Дүнген, ұйғыр этностарының Қазақ жеріне қоныстану тарихы V бөлім
30.07.2024 1864

Алдыңғы бөлімдерде Шәншиден өрістеген Дүнген көтерілісі мен Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалыстың бастауы баяндап едік. Оқиғаның реті Яркенд хандығы мен ишқия-исхақия арасындағы қайшылық, кейінгі ағайынды қожалар көтерілісіне де байырқалауға себеп болды. Бұл бөлімде әуелгі сүрдек Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысқа қайыра ойыспақпыз. Жазбаның өзегі – Шығыс Түркістан бостандық тарихында елеулі із қалдырған саяси ойыншы Яқұпбек және ол құрған Жетішәр хандығы. Жетімек баладан Жетішәр ханына дейін жетілген Яқұпбектің Қашқариядағы тағдыр-талайы, Ресей-Ағылшын империяларының тартысындағы дипломатиялық жүрістер жазба мазмұнына арқау болмақ. 


Тақ үшін өрбіген тартыспен таныса отырып, оқырман сол кезеңдегі Шығыс Түркістан шындығына қанығады деген сенімдеміз. Әсіресе, ұлт-азаттық қозғалыстың беталысы мен бет-бейнесіне бүгінгі көкжиектен көз салу көп жайтты жаңа қырынан тануға септеседі.   

Жаһанның Кушардан қашып шығуы

Жаһанның Кушар қаласына кіруі Чиң қолбасшысын қуантты. Ізіне түскен басты жауын қалайда қаумалап ұстап, көзін құртуға осыдан артық қандай орай тусын?! Жетішәр билеушісінің қалаға бекінгеніне чиң қолбасына ерген бектер де бек шаттанды. Олар Жаһанның демі үзілмей өздеріне де тыныштық тумайтынын түйсінетін. 

Жаһан көмек қосынын бастап, Кушарға кірген үшінші күні таң рауандаған сәтінде шүршіттерге аяқ асты шабуылдады. Бұл 18 маусым еді. Мың қаралы әскер шүршіттерге төрт тараптан төнді. Айдан артық қаланы қоршап, ашық айқасқа шығара алмай зығырданы қайнаған Ярхашанға Жаһанның соққысы тосын сезілді. Бірақ әшкере шабуылдауға дәті бармады, қоян-қолтық ұрыстан жалтарды. Бетпе-бет ұрыспай, қорғаныс тәсілін таңдады. Атойлап шапқан Кушар әскері шүршіттердің мергендеріне шыдас бере алмай, әлсін-әлсін тосылды. Жаһан бірнеше мәрте әрекеттенгенмен, чиң әскерінің орныққан ошағын бұзып-жарып кіре алмады. Күнұзақ соғыста ырықтылықты ала алмаған Жаһан әскері ақыры шегініп, қалаға қайтты.

Кушарлықтардың шабуылы сәтсіз аяқталды. Жаһан екі жүздей сарбазынан айырылды, ал шүршіттерден он шақты әскер ғана жазым болды. Жараланғандарды қосқанда да елуден аспады. Бұл сәтсіз жорықтан кейін Жаһан тек қорғаныс қамын күйттеп, қалаға тастай бекінді. 

Жаһанды қалай да қашырмауды ойлаған Имин бек Ярхашанға Кушардың батысы мен солтүстігіндегі екі асуға шеп орналастыруды ұсынды. Алда-жалда қашатынадй болса, жолын бөгеуге ұрымтал тұс осы еді. Ярхашан Иминнің сөзіне құлақ аспады. Бір қызығы, тура Иминнің айтқаны келді. 23 маусымға қараған түні Жаһан хан төрт жүзден астам атты әскерін бастап, батыс қақпадан сытылып кетті. Одан кейін көп ұзамай шәр бегі Әбікәрім де қаланы тастап қашты. 

Қала берілді. Әйткенмен бұл жаңалық императорды қанағаттандырмады. Қоластындағы әскердің қаланы қоршай тұра Жаһанды ұстай алмағанын білгенде Чиәнлұң қатты ашуланды. Ярхашан тұтқынға алынып, жазаға кесілді. Бас қолбасшылық лауазым Жаухүйге жүктелді. 

Шығыс Түркістанның күнгейіндегі қожалар бастаған көтеріліс

Ағалы-інілі Бұрһан ал-дин мен Жиһан Чиң үкіметіне қарсылық бастап, іргесін аулақ салуға тырысқанымен, дербестік жолындағы күресі сәтсіз аяқталды. 1759 жылы Чиң әскері үлкен-кіші қожа көтерілісін жаныштады. Бұрһан ал-диннің баласы Самсақ Қоқанды паналап қашты. 1820 жылы оның ұрпағы Жиһангер қожа Шығыс Түркістанға қайта оралып, қаратаулықтармен таласты бастады. Ол алты жыл дегенде Қашқарда халық көтерілісін ұйымдастырып, қала тізгінін мәнжүрлерден тартып алды. Екі жыл дәурендеген оны 1827 жылы Чиң әскері талқандап, өлімге үкім етті. Жиһангерден кейін інісі Юсуп қожа 1830 жылы тағы да көтеріліске шығып, Қашқарды алды. Бұның да бағы баянсыз болып, бәрібір мәнжүр-қытай шеріктерінің қарымта соққысына шыдас бере алмай Қоқанға қашты. 

1847 жылы Қашқарға оралған Әппақ қожа тұқымдары «Жеті қожа» атымен белгілі көтерілісін бастады. Бас көтеру қозғалысын Мұхаммед Имин, Уәлихан, Абдолла, Тәуекел хан, Сабыр, Ақшаған, Есен –  жеті қожа бастады. Бұлардың бәрі Бұрһан ал-дин қожаның тұқымдары еді. Олар Қоқан ханы мен қырғыздар көмегіне сүйеніп, Қашқар шәрін басып алды. Жаңашәрде халықты аттанысқа келтірді. Үш айға созылған көтеріліс соңы сәтсіздікке ұшырады. Қожалардың бұл көтерілістері 1862 жылы Шығыс Түркістанда жаппай етек алған ұлт-азаттық қозғалыстың беташары болды. 

19 ғасыр басынан ортасына дейін Қашқар билігін алу үшін қожа тұқымдары тоқтаусыз көтеріліс жасады. Ұйымдастырудың нашарлығы, әскери қуаттың кемдігі, көтеріліс басындағылар мен халық мүддесінің тоғыса бермеуі секілді күрделі себептерден барлық көтеріліс сәтсіз аяқталды. 

Яқұпбектің Сыдықты биліктен тайдыруы

Сыдық бектің Қашқар билігін алғаннан кейін Қоқандағы Әлімқұлдан Бұзырықты аттай қалауының түп себебі қожалардың қашқар билігімен тамырланып кеткен терең тарихында еді. Арғы атасы Әппақ қожадан бастап, бергі ағайынды Бұрһан ал-дин мен Жиһан қожалар, Самсақ қожа, Жиһангер қожа, Юсуп қожа, Жеті қожа секілді қожа тұқымдарының Қашқарда көтеріліс бастауы қожа билігінің ықпалын шүбәсіз аңғартса керек. 

Сыдық бек Әппақ қожаның алтыншы ұрпағы, Жиһангердің бел баласы Бұзырықты әкеліп, өзіне суық қарап жүрген қашқарлықтарды бір тудың астына жинаймын деп межеледі. Бұл ойға бекіндірген Қоқанды билеп отырған қырғыз Әлімқұлдың өнегесі-тін. Қоқанның ханы Худаяр болғанмен, іс жүзіндегі тізгін-шылбыр иесі Әлімқұл еді. Сыдық бек те осы Әлімқұл ізімен жүруді ойлады. Алайда іс Сыдық бек күткендей өрбімеді, тарих дөңгелегі басқа арнаға ауысты.  

***

Мұхаммед Яқұп-бек Бадәулет 1820 жылы Ташкентке таяу Піскент мекенінде тәжік отбасында дүниеге келді (генеалогиялық төркіні мен  шығу тегіне қатысты, ұлтының өзбек не тәжік екендігіне талас бар. Біз тәжік деген нұсқаны құптаймыз). А. Куропаткин жазбаларында Яқұп-бек әкесінің Ходженттен Піскентке көшіп келген емші екендігі айтылады. Тағы бір деректерде атасының есімі Мұхаммед Латип болып, Қаратегіннен шыққандығы, Самарқандқа таяу Дахбедтен білім алғаны баяндалған.                   

ІІ Николай патша тұсында әртүрлі әскери міндет атқарған А.Н. Куропаткин дерегінің шындыққа жуықтайтын себебі бар. 1876 жылы капитан шеніндегі А. Куропаткин дипломатиялық жоралғымен елші ретінде Қашқарға жіберілді. Яқұпбектің өзімен бетпе-бет кездесіп, құпия барлаумен айналысқан ол 1879 жылы «Қашқария» атты еңбегін жариялады. Императорлық орыс география қоғамы басып шығарған бұл есепте Яқұпбектің жеке өмірі мен тұлғалық болмысы біршама айшықталған. 

Куропаткин есебіне жүгінсек, Яқұпбек туғаннан кейін көп ұзамай әке-шешесі ажырасып, шешесі піскенттік қасапшыға тұрмысқа шыққан. Яқұпбек өгей әке қолында ержеткендіктен жұрт оны кейде қасапшының баласы деп те атайтын. 

Бала Яқұп шешесіне еріп, өгей әке қолында өсті. Бірақ көп ұзамай шешесі өмірден озып, жетім қалды. Жетім Яқұпты әкесінің інісі Низамиддин тәрбиесіне алған деседі. Алайда жасөспірім Яқұп ол үйден қашып кетіп, шәйханаларда даяшы болып күнелтіпті. Низамиддин оны Ташкентке тоқыма цехына көмекшілікке бергенімен, одан да қашып кетіпті.

Жетім Яқұптың бала тағдыры туралы өзге де нұсқа бар. Оған сенсек, әкеден тірі, шешеден өлі айырылған ол өгей әке қолында бақытты бола қоймағанға ұқсайды. Тамағын асырау үшін көше бишісі (бача/бәтша) болып нәпақа айырған екен. Піскенттен өтіп бара жатқан Қоқан сейісінің бірі баланы ұнатып, оны өзімен бірге ала кетеді. Сол жерде Яқұп қолдан қолға өтіп, епті биші атымен белгілі болады. Әдемі бәтша ретінде атағы жайылады. Сөйтіп жүргенде Қоқан ханы Мәделінің қоластындағы сенімді қызметкерінің бірі Мұхаммед Кәрім Қашқа қолына түседі. 

Жасөспірім Яұптың бәтша екенін көлегейлеген енді бір нұсқа оның өмір арнасын былай тарқатады: 15 жасқа жеткенде Яқұп қоқандық әскери қолбасшы – Гадай Мұхаммедтің көзіне түседі. Қолбасшы жасөспірім Яқұпты өзіне қызметкерлікке алады. Гадай Мұхаммедтің әкесі әйгілі әскери шенді Дәуіт пәруанашы болып, өзі де Қоқан билеушісі Мұхаммед Әлінің (Мәделі хан) қолбасыларының бірі-тін. Бір басында саркар, датқа, пәруанашы қатарлы атақ-лауазымдар жетіп артылатын. 1939-1940 жылдары Пешагар, Ұратөбе, және Наукентің әкімі болғаны тағы бар-ды. Яқұптың әскери өнерге шыңдалуы осы Гадай байға (немесе Гадайх Мұхаммед деп те аталады) ергеннен басталды. Бұл уақытта Қоқан хандығы батыста Бұхара әмірлігімен әлсін-әлсін қақтығыстарға барды. Яқұп осы шайқаста Гадай-Мұхаммедке еріп, Бұхараға қарсы жорықтарға қатысты. Соғыс өнеріне ысылып, шынықты. 

Гадай Мұхаммед соғыста жараланып, Ташкентте кеткеннен кейін  Яқұп бір мезет Мұхаммед Кәрім Қашқа қоластында болды. Бірақ Мұхаммед Кәрім Ходжентке ауысқанда Яқұп Піскентте қалып қояды. 

1845 жылы Шерәлі ханға қастандық жасалып, Қоқан тағына сұлтан Мұрат келді. Іле-шала қырғыз көсемі Мұсылманқұлдың ықпалымен Мұрат тақтан аударылып, Мұратпен немерелес туыс, жас ханзада Худаяр хан атанады. Бектер қайта сайланады. Яқұп қызметінде болған Мұхаммед Кәрім өлімге бұйырылады. Бұдан соң 1846-1847 жылдары Яқұп Ташкентті басқарған Әзиз бек қосынында қызмет етіпті. 

Яқұптың қасапшы әкесінен туған бір айдай сұлу әпкесі бар еді. Бағына жарай сол әпкесі Нұрмұхаммед бекке тұрмысқа шығып, бұның да тасы өрге домалай бастайды. Жездесінің жанында нөкер есебінде үдесінен шығады. Әуелі пәрменші, көмекші болып, біртіндеп қызметі өрлейді. Елубасылыққа, жүзбасылыққа жетеді. Әскери шені өсіп, бес жүз әскерге бас болады. Бұның айы оңынан туып, Мұсылманқұлдың ықпалы уақытша әлсіреген тұста Ташкент билігіне жездесі күшбегі Нұрмұхаммед келеді. Ташкент тізгініне ие болған Нұрмұхаммед балдызы Яқұпты Ташкентке қарасты Шыназға бек етіп жібереді. Одан әрі Ақмешітті басқаруға ауысады. Ресей отряды 1853 жылы Ақмешітке шабуылдағанда шәрді басқарған осы Яқұп-бек еді. Яқұп-бек 22 күн Ақмешітті бермей өзінен 15 есе көп күшке табанды қарсыласты.

Ақмешіт Қоқан, Бұхара, Қазақ жерін басып өтетін керуен жолының түйіскен нүктесінде-тін. Шәріге алым-салықтан табыс мол түсетін. Ақмешіт Яқұпбектің дүние-мүлік, қаражат топтауына жол ашты. Мол байлық, ерен мүлікке ие болған ол Худаяр ханмен жүздесіп, жағынудың орайын іздей бастады. Ақыры мөртін тауып, қазақтың уыздай жас қыздары мен мұрты тебіндемеген өспірім балаларын әсем киіндіріп, тұлпарларды дүбірлетіп, мата-бөздер мен дүние-мүліктерді тоғанаққа артып ханға келеді. Хан да мұның ықыласына ұйып, оң тізесінен орын беріп қошамет көрсетеді. 

Яқұп Ақмешіт билігіне келген бетте салық-зекеттің ауырлығын айтып, қарсы шыққан қазақ ауылдарына жасақ шығарып, шауып отырды. Аяусыз тонау қазақтарды қалжыратты. Расында да Қоқан хандығының қазаққа салған салығы тым ауыр еді. Қоқан территориясында отырған қазақтар үй басы кем дегенде 6 қой, 4 арба отын және 24 қап көмір берешек болды. Егінмен шұғылданатын диқандар түскен өнімінің үштен бірін өткізді. Еркек кіндікті соғыс уақытында шартсыз әскерге алынды. Өрімдей ұл-қыздарды да талап етіп, сұраусыз әкетіп отырды. Яқұпбектің Қоқан ханына қазақтың ұл-қыздарын сыйға тартуы осы жөнсіздігінің көрінісі еді.  

Яқұп-бектің ханның көңілін таба білген пиғылынан сескенген уәзірлер Ақмешітке түскен салықты қазынаға салмай, жымқырды деп ханға арыз айтады. Яқұпбектің тарту-таралғысына іші жылығанымен, артынша хан да осынша байлыққа қалай жетті  деген күмәнмен уәзірлер сөзіне иланды. Хан Яқұпбекті тұтқындауға кісі аттандырды. Бірақ әккі Яқұп-бек хан ордасынан әлдеқашан жансыз сайлап қойған еді. Абдолла жүзбасы сарай ішіндегі болған құпияны әшкере етіп, хан бұйрығын Яқұпбекке жеткізеді. Яқұпбек қағаз ақшаға толы сандықтарын артып, Бұхараға өтіп кетеді. Бұл кезде Худаяр ханның інісі Мәлла Бұхарада еді. Яқұпбек Бұхарада біраз мезгіл Мәлламен бірге болады. 1858 жылы Мәлла Худаярды тақтан қуып, орнына өзі хан болды. Сонымен қашқын есебінде жүрген Яқұп-бек аяқ асты Ходженттің бегі болып шыға келді. Бірақ бұл бақ та оған уақытша қонған екен. Мәлла хан оның әрекетінен күдіктеніп, тұтқындауға бұйырды. Әзелгі әдетінше жансыз сайлап, ақпар жиып үйренген Яқұп Мәлла ханның пәрменінен дер кезінде хабар тапты. Қаланың батыс қақпасынан сытылып шығып, әлдеқандай күн туса деп алдын-ала сайлап қойған аттарына мініп, қуғыншыларды көз жаздырды. Сөйтіп, Яқұпбек екінші мәрте қашып Бұхараға барды. Пәрменінің жансыз арқылы әшкере болғанына күйінген әрі қашып кеткен Яқұпбекке зығырданы қайнаған Мәлла хан Бұхара әміріне хат жазды. Хатында Яқұпбектің аяр бейнесін айпарадай ашып, тұтқындауын сұрайды. Бұхара әмірі Қоқан ханының сөзіне тоқтап, Яқұпбекті зынданға салды. 8 ай зынданда жатқан ол Бұхара әмірінің кезекті жорыққа аттанар тұсындағы рақымшылығына ілігеді. Бұрынғы Бұхарда жүргенінде дос-жар болған адамдардың ара ағайындығымен шайқасқа қатысуға пұрсат алды. Жорық-ұрыстарда атой салып, керме бұзған ерлігіне сүйінген Бұхара әмірі Яқұпбекке іші жылыды. Оған бесжүзбасы атағын берді. Яқұпбек те Бұхара әмірінің сеніміне әбден кіріп, жүріп-тұруы еркіндеді. 

1962 жылы қырғыз Әлімқұлға арқа сүйеген Худаяр інісі Мәлла ханнан тақты қайыра тартып алды. Бұл мезетті оңтайлы пайдаланған Яқұпбек  Самарқандағы мазарларға зиярат етіп, әруақтарға құран бағыштау сылтауымен Ферғанаға қашты. Мұнда Худаяр хан сыртынан Қоқанды билеп отырған Әлімқұлға келеді. Әлімқұлға келген сәті Қашқардан Сыдық бек елшілерінің Бұзырықты қалап келген беті еді. Әлімқұл тым жымысқы әрі секемшіл Яқұпбектен құтылуды ойлап, Бұзырыққа қосып Қашқарға аттандырды. 

Қашқарға келісімен Яқұпбек құсбегі ретінде жергілікті дінбасы және Қоқан саудагерлерімен жолығып, жастайынан жетілген кісі көңілін таба білетін қабілетімен орнын нықтай бастады. Ықпалды адамдардың бәрімен жайдары сөйлесіп, өзі жөнінде оң пікір қалыптастырды. Сыдық бек «Бұзырықты басыбүтін иліктірдім, бәрі ойлағанымдай болды» деп көңілі көншіп жүргенде қоластындағы шенділердің бұзылғанын байқамай да қалды.  Қашқарлықтар Сыдық бектен бет бұрды. Тіпті оның ең сенімді деген адамдарының өзі Яқұпбек жағына шығып кетті. Орайдың пісіп жетілгенін күтіп жүрген Яқұпбек ұтымды қимылдап, Сыдық бектің өзін биліктен тайдырды. Сыдық бек Ақсудағы туған қырғыз ауылына шегініп, жасанып келіп ұрыс салғанымен, бәрібір Қашқарды ала алмады. Өзі жараланып, қосыны тарап кетті. Бұзырық қожаны икемге келеді деп топшылаған ол ойламаған жерден Яқұпбек жемсауына түсті. 

Қашқардың билігін алғаннан кейін Яқұпбек шәрге жапсарлас Қытай қамалына әскер бастап барды. Бұл уақытта қамалда әлі екі мыңдай қытай шеріктері тастай бекініп, берілмей жатқан. Яқұпбектің диқан жасағынан соғыса аларлық нақ адамы тек 1000-ның үстінде ғана болатын. Қалғаны қара көбейткен топ еді. Аз болумен бірге, Яқұпбектің қару-жарағы, қосынының кәсібилігі де төмен-ді. Сөйтсе де ол тәуекел етіп, қытай қамалын қоршады. 

Шынтуайтында, оның тәуекелі құр кеудемсоқтық емес-ті. Ресей қолымен шайқасып, ысылған Яқұпбек келісімен қамал туралы хабар жинаған. Көзі жеткені – қамалдағы азық-түлік қоры сарқылған. Қордың азаюынан бекінген жасақтың да десі басылып, торығу күйінде тұрған-ды. Яқұпбек осы әлсіз тұстан мықтап ұстады. Қытай шеріктері жер-жерде көтеріліс өршіп жатқанын, ешқандай көмек келмейтінін жақсы ұғынды. «Өліспей беріспей қамалды сақтап қалғанда таусылған қамбаны қайтіп толтырмақпыз? Атойлап қамалдан шығып соғысқанда кімді барып паналамақпыз?» деген өзекжарды сұрақтар қамал күзеткен шеріктердің рухын түсіріп, жігерін жасытып-ақ тастаған. Бұлардың торыққан көңіл күйін Яқұпбек жансыздары арқылы жақсы біліп, соған сай ұсыныс тастады. Ол қамал күзеткендерге шарт қойды. Егер мұсылман дінін қабылдап, қарсыласпай берілсе, онда олардың өзі мен отбасын өлтірмеуге уәде етті. Тіпті жақсы лауазымдарға қоятынын айтып, қызықтырды. Яқұпбектің бұл ұсынысы уайым торлаған шеріктердің жүзіне қайтадан қан жүгіртті. Яқұпбек психика соғысында жеңді. Аз әскермен айбат шегіп, дегеніне жетті. Қамалды алып, әскер санын молайтты, қару-жарақ пен оқ-дәрі олжалады. 

Рәшиддиннің Яқұпбекке жорығы

Орталық Шығыс Түркістанда Яркендті қарамағына өткізген Рәшиддиннің ендігі ойы келімсек Яқұпбектің көзін құртып, Қашқарды өз иелігіне қарату болды. Шыққан тегі жөнсал біреудің өзімен билік таласуын ар санады. Көп өтпей ол Қашқарға соғыс ашты. Жеті түмен қолын ең көреген қолбасыларының бірі Жамалидинге бастатып, жақсы хабарын күтіп жатты. Екі тарап Иеңишәрде (жаңа шәр, жаңа қала) ұшырасты. Яқұпбектің шығарған қолы он мың айналасында еді. Он мың қол өзінен жеті есе көп күшке қарсы шыққанымен, бірақ кәсібилік тұрғысынан екеуінің арасы жер мен көктей болатын. Рәшиддиннің сапына діни жамағат пен күштеп қосқан диқан-шаруалар болып, олардың шайқас тәжірибесі, ұрыс сәтіндегі бұйрыққа бағынуы өте нашар-тын. Ал бұл уақытта Яқұпбектің қосыны жаңа күшпен – Қоқаннан шақырылған кәсіби әскерлермен молығып үлгерді. Оның үстіне бұл жаңадан қосылғандар Ресей отрядтарымен соғысып, оқ пен оттың арасынан шыққандар еді. 

Иеңишәрдегі шайқас қызу жүрді. Қиян-кескі ұрыста көп болғанымен, Рәшиддиннің қолы қожырап, бытырап кетті. Ал аз әскермен бір тұстан ұрымтал соққылап, өнімді шабуылдаған Яқұпбек қолы басым түсті. Әсіресе, Яқұпбектің атты қырғыздары найзағайдай жарқылдап, атойлап тұра ұмтылғанда Рәшиддиннің жаяу-жалпы әскері ұрандағанда-ақ үркіп, кері шегінді. Қосынының көптігіне сеніп жорыққа шыққан Рәшиддин жеңілді. Аз күшпен көпті еңсерген Яқұпбектің жеңісі көтерілісшілер арасында аңыз боп тарап, даңқы арта түсті. Құдай қолдаған адам деп оған қосылушылардың қарасы күннен күнге көбейді. Яқұпбек те орайды мықты игеріп, Қоқан сәудагерлерінің көңілін тауып, олардан біршама қаржы топтады. Ол қаржысымен Қоқаннан әскер жасақтауын үдетті. 

Яқұпбек Қашқарға үстемдік етіп тұрған мезгілде Қоқан хандығы Ресеймен қызу шайқас жүргізіп жатқан болатын. Негізінен Қоқан хандығы жойылуға бет алған еді. Осы ұрымтал сәтті шебер пайдаланып, Яқұпбек Қоқанның тәжірибелі әскерін Қашқарға ұйыстыра білді. Қашқар кіші Қоқанға айналды. Жасағын молайтып, сенімі ұлғайған Яқұпбек Бұзырықты хан етіп, Жетішәр хандығын құрды. Сыдық бектің ойлағанын Яқұпбек сәтті жүзеге асырды. Аты мен атағында Бұзырық басшы болып, ал іс жүзінде барлық билікті Яқұпбек өз қолына шоғырландырды. Осындай тасы өрге домалап тұрған уақытта күтпеген жерден Бұзырықпен арасы бұзылды.     

Бұзырықпен бұзылған ара 

Рәшиддин қолын жеңгеннен кейін Яқұпбек Шығыс Түркістанның күнгейіндегі ең  шеткері қала Хотанға шабуылдады. Хотанды алып, кері қайтып келе жатқанында бұдан әрі төзіп тұра алмаған Бұзырық Яқұпбектен жалтарды. 

Қоластындағы кеңесшісі, құсбегі Яқұпбектің атының асқақтап, күн өткен сайын даңқының өсе түсуі Бұзырыққа онша ұнай қоймады. Пенделік бақталастық асқынып, өзінің қолбала хан болып қалғанына қорланды. Айтулы қожа нәсілінен бола тұра, әлдекімнің ықтиярында жүруі ауыр тиді. Осы күнге дейінгі жетістік пен жеңісті өз ныспысымен, ақсүйек тегімен байланысты деп санады. Бұзырық Яқұпбектен теріс айналып, сатқын деп жариялады.

Бұзырықтың ойында діни көсемдігін көлденең тартып, билікті оңай қолына алмақ еді. Әйткенмен бұл ойы жүзеге аспады. Хандықтағы ықпалды ахун, қалпелер мен имам-ағзамдар Яқұпбектің «сатқындығына» илана қоймады. Яқұпбек әуел бастан олардың тілін тауып, тиісті мансап беріп, жіпсіз байлап қойған еді. Сондықтан Бұзырық хан Яқұпбектен бет бұрғанда олар, керісінше, Бұзырықтан ат тонын ала қашты. Сонымен екі ортада өзі ырықсыз қалған Бұзырық хандықтан шарасыз бас тартты. Меккеге қажылыққа бару сылтауымен Қашқардан кетіп тынды.      

Қос империямен «саудаласу» 

Бұзырық оқиғасынан кейін билікті басыбүтін иеленген Яқұпбектің көңілі біраз тыншыды. Әйткенмен жан-жақты безбендей келе, ол солтүстік қалаларды алуға күшін әлі жеткіліксіз санады. Қалалардың арасы алыс болғандықтан әскерді азықпен қамтамасыз ету қиынға соғатын. Сондықтан асығыс қимылдап, тығырыққа тірелгісі келмеді. Әлі де әліптің артын баққанды дұрыс санады. Дәл осы уақытта оның көктен іздеген бағы басына келіп қона кетті. Ағылшындар елші жіберіп, қару-жарақпен қамтамасыз ететінін жеткізді. Ағылшындар екі маңызды себеппен Яқұпбекке елші аттандырып еді. Біріншіден, Ұлы Британия қарамағындағы Үндістан аймағына ең жақыны осы Яқұпбек хандығы болатын. Ағылшын үкіметі Жетішәріні Ресеймен арадағы буфер аймақ ретінде көрді. Екіншіден, Ағылшындар Қоқан хандығында қызмет еткен Яқұпбекті Ресеймен кесілескен соғыстар жүргізген, іште орысқа қарсы өштігі бар деп білді. «Жауымның жауы менің досым» деген ұстанымды алға тартқан ағылшындар Яқұпбекті таптырмас одақтас деп санады. 

Бұл уақытта Ресей-Қытай арасында бейбітшілік шарты орнағандықтан бір-біріне тікелей соғыс аша алмайтын. Әйткенмен Ресей де өзіне тиімді күштерді астыртын қолдауға кірісті. Ресей таңдауына Рәшиддин мен дүнген ханы Туо Миң сай келді. 

Ағылшындардан озық от қару, әсіресе, зеңбірек алған Яқұпбек бірден уақытты игеріп, Рәшидинге соғыс ашты. 1867 жылы Рәшиддин қолынан Ақсу, Кушар секілді орталық қалаларды тартып алды. Кушарға ұлы Бекқұлды бек етіп тағайындады. Шығыс Түркістанның орталығы мен күнгейі Яқұпбектің уысына түсті. Жағдайдың ушыққанынан алаңдап, беймаза болған Ресей Туо Миңнің қолтығына су бүрікті. Тіпті дүнген жасағымен селбесе отырып, Яқұпбекті жою жоспары да талқыланды. Бірақ бұл мәселеде ресми Ресейдің пікірі екіге жарылды. Бірі «нысанымыз Яқұпбек болғанымен, Қытаймен арадағы жағдайды ушықтырып аламыз, оның үстіне Ұлы баритания да қарап жатпайды», – деп сақтық танытса, енді бір топ «Чиң билігінің бұл жерге назар аударарлықтай дәрмені қалмады, олар өз басымен қайғы болып отыр, асса дөңайбат көрсетеді. Ал ағылшындар да ит арқасы қияннан мұнда келіп соғыс аша алмайды. Біз тым сақтып жасап, әрекетсіз отырмыз» деген уәж айтты. Әр көзқарастың өз шындығы, иланар уәжі бар еді. Ең соңында ырғасқан екі тарап ортақ мәмілеге келді. Олар әуелі елшілер тобын жіберіп, Яқұпбектің ау-жайын, ұстанымын байқап көру керек дегенге тоқтады. Мүмкін болса, оны соғыссыз Ресей империясына тізе бүгуге, бодан хандық болуға көндірген жөн десті. Сөйтіп Ресей елшілері де Жетішәрі хандығына келіп жетті. Яқұпбек сыр алдырмастан келген «қонақтарды» жақсы шыраймен қарсы алып, өз талаптарын айтты. Ең әуелі Ресейден өзінің биілігін тануды, екіншіден Шығыс Түркістанның орта және оңтүстік өңірлерінің өзіне қарасты болуын, үшіншіден, жасақ топтап, күш жиып жатқан Туо Миңнің шабуылын тежеуді сұрады. Бұдан басқа Ресей қолының Қоқан және Қашқар жиегінен шегінуін талап етті. Әрине, Яқұпбекпен арадағы бұл жүздесуде ешқандай ортақ келісім жүзеге аспады. Десе де Ресей тарапының бұған бола қылшығы да қисайған жоқ.  Керісінше, дипломатиялық тұрғыда бір қадам ілгері озды. Олар Яқұпбектің ішкі ойын, түп жоспарын өз аузынан шыққан сөздер арқылы болжап білді. Яқұпбекті алдағы уақытта мәмілеге келуге болатын адам деп тұжырымдады. 

Жалғасы бар…