Қаржаубай Сартқожаұлы: Тоныкөк туралы роман жазуды жоспарлаған едім
12.08.2024 2180

Түркітанушы ғалым, ұстаз, қаламгер Қаржаубай Сартқожаұлының есімі қалың жұртшылыққа кеңінен таныс. Бүкіл саналы ғұмырын түркология ғылымына арнаған ғалыммен арнайы әдеби шығармашылығы туралы сұхбат құрған едік. Сондай-ақ ғалым көне түркі жазбаларын зерттеуге және қоғамдық-саяси қызметі жайында да кеңінен толғай әңгімелеген еді. Сұхбаттың бірінші бөлімін оқырман назарына ұсынып отырмыз.


– Қаржаубай аға, өзіңізді қалың жұртшылық әйгілі В.В.Радлов, Вильгельм Томсендер негізін қалаған түркология ғылымына мол олжа салған ғалым ретінде жақсы біледі. Тарих ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының докторысыз. Атажұртқа оралғанға дейін лауазымды қызметтер атқарған қоғам қайраткерісіз. Ғылым жолындағы бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктеріңіз жөнінде мерзімді басылымдар мен ғаламтор бетінде мақалалар мен сұхбаттар баршылық екен. Сіздің сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдардан бері қарай әдебиет ауылына да ат шалдырып, әңгімелер мен хикаяттар жазғаныңызды білеміз. Өзіңіздің қаламгерлік қырыңыз, шығармашылық әлеміңіз туралы әңгіме өрбітсек.

Мен әңгімелерімнің көбін психологиялық иірімге құруға тырысамын. Құр сүрі баяндаудан, артық жылтырақ суреттеуден барынша қашамын. Әңгімелерімнің барлығы дерлік нақты адамдарға, нақты оқиғаларға құрылған деуге болатын шығар. Мысалы, «Махаббат самалы» – өзімізбен тұрғылас адамдардың басынан өткен оқиға.

- Мен әкеден ерте қалған, шешенің тәрбиесінде өскен, бір үйдің кенже баласымын. Сондықтан да жасымда ерке болдым. Әрі кемпірдің баласы деп, балалардың көбі батып тиісе алмайтын. Анамның аялы алақанында өсіп, сабақ жасына таяғанда үй шаруасына селбесіп, қозы жайдық. Далада қозы бағып жүргенде құмды жайып жіберіп, шешемнің үйде үйреткенін қайталап: «Әліп би, ти, би астында бір нүкте, ти үстінде екі нүкте» деп әндете жаттап, жазатынмын. Шешемнің бұл үйрететін жазуы – шағатай қарпі екен ғой. Шағатай жазуы Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуынан сәл басқашалау келеді. Сөйтіп үйде, анамнан хат тани бастадым. Бала кезімнен кітапқұмар болдым. Тұңғыш оқыған кітабым – «Мың бір түн» еді. Екі томдық сол бір қоңыр кітапты ежелеп жүріп оқып аяқтаған соң кітаппен достасып кеттім. Кітапқұмарлық дегеніңіз – әдебиетқұмарлық қой. Кітапқұмарлық шығармашылық талпынысқа жетеледі. Осының әсерінен мектеп қабырғасында жүргенде төртінші сыныптан бастап өлең жаздым. Ол кезде мектепте: «Кім көп өлең-тақпақ біледі?», «Кім мәнерлеп жатқа оқиды?» деген сияқты сайыстар өтіп тұратын еді. Төртінші сыныпта оқып жүрген жылы бастауыш сынып оқушылары арасында елу өлеңді жатқа оқып бірінші орынға ие болғаным әлі есімде. Сол алғашқы жеңісімнен кейін әдебиетке тіпті құлшына түскен болармын.

Менің шешем – өте әңгімешіл адам еді. Ертегілердің небір түрін, жыр-қиссаларды көп білетін, әрі ескіше сауаты бар кісі болатын. Ес білгеннен жанында әңгімесін тыңдап өскендіктен де, сөзге құлақ қоюшылық, әдебиетке бейімділік тұрғысында анамның ықпал, әсері көп болды деп ойлаймын. Мектепте өлең жазып ақын атанып жүргеніммен, есейе келе поэзия менің қолым емес екенін түсінгендей болдым. Осыдан кейін прозалық туындылар жазуға талаптандым. 1968 жылы университеттің бірінші курсында оқып жүргенде алғашқы әңгімемді жаздым. Осыдан кейін әр жылдары жазған әңгімелерімнің біразы университет қабырғасында жүргенде жазылып, жарық көрді. Осы тебінмен біршама әңгімелер жазылды. Сондай-ақ «Қош бол, апа!», «Аялдамалар» деген екі хикаятым бар.

– Прозалық туындыларыңыз мерзімді басылымдарда жарияланып, кітап болып оқырмандар қолына тиді ме?

– Иә, уақытылы жариялатуға тырыстым. Баян-Өлгийде «Шұғыла» атты әдеби журнал шығып тұратын. Қазір де бар. Сол журналға жариялатып тұрдым. Проза жазумен шұғылданып жүргенде, қаламымды ұштау үшін әлем әдебиетін, сондай-ақ қазақ жазушыларын, әсіресе Оралхан Бөкейді көп оқыдым. Кейде еліктеген жағдайлар да болды. «Ұйқым келмейді» деген әңгімемді сол еліктеуден туған деуге болады. «Құсың құтты болсын, қойшы!» деген әңгіме жазған едім. Екінші курста оқып жүргенде «Қыранның қазасы» деген әңгіме жаздым. Осы туындымды бесінші курске көшкен жылы Қазақстанға, Алматыға жолдадым. Ол әңгімем «Қазақ әдебиетінде» жарық көрді. Бұл әңгімеге кезінде әдебиет сыншылары тарапынан жылы лебіздер айтылған еді. Осылайша проза жанрында біршама талаптандым. Осы еңбегімнің нәтижесі – оншақты әңгіме-хикаят деуге болады. 1983 жылы «Аялдамалар» деген атпен жинағым жарық көрді. «Аялдамалар» деген бір жағынан философиялық дүние ғой. Сол замандағы адамдардың әрекеті, ой-сезімі, түйсігі, қоғамға, адамға қалай қарайды деген сияқтыларды шығарып келу қажет болды. Ондағы бес-алты аялдамада бес-алты түрлі әңгімелер айтылады. Осындай философиялық туынды жаздым.

– Қазақ әңгімелерінің, хикаяттарының ең басты көркемдік ерекшелігі – ондағы қазақ өмірін, қазақы болмыс-бітімді өз заманына сай нанымды кейіпкерлер арқылы бере білу дейтін болсақ, сіздің прозалық туындыларыңыз осы үдеден шығары анық деп білеміз. Бұл енді жалаң мақтау емес. «Махаббат самалы», «Аялдамалар», Бір жұтым қымыз» т.б. туындыларыңызды оқығанда осы тұжырым ойымыз дәйектелгендей. Жазудағы басты ұстанымыңыз қандай?

– Техника деген болады ғой. Дегенмен мұның өзі басты нәрсе емес. Мен әңгімелерімнің көбін психологиялық иірімге құруға тырысамын. Құр сүрі баяндаудан, артық жылтырақ суреттеуден барынша қашамын. Әңгімелерімнің барлығы дерлік нақты адамдарға, нақты оқиғаларға құрылған деуге болатын шығар. Мысалы, «Махаббат самалы» – өзімізбен тұрғылас адамдардың басынан өткен оқиға.

– «Бір жұтым қымыз» атты әңгімеңіздегі мына екі сөйлемге назар аударалықшы: «Бәрі де көзге сүйкімді-ақ. Тек анау құйрығы қиыла біткен сілеусін көздерінен ғана бір белгісіз салқындық байқалатын секілді..» Иә, әңгімеде кейіпкерлер арасындағы ешбір ашық конфликт жоқ. Бірақ кетеуі кеткен бір ауыр мұңлы хал шығарманың бойынан есіп тұратындай... Жоғарыдағы үзіндінің өзі-ақ көп жағдайды аңғартып тұрған жоқ па?

– «Бір жұтым қымызға» арқау болған жағдай да өмірден алынып еді. Мен Қазақстанға алғаш 1982 жылы аяқ басқан адаммын. Алматыда бір досым үйіне қонаққа шақырды. Үйінде анасы бар екен. Алғаш кіріп барған кезде амандастым. Қазақы кісі екен. Ас пісіп дастарқанға келген кезде, шешейді шақырмады. Ол кісі дерті жанына батқандай, залда отыр.. Ана келін мен ұл мән беріп қарамады. Бұлардан гөрі кішкентай немере қызы ортада жүгіріп, әжесінің алдына шай-тамағын тасып беріп жүр. Мұндағы жағдайдың бәрін көріп-түйіп отырмын. Шығар кезде шешейдің қолын алып: «Аман болыңыз! Жазылып кетіңіз!» - деп айтып қана шықтым. Содан кейін әлгі кісінің жаутаңкөз мүсәпір халі көз алдымнан кетпей қойды. Осы толғаныстан кейін «Бір жұтым қымызды» жазған едім.

– Жазушы өзінің ес білгеннен айналасында көріп, көкірекке түйгенін, түйсінгенін өмір бойы арқау етеді деген қағида бар. Көптеген жазушылар өз өмірі туралы автобиографиялық, мемуарлық шағын-көлемді туындылар жазған. Сіздің «Қош бол, апа!» хикаятыңызды осы бағыттағы туынды деп түсінсек бола ма? «Ол әкенің ыстық алақанын көрген жоқ. Екі жасында әкесі дүние салған. Қазір тіріліп келсе де танымас еді. Әркімнің табынатын бір пірі бар десек, Шүкімәннің пірі – сол анасы ғана...» Осы хикаяттағы Шүкімән атты кейіпкерді өзіңіз деуімізге болады ғой?

– Солай деп білуге болады. «Қош бол, апа!» бұл – менің анам туралы бір дүние жазсам деген ұмтылыстан туған туынды еді. Әкем екі жасымда қайтыс болып кетті де, мен шешемнің тәрбиесінде өстім дедім ғой. Сол асыл анам мен бесінші курста оқып жүргенде қылтамақ ауруымен ауырып, өмірден өтті. Ауырып жатқанда оқудан сұранып келіп, бір ай бойы жанында болдым. Анамды қолыммен жерледім. Өмірдегі ең асыл жаннан айырылу маған ауыр тиді. Осыдан кейін өз өмірімнен ала отырып, ана мен ұлдың ортасындағы қимастық сезім жайлы жазғым келді. Қазақи әрі этнографиялық сипат бере отырып, өз өмірім туралы жазылған дүние ғой.

– Қазақи әрі этнографиялық сипат бергім келді деген сөзіңізге орай, хикаяттағы сөзтанымға қатысты мына бір тұсқа тоқтала кетсек дұрыс болатын сияқты: «Апам түлкіні аунатып көрді де: «Ақай түлкі екен», - деді. Мен бұл сөзге түсінбей:

– Апа, «ақай түлкі» деп қандай түлкіні айтады? – дедім. Аз ойланып отырды да, сәл қабағын шытып:

– Е, қарағым, осы заманның балалары өз тілін өзі білмей барады ғой. Сұрап алғанның артығы жоқ. Сен түгіл ағаларың да білмейді. Кейбіреулер қыз баласына «Ақай» деп ат қойып жүр. «Ақай» деп атам қазақ қаншық түлкіні атап келген, - деді, үйірілген сары шайын сораптап ішіп. Мен сәл ойланып отырдым да:

– Апа, маған қалайша Шүкімән деп ат қойғансыздар? – дедім.

– Қарашығым-ау, «Шүкімән» деп қарлығаштың ақүрпек балапанын айтады. Соған балап атаң марқұм қойып еді, - деді. Шүкімән атты кейіпкерлерді білсек те, көп ести бермеген этнографиялық атаулар екен.

– Туындының танымдық қыры деген де болатыны белгілі ғой. Шүкімән деген – қарлығаштың ақүрпек балапаны екендігін бала кезімде шешем айтушы еді. «Ақай түлкі» де солай. Жалпы заман озып, өмір алға жылжыған сайын көп сөздер ұмытылып жатады ғой. Ол да өмірдің заңдылығы. Ұмытылып бара жатқан сөздерді ретімен туындыларда қолданумен қатар, оларды теріп жинақтау да қажет. Осы тұрғыда соңғы жылдары менің жерлес бауырым Бодаухан Тоқанұлы деген табанды, байыпты азамат қазақтың көнеріп ұмытылып қалған көптеген сөздерін жинақтап, мемлекеттік тапсырыс бойынша кітап етіп бастырып шығарды. Көнерген, ұмытылған сөздерді осылай жинақтап, кітап қылып шығарып отырсақ, түбі бір керегі болады. Бұл сөздерді де іздейтін күн туады әлі.

– «Жыр шумақтары төгілген кезде Асаннан бастап, аяғын Ақытпен тоқтататын-ды. Егер үлкен ұлы: «Сіз Ақытты көп уағыздай бермеңіз. Қателесіп кетесіз, - десе, кәрі жанарынан от шаша: «Тәйт әрі, өйтпе балам! Біреуді, соның ішінде аруақты сыртынан ғайбаттама! - деп барып тыйылып қалар еді.» Бұл үзінді де «Қош бол, ана!» хикаятынан алынып отыр. Қытай мен Монғолия қазақтары жазба әдебиетінің бастауында тұрған көрнекті кітаби ақын Ақыт Үлімжіұлының шығармашыл тұлға болып қалыптасқан, ұзақ жылдар шәкірт тәрбиелеп мекендеген өңірі – сіз туып-өскен Делуін өлкесі ғой. Коммунистер билеген дәуірде Ақыт қажы есімі атала бермесе де, анаңыздан тыңдап өскен боларсыз?

– Иә, Ақыт қажының жырларын алғаш анамнан естіп өстім. Расында менің ес білген шағым – Ақыт қажының есімін атауға болмайтын кез ғой. Сол балалық шағымда анамның аузынан Ақыт Үлімжіұлының «Ақыретбаян», «Қажыбаян», «Шолақ қол қатынның хикаясы» т.б. қисса-дастандарын, өлеңдерін тыңдап өстім. «Ақыт – қажыға барған молда. Өлеңдерін насихаттап айтсаң үкіметтің құрығына ілініп кетесің», - деп ел ол кезде жасқанатын. Ел ішінде көп айтқызбайтын.

Менің өзім керей жәнтекейдің қангелдісімін ғой. Біздің әулет мен ес білгенде қалың қарақас-молқының ортасында отырды. Жеңгелерімнің бәрі – қарақас қыздары. Байқағаным, бұл елде бір айтқанды қағып алатын, жадысы мықты құймақұлақ адамдар көп болды. Кезінде әкеміз Ақ Қаба, Қара Қабадан өтіп, Өр Алтайға, Көктоғайға барғанда сондағы қарақастардың ішінде болыпты. Сол жақта мекендеп отырып қазіргі Баян-Өлгий жері, Алтайдың Қызылқиясы арқылы Қобда бетке аунап түскен ғой. Жас кезінде ме естіді ме екен, әлде бертінде тыңдап көкірекке түйді ме екен, әйтеуір шешем Ақыт қажы Үлімжіұлының жырларын және «Сал-Сал», «Шәкір-Шәкірат» сияқты көптеген қиссаларды жатқа айтатын. Және де өзіміз «Емші ағаң» дейміз, менен үлкен Төңкер атты ағама шешем жырларды жаздыртты. Емші ағаң жырды нәшіне келтіріп, мақамдап әдемі оқитын еді.

– Шешесі ауыр ойда отыр. ...Мүмкін сонау Шүй бойында қалған жастық шағы көз алдына елестеген болар. Ондағы тай-құлындай тебісіп бірге өскен құрбы қыздарын сағынған шығар. Әлде он алты жасында ұзатылғаннан кейін жоғалтып алған анасының ыстық алақанын, «қызым» деп иіскейтін ақ мейірімін сағынған шығар...» «Қош бол, ана!» хикаятындағы осы бір үзіндіні оқығанда бала кезімізде шекараның арғы бетінде қалған төркінін, туыстарын сағына еске алып, көз жасын төгіп отыратын әжелеміз еске түседі...

– Алтай тауының төрт тарабын айнала көшкен қазақтың ұрпағымыз ғой. Біздің аталармыз әу баста Марқакөл жағында тұрып, Алтайдың күн бетіне қоныс аударған екен. Біздің үй мекендейтін өңірге жақын шекарада заставасы болыпты. Ауылдың күш-көлік, азық-сусын қылып отыратын азғана жылқысы болады екен. Ішінде жүйрік аттары да болыпты. Соны бір күні заставаның орыс солдаттары айдап алып кетіп, сұраса бермей қойыпты. Біздің әкеміз де қайтпас морт мінезді адам болса керек. Содан жылқыдан айырылған соң әулеттен бөліне Қытай бетке өтіп кетеді. Өтіп кетер алдында Нарынның жотасында бір жұма қасқыр болып ұлып жатып алыпты. Бұл нақты болған әңгіме. Жұрт: «Мұнда қасқыр неге қаптап кетті?» - деп ойлайды. Содан бір күн ұлыған үн тыйыла қалады. Екі күн өтеді, тыйылған қалпында үн жоқ. Үшінші күні әкеміз заставаның жүз қаралы жылқысын бірақ айдаған ғой. Сол қалпы Алтайдың арғы бетіне асып кетеді. Соңынан келер қуғыншыдан қауіптеніп, жоғарыда айтқанымдай, Ақ Қаба, Қара Қабаны көктей өтіп, өрлей-өрлей Көктоғайға дейін жетіп, одан соң Қобда бетке асып кетіпті. Сондықтан да бұл туындыда анамның туған жерге деген сағынышты күйін шартты түрде Шүй деп алып отырмын.

– «Қош бол, ана!» анаға деген үлкен махаббатқа, сонымен бірге ұлттық этнографияға тұнған туынды екенін талдап тарқату – бұл сұхбаттың мақсаты емес десек те, жанға жақын, өз басымыздан өткен, тіпті ол жақта қазір де бар мына бір фрагментті келтіре кетелікші: «Ақтаңдайды төле, не «Бәйге қоңырды» әкел. «Бәйге қоңырды» деп отырғаны күн сайын қозы жамырар кезде Қуаныштың жарыстыратын қоңыр қозысы. Ол – ешқашан да алдына қозы түсіріп көрмеген жел аяқтың нақ өзі...» Қойлы ауылда қозы жайып өскен әрбір бала білетін осы бір балалық шақ суретін еске алсақ...

– Қобда бет қазағы ежелден қой сауады. «Қойдың сүті – қорғасын» деген бар ғой. Қойды екі рет: түсте бір рет, кешке жақын тағы бір рет сауатын еді ғой. Сөйтіп күн батар алдында қойды ауылға айдап әкеліп иіріп, саулықтарды ұстап арқанға қосақтайды. Содан соң қыз-келіншектер қосақтың екі жағында отырып алып сауады. Сауып біткенше күн де батады. Біздің бала кезімізде ауылда мал көп еді. Колхозға әлі қамтыла қоймаған кез.

Біз екі немесе үш-төрт бала – ауылдан бірер шақырым жерде қозы жаямыз. Таулы өлкеде кешке таман күн суық. Жаз бойы етік кигізбейді ғой, жалаңаяқ жүреміз. Сәл жаңбыр жауса, тастың үстіне шығып тұра қаламыз. Жауын тиген кезде тас қызады. Соны пайдаланған түріміз. Қой сауып болған соң ауылдан: «Айда, айда!» - деген дауыс естіледі. Сол кезде бала басы бір-бір қозыны «бәйгеге қосар жүйрік» ретінде ұстап алып қалып, өзгелері қойға жетіп жамырап жатқанда босатып жіберіп жарыстыратынбыз. Сөйтіп қозы бағып жүрген қызықты балалық өмір ғой бұл. Бұл дәстүр біздің тұсымызда ғана болған жоқ, одан бұрынғы дәуірлерден жалғасып келе жатыр. Қазір де болуы керек. Қазіргі техникаға сүйенген заманда ол жақта қойды екі рет сауа ма екен, әй саумайды-ау. Екі рет сауғаннан кейін сүтті де көп алады, құрт қайнатады, ірімшік жасайды. Жайлаудан етекке көшкенде қыстай жейтін ақ тамағын алып түседі ғой. Бұл бір естен кетпес, қиындығы мен қызығы мол өмір.

– Сіздер көрген, бастан кешкен сол қазақтың жаз жайлау өмірі мен оның сән-салтанаты мынау ХХІ ғасырда да өзіндік бояу-мәнісімен қазір де сақталып отырғандығы – көшпелі өркениеттің көзтаныс көрінісі, әрі аңсарлы көңілге ғажап медеу ғой. Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов өзінің «Таңғажайып дүние» автобиографиялық романында: «Мұндағы малшылардың тауға көшін жаз жайлау салтанатымен салыстыруға болмайды» дейтіні бар еді. Туған өлкеңізде жаз жайлау сәні туралы еске алсаңыз.

– Біздің жақта Түпшінкөл дейтін жер бар. Соның бер жағында Ақ ит өлген мойнақ дейтін асу бар еді. Бөрі алатын, аңкөс ақ ит қасқырлармен таласып өлген екен. Атауы соған қойылыпты. Жағытұрым қыстаудан көшіп соның күңгей жағындағы Құдық дейтін жерге қой төлдемей тұрып жетіп алуымыз керек. Бұл бір қора сияқты ұйық, жылы жер еді. Қоралы, жылы көңді мекен. Жазғытұрым қой қоздатып болған соң жайлауға шығамыз.

Сөйтіп жайлауға көшуге қамданатынбыз. Көшпелі қазақтың жаз жайлауы – ғажап қой. Біз көрген жайлаудың ерекшелігі – ауызы аққа жарымаған кедейлер дегеннің болмайтыны еді ғой. Кедей дегенде, әулетімен, руымен отыратындықтан, дәулеті жұқалтаңдарына жазда міністік-көліктік малын, еншісін, жазда сауып ішерлік сауынын беріп: «Осының сүмесімен жаз бойы жаныңды бақ!» - деп жалқау-жадауға жұмыс істеткізіп, бірін-біріне теңеп отыратын еді. Біздің үй сол заманда елу-алпыс қойлы, он-он бес сиырлы, бір айғыр үйірлі жылқысы бар, орташалар қатарында болды.

Жайлауға ол заманда түйемен көшеміз. «Бәленшенің аулы осындай күні көшіп өтеді» дегенді естіп-біліп отырған жолдағы ауылдар шайын, айран-сүтін, құрт-ірімшік, бауырсақ-тәттісін түйген дастарқанын алып, көштің алдынан шығатын еді. Көште шаршап келе жатқан адамдарға шайын, балаларға салқын сүт-айранын беріп, шөлдерін басатын. Осылайша аз да болса тыныстап дамылдаған көш ауыл адамдарына рақметін айтып, ары қарай жөнеле береді.

Жайлау тамаша ғой, шіркін! Биені байлап тастап, сайрандап жүретінбіз. Биені алғаш байлайтын күні биебаудың басында кішігірім мереке болушы еді. Айғырлардың маңдайына май жағып, жыра сауырына сүт құйып деген сияқты. Бұдан соң қымызмұрындық жасайтын. Мұның бәрі жаз уақытында болатын сайранды іс-әрекеттер еді.

– Балалық, жастық дәуреніңізде бастан өткерген әрі туып-өскен қарт Қобданың бойында, Алтайдың сай-саласында күні-бүгін көзайым болар өмірдің сағынышты сәттеріне еріксіз бойлап кеткендей болдық. Осы және басқа да оқиғалар мен өмірді суреттеген көлемді туынды, яғни роман жазуды ойландыңыз ба?

– Болды әрине. Университет бітіргеннен кейін екі жылдан соң шығармалар жинағым жарық көрді. Екінші жинағым академияда жұмыс істеп жүрген кезде шықты. Жазған прозалық туындыларым – Монғолиядағы қазақ әдебиетінің дамуына, жалпы қазақ әдебиетіне кішкентай болса да үлесіміз осы ғана ғой деп білемін.

Жалпы онда өткен ғасырдың екінші жартысынан толық қалыптасқан әдебиетке көңілім толады. Әсіресе жақсы жазып жүрген ақындар баршылық еді. Тойлыбай Құрманмолдаұлы деген тамаша ақын өтті. Имашхан Байбатырұлы деген ағамыз болды. Ол кісі үлкен дарын иесі еді ғой. Шабдарбай Қатжанұлы деген ағамыз болды. Ол кісі өлең де жазды, прозамен де айналысты. Монғолия қазақтары арасынан тұңғыш роман жазған Елеусіз Мұхамәдиұлы деген жазушы болды. Көп ешкіммен сөйлеспейтін, үндемей ғана жүретін, өте еңбекқор адам еді. Өзге де көптеген талантты аға буын мен жастар көп болды. Монғолиядағы қазақтар – соншалықты көп емес, азғантай ғана шоғыр ғой. Сол аздығы дәрежесінде ондағы қазақ әдебиеті ешкімнен кем емес дамыды. Мұның негізі – таза сақталған дәстүр-салт болар. Соған негізделген шұрайлы тіл болды.

Мен осы ортада, жастық шағымда Тоныкөк туралы роман жазамын деп жоспарлап жүргенде, аталған тақырыпқа ғылыми зерттеушілік жағынан тереңдей кірісе бердім. Сөйтіп әдебиетке емес, ғылымға молынан тартылып кеттім. Роман жазу ойымда, жоспарымда болғанымен, басқа арнаға түсіп кеткендіктен, ол жанрға бармадым. Сөйтіп жазушылыққа дендей кірісіп, көлемді туынды – роман жазу мақсатым жүзеге аспай қалғаны осы.

– Алдағы кезеңде үш бірдей қағанның қормалы уәзірі болған мемлекетшіл тұлға Тоныкөк туралы әдеби еңбегімді қайта қолға алып жазып шықсам деп ойланатын сәттеріңіз бола ма?

– Ондай ой болған. Жазуға болады ғой. Бірақ оны кесіп айту қиын. Қазір сол жас кездегі ойлау қабілеті, ой жүйелігі, қиял, шабыт ұшқырлығы шабандады ғой. Сондықтан бұл қалай болар екен? Бірақ та жалпы тарихын білетіндіктен, жазу сұлбасы көкіректе сайрап тұрғандықтан, қиын да емес, жазуға да болар еді. Оған мына денсаулық жағы келіңкіремей тұр ғой. Оны нақты айту қиын. Уақыт көрсетеді. 

Сұхбаттың жалғасы бар

Әдебиет порталы