Дүнген, ұйғыр этностарының Қазақ жеріне қоныстану тарихы ІХ бөлім
30.09.2024 1243

Тәңіртау сілемінің теріскейін бағындырғаннан кейін оңтүстікке жылжитын бағытта Чиң әскерлерінің бірінші беттейтіні Тұрпан еді. Солтүтсік пен оңтүстік екі арасындағы Тұрпан – Шығыс Түркістанның оңтүстігіне ойысатын жолдағы маңызды өткел-тін. Лю Жинтаң Үрімжіні алғаннан кейін бірден Тұрпанға төте тартып, оны да шапшаң басып алмақ болды. Бірақ Манастағы дүнген қолы бекіністі жанқиярлықпен қорғап, екі айдан аса ырықты шайқасты. Сол себепті Зо Зұңтаңның қыс түспей Тұрпанды алу жоспары орындалмады. Қыстан шығып, жорыққа көктем туа аттануына тура келді. Бұл Яқұпбектің де әл жинап, наурыздағы шайқасқа тыңғылықты әзірленуіне орай тудырды. Екі тарап та қиян-кескі соғыстың дайындығына қамданды.


Биянхудың айласы

Лю Жинтаңның «берілгендер тірі қалады» деген дақпырты тарап кеткеннен кейін Тоқсұн іргесіндегі халық сең соққан балықтай екіұдай сезімнің шылауында қалды. Қарсы келсе, тұқымын тұздай құртқалы тұрған шүршіт қолы, қарсыласпайын десе, әмірі қатты Яқұпбектің қандауыр қылышы мойындарына төніп тұрды. Жан тәттілік «өлімнен қаш» деп әлсін-әлсін жүректі тулатты. Әу баста «кәпірге бағынбаймыз, мұсылман патшамыз болды» деп бөріктерін аспанға атқанмен, ыстық-суығы басылып, сезімді ақыл билегенде қоқандықтардың «бөтен» екені біліне бастады. Яқұпбектің тастай қатты әмірі қара халыққа ауыр тиіп, сырттан келген кірмелігі күн өткен сайын көңілдегі күдікті күпті ете түсті. Оның үстіне Лю Жинтаңның «менің жауым – Яқұпбек» деген қармағы онсыз да бұрауы босап тұрған тоқсұндықтардың күйін өзгертті. Шүршіт әскерінің жойқын шабуылынан үрейленген олар ақыр аяғы Лю Жинтаңның тұзағына түсті. Бірнеше ауыл бастап, Яқұпбектен бет бұрды. 

Биянху мұны естіп, алғашқыда айран-асыр болса да, әккі қолбасшы тез-ақ есін жиды. Дереу жаңа жоспарын сайлап үлгерді. Ол Лю Жинтаңның қулығына айламен жауап қайтармақ болды. Көтеріліске шыққандарды дұшпанды шырғалайтын жемтік есебінде қолдану әдісіне көшті. Ол былай еді: сценарий бойынша Дүнген қолбасшысы көтеріліске шыққандарға төтеннен тиюі керек. Бұдан ыққан, үрейленген көтерілісшілер кісі аттандырып, Лю Жинтаңнан көмек сұрайды. Ал Лю Жинтаң жағдайды реттеуге дереу жүрдек қосынын аттандырары сөзсіз. Биянхудың есіл-дерті осыған ауды. Лю Жинтаң әскер шығарса, түмен әскерімен жүрдек қосынды тып-типыл жоятынына күмәнданбады. Істің дәп өз қалауындай жүзеге асып, оның үстіне жүрдек қосынды Лю Жинтаңның өзі бастап келе жатқанын естігенде Биянху миығынан күлді. Күткені айны-қатесіз орындалып, істің өз қалауынша өрбіп жатқанына көңілі шалқыды. «Жеңіске сүйем қарыс қалдым» дегендей алаң көңілі сәл де болса тыншып, көкірегін тоқмейілсу кернеді. 

