәрі, қару-жарақ қоймаларын, қымбат ұрыс техникалары мен көліктерін жоюда ержүректілік танытты. Нұркен Әбдіров өзінің әскери шабуылдаушы ұшақ командирі ретіндегі қатысқан 16 реткі әуе шайқасы барысында фашистердің 12 танкісін, 28 жүк автомашинасын, оқ-дәрі тиелген 18 машинасын, жанармай құйылған 3 цистернасын, 3 зеңбірегін жоюмен қатар елуден астам жау офицерлері мен солдаттарын қатардан шығарған. 

Нұркен Әбдіров әйгілі Сталинград шебіндегі ұрыстарға қатысты. Ол Боков-Пономаревка ауданындағы жаудың қорғаныс бекіністері мен молынан шоғырланған әскери техникаларын жою үшін арнайы тапсырма алып, ИЛ-2 ұшақтар звеносын бастап, аспанға көтеріледі.

Осы ұрыс барысында ол жаудың бірнеше дзотын, екі зениттік артиллерия нүктесін, алты танкісін жояды. Орасан зор шығынға батқан жау ұшақты өршелене атқылаумен болады. Нұркен Әбдіров мінген ұшақтың моторына жау зениткасының оғы тиіп, жалын шарпып өртене бастайды. Осы кезде ол да өзінің кейіннен даңқы шыққан, алайда солардың экипажы жасаған ерлікті Гастелло бастаған экипажға теліп жіберген, құрамында Бақтыораз Бейсекбаев бар Маслов экипажы сияқты, жаудың техникасы молынан шоғырланған тұсқа қарай ұшағын бағыттап, таран жасап қаһармандықтың асқан биік үлгісін танытады. Жанында болған атқыш Александр Комиссаров ұшақтан секіруден бас тартып, командирмен бірге өз ажалын қарсы алады. 

Жау колоннасының үстіне құлауға шешім қабылдағаннан кейін қазақтың батыр ұлы ажалды сабырмен қарсы алуға бекінеді. Ол өзінің серіктес ұшқышы Алексей Писанкоға былай деп ақтық аманат сөзін айтады: «Қош бол, Леша, Отанға деген менің жалынды сәлемімді жеткіз. Қарағандыға хат жазып жібер. Қош бол, досым!» Бұл – нағыз батырдың ғана қолынан келетін кесек сөз. 

СССР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1943 жылғы 31 наурыздағы  «Қызыл Армияның жетекші және қатардағы құрамындағыларға Совет Одағының батыры атағын беру туралы» Жарлығымен «неміс басқыншыларымен күрес майданындағы басшылықтың әскери тапсырмаларын үлгілі деңгейде орындағаны және осы уақытта ерлік пен батырлық танытқаны үшін» қаза тапқаннан кейін «Совет Одағының Батыры» атағы берілді. 

Осы атақ берілгеннен кейін, 1943 жылы 29 желтоқсанда СССР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Әбдіровтың ата-анасына мынадай мәтінді хат жолдайды: «Нұркен Әбдіровтің ата-анасына! Әскери қолбасшылықтың хабарлауы бойынша, сіздің ұлыңыз сержант Нұркен Әбдіров Отан үшін болған жойқын шайқаста ерлікпен қаза тапты. Сіздің ұлыңыз Нұркен Әбдіровке неміс басқыншыларымен болған ұрыста қаһармандық ерлік көрсеткені үшін 1943 жылдың 31 наурызынан бастап, СССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумының Жарлығымен оған Совет Одағының Батыры атағы берілді. СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Калинин». Батырдың ата-анасына лайықты құрмет көрсетілді. 

Батырдың денесі Ростов облысы Вешенск ауданының Коньков хуторына жерленген. Соғыс жылдарында қарағандылық кеншілер өз еріктерімен, айлық жалақыларынан аудару арқылы жинақтаған арнайы қаражаты негізінде «Нұркен Әбдіров» атты ұшақ құрастырылып, аталған техника да майданға жіберіліп, жауды талқандауға зор үлес қосқан екен.

«Ер есімі – ел есінде». Нұркен Әбдіровтің есімі бүкіл Совет Одағына әйгілі болды. Батыр есімін мәңгілік есте қалдыруға байланысты көптеген жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда батырға өзі қаза тапқан Коньков хуторында, туған жері Қазақстандағы Қарағанды қаласында, еліміздің ең ірі қаласы Алматыда, сондай-ақ  өзінің есімі берілген туған ауылында Нұркен Әбдіровтің ескерткіші бар. Ақтоғай ауданында да батырдың есімімен аталатын ауыл бар. Батыр мүсінделген  ең алғашқы ескерткіш 1958 жылы Қарағанды қаласында тұрғызылды. Нұркен Әбдіров есімі алғаш 1943 жылы Қарағанды қаласындағы бір көшеге берілді. Қарағанды қаласындағы үлкен даңғыл Нұркен Әбдіров атымен аталады. Қазақстанның өзге де елді мекендерінде Нұркен Әбдіровтің атындағы көшелер бар. 

Нұркен Әбдіровтің ерлігі сексен жыл жүзінде өнер туындыларының арқауы болып келе жатыр. Ресейдің Волгоградындағы әйгілі Мамай қорғанының етегіндегі зиратта қазақ батыры Нұркен Әбдіров бейнеленген. 1961 жылдан бері жыл сайын еркін күрестен батыр ұшқыш Нұркен Әбдіровті еске алуға арналған турнир өтіп келе жатыр. Бұл турнирдің негізін қалаушылар – Қарағанды облысындағы еркін және грек-рим күресі мектептерінің негізін қалаушылар, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шәріп Харисов пен Феликс Премильскийлер болды. Әр кезеңде осы турнирде олимпиадалық ойындардың жеңімпаздары, белгілі палуандар Ислам Байрамуков пен Мәулен Мамыровтар жеңімпаз болған екен. Бұл дәстүрлі турнир алпыс жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келе жатыр.

Ерен ерлігімен ел есінде қалған батыр ұшқыштың өмір, ерлік жолы музыкалық шығармаларға да кеңінен арқау болған. А. Руденский музыкасын жазған балет Қарағандының кеншілер мәдениет сарайы репертуарына енгізілген болса, Г. Якимов жазған «Мәңгілік өмір шыңына» («Пике в бессмертие») деректі повесі бойынша отандық «Қазақтелефильм» студиясы көркемфильм дайындап шығарған болатын. Қазақтың көрнекті жазушысы Сапарғали Бегалин Нұркен Әбдіровтің өмір жолы туралы «Қыран қазақ» деген поэма жазған:

Қарқаралы әсем біткен,

Ойда еркелеп су ағып,

Қияларын тас бекіткен,

Өрде иірін, бұлт бағып.

Осы қардың аясында,

Туып өскен біздің ұлан,

Бақытты өмір саясында

Өткізіп түн, атқызып таң.

Балаусадай бала күні,

Мектеп барған боқша арқалап, – деп не-бәрі жиырма үш жыл ғұмыр кешкен жас қыранның өмір жолын туған жерімен, елімен сабақтастыра суреттейді. Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда да Нұркен Әбдіров есімі кеңінен ұлықталып келеді. Атап айтқанда, 2002 жылы Қарағанды қаласында орын тепкен ҚР Қорғаныс министрлігінің авиабазасына батырдың есімі берілді. Нұркен Әбдіров туралы әндердің өзі біршама. 2019 жылы Нұркен Әбдіровтің құрметіне оның суреті бейнеленген пошта маркасы шығарылды.

Елі үшін құрбандыққа жанын берген қазақтың аяулы батыр ұлы Нұркен Әбдіровтің ерен ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Мүмкін, бүгінгі кейбір ұрпақ: «Бұл – біздің соғыс емес еді. Халқымыздың жартысына жуығын қырғындаған коммунистердің билігін қорғау жолында қазақтың қаны босқа төгілді» дер. Алайда Екінші дүниежүзілік соғысы – бүкіл әлемді шарпыды ғой. Адамзат баласын сұрыптап, жоғарғы, төменгі нәсілдер ретінде қарастырған гитлерлік фашизмді ақтап алу мүмкін емес. Әрі сол фашизмді орасан көп құрбандықпен жеңген Совет Одағының құрамындағы Қазақстанның ол соғысқа қатыспауға еш мүмкіндігі де жоқ еді. Осы соғысқа дейін қазақ халқы армияға жаппай алынбаған еді. Қазақ халқы өзінің батыр, ержүрек, жауынгер халық екенін майдандағы іс-қимылдарымен анық дәлелдей білді, мойындатты. Солардың бірі де бірегейі – көк қыраны Нұркен Әбдіров болатын. Сондықтан да Нұркен Әбдіров есімі әрқашан да қазақ ерлігінің жарқын мысалы ретінде ұрпақтар жадында жаңғыра беретін болады.