Даңқты батыр - Расул Есетов
27.06.2024 1681

Адамзат тарихындағы аса ірі соғыстардың бірі болып табылатын Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылы басталып, 1941 жылы 22 маусымда жаңа фазасына өткен болатын. Гитлершіл Германия Кеңес Одағына тұтқиылдан басып кіріп, 1418 күнге жалғасқан алапат майдан басталды. Ақыры Кеңес Одағы мен одақтастары фашистердің бетін қайтарып, ортақ жауды еріксіз капитуляцияға қол қоюға мәжбүр еткен-ді. 


Ұлы Отан соғысында құрамында Қазақстан бар Кеңес Одағы бұл соғыста шешуші рөл атқарды және жауынгерлері мен бейбіт тұрғындарды қосқанда, осы мемлекеттің халқынан барлығы жиырма жеті миллионға жуық адам шығын болған деген есеп бар. Бұл сан одан да көп болуы мүмкін. Соғыстың барысында миллиондаған адам түрлі деңгейде жарақат алып оралды.

Жеңдік қой жауды, арман не, құрбым!

Күркіреп күндей өтті ғой соғыс.

Келемін қайтып, өлеңімді айтып…

Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз! – 

деп майдангер ақын Қасым Аманжолов жырлағанындай, күркіреп өткен сол соғыстың жарақаты ұзақ жылдар бойы жазылмағаны анық еді. Ана баласынан, әйел жарынан, бала әкесінен айырылған бұл қасіретті жылдарды бастан кешкен майдангерлердің қатары да қазіргі күнде тым сиреп қалды. Келесі жылы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің сексен жылдығы атап өтілмек. «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген қағидат бойынша, жер жүзіне қатер төндірген фашизм атты тажалға қарсы тұрып, жеңісті әперген аталардың ерлігін ұмытпаймыз.

Адамзат тарихындағыбұл аса ауқымды соғысқа Кеңес Армиясы құрамында жүздеген мың қазақтың ұл-қыздары да қатысып, халқымыздың ерлік рухын паш етті. Күллі майданға аңыз болған Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова т.б. батырларымызды мақтан етеміз. Ұлы Отан соғысында көзсіз ерлік көрсеткен жүзге жуық қазақ Кеңес Одағының батыры деген атаққа ие болған екен. Солардың бірі – 138 атқыштар дивизиясының командирі Расул Есетов болатын. Биылғы жылы Ұлы Отан соғысында ерлігімен көзге түсіп Кеңес Одағының батыры атағына қол жеткізген қазақтың әйгілі ері Расул Есетовтің туғанына жүз жыл толып отыр.

Кеңес Одағының батыры Расул Есетов 1925 жылы 25 маусымда қазіргі Түркістан облысы, Түркістан қаласы маңындағы Крупская (Теке) деген ауылда дүниеге келді. Бір айта кетерлігі – Расул Есетов те өзінің қандасы Сабыр Рахимов тәрізді, құжаттағы кезінде пайда болған жаңсақ жазбадан болып  ұзақ жылдар бойы бауырлас өзбек ұлтының өкілі ретінде жазылып келді. Оның да өзіндік себебі болыпты. Ол туралы мақалада тарқатылып айтылатын болады.

«Адамның басы – Алланың добы» деп қазақ бекер айтпаған. Қазақ даласында арғы дәуірлерді айтпағанда, ХХ ғасырдың өзінде қаншама қиын-қыстау кезеңдер болғаны белгілі. Төңкерістер, Азамат соғысы, ұжымдастыру, аштық – бәрі де малымен күн көрген көшпелі қазаққа қиын тиді. Аштық дегенде біздің есімізге 1931-жылдан басталған алапат зұлматты кезең оралады. Ал шын мәнінде 1921 жылдары да Арқа жұртын сансыратқан, жүздеген мың аштан өлген аштық болғаны белгілі. 

Расул Есетовтің өмір тарихына көз жіберсек, батырдың әкесі Есет – қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы өңірінің Наршөккен деген жерінде өмір сүріп тұрып, алғашқы аштық заманында Арқадан Түркістанға ауып барған екен. Сол жерде өзбек ұлтының қызы Хадишаға үйленеді. Батырдың өзі 2004 жылы Қарқаралыға келген сапарында былай деген екен: «Біз тұрған жерде өзбек ұлтының өкілдері өте көп еді. Бірақ әкемнің айтқан өсиеті әлі де жадымда тұр. Расұл, балам, есіңде болсын, біз – қазақпыз. Руың арғын, оның ішінде қаракесекпіз дейтін еді.» Бұл сөз жас та болса зерделі баланың көкірегінде жатталып қалса керек. Осылайша болашақ Расул батыр Түркістан қаласындағы қайнаған қан базарлы ортада өсіп ержетеді.

Ақын Ахат Әшуұлы 2014 жылы 3 желтоқсанда «Егемен Қазақстан» газетінде жариялатқан өзінің «Откешу» атты дастанында былай деп жырлаған екен:

...Жебе ғұмыр Түркістанға шаншылыпты, 

Өмірдің тартылғасын сом садағы. 

Табан тіреп қалған соң Есет мұнда,

 Өзбектің гөзалынан жар табады. 

Шаңырағын көтеріп, қазан асып, 

Ұлды боп, аппақ таңдай шам жанады. 

Молдасы азан шақырып Түркістанның, 

Аллаға мың шүкір ғып Расул деп, 

Ат қойып күллі жұртқа жар салады. 

Текті әке бауырына басты ұлын, 

Шекесі торсықтай боп марқалады. 

Расул – рас ұл боп ержетіпті, 

Батыр да парасатты бар талабы.

Осылайша бала Расул ата-анасының қолында тәрбие алып, қағылез бала болып өседі. Түркістан қаласындағы Калинин атындағы (қазіргі Хамза атындағы) мектепте оқып білім алады. 1936 жылы әкесі Есет өмірден өтеді. Анасы Хадиша екі баласымен жесір қалып, отбасын асырағау жас та болса Есет көмек көрсетіп, анасына сүйеніш болады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Есет он жеті жастағы бозбала еді. Отан қорғау деген үлкен ұғымның жетегіндегі Расул майданға аттануға асығады. Ұзын бойлы бозбаланың жасы он сегізге әлі толмағандықтан, армияға алмайтын еді. Осы кезде ол әскери комиссарға өзін он сегізде деп құжаттандырып беруін сұрайды. Комиссариат өкілі айтқанын орындап, ұлты деген графаға «өзбек» деп жазып жібереді. Бұл туралы журналист Серік Сағынтайдың «Орталық Қазақстан» газетінде жарияланған «Қазақтың шын асыл Расұл» атты мақаласында былай деп жазады: «Расұл он жетіге толып, түбіт мұрт бозбала болғанда соғыс басталады. Еңселі тұлғасымен ересек боп көрінген жігітті көшеде күн сайын патруль тоқтатып, соғысқа барудан жалтарып жүргендердің бірі ме деп мазалай берген соң, жігіт әскери комиссариатқа барады. — Мені әскерге алыңдар! Олар жасы он сегізге толмайынша әскерге алмайтындықтарын көлденең тартады. Ақыры Расұл көрші аудаңдағы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Фазыл Рақымжанов деген жігітке барады. «Солай да, солай, мен әскерге баруым керек, маған жасы он сегізде деген құжат керек». Рақымжанов сөзге келместен комсомолдық билетіне «Жасы он сегізде. Ұлты – өзбек» деп қонжита салады. Сірә, шешесі өзбек болғанға әкесі де өзағаң деп ойлаған. Оған қарап жататын уақыт па. Соғысқа алынса болды» Осылайша жас жауынгер Расул Есетов жауды тезірек жеңуге өз үлесін қосу үшін небәрі 18 жасында, 1943 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан әскери комиссариатынан өз еркімен сұранып майданға аттанады. Түркменстанның Ашғабад қаласында әскери жаттығу сабағынан өткен соң Бірінші Украин майданына аттанады. Кейінірек Төртінші Украин майданы құрамында шайқасады. Соғыстың соңына дейін жаумен шайқасып Шығыс Еуропагы неміс фашистерінен азат етуге қатысады. Шығыс Карпатия және басқа да ұрыс операцияларына қатысады. Қай майданда болмасын, ол өзінің нағыз батыр екенін сан мәрте дәлелдей білді.

Украинаның батысындағы Ужгород қаласы маңында кескілескен ұрыстар жүріліп жатады. Сержант Расул Есетов бар 138-атқыштар дивизиясының шабуылдаушы ротасына 1944 жылдың қараша айы басында фашистер бекінген биіктікті басып алу бұйрығы берілген болатын. Жау позициясы мықты қорғалған, айналасы тікенекті сыммен қоршалған, ДОТ-тар мен ДЗОТ-тармен жабдықталған, сенімді бекініс болатын. Оны оп-оңай басып алу мүмкін емес, үлкен құрбандық шығындау мүмкіндігі жоғары еді. Төбеден оқ себелеген пулемет жауынгерлердің бас көтеруіне мүмкіндік берер емес. Осы кезде Расул Есетов жаудың ДОТ-ына жер бауырлап жылжып жетеді. Танкке қарсы гранатаны түтін шығатын тесіктен лақтырып үлгереді. Пулеметтен оқ төгіп тұрған амбразураның үні өшеді. Он тоғыз жасар командирі  шабуылдаушы топтың мүмкіндігін арттыру үшін осылайша жау позициясына батылдықпен сәтті шабуыл жасап, фашистердің траншеясына басып кіріп, екі атыс ұясын (ДОТ) жойып жіберіп қана қоймай, жаудың тоғыз солдатын тұтқынға алады. 

Расул батыр бастаған осы бір сұрапыл шайқасты Ахат Әшуұлы былай деп сипаттайды:

«Иә, аруақ! Қарқабат анам қолда! 

Абылай, Кенесары панам қорға! 

Қазыбек, Ханнәбидей пірім қолда, 

Ақжолтай ер Ағыбай бабам қорға!», - 

Деп Расул ұрандап, құлаш сермеп, 

Гранат лақтырды қарсы жауға. 

Пулеметтің үні өшіп құлап түсті, 

Жау өзі қорғанысқа қазған орға. 

Көрген соң жас ұланның бұл ерлігін, 

Рота тұра ұмтылды жаппай алға.

Бұдан соң Расул ер екінші нүктеге шабуыл жасап, оны да жойып, жиырма төрт неміс солдатын тұтқынға алып асқан ерліктің үлгісін көрсетеді. Ұлы Отан соғысында асқан ерлік көрсеткен небір қазақ жауынгерлеріне өзіне лайықты атағын бермегендігіне талай-талай мысалдар бар. Солардың бірі – мерген Ыбырайым Сүлейменов үш жүздей фашисті атып түсірсе де Кеңес Одағының батыры атағын ала алмаған екен. Расул батырдың бұл жағынан еңбегі лайықты еленіп, жолы болды дей аламыз:

Елінің амандығы ерден екен, 

Тұлғаның тектілігі жерден екен. 

Кешегі өткен асыл тек бабалардың, 

Батырлығы қанымен келген екен. 

Расул: «Иә аруақ!» деп ұрандап, 

Талай жауды ұясына көмген екен. 

Бір тал оғы жарапты бір неміске, 

Атамыз асқан ғажап мерген екен. 

Көзсіз ерлік жасаған қас батырды, 

Батальон командирі көрген екен. 

«Кеңестер Одағының Батыры!», - деп, 

Жоғарыға ұсыныс берген екен.

Мұндағы батальон командирі – подполковник Продачин деген азамат екен. Неміс фашистерімен ұрыста көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін Расул Есетовке КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1945 жылы 24 наурыздағы Жарлығымен Кеңес Одағының батыры атағы берілді. 

Тағы бір соғыста Расул Есетовтің көзсіз ерлігінің арқасында рота неміс фашистеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, жаудың елу солдатының көзін жояды және отыз жеті миллиметрлік зеңбірек пен екі станокті пулемет, екі танкке қарсы ататын қаруды, бір огнеметті, қырық винтовка мен қару-жарақ қоймасын олжалап алады.

Расул жүректі, өжет, бір беткейлі, 

Сондықтан бүкіл рота құрметтейді. 

Алысқа кеткен атақ-даңқын естіп, 

Жаулары ол таяса дірдектейді. 

Ер жігіт батырлығы мәлім еді, 

Жасындай жарқ- жұрқ етіп жанып еді. 

Алғашқы күннен бастап майдандағы, 

Теңдессіз ерліктерге барып еді. 

Қорғаған аруақты бабалары, 

Қолдаған қазақ дейтін қалың елі. 

Бүкіл Кеңес Одағы бір-ақ күнде, 

Расулды: «Батыр!» деп танып еді, - деп Ахат ақын жырлағанындай, ержүрек, бірбеткей Расул батырды ең әуелі өзінің қаруластары мойындап, командирлері сенім артады.

Кейіннен өзінің жасаған ерліктері туралы батыр өзі былай деп еске алған екен: «Мен ол кезде ерлік жасадым деп ойлаған да емеспін. Мен тек қана өзімнің азаматтық борышымды өтедім. Командирдің маған келіп, гимнастеркама Ленин ордені мен Алтын жұлдызды қадап тұрғаны әлі күнге дейін есімде. Ол кезде мен он тоғызға жаңа толған едім.» 

Майдандағы ерлік жолын жалғастырған Кеңес Одағының батыры Расул Есетов 1945 жылы жазда Мәскеуде өткен Жеңіс Парадына өз полкінің туын биікке желбірете көтеріп қатысу мәртебесіне ие болады.

Жауды жеңген соң бірден елге қайтпай, тек 1947 жылы ғана оралған Расул Есетовтің кеудесінде Кеңес Одағының батырының Алтын жұлдызы мен Ленин орденіне қоса, Ұлы Отан соғысының екінші, үшінші дәрежелі ордендерімен, сондай-ақ көптеген медальдары жарқырайды. 2002 жылы ҚР Тұңғыш президентінің қолынан «Достық» орденімен марапатталған. 

Елге оралып анасын тауып алып, отбасын құрап, еңбекке араласады. Зейнетке шыққанша ұзақ жылдар Түркістан қаласындағы ең үлкен базардың бастығы қызметін атқарады.  Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Батырдың ерлігі оның соғысқан жерлерінде жақсы дәріптелген екен. 1980 жылы ол Закарпат облысына шақырылады. Өзі соғысқан, азат етуге қатысқан Закарпатьедегі Ясиня қаласы халқы лайықты күтіп алып құрмет көрсетеді. Осы қаланың Құрметті азаматы атанады. Бұдан өзге батыр Расул Есетов Түркістан және Қарқаралы аудандарының Құрметті азаматы болды. 2005 жылы Украина Жоғарғы Радасының жетекшісі Владимир Литвиновтың алғыс хатына ие болады. Мұның бәрі қан майдандағы жап-жас жолдастарының көз алдында жау оғынан көз алдында өмірден өтіп кеткен сол бір аласапыран кезеңнің өтеуі болды.

Кеңес Одағының батыры Расул Есетов елге аман-есен оралған соң еңбек майданына араласып, қызу кіріседі. Неміс фашистерімен соғыстағы ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткені және жас ұрпақты тәрбиелеудегі белсенді еңбегі үшін ҚР Тұңғыш Президентінің қолынан «ГАЗ-31» жеңіл машинасының кілтін алады.

Жоғарыда айтып өткеніндей, ата-бабаларының мекені болған Қарқаралы топырағына барып тәу етуді батыр ұзақ жылдар армандап жүрген екен. Осы мақсатын 2004 жылы орындайды. «Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында тұратын, ұлты өзбек Кеңестер Одағының Батыры Расул Есетов өзбек емес қазақ болып шықты. Қазақ болғанда да Арқадан оңтүстікке барып қоныстанып қалған өз еліміздің ұланы екен. Жақында Түркістанда тұратын батыр атамыз бір топ туыстарымен бабаларының атақонысы Қарқаралыға арнайы сапармен келді. Ел газеті «Егеменге» шыққан материалдан кейін Қарқаралы ауданының әкімі Н.Омарханов батыр атамызға хат жолдап, елге шақырған екен. Қонақтарды облыс әкімінің орынбасары Е.Тоғжанов бастаған қарағандылықтар облыс орталығының сыртында салтанатпен қарсы алды. Түстіктен Арқаға шейін мың жарым шақырым жолды басып келген батыр атамыз табаны жерге тиіп, қарсы алушылардың құшағына енгеннен-ақ көңілі босап, көзіне жас алды.», - деп жазған екен, журналист, жазушы Серік Сағынтай кезінде батырдың әкесінің кіндік қаны тамған мекенге сапары туралы.

Расул Есетовтей батырдың келу құрметіне арналған осы бір салтанатты қарсы алуда сол кездегі Қарқаралы ауданының әкімі Н.Омарханов былай деп толғана сөйлеген екен: «Бүгін Сарыарқа төсінде қасиетті Қарқаралы жерінде тағы бір маңызы зор, ұлағаты мол ерекше оқиғаның куәсі болып отырмыз. Қасиетті өлкеміз Қаз дауысты Қазыбек бидің, Алшынбай мен Мәдидің, Тәттімбет пен Шөженің, Нарманбет пен Кемпірбайдың, ұлы актер Қалибек пен Жүсіпбектің, Шолпан Жандарбекованың отаны. Бұл өңірде ұлы Құнанбайдың, Абайдың, Мұхтардың ізі сайрап жатыр. Абдолла Асылбеков, Нығмет Нұрмақов, Ахмет Байтұрсынов қызмет жасаған. Қарқаралы топырағынан 38 Социалистік Еңбек ері шыққан. Егеулі найза қолға алып, ереулі атқа ер салып, елін, жерін жаудан қорғаған бабаларымыздың ұрпақтары Нүркен Әбдіров, Мартбек Мамыраев сынды ағаларымыз Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін Кеңестер Одағының Батырлары атанғанын мақтаныш тұтамыз. Бабалар ерлігін жалғастырған, қазақтан шыққан алғашқы ғарышкер Тоқтар Әубәкіров осы Қарқаралының тумасы. Батырлар қатарын бүгін тағы бір асыл ағамыз Расұл Есетов толтырып отыр.» (Р.Смағұлов. Батыр жерлесіміз ортамызда. Орталық Қазақстан. - 2003. - 28 маусым ( №102-103 ). - 6 б) Бұл – әрине рас сөз. Расул батыр – тек Түркістан мен Қарқаралының ғана батыр ұлы емес, барша қазақ халқының, алаш жұртының батыры.

«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей, миллиондаған боздақтар қыршынынан қиылған Ұлы Отан соғысының қан майданынан аман-есен елге оралып, бақытты ғұмыр сүрген Кеңес Одағының батыры Расул Есетов 2009 жылы 2 маусымда өзінің туған аулында, ұрпақтарының ортасында өмірден өтті. 

2015 жылы Түркістан қаласындағы №10 мектепке Кеңес Одағының батыры Расул Есетов есімі берілді. 2018 жылы осы мектеп ғимараты алдында батырдың ұлы Әлімжанның бастамасымен ескерткіш салтанатты түрде ашылған болатын.

Қазақтан шыққан Расул, 

Қазақтан шыққан шын асыл, 

Қасиетті де, ұлы еді. 

Халқының хас батыры, 

Мәңгілік өмір сүреді. 

Қайталанбас тұлғаның, 

Солай да солай сыры еді. 

Ардақтайды есімін, 

Тәуелсіз қазақ ұлы елі. 

Тарихқа ойып жазғаным, 

Оғлан жайлы жыр еді! – 

деп Ахат Әшуұлы өз дастанында жырлағанындай, Расул Есетовтей батырдың есімі әрқашан ардақталып келеді. Оған ата-бабаларының мекені Қарқаралы өңріне келгенде осы ауданның Құрметті азаматы атағы берілген екен. Кіндік қаны тамған Түркістанда да батырдың есімі кеңінен таныс. Ұрпақтары осы өңірде тамыр жайған.

Майдандағы ерлігімен танылған көзсіз батыр, ержүрек жауынгер Расул Есетов зайыбы Мастура анамен бірге төрт баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірген екен. Ұлдары Айтжан,  Саламат, Әлімжан қыздары Мархабадан тараған ұрпақтар аталарының майданда көрсеткен даңқты атасының ерлігін мақтан тұтып, тәуелсіз еліміздің лайықты азаматтары болып өсіп келе жатқаны сөзсіз. Батырдың ғасырлық мерейтойын ел болып лайықты атап өтеді деп сенеміз. Ердің елі үшін жасаған ерлігі, сіңірген еңбегі ұмытылмақ емес.