Лю Жинтаң бастаған жүрдек қосын Тоқсұн шетіндегі қыстаққа жете бергенінде жау келгенін күтіп, бұғып жатқан жасақтар оларды айнала қоршады. Лю Жинтаң Биянхудың жүгірген аң, ұшқан құс өтпестей берік құрсауында қалды. Шүршіт қолбасшысы дереу күшін шоғырландырып, өздері келген қыстақты иеленді. Қиян-кескі соғыс басталды. Биянху дәл осы орайды күткен еді. Артық ойлануға аял берместен бірден тегеурінді соққы ұйымдастырды. Зулаған оқ қыстаққа тура бағытталды. Бұған да көңілі көншімеген Биянху зеңбіректерін шығарды. Атқылаған мылтық дыбыстары зеңбіректің ауыр гүрсілімен қосылып, құлақ тұндырды. Ауаны ауыр қорғасын иісі басты. Қыстақты айнала қоршаған Биянху жасағы жан-жақтан тоқтаусыз атқылап, қалай да Лю Жинтаңға ес жиғызбай жеңіске жетпекке ұмтылды. Биянху төпелеп атқылап, соққыны үдетіп жатқанда арқа тұсынан өздеріне қарсы мылтық дыбысын естіді. Лю Жинтаңның жаяу қосыны жетіп үлгерді деген хабар келді. Биянху өз шырғасына күдіксіз сеніп, қулығына қапысыз иланған уақытта Лю жинтаңның қақпанын қауып қалды. Айлакер Лю Жинтаң әдісқой Биянхудың алдын орады. Енді оның өзі қоршауда қалды. Биянху дереу қосынын жинақтап, қоршауды бұзып-жара қашты. Лю Жинтаң жауының ізіне түсіп қуды. Дүнген қосынынан 2000-дай сарбаз мерт болды. Сөйтіп, қулығына құрық бойламайтын Лю Жинтаңның тұзағына тағы бір мәрте түсіп қалған жетішәріліктер жарты күннің ішінде Тоқсұннан айрылды. 

Тұрпандағы ұрыс

Лю Жинтаң Тоқсұнды алдым деп тоқмейілсіп жата алмады. Аз-кем демалып, қосынды тәртіптегеннен кейін Тұрпанға аттанды. Олар тізгін ұшымен суыт жүріп, Тұрпанға діттеген мерзімінен кешікпей келді. Лю Жинтаң қолы Тұрпанға тұяқ іліктірген уақытта Баркөл, Құмылдан шыққан Жаң Яу, Шүй Жәнбияулар да қос тігіп жатқан болатын. Тұрпанды күзетіп жатқан Ма Рынды шүршіттердің ілгері-кейінді қоршауына қамалды. Лю Жинтаңды мұнша тез жетеді деп ойламаған Ма Рынды айтып-айтпай желдің өтіне дөп келді. Ма Рындының ішкі есебі Биянху бөгеп, Лю Жинтаңның жолы кесілсе, Жаң Яу, Шүй Жәнбияулармен теке-тіресіп көрмек-ті. Енді міне, Лю Жинтаңның арадағы алты қырды алты-ақ аттап жете қоюы оны суық терге малшындырды. Амалын асырып жауын жайратарға не айла, қандай қайран істемек керек – Ма Рындының осыны ойлап мазасы қашты. Әйткенмен, Ма Рынды сан мәрте ойлағанымен, тұрлаулы әдіс таба алмады. Үш жақтан анталаған жау Тұрпан қамалының қабырғасын сөгіп, Ма Рындының құт-берекесін қашырды. Күн асырмай қаланы тартып алып, дүнген қолбасшысының қолынан жеңісті жұлып әкетті. Шүршіттер ырғын олжа, кенен байлыққа қарық болды. Қамал қамбасынан 150 тоннадай оқ-дәрі олжалады. 

Яқұпбектің өлімі 

Лю Жинтаң бар болғаны 12 күнде жедел жүріс, шапшаң ұрыспен үш бірдей бекіністі: Дауан, Тоқсұн, Тұрпан қалаларын алды. Үрімжіден Дауанға дейін 80, Дауан мен Тұрпан арасы 100 шақырым шығатын. Сондықтан екі араны шайқас салмай-ақ, түмен әскерлік қосынның 12 күнде жаяу жүріп өтуі де жеңіл түспейтін. Яқұпбекке Людың мүлдем қысқа уақытта үш бірдей бекіністі қалай алғаны жұмбақ болды. Қарулы қолының мұнша масқара жеңілісіне сенер-сенбес болып, бір жағы намыстанды. Өзіне төніп келе жатқан жаумен шамасы жетіп тұрса да бірден шайқасуға қаймығып, кері шегінді. Алдағы ұрыс стратегиясын дұрыс жоспарлауына уақыт ұтқысы келді. Яқұпбек Корла бекінісіне шегінді.

Корлаға шегінген Яқұпбекке қарсы Лю Жинтаң да соғыс жоспарын пысықтап, әзірлік жасап жатқан мезгілде «Яқұпбек өлді» деген тосын хабар жетті. Тосын болғанымен, бұл Чиң әскеріне қуанышты жаңалық еді. Әмірлерінің өлім құшуы, қалай айтқанда да, әскерінің десін қайтарып, рухын түсіретіні сөзсіз. 

«Чиң тарихының қолжазбасында» Яқұпбектің Корлаға өтіп, сәуірде у ішіп өлгені айтылады. Әйткенмен бұл пайым күмән тудыратыны анық. Қоқанда орыс әскерімен бетпе-бет соғысып, неше түрлі от қарудың құқайынан қаймықпаған, Қоқан-Бұхара хандықтарының ішкі талас-тартысынан аман шыққан Яқұпбек теріскейдегі 3 қаланың қолдан кеткеніне құсаланып, Корлада у ішіп өле қалды деу қисынға келмейді. Дегенмен Яқұпбектің өліміне қатысты әртүрлі алып-қашпа әңгімелер мен ресми көзқарастардың түйісетін бір тұсы бар. Ол – уланып өлуі. Ал уды өзі ішіп өлді ме, әлде қастандық болды ма – ол арасын айыру енді неғайбыл. 

Яқұпбек өлгеннен кейін хандық ішін берекесіздік кеуледі. Яқұпбектің ұлдары өзара билік үшін таласып, бірлігін жоғалтты. Кенже ұл Хайролла ағасы Бекқұлдан тізгінді тартып алмақ болды. Оңтүстік Шыңжаңға келген ол бектердің бірі Қасымды (Әшім) басқолбасылыққа тағайындап, шайқас тізгінін ұстатты. Бірақ Қасымның ойлағаны басқа болып шықты. Әскерге ие болысымен ол төңкеріс жасады. Өзін хан деп жариялап, тізгін ұстатқан Хайроллаға қарсы шықты. Ішкі соғыс тұтанды. Ұрыста жеңілген Хайролла қашып барып, ағасы Бекқұлдың қолтығына кіруді тіледі. Бірақ тағдыр таразысы кері аунап түсті. Ағасы өзіне сатқындық жасаған інісін кеше алмады. Келген бойда көзін жойды. Ендігі тартыс Бекқұл мен Қасым арасында өршіді. Тағдыр кеше ғана өзін хан жариялап, мейманасы тасыған Қасымға болыспады. Бекқұлдан жеңілген ол жан сауғалап, Қоқан территориясына қашып кетті. 

Осыбір аға-бауыр арасындағы бақталастық, ішкі тартыс сарбаздарға ауыр тиді. Кеше ғана бір сапта тұрып, бауырласқан әскерлер бір-бірімен шайқасудан бас тартты. Өз қандасының қанын мойындарына жүктеуден қашты. Осы орайда Яқұпбектің өлімінен олжа көрген Чиң әскерінен өзге тағы бір адам бар-ды. Ол дүнген қолбасшысы Биянху болатын. Аға-бауырдың билік таласынан, ішкі соғыстан қашқан Яқұпбек әскері топ-тобымен Биянхуға барып қосылды. Оның қосыны едәуір толығып, қуаты артты.   

Астық сатудан бас тартқан Ресей

Хайролла, Қасым, Бекқұл арасындағы ішкі тартыс екі айға созылды. Бекқұл бәрінің бетін қайтарып, хандық іші тынышталғанша тамыз айы туды. Ал бұл арада Чиң әскері не істеді? 

Тұрпанды алғаннан кейін шүршіт қолы күтпеген бір таршылыққа тап болды. Ол азық-түлік тапшылығы-тын. Астық қорының аздығынан тәуекел етіп алға адым баса алмай тұрғанда Яқұпбек өліп, билікке тартыс тұтанып кетті. Сондықтан әредік екі ай уақытта олар да тыныстап, күзгі жиын-терім уақытын күтуден басқа қайран қыла алмады. Бір жағы өзара қырылысып жатқанда тұтқиылдан шабуылдап бастарын біріктіруді емес, іштей сетінеп әбден қалжырағанын күтті. 

Азық-түліктің аяқ асты жетіспей қалуының бір обьективті себебі бар болатын. Бір жағынан Зо Зұңтаңға астық саудалап, екінші тараптан оған қарсы күштерді де қолдап, «қай жеңгенің менікі» деп миығынан күліп тұрғанда мәнжүр әскерінің жасындай жарқылдап, аса шапшаңдықпен жеңіске жете бастауы Ресейді тіксінті. Мәнжүр қолының алдына келгенді қоғадай жапыруы патшалық Ресейдің күткені емес-тін. Анығында, Ресейге мәнжүр мен Яқұпбек қолдарының итжығыс түскені, титықтағаны қажет. Екі тараптың да әлі кетіп діңкелеп, өзіне кіріптар болуы Ресейдің түп мақсаты болатын. Ресей осы кіріптарлықтан пайдаға кенелгісі келді. Егер Чиң әскері алған бетінен танбай жеңе беретін болса, онда олжа табу былай тұрсын, уысында тұрған Іледен айырылуы мүмкін. Оның үстіне дәл сол тұста Ресей Османлымен соғысып, орыс-түрік соғысы үдеп тұрды да мәнжүрмен болатын келіссөзді барынша кейінге шегеруге мүдделілік танытты. Ресейдің ойы – шарт-жағдайдың піскен мезгілін күтіп, мәнжүрді мейлінше берешек келісімге көндіру. Міне, осындай себептер әсерінен Ресей Чиң әскеріне астық сатуды доғарды. Керісінше, Биянхуға астыртын елші жіберіп, демеуге уағда етті. Яқұпбектен кейін Биянхуды емексітіп, өзіне одақтастыққа тартты. 

Ресейден сатып алған астықтың арқасында мәнжүр қолы Тұрпанға жеткен. Әйтпегенде, жол ортада қалуы бек мүмкін еді. Патшалық Ресейдің межесі бойынша мәнжүр әскері орта жолдан азығы таусылып, Үрімжіге шегініп кетуі тиіс-тін. Алайда Лю Жинтаң Тұрпанға дейін қамалдарды жедел алып, басып алған қалалардағы астыққа ие болды. Оған қоса теріскей Шығыс Түркістанды тұтасымен өзіне қаратты. Бұл жайттар Ресейді Биянхуға тезден елші жіберуге итермеледі. Ал азық қорын молайтуды ойлаған Чиң әскері астықтың піскенін күтіп іркілді. 

Зо Зұңтаң астықтың жиын-терінін аяқтап, тыл жұмыстарын пысықтап біткен уақытта тамыз түгесіп, күз келген. Жетішәр хандығындағы ішкі тартыс та тамызда тыншып, билік Бекқұл қолына қонған. Ендігі екі тарап соғыс бастауға сымдай тартылып, бір сәт дауыл алдындағы тыныштық орнады. 

Басын бәйгеге тіккен Зо Зұңтаң 

Ресейдің аяқ асты астық сатудан айнып қалуы Зо Зұңтаңға күтпеген соққы болды. Әуелгі жоспарын өзгертуге мәжбүр етті. Астық мәселесінің қиын болатыны: Зо Зұңтаң үшін Ресейден сатып алу арзан әрі ең тиіді жол еді. Оның үстіне 1877 жылы Қытайдың ішкі аймағында ауыр қуаңшылық орнап, астық табу қиынға соқты. Жеткілікті астықсыз төрт түмен әскер күнгейге беттей алмақ емес. Ұрыстан өлмесе де аштан қатуы мүмкін. Зо Зұңтаң мен ЛюЖинтаң әскер санын қысқартудан басқа лаж таба алмады. Шүй Жәнбияу өз қосынымен Баркөлге кері шегінді. Жаң Яу да артық әскерін қайтаратын болып, 5000 әскерін сұрыптап шығарды. Ол Лю Жинтаң соңынан қорғаныс қосыны есебінде ерді. Сонымен шүршіт қолбасшысында бәрін қосқанда 16 000 әскер ғана қалды. Шүршіттерде бұдан артық әскерді азық-түлікпен қамдайтын жағдай да болмады. Астық тасымалын қорғауға, алынған қала-бекіністерді қарауылдауға тағы да әскер бөлінетінін есепке алып, санап кеп жібергенде Чиң тарапының соғысқа кірісерлік нақ әскері түменмен шақталды. Ал Беккұл мен Биянху қолы 4 түменге таяйтын. Тың қалпын сақтаған төрт түмен әскердің ұзақ жол жүріп, арып-ашып келген он мың адамды жүндей түтетіні анық-ты. 

Зо Зұңтаң дөп келген тағы бір мәселе оған ордадан келетін қаражат тақа таусылды. Қолындағы барды ұқсату, азды үнемдеу – қайран қылар жалғыз амалы. Осы бар ақшасын жеткізсе – ұтты, жеткізе алмаса – жеңілмек. Генерал Зо Зұңтаң осының бәрін топшылай келе тағы бір тәуекелге баруға бекінді. Күзгі орақтан жиналған қолдағы бар астыққа таяна отырып, келер жылдың көктеміне дейін Шығыс Түркістаны тұтас алмаққа ниеттенді. Осы үмітке иек артқанда сенгені – сайыпқыран қолбасшы Лю Жинтаң. Зо Зұңтаң Людың найзағайдай жарқылдап, 1000 шақырымдық ен даланы көктей өтіп, тағы да ғажайыптар тудыруын тіледі. Бұл тәтті үміттің қисыны келгенімен, тәуекелі көп, талқысы қатты болатын. Бейжіңнен енді қайтып қаражат аударылмайтыны анық, шетел банкінен де несиені алып болған. Егер осы жолы жеңіліс тапса, Шығыс Түркістан топырағымен мәңгілікке қоштаспақ. Екеуі де бұл соңғы үміт, соңғы дем екенін жақсы түсінді. 

Биянхудың батпаққа батыру әдісі 

1877 жылдың 1 қыркүйегі Лю Жинтаң 16 мың адамдық қолымен оңтүсікке жорық бастады. Яқұпбек өлгенмен, Жетішәр әскерін Ұлы Британияның қаруымен жарақтап үлгерген, Османлыдан алдырған әскери мамандарымен соғыс стратегиясына баулыған. Сондықтан Лю Жинтаңға оңай-оспақ беріле саламайтыны белгілі. Оның үстіне әскер санының 4 есе көптігі тағы бар. Жетішәр әскері екі жерге шоғырланды. Алдыңғы топты Биянху басқарды. Мұның соңында Бекқұл әмірлік жүргізді. 

Соғыста әбден тісқақты болған Биянху тағы да жоспар құрды. Алдыңғы сәтсіздігінен кейін ол қандай да бір айлаға ашық барудан қаймықты. Лю Жинтаңмен бетпе-бет ұрыста қытай қолбасшысының өзінен де бетер әккі екенін аңдаған. Сондықтан қандай да бір тұзақ құрып, қақпаныма түсірем дегенде өзінің арандап қалуынан жасқанды. Ары-бері ойланып, сан мәрте толғана келе жергілікті өңірдің герграфиялық ерекшілігін қорғанысқа пайдалануға тоқтады. Ұзақ жол жүріп, қажып келе жатқан Қытай әскерін одан әрі титықтатып, болдыртып, сілесін қатырмақшы болды. Биянху Корла атырабындағы халықты түгел күнгейге көшіртті. Лю Жинтаңның алдында ешқандай ел-жұрт қалдырмады. Сонымен қалжырап келе жатқан әскер тынығып, әл жиятын тұрақ таппай одан сайын қажи түсуі керек. Моральдық сағын сындыру Биянхудың бірінші ойлап тапқаны еді. Екіншіден, дүнген қолбасшысы шүршіттерді ішер судан тарықтырмақшы әрі жол қиындығымен аяқ алысын ауырлатпақшы болды. Құдық көздерін бітетіп, тоспаларды қиратты. Бұзылған су қоймалары лезде жайылып, айналаны батпаққа айналдырды. Қирата алмаған су көздерін ішуге жарамастай лайлады. Бұл Лю Жинтаңның атты әскері мен жаяу қосынын соншалықты байырқалата алмаса да, зеңбірек отрядына ауыр соғарын Биянху анық білді. Осындай кідіріс, мимырт жүріспен қолдағы бар азықты малданып, апта асқаннан кейін шүршіттердің хәлі мүшкілдене бастамақ. Биянху мұның бәрін есептеп, санамалап отырды. 10 жылдан бері аттан түспей, оқ пен оттың арасында, өлім мен өмірдің тайталасында арпалысып келе жатқан дүнген қолбасшысының бұл жағынан тәжірибесі мол боалатын. Алысқан жауының тым алып, қарсыласқан дұшпанының зорлығынан бұл бейбақтың бәдбақыт күй кешкені болмаса, нағыз дала көкжалы еді. 

Оңтүстік Шығыс Түркістанның қақ ортасын ұланғайыр тарым ойпаты иеленіп, жиектері жасыл жазира болып келетін. Тіршілік етуге қолайлы шарт-жағдайына орай қалалар осы жасыл алқапта тізбектеліп орналасқан. Лю Жинтаңның айналып өтер өзге жолы жоқ-ты. Сондықтан ол Биянху межелеген сораппен алға жылжудан басқа лаж таба алмады. Айтып-айтпай, азық-түлік тиеген отряд су жайылған жерден батпақтап, жүруі мұң болды. Атпен сүйреп, қолмен тартып бұл құйдан шығып, Корлаға жеткенше жарты ай уақыт өтуі тиіс. Лю Жинтаң азық-түлік тасымал отрядын күтіп, соңына қарайласа, қыркүйектің ортасында ғана Корлаға жетеді. Ал бұл уақытта ол Корла мен Кушар ортасындағы халықты түгел көшіріп әкете алады. Қажетті азыққа қол жеткізу үшін Лю Жинтаңға тек бірнеше жүз шақырымдағы Тұрпаннан тасудан басқа лаж қалмайды. Тұрпаннан азық тасып, алға жылжып Кушарға жетем дегенше қараша айы да орталанып қалмақ. Қарашаның қақ ортасы күн суытып, боран үдеп, бұрқасын борайтын уақыт. Оған тұяк іліктіріп алса, Биянху мұртын балта шаппайтынын аңдады. Қар түсіп, жол жабылып қалатындықтан Людың әрі қарай сүйем қарыс жылжуы, аттап аяқ басуы зор қиындық, ауыр бодаумен жүзеге асады. Биянху жоспарын осылай құрды. Тіке соғысқа дейін-ақ Лю Жинтаңның басын тауға да соғып, тасқа да ұрып, сілікпесін шығарғысы келді. Тіпті, бетпе-бет ұрыспай-ақ бұл шайқаста жеңіске жету ықтималы барын болжады. 

Людың тәуекелі

Шүршіттердің зеңбірекпен жарақтанған ауыр артиллериясы батпақтап, алғы жылжу мұңға айналған уақытта Лю Жