Өркениет – өткеннен басталады. Заманауи қазақ өркениетін Алаш зиялылары қалыптастырған десек, ешкім біздің сөзімізді терістей алмас. Қиын-қыстау заманда, ақ қар жастанып, көк мұз төсеніп жүріп, ұлттық құндылықты ұлықтаған, ұлт жауһарын аялаған ерлер шама-шарқысы жеткенше жер-жерде әдебиет кештерін ұйымдастырып, мәдениет дәнегін сепкен болатын. Бүгін оқырман назарына «Қазақ» газетіне жарияланған әдебиет кештері туралы мағлұмат бермекпіз.
Әдебиет кештері дегеніміз – ұлттық әдебиетіміз бен өнер, мәдениетіміздің рухани құндылықтарын жариялау, таныстыру. Бұл кешке анау-мынау емес, ХХ ғасыр басындағы қазақ ақсүйектері (бай бағландары), өнер майталмандары мен оқыған-тоқығандары, студент жастары қатысып, өркениетті елдердегі кештерге пара-пар деңгейде өткізген рухани жиын, думан еді.
«Қазақ» жылнамасына қарай отырып, ескі күндердің есті оқиғаларын еске түсірейік:
«Қазақ жастарына»
«Қазақ» газеті, 1913 жыл. №4 1 март
Басқа жұрттардың жастарына қарасақ, бәрі де өнерпаз болып, түрлі-түрлі пайдалы істер істеп, заманның түріне қарай бірінен-бірі қалмай білімін асыруға тырысып жатыр. Жұртта білім болса – байлық, құрмет, барша рахат та табылмақшы. Егер де білім, өнер жоқ болса, дүниедегі кеңшіліктің бәрінен де құр қалып, көрінгенге жем болып, шөліркеп, азып-тозып бітпекші. «Баста ақыл жоқ болса, аяққа күш түседі» дегеннің мағынасы осы. Ақсақ қойдай артта қалған халықты қатарға кіргізетін, заманның амалына түсініп жол көргізетін жаңа талап, талпынған ер жігіт, жастар болса керек еді. Бірақ қазақтың оқып шыққан мырзалары ондай амалды талап етіп, ілгері ұмтылғандары бек аз көрінеді.
Қазақтың қазақ болып, жоғарғы орындарға бала беріп, доктор, адуокат һәм басқа хәкім болып жүргендері жоқ емес. Бірақ бұл күнге шейін қазақтан пәленше ғалым (образованный) адам шығып, қара қазаққа пәлендей пайда келтіріп жүр дегенді ешкімнен естігеніміз жоқ.
Гимназиа, реални мектептерінде һәм университетте оқып жүргенде баршамыз да құр тілмен жұртқа пайда келтірмекшіміз. Қараңғыда қармалап жүр- ген жұртты қолынан ұстап жарыққа шығарып, әлдеқандай іс істемекшіміз. Бірақ оқу бітіріп шыққан соң, оның бәрі де ұмыт болады. Бір жерге хәкім болу қамына түсіп, еліміздің қай жақта жүргенін де білмейтін боламыз. Өз бірлігіміздің жоқтығынан біріміз анда, біріміз мұнда азып-тозып жүрміз. Бірі- міздің айтқанымызды басқамыз тыңдап, дұрыс болса жөн деп, бұрыс болса мұның бұлай емес деп жөндеп, кеңесіп тұрмағандығымыздан жұртқа пайдамыз тиіп басшы бола алмаймыз. Қанша оқу оқып, ел аралап, жер кезіп, басқа жұрттың әдебиетін үйреніп, ғадетін істеп жүрсек те, бір қатарымыздың надандығымыз қалмайды.
Біздің қазақтың ілгергі орындарда оқып шыққан жігіттерінің және бір келіспеген ісі қазақ ішінде тұрып қызмет етпей, басқа жұрттар арасында тұрғанды тәуір көреді. Мұның не себептен екенін білмеймін. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген, ел ішінде хәкім болып, не болмаса өзге жұмыспен тұрса да, кімде-кім күнін көрер еді. Жалпы халық арасында рет білген кісілердің жоқтығынан ел жүдеп-жадап, кім болса соның аузына қарап, жөнін біле алмай аңырайып тұрғаны.
Ел ішінде ауру-сырқауымыз болса доктор жоқ, күтуші жоқ. Ауру бірінен-біріне жұғып, күшейіп, елімізді қырып бара жатыр. Ел арасында заң жоқ, шариғат жоқ, теңдік бітіп, адамшылық кетіп болған. Бай кісі жарлыны жылатып, қарғатып, барды жоқтан бәле салып, екі бұзаулы сиырының бірін алып, бала-шағасын аш тастайды. Жөн айтқан бір адам жоқ. Бозбаланың ұрлық-өтірігі аралас, бәрі азып, жолдан жазып болды. Ақыл берген бір кісі жоқ. Осындай неше түрлі фәләкәтті көрмей жүруіміз, жол білген жігіттеріміздің өз халқын бұл секілді пәледен құтқаруға еңбек етпеушіліктері зор ғайып деп білеміз. Осыны білу – оқығандарымызға (образованный) міндет деп түсінеміз.
Кел, мырзалар, жаңа талап жастар! Елімізге қызмет етелік, жұрт істегенді біз де істелік, көрінгенге күлкі болмалық.
Студент Есенғали Қасаболатов
«Өнерлі ноғай ауылдары»
«Қазақ» газеті 1913 жыл. № 6. 16 март
Қазан губернийасы Мамадеш уезіне қараған «Саба», «Ешкі», «Түркеш» дейтін үш ауыл бар. Сол үш ауылда тігінші, құлансу, етікші, кигізші, қырғишы, балташы, ұста, темірші, баушы, жіпші, қапшы, шапаташы секілді кәсіппен тұрған ноғайлар бар. Сол өнершілердің жалғыз- ақ қырғишылары жылына 80-100 мың сомдық кәсіп қылады дейді. Қазақтағы шара, табақ, аяқ, ожау осы үш ауылда ноғай әйелдерінің қолында істеледі.
«Құяш»
«Қазақ жастарынан бір өтініш»
«Қазақ» газеті, 1913 жыл. № 7. 22 март
Адам баласына тіршілік үшін керекті нәрсе – өнер, білім. Білім, өнерсіз бір кісі қара жердің бетінде құры жыбырлап жүргенмен де, оған жанды кісі деп айталмайды, ол жансыз кісіге есеп болады. Өнерлі кісі бір биік таудың басына шығып, айдалада жайылып жатқан жан-жануарды тамаша етіп қарап тұрған бір ояу кісі. Ол өзінің тау етегінде жайылып жатқан қойына қарай бір қасқыр шапса, оған ит қосып, оны таудың екінші жағына қарай қашырады. Жылқысына ұры тисе, оған қарсы да бір қару қылып, қорадан жылқы алдырмайды. Надан, білімсіздердің мысалы қораның төрінде тас бүркеніп ұйықтап жатқан бір қойшы. Ол түнде қораға кірген қасқырдың қылған тойын күн шыққанда бір-ақ көреді. Қасқырдың тойға сойған қойларының терісін сойып алуды да бір олжа санайды.
Бір кісінің дүниедегі тіршілігі қалай болса, бір ұлтты елдің де тіршілігі солай. Бір кісінің дүниеде бақытты болуы үшін қанша нәрсе керек болса, астананың да бақытты болуы үшін сонша нәрсе керек. Бір кісіге дүниеде күнелту үшін тән, жан азығы не қадір керекті болса, бір миллетке де дүниеде тұру үшін тән азығы болған киім, тамақ, жан азығы болған білім, өнер сол қадір керекті.
Біздің қазақ халқы ата-бабадан бері қарай жалғыз тән азығымен, кең далада ет, қымыздың буыменен тіршілік еткен. Біз жан азығы болған білім, өнерді һешбір уақыт үйренбедік, оны керек деп те білмедік.
Сол себепті біздің қазақ көптен жансыз иәки жаны шығуға жуықтаған деп есептелген. Кеудеден жан шыққан соң, көп ұзаққа бармай-ақ тән де сасып, шіріп, құрт, құмырсқаға жем болып, аяғында барып бітеді. Біздің қазақ та жанына керек болған азықты бермеді, ғылым, өнерге аяқ баспады. Оятпас бір терең ұйқыға кетті, ата-бабадан қалған дәулет-байлықтан айырылды. Азып-тозып, өзара бүлгіндікке түсті. Бірін-бірі жем қылып, дүниеге хош айтысатын бір халге жетті. Қазақта байлық қалмаған, дәулет қалмаған, намыс қалмаған, жақындық, қарындастық һәм қалмаған. Ғылым, өнер қазақ арасында тарамаған. Қазақты қайғыртқан, оның үшін көзінен жас ағызған, халін, жанын қазақ пайдасынан аямаған бір қазақ баласы бұл уақытқа шейін тумаған. Өз халқының осы халін көре тұрып, оны қайғыртпаған, ол үшін жыламаған осы күнгі қазақ жастары не қадір, қатты жүректі боларға керек? Өз жұртыңның осынша төмен дәрежеге түскенін көре тұрсаң да, келешектен тап үміт үзе алмайсың. Һәркім дүниеде үмітпен тұра алады, соның арқасында көп іс істейді. Хәзірет Омар, Мұхаммед ғәлейкисалам өлген күні оның өлгенін біле тұрып, оны шын көңілімен сүйгендіктен: «Кімде-кім пайғамбар өлді деп хабар берсе, мойнын осы қылышпен шауып үзермін» деп қолына қылыш ұстап отырған екен. Сол сияқты саған да біреу: «Қазақ бітеді, аты жойылады» - десе, сен де оның бұл сөзін жаратпайсың. Келешекте өз халқы үшін қайғыртқан қазақ жастары шығар, солардың ыждаһаты арқасында қазақтар да ұйқыдан бастарын көтеріп, оянар деп үміт етсек.
Бұл үміттеріміздің орынсыз еместігін соңғы бір-екі жылдың ішінде көре бастадық. Бірен-саран болса да, газета, журналымыз шығып тұр.
Газетаны шығару оңай, бірақ оны өз уақытынан кешіктірмей үздіксіз шығарып тұру бек қиын жұмыс. Неге десеңіз оған бек көп ақша керек. Газетаны шығарушылар бай адамдар емес, қалталары тақыр. Сол себепті менің газета басқармасынан ең бірінші өтінішім мынау: газета шығарушылардың бір-екі жылға шейін зиян ететіні осы күннен-ақ белгілі, бірақ бұ күнгі аз ғана зияннан қорқып, келешектегі зор үміттен көңіл суытуымыз тиіс емес. Қалай болса да бастағы бір аз ғана зарарға төзіп, газетаны тоқтатпауға тырысу, жігіттік көрсету керек. Һәр істің алға кетуінің бірінші шарты ақша емес, бәлки ерінбеу, бастаған істі аяқсыз тастамау екендігін, осы күнгі ес кетерлік жаңа шыққан нәрселердің бәрі де сол ыждаһат уа сабырлық арқасында болғандығы кітап бетін ақтарған һәр біреуге белгілі ғой.
Газета алушы аздықтан ақшасы жетпей тоқтап қалса, оның ұяты бүтін қазақ үстінен биігіректе қазақтың оқыған жастарына келмей ме?
Газетаның тоқталмай шығып тұруы, шығарушылардың ыждаһаттарынан биігірек шет кісілердің ақша һәм қалам жәрдемімен болады. Сондықтан қалам білмеген шаруаларымыз жылға үш сомын беріп, газета алып оқысын. Қолы қалам білген жастарымыз «Үш сом бердік, газета алдырдық, үстімізден борышымызды түсірдік» деп ойламасын! Қолдарынан келген қадір-қаламмен де көмек берсін. Ұлтымыздың бүгінгі халін қайғыртып, басқалардан үлгі алсын. Қалам жәрдемін беруші халыққа жақын һәм аралас тұрған мұғалім, ушителдер, қазақтың оқыған шәкірттері болуға тиіс. Қазақ ішінің қай жері болса да мұғалімнен оқып жүрген шәкірттен аз болса да құр емес. Солар ең болмағанда өздерінің көз алдарында болып тұрған қазақ жайларынан жазып тұрған уақытта да бір газетаға бірталай азық болады.
Ғ. Мұса
«Қазақ жайы»
«Қазақ» газеті, 1913 жыл. № 10. 12 апрел
Ілгергі нөмірлерде Еуропа, Азия патшаларының жайынан һәм Ресейдің ішкі, тысқы істерінің жайынан қысқа-қысқа сөйлеп, аз да болса мәлімет бергеннен кейін, енді қазақ істері жайынан сөйлемекпіз.
Қазақтың кемтігі, керегі көп, кемтігін толтырып, керегін табуға істегені - аз болған жоқ. Біздің керегіміздің көбі бұрынғы күйімізде болмаған, осы күнгі жайымызға қарай керек болып тұрған нәрселер. Бұрын бізге ғылым да, өнер де қажет емес еді. Кең далада еркін жүріп, еркін тұрып, мал бағып, бар керегіміз малдан табылып, басқа нәрселерді керек қыла қоймаушы едік. Заманында сол қалпымыз жайлы да, жақсы да еді. Заман қазір де сол қалыпты болса, қазаққа ғылым, өнер керек болмас еді. Адам ғылым мен өнер үшін жаратылған емес, ғылым мен өнер адам үшін шыққан, адамның өзі тіршілігіне керек болған кезде ойлап тапқан нәрселер. Не нәрсені де болса адам керегі болса іздеп жоқтайды, қажеті жоқ нәрсені кісі жоқтамайды.
Бұрынғы күйімізде бізге оқудың тіпті керегі жоқ еді. Дүниемізге керек еді деуге керегіміздің көбі, мәселен, тамақ, киім, үй бәрі малдан табылушы еді. Олай болғанда күнелтуімізге оқудың қажеті жоқ еді.
Басқа жұмыстарға керек болды деуге бұл күнгідей уездни, крестиански нашалниктерге, мировой судийа, окружни сот, губернатор, министр, сенатқа арыз беру қазақта жоқ еді. Ісі бар адам ауыл ақсақалына айтушы еді. Онан асса биге түсуші еді. Биден асса ханға барушы еді. Олардың бәрі де арызыңды қағазға жазбасаң һәм орысша жазбасаң алмаймыз демеуші еді. Һәркім арызын өзі айтып, өзі сөйлесіп, бітіп, айтылғаннан тану-таю жоқ еді. Тану жоқ болған соң, книгаға тіркеудің де қажеті жоқ еді.
Книгасын қолға алып, қай жағынан мол түсер деп, жалақтап біреудің ажа- рына, біреудің ақшасына сатылып, билік айтатын осы күнгі «Торсық емген топыраш» топас народный судийалар ол заманда жоқ еді. Табынан талассыз озып шыққан һәр елдің білімді көсем һәм шешен билері болушы еді. Олар- дың билігіне книгаға жазылмаса да жұрт тоқтаушы еді. Жазу-сызусыз жұмыс бітетін болған соң билерге де, биге жүгінушілерге де оқи иә жаза білудің қажеті жоқ еді.
Қазақтың дүниесіне керек емес оқудың ақыретіне де керегі аз еді. Неге десең ол күндегі қазақтар намаздың сабағын білмей: «Ақ қойдың келдесі, қара қойдың келдесі, мен Құдайдың пендесі» деп намаз оқыса да, олардың жүректері осы күнгі он қабат орап басына қазандай сәлде салып, көзін сүзіп, көлгірсіп отырған молдалардың көбінің жүрегінен таза еді. Құлшылық қабыл болуына таза жүректен артық нәрсе жоқ.
Қазаққа оқудың керегі жоқ кезде өнердің де керегі аз еді. Өздеріне керек өнерді білетін адамдары араларында болушы еді. Үйшісі, ұстасы, етікшісі, ершісі өзінде еді. Сауық үшін керек өнерлерден де қазақ құр алақан емес еді. Ақыны, шешені, әншісі, күйшісі өзінде еді.
Қазаққа қыстың қысаңдығы болғанмен, жазы жайлы мейрам есебінде өтуші еді. Қар кетіп, көк шыққан соң, қазақтың ағы молайып, астананың қазаны құрылып, ел тойынып, еңсесі көтеріліп, қыстың қысқаны тез ұмыт болушы еді.
Онан әрі қымыз шығып, ел жайлауға көшіп, мейрам қызығы басталып, түйелері боздап, жылқылары кісінеп, сиырлары мөңіреп, қойлары маңырап, бәрі оркестрше үн қосып, ел музыкалатып келіп қонған секілді болушы еді. Шалғынды жерге үй тігіп, салқын үйде сапырулы сары қымызды ішіп, түк жұмыс жоқ, бейнеттен азат шаһар адамдарына мейрамда іздесе табылмайтын райысты қазақ үйінде отырып көруші еді.
Ол заман қазақтың көбінен өтті. Өтпегендерден енді өтеді. Қазақ сол күйін ғылымды, өнерлі жұрттың кент қалыбының қандайына да болса, өз еркімен сатпас еді. Ол қалыбынан қазақ амалсыз айырылайын деп тұр. Бұрынғыдай кең даланы қазақ жалғыз меншіктеп отырған жоқ, басқалар да келіп тығылды. Басқалармен араласу енді көбейді һәм жылдан-жылға көбейіп барады. Олармен араласқан соң, біздің бұрын керек қылмаған нәрселеріміз енді керек бола бастады һәм жылдан-жылға керегі білінер. Өзгелерден кем болмай тең боламын деген жұрт қатарынан қалмасқа тырысады. Тең болмағанда адам болсын, жұрт болсын білімі, өнерімен тең болады, қалыс- паймын дегенде осыларымен қалыс- пасқа тырысады.
Тіршілік - бәсеке, жарыс, дүние бәйге үлестіруші. Озғанға қарай бәйге береді. Жарыстың алды боп келген бәйгенің алдын алады, ортасы боп келген ортасын алады, соңында қалған бәйгеден тіпті құр қалады. Дүниенің ісі осылай болған соң адамнан адам, жұрттан жұрт, ұлттан ұлт озсам дейді. Озғанның ісі қай орында да болса, үстін тосып, қалғанның ісін баспақшы. Ғылымы, өнерімен асқандар білімсіз өнерсіздер білімімен жығып, аяғына баспақшы. Малымен асқандар байлығымен қамыттап жұмысына жекпекші.
Біз өзімізбен болып, басылып бара жатқанымызды, батып бара жатқанымызды байқамай, батып болған соң бір-ақ білетін көрінеміз. Бізде ғылым жоқ, өнер жоқ, кәсіп жоқ. Бұлардың бұрын жоқтығы керегі болмағаннан еді, енді де керек емес пе? Бұларды енді керек қылмасақ, күн бұрын өзімізді, Құдайға айтқан малды, басқалардың есігіне арнап қою керек. Оқымаған, өнерсіз, кәсіпке айыбы жоқ адам басқаларға жалданған малайлықтан басқа неге жарайды? Өзінде ғылым жоқ, өнер жоқ, кәсіп жоқ жұрттың да өзге ғылымды, өнерді, кәсіпшіл жұртқа малайлыққа жалданғаннан басқа қолынан келері жоқ. Оның шет жағасын байқаған адамдар көріп те отыр. Неге басқалардан қазақ есігінде жүріп малай болушылар аз, басқалардың есігінде қазақтан жалшылықта жүрушілер көп. Бұл басқалардың ісінің үстемдігін көрсетеді. Осыған осы бастан көз салып, ойланарға керек. Бұл жеңіл жылы қарап, көздің қырын салып қана өтетін емес, көп тоқтап қарап, мықтап ойланатын нәрсе. «Басыңның сауында бер садақасын, ұшалмас салсаң бүркіт томағасын» дегендей, бәледен басқа келмей тұрғанда сақтанбасақ, томаға киілген соң, жөн тауып ұшу қиын болар.
Біз осы уақытта тайғақ кешу, тар жолда тұрмыз. Мұнан аман өтсек, жұрт болғанымыз, Алаштың азаматы көптеп-көлемдеп ақылын қосып, білімін біріктіріп, ұлтын кешуден аман өткізуге жол көрсететін жері осы. Білгенін айтып, қолдан келгенін істеп, жұртын сүйемелеп, тар жерден аман өткізуге қайрат қылатын да кез осы.
Бізде негізгі бір зор адасқандық: өз ісімізді өзіміз жай жатып сұрай берерлік дейміз де, сұрай береміз. Сұрағанын алмақ түгіл, қазақ әлі алдырумен келеді. «Жығылған күреске тоймас» деген, алмаса да қазақ сұрауын қоймайды. Сұрауда да фарқ бар екенін есіне де алмайды. Бір сұрау бар, ол есікте тұрып, еңкейіп бас ұрып, жыламсырап, аяныш түсіріп, көңілін жібіту жөнмен сұрау. Бұл қайыршылардың сұрауы, оған ойланбай, қамданбай осал-оңтай нәрсе, тиын-сиын бере салады. Бұл елеусіз сұрау. Екінші түрлі сұрау бар - ол төрде отырып, төбесін тік ұстап, қадіріне сүйеніп сұрау. Бұл елеулі сұрау. Бұлай сұрағанның қолқасы ескерусіз жерде қала қоймайды. Сұрағанын береді, бермесе де ойланып қиналады.
Қазақтың сұрауы бұл екі сұраудың қай түрі екенін өздері біледі. Біздің айтатынымыз: «Қазақтың сұраудан арманы да жоқ, сұрағаннан алғаны да жоқ. Сонда да әлі сұрасақ молығар едің» деп қамтамада.
Сұрағаннан молықса, қайыршылары молығар еді. Қайыршылдықтан байығандар бек сирек. Есіктен есікке жүріп қайыршылықпен күнелткен тіршілік қандай, өз бетінен кәсіп қып, мал жиып, өз еңбегімен күн көрген тіршілік қандай? Қайыршылықпен күн көремін деген оңбайтын адамның ісі, сұраумен молығамыз деген оңбайтын жұрттың ісі.
Біз осы күнге шейін сұраумен келдік, берер деген үмітті бақтық. Сұрағанымыз көп, алғанымыз қанша, есепке салып байқау керек емес пе? Сұрауымыз көп болып, алғанымыз жоқ болса, сұрауда не мағына бар? Өзгеге сенбей, өлмес жағымызды өзіміз көздеп ойланып, қамдану керек емес пе? Жоқ әлде болса сұрауымыз жетпеген жері бар десек, толықтырып сұралық.
Сұрағанымыз қанша, сұрағаннан алғанымыз бар ма, сұралмай тағы қалғанымыз бар ма, білу үшін кейінгі нөмірлерде соның жайын жазып өтпекпіз. Сонан соң сұралмай қалған мынадай нәрсе бар екен десек, сұрау жайын кеңесерміз. Сұралмай қалғанымыз жоқ екен. Сұрасақ та бермейді екен, сұрағаннан һеш нәрсе өнбейді екен десек, өнбейтін істі қуып, өзге жолын қарастырып, ақылдасуымыз тиіс емес пе?
Оқу- өнердің ұясы»
«Қазақ» газеті, 1913 жыл. №19. 22 июнь.
Дүниядағы адам баласына сөз жоқ оқу-өнер керек. Оқу-өнерден бос қалған адам дүния ақыретте мұратына жете алмайды. Қазақтан газета-журнал шыққалы қайғырушылар қазақ халқына да оқу-өнер керектігін жазып келді. Мұнан соң да арымай-талмай жазып түсіндіру керек.
Қазақ халқы да газета-журналға бірте-бірте түсініп келеді. Күн санап алушылар да һәм тыңшылар да көбейіп келеді. Бүгін газета алғандардың кешегі, алдыңғы күнгі сөздерден, уақиғалардан хабары болмайды. Сол себептен оқу-өнер керектігін мың қайта жазсақ зор жоқ, оқу-өнердің жайын көп жазып ертегі болып кетпейді, мылжың болып табылмайды. Көп сөз Құран шәріфке жараса, оқу-өнер Құран шәріфпенен белгіленген.
Алла Тағала пайғамбарларды халыққа дін тарату үшін жіберген. Олар халықты жылы жүз, майда тілмен үгіттеп тура жолға түсірген. Оқу-өнердің шарбағына айдап енгізген. Осы күнгі дін ғылымын кәміл білген халық басшыларына халыққа үгіт-насихат ету зор міндет. Халық айтпаса білмейді, ашпаса көрмейді. Халыққа айтып түсіндірмей тұрып көзге толымды іс істеу мүмкін емес.
Қысқасы, халыққа зарлалық, айтып түсіндірелік, әсіресе істеп көрсетелік.
«Қазақ»-тың бірінші санында «Іс ұсақтан ұлғаяды, кірпіш зор емес, қаласаң қандай зор үй шығады» деген сөз жазылды. Ойлап қарасаң, һәрбір істің тәжірибесін осыдан алуға болады. Мысалы, адам шырқырап жарық дүнияға жаңа шыққанда бірден үлкейіп, қызметке жарап кете алмайды. Құндақта, бесікте бірнеше заман жатып, тәрбиеленіп еңбектейді, жүреді. Сөйтіп барып дұрыс адамдыққа жетеді.
Міне, осы секілді бірден молда иә болмаса төре болып кете алмайды. Себебі Алла Тағала бірден бұлай болуды әуелде жазбаған.
Қарасаң оқу-өнердің ұясы, бесігі бар. Адам жасында немен тәрбиеленсе, өскенде сол тәрбиенің иі қанған қамыры болады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің!».
Ғылым мағариф оқу-өнердің ұясы дегенім жас балалардың төрт-бес жыл оқитын бастауыш мектеп болады. Жеті-сегізге келген баланы ұл-қыз демей бас мектепке беріп оқыту – ата-анаға зор міндет. Бас мектептің үйрететін оқуларын білуді ислам шариғаты ұл-қыз демей айырмасыз парыз еткен. Парыз дегеннің мағынасы: ұл-қызын оқытпаған ата-ана ақыретте жазадан құр қалмайды деген болады. Молдалардың айтуына қарағанда дүния- дағы надандығымыз ақыретте арашашы емес, нағыз айғақтың өзі болады. Іс болады, болған соң өлсең де оқытып өлелік! Тыныштығымызға тәуір болар.
Оқымаған адамға ақырет жазасы былай тұрсын, дүнияда бір жарық сәуле көру жоқ. Бұл бәрімізге анық жұмыс.
Жас балалар төрт-бес жыл қазақ тілімен бас мектепте оқыса, хал ғылымын біледі. Оқу деген бұлақтың көзін тауып алады. Егер төте оқумен оқыса тез хат танып, жазу жазады. Бұлай болған соң, қазақ тіліндегі кітаптарды, газета-журналдарды оқып, дүниядан хабар алып, зейінмен топшылау қуаты артады. Халық қайғысы көңіліне орнап, халық үшін қызмет етудің керек екендігіне түсінеді. Тіріде халыққа ұмытылмастай қызмет етіп, өлгенде атын мәңгі айта қалғандай үлгіге қалдыруға тырысады. Қысқасы дін дүниясын бірдей тәрбие етуге ыждаһат етеді. Халықтың садақасын алып, тамағымен отырмайды. Халықта ақым бар деп арылмайтын үлкен сорға жұртын қал- дырмайды. Жаны-тәнімен халқының қызметінде болады. Мұны көзіміз күн бүгін көріп тұр.
Осының бәрі де жаңа жобамен ашылатын бас мектептің тәрбиесімен болады. Мұнан жоғарғы ғылымдарды оқу, оқымау оқушының ықтиярында.
Қарап тұрсақ дүниядағы һәрбір халық бастауыш мектепке жабысқан. Жеті-сегіз жасар баланы бастауыш мектепке оқуға беру закон бойынша міндет. Заманымызда дүнияны қолының ұшы, білімнің күшімен ойнатып тұрған Англишан, Франсуз, Германия патшалықтарында мектепте оқымаған һәм жазу-сызу білмеген адам жоқ десем қата болмас.
Қазірде біздің Ресей мемлекетінде ұл-қыз демей балаларды оқытуға закон істеліп жатыр.
Біз Алла Тағалаға мың қайта шүкір етелік! Басқа халықтар жалпы жұртқа оқу-өнер керектігін жаңа білгенде, ислам шариғаты оқу-өнерді мың да үш жүз отыз жылдан бұрын парыз етіп қойған. Жалғыз-ақ өзіміз сол ислам туының астында жүріп оқудың қадірін білмей надан қалғандығымыз өкініш!
Енді өткен заманды жоқтамалық һәм өкінбелік! Келешек заманға сай оқу-өнердің ұясын даярлайық. Һәр ауылға отыз-қырық балаға арнап бір мектеп ашалық. Балаларымызды ұл- қыз демей оқуға берелік. Балаларымыздың обалын арқаламай парызымызды өтеп, міндетімізден құтылалық. Өзіміздің надандығымыздың тұқымын балаларымызға екпелік.
Тілеуберген
«Қазақ әдебиеті кеші»
«Қазақ» газеті, 1915 жыл. №114. 28 март
13-нші февралда Семейдегі саудагерлер клубында қазақтың жас талапкерлерінің ыждағатымен мұсылман атынан жаралыларға ден ашылған науқасхананың һәм қазақ мұқтаж оқушыларының пайдасына болған қазақша әдебиет кешінде болғандарды жазбақшымын.
Кеш басталарда сағат 8 жарымда Райымжан мырза Мәрсеков шығып, қазақ әдебиеті турасында біраз сөз сөйледі.
Онан соң Нұрғали мырза Құлжанов шығып, ақсақалдардан, қажылардан ғафу етінді: алдыңызға келіп елең айтатын келіндеріңізді айыпқа бұйырмаңыздар, игі жұмыс үшін істелген кеш ғой деп. Және де Сара қыз бен Біржан салдың жөнін айтты.
Біраздан соң перде ашылды. Ойын болатын алаңда тігулі тұрған шатыр көрінді. Сырты неше түрлі қызыл - жасыл ойулы, маңайы ағаш, дәл қасында жайып тастаған кілем. Алаңның оң жақ, сол жағында отыратын биік орындар тұрды: үстінің ойулысы да бар, масаты кілем жапқаны да бар.
Перде ашылысымен-ақ алаңның оң жағынан басында шоқпардай үкі татқан құндыз бөрік, үстінде жібек шапан, белінде күдері белбеу, қолда өкілі домбыра, қасында 4-5 бозбаласымен әсемденіп, ән салып, Біржан сал шыға келді. Тігулі тұрған шатырдың қасына келіп: «Осы үйде Сара бар ма?» деп сырттан айғай салды. Әрі беріден соң шатырдан қасында он шақты қыздарымен жарық етіп Сара қыз шыға келеді. Басында кәмшат бөрік, үстінде оқалы тон. Біржанға біраз қарсы қарап тұрып, «Кел шырағым, амандасайық» деген Біржанның сөзіне ілтипат етпестен сол жақтағы биік орынға барып, шалқайа түсіп отыра кетті. Көпке шейін көзіне ілмегенсіп, сәнденіп, маңызданып отырды.
Біржан сал оң жаққа отырып, сонан соң екеуі айтысты. Сара қыз болған Тұрар ханым Қозыбағаров жамағаты еді. Бұ кісі өлеңді анық айтып, сөзін салмақпен сөйлеп, сөз айағында бір түрлі әнмен байауланып, ақырындатып келіп, соңғы жағында көтеріп салғанда, жиылған халық сүйінгеннің белгісін үсті-үстіне қол шапақтап білгізді.
Біржан болған семинарийада оқитын шәкірт Жүсіпбек мырза Аймауытов Біржанның өлеңін өзіндей болып-ақ айтты. Бұлардың шыққан түрі, отырып елең айтқан әлгі жиылған жұртқа Біржан сал мен Сараның өздері отырып айтысқандай-ақ көрінді.
Кештің бұдан соңғы бөлімдерінде ән салынып, домбыра шертіп, Абайдың «Қыс», «Бұлбұл мен есек», Ыбырай Алтынсариннің «Жаз», «Өсиет сөз», «Түлкі», «Балқожа бидің оқудағы баласына жазған хаты» оқылды. Әншілер «Ырғақты», «Толқыма», «Гауһартас», «Әридаш», «Ғалия» деген әндерге салды.
Ән салушылар: Жүсіпбек, Ғали, Қайықбай бала, Әлмұхамед, бұлардың қай- қайсысы болса да, енді келістіріп, жұрттың көңілін көтеріп, риза боларлық естіп салады. Әсіресе Ғали ән салғанда, әні де, үні де басқасынан гөрі көтеріңкі болып, жиылған халық біртүрлі ризалық көрсетіп, қайта-қайта шақырып, қол шапақтады. Мұны естігенде ардақты Потанин ақсақалдың сөзі еске түседі: «Енді бір 50 жылда қазақ ойыншылары патша театрында ән саларлық дәрежеге жетеді» деген.
Қайықбай 13-14 жасар бала, «Әридаш» деген әнге салғанда, мұның даусына кісі таңданарлық болды. Жүсіпбек пен Әлмұхамед те әндерін жақсы-ақ салды. Әсіресе Жүсіпбектің «Ғалия» деген әнге салғанына жұрт қатты сүйінді.
Үшінші бөлімді Жанақ пен баланың айтысы болды. Бұлар жерге малдасын құрып отырып, қарама-қарсы айтысты. Жұртқа Жанақ пен баланың өздері айтысқандай-ақ көрінді.
Екінші бөлімде екі домбыра мен бір мандалинашы қосылып қазақ күйлерін тартты. Бұл ойнаушылар да күйдің жақсысын салып, бірдей келтіріп, сондай ұста ойнады. Ойынға келген халық біртүрлі құмарланып, үсті-үстіне шақырып күй тартқызды.
Төртінші бөлімде қазақтың бұрынғы замандағы батыры, үстінде соғысқа шаққанда киетін сауыт, басында темір дулыға, бір қолында найза, бір қолында айбалтасымен көрінді. Онан соң Орал, Торғай, Жетісу, Семей облыстарының жас келіншектері өз киімдерімен көрсетілді. Ең ақырында қыз-келіншек, бозбалалар айнала отырып өлең естіп, әдебиет кеші осымен сағат 12 жарымда тарқады.
Бұл әдебиет кешін бас болып істеуші Назифа ханым мен Нұрғали Құлжановтар еді. Бұларға қазақтың жас талапкерлері қосылып һәм құрметті қажыларымыз, ақсақалдарымыз бәйбішелерімен ойынға келіп, бар ықыластарымен жақтас болып, әдебиет кеші көркем де, қызық та болып етті.
Бұл кеш жалғыз қазақтарға емес, барша келген адамдарға біртүрлі көңілді көрінген. Орыстар болсын, ноғай балаларымыз болсын, біз әдебиет кешінің мұндай қызметі болып шыққанын білмейміз десті. Жұрттың көпке дейін сөйлеген әнгімесі осы ойын болды. Бармай қалғандары қатты өкініште болып, енді осындай ойын қашан болар екен дегендер де көп.
Ойыннан жиылған ақша 817 сом болды, шығын 277 сом. Мұның үстіне қадірменді ақсақалымыз Жақия қажы Бейісбеков жастарымыздың алғашқы талап еткен жолы еді ғой, біз көтермегенде кім көтереді деп 100 сомасы қалды. Барлығы 917 сом болды. Саф пайдасы 640 сом.
Бұл ойын істелгенде кішкене ғана бір кеш бола ма деп ойлап айтылса да, қазақтың жақсылары, ақсақалдары, қажылары бәрі жастармен ынтымағын біріктіріп, қызметтерін айамай, дәулет қылысып, жұрттың жиылуы ойлағаннан артық болып, отыратын ойын жетпей клубтың іші тура келіп тұрған халыққа симай кетті.
Билет сатуға қатты ыждағат етіп, керекті нәрселерді тапқызып беру турасында һәм ойынға құрметті ханымдардың келуіне себепші болып көп қызмет көрсеткен Қаражан бай болды. Бұған шейін жақсыларымыз бен қариаларымыз бір бөлек, жастарымыз бір бөлек болып жіктеніп жүруші еді. Енді бұлардың ынтымағы бірігуінің басы осы болар деп үміт етіп, қуаныш қыламыз һәм ұлтына қызмет етерлік Жақия қажыдай ақсақалдарымыз, Қаражан байдай мырзаларымыздың көбейуіне тілеулеспіз.