Шәміл шыңы
07.08.2024 1204

Париж олимпиадасының нағыз қызған шағы. Айтулы бәсекенің ортасынан аса бере кілемге грек-рим күресінің шеберлері шығып өнерлерін паш етті. 6 тамыз күні телеарналар эфирінен 77 келі салмақ дәрежесі бойынша қазақ палуаны Демеу Жадыраевтың күресі беріліп, барша қазақ халқы тамашалады десек артық айтқанымыз емес. Бұл жолы бабы да, бағы да келіскенін көрсеткен Демеу бауырымыз алғашқы қарсыласы колумбиялық Джейр Куеро Муньосты бұйым құрлы көрген жоқ. Есепті 9:0 етіп, белдесуді ерте аяқтады. Ол екінші рет Париж Олимпиадасының ширек финалында Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы, осы турнирдің басты фавориті саналған қырғыз палуаны Ақжол Махмұдовты жарыс жолынан ығыстырып жіберді. Есеп: 3-1. Ал жартылай финалда әзербайжандық палуан, ол да осал емес Санан Сулеймановты 6:1 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды. Міне, қарсыласын партерден жұлып алып көтеріп тастайтын тегеурінді палуанның күресіне сүйсініп, ақтық сайыста алтын медаль алып, жеңіс тұғырынан көрінуіне шын тілектестік білдіріп отырмыз.


Әрине, адам бар жерде ұрпақ сабақтастығы деген болады, тарих бар жерде дәстүр жалғастығы деген болады. Сөзсіз алдыңғы буынның қалдырған ізі, қолтаңбасы кейінгі ұрпақ үшін үлкен сабақ. Бұл орайда біз әлемнің екі дүркін чемпионы, 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасының жеңімпазы Шәміл Серіковтің палуандық жолына шолу жасаймыз. Кілем төріндегі Демеуге Жақсылық ағасының батасы дарып, Шәміл ағасының бақыты бұйырсын деп тілейміз. 

Осыдан 44 жыл бұрын ХХІІ Олимпиада ойындары ССРО астанасы Мәскеуде өтіп, онда палуандар сайысатын В. Куц атындағы ЦСКА жабық манежінде одақ гимні үш рет ойналып, үш мәрте қызыл жалау желбіреген болатын. «Бұл күні, – деп жазады «Лениншіл жас» газеті, – Совет Одағының үш бірдей палуаны алматылық Ш. Серіков, москвалық В. Корбан және киевтік А. Кольчинский өз салмақ дәрежелерінде Олимпиада чемпионы атанып, классикалық күрестен алтын медальдар есебін алғаш ашқан жерлесіміз Жақсылық Үшкемпіровтың тамаша табысын лайықты жалғастырды». Шынында 26 шілде күнгі нәтижелерді жариялағанда Ж. Үшкемпіровтің екі күн бұрын алған алтын жүлдесі басқа жеңімпаздардың көшін бастағаны тарихи факт. 

Классикалық күрес шеберлері 5 алтын, 2 күміс және 2 қола медальға ие болып, Совет Одағы жалпы командалық есепте де жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтерілген екен. 

57 келі салмақ бойынша Олимпиаданың жеңіс тұғырына шыққан Шәмілдің палуандық жолы туралы қызықты деректер бар. «Лениншіл жас» газетінде жарияланған «Шәміл шыққан шың» атты мақалада бала Шәмілдің күреске келуі туралы хикая былайшы өрбиді: 

«Шәмілдің палуандық жолы тым қызық басталды. Өзінің күрес өнеріне қалай келгенін ойласа, есіне алғашқы бапкері А. Алдабергенов түседі.

Аянбек жаттығу залының есігін аша беріп еді, сыртта да бір топ бала тұр екен. Өздерінің есіктен сығалап тұрғандарына ұялғандай кенет олар қаша жөнелді. Бәрі де бір-бір велосипед мінген. Әп-сәтте келесі көп қабатты үйді айналып, көрінбей кетті.

Бұл көрініске таңданған Аянбек келесі жолы басқа есіктен шықты да, әлгі «бақылаушылардын» бірін аттатпай ұстап алды. Талдырмаш денелі қара бала басында бой бермей бұлқынғанымен, қарулы қолдардын құрсауынан шыға алмасын білді де «сабасына» түсті.

– Атың кім?

– Шәміл.

– Неге ұрланып жүрсің?!

– Білмеймін. Олар бірақ күшті ғой (кішкентай бала иегімен күрес үйірмесінің есігі нұсқады).

– Сен де күшті болғың келсе, ертеңнен бастап жаттығуға кел!

Табиғатынан ақкөңіл, мейірбан әрі бала мінезді Аянбек соңғы сезін неге қатал, әрі кесіп айтқанына өзі таң қалады. Әйтсе де велосипед спортымен енжар айналысып жүрген Шәмілдің күрес өнеріне біржола келуіне осы сөздің қамшы болғаны да рас. Сол күннен бастап 12 жасар Шәміл тура Бірінші Алматыдағы «Локомотив» стадионында классикалық күрестен СССР спорт шебері, бапкерлік жолын енді ғана бастаған жас ұстаз Аянбек Алдабергеновтың қарамағында жаттыға бастады». 

Осылайша күрес әліппесін үйреніп бастаған Шәмілдің алғашқы жетістігі 1974 жылдан басталды. Ол кезде небары оныншы сынып оқушысы еді. Каунас қаласында өткен мектеп оқушыларының Бүкілодақтық спартакиадасында шымыр денелі қара бала қарсыластарын түгел дерлік таза жеңіп, жеңімпаз атанды. Сол жарысқа қазылық еткен Олимпиада және әлем чемпиоы, белгілі палуан Анатолий Рощин: «Қара да тұрыңдар, осы баладан түбі есімі елге әйгілі спортшы шығады. Бойында таза табиғи талант бар», – деп тамсанған екен. 

Шынында да сымдай тартылған сырт тұлғасы, әбжіл қимылы мен алуан түрлі айласы, ішкі қуаты Шәмілді барған сайын көтере түсті. Өзі үлгі тұтатын әйгілі палуанның бұл сөзі қанаттандырған ол сол жылдың күзінде Қазақ мемлекеттік физкультура инситутына оқуға түсіп, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Анатолий Павлович Жарковтың қарамағында жаттығады. 

«1978 жыл. Мехико. Шыны мен темірден соғылған «Хуан де Барерра» спорт сарайы. Ыстығы аптап тұрған Мексиканың шақырайған күні бүкіл әлемнің таңдаулы палуандары бас қосқан осынау ғимаратты ерітіп жіберердей күйіп тұр. Ал спортшылар күресетін боз кілемнің үсті одан да ыстық. 

Мексика астанасының барлық спорт сүйер қауымы бейне осынау бір сарай ішіне жиналған дерсің. Трибунада ине шаншар орын жоқ. У-шу халық. Шәмілдің финалдағы басты қарсыласы, жапониялық палуан Асса Юнека де іріктеу белдесулерін түгелдей таза жеңіспен аяқтады. 

Жауырындары жерге тимек түгіл айып ұпай алып көрмеген қос палуан – Ш. Серіков пен А. Юнека ортаға шыққанда оларға қошемет көрсеткен мыңдаған жанкүйерлер үнінен зәулім спорт сарайы теңселіп тұрды. 

Жапониялық жігіт расында да шебер екен. Жылдамдығы мен күш-қайраты бір-біріне сай екі саңлақ екі кезең бойы тек аңдысып қана жүрді. Белдесудің соңғы минутында қазақ палуан ұстазы екеуі тынбай үйренген көне гректердің мүлде ұмыт қалған «толқын» әдісін қолданды да, қарсыласын қос жауырынымен түсірді. 

Одан кейінгісі бейне бір түс секілді. Совет палуанына жанашыр болып отырған көрермен қауым, кілем үстіне лап қойды да, сонау Алатау бөктерінен келген қараторы, сұңғақ денелі әдемі жігітті көтерген күйі жеңіс тұғырының бірінші сатысына бір-ақ шығарды. Сол жолы Мексика астанасынан Совет Одағының палуандары 6 алтын, 1 күміс және 3 қола медальмен оралып, өздерімен бірге командалық бірінші орын үшін берілетін бас жүлдені де алып қайтты», – деп жазылды Шәмілдің даңқты жолдары. Бұл палуанның бірінші әлем чемпионы атанған жұлдызды шағы.

1979 жылы Американың Сан-Диего қаласында екінші әлем біріншілігінде де Шәміл жеңіске жетіп, алтыннан алқа тақты. 

Еуропа және әлем чемпионаттарында топ жарған Шәмілдің жолы үнемі болып тұрды деу артықтау, оның Мәскеу олимпиадасы қарсаңында бару-бармау мәселесі үлкен талқылауға ұласқан.  1976 жылғы Монреаль олимпиадасының чемпионы Виталий Константинов боз кілемге қайта оралып, бақ сынауға кіріседі. Ол үшін екі мықты палуан өзара белдесіп, кім мықты екенін анықтау қажет. СССР біріншілігінде жеңілмей жүрген алматылық палуанды ұпай санымен ұтып кетті. Ол ол ма, Шәміл осы біріншілікте тағы бір украиндық жас палуаннан таза ұтылды да, алтыншы орынға сырғып түсті. Бұл сәтсіздіктер қазақ палуанның жігерін жасыта алған жоқ. Мамандар мен жаттықтырушылар алқасы Мәскеу олимпиадасына Константинов пен Серіковтің қайсысын алу жайын ойластырып жатты. Шешуші сәтте В. Константиновпен сынақ белдесуде қарсыласын екі мәрте таза жеңді. Атақ-айбыны зор В. Константинов қайран да қыла алмады. «Константиновтың атақ-дәрежесі зор болғанымен, Шәміл Серіковты жеңе алмапты, одан артық не керек?» деген мамандар пікірі үстем болып, Мәскеу Олимпиадасының лизенциясына Шәміл ие болды. 

Шәмілдің Мәскеу олимпиадасындағы әрбір күресі, күрес барысындағы тактикасы әлі де айтылатын аңыз. Олимпиаданы тамашалаған мыңдаған жанкүйерлер жүз жылда бір болатын күрес ғажайыбын ұмыта қойған жоқ. 

Шәміл бірінші айналымда бельгиялық палуан Жульен Мевиатты 3 минутта, екінші айналымда румын палуаны Михай Боцилді 2 минутта, үшінші айналымда итальялық палуан Антонио Кельтабиацті 3:2 есебімен, төртінші айналымда чех Йозеф Крысті 8 минутта, бесінші айналымда швед Бенни Юнгбельді 3 минутта, алтыншы айналымда поляк палуаны Юзеф Липенді 11:4 есебімен жеңіп, қазақша айтқанда, бәрін қоғадай жапырып, қидай сыпырып чемпион атанды. 

Ол алты белдесудің төртеуін мерзімінен бұрын аяқтап, екеуін айқын басымдықпен жеңді. Гиннес рекордтар кітабының мамандары палуанның бір минут ішінде алты лақтыру (бросок) жасағанын тіркеп, кітапқа енгізді. Ал әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары Шәмілдің күрестің шынымен классикалық түрін көрсеткендігін жарысып жазып жатты.

Қазақ қоғамы қазір Шәмілдей палуанды ұмытып бара жатқандай көрінеді, ол туралы көп айтылмайды, жазылмайды, ескерілмейді. Мәскеу олимпиадасы дегенде Жақсылық Үшкемпіров пен Серік Қонақбаевтардың есімдері айтылып-жазылып жатады, біз бұған қуанамыз, алайда шын күрестің, классикалық күрестің классикалық үлгісін көрсеткен, тіпті Ж. Үшкемпіровтің чемпион атануына («түйе құсап шайқа») септігін тигізген Шәмілдей ерді ұмытуға бола ма? Оның Мәскеу олимпиадасынан кейін БАМ құрылысына бармай, өз еркімен бас тартуы да ерлік емес пе! Ауған соғысына да қарсылық танытуы, «ел айтса болды, жұрт айтса көнді» демей, наразылық білдіруі саяси мәдениетінің, сауатының жоғары деңгейін көрсетеді. 

Осындай қарсылықтары үшін советтік саясат барлық жерге шектеу қойып, жұмысқа алмай, жүкші, пошташы етіп тентіретіп жіберді. Артынан аңду қойды, үйінің телефонын қиюға дейін барды. Советтік саясат азамат ердің басын жұтты. Небары 33 жасында оғлан ұл опат болды. 

Шәмілдей ер екі тумайды. Туса Шәмілдей болмайды. 

Біздің замандасымыз Демеу Жадыраевтың қарсыласын партерден көтеріп алып айналдырып тастайтыны оның күшті, тегеурінді палуан екенін көрсетеді. Оған даңқты палуан ағасы Шәмілдің жолын, бағын берсін дегіміз келеді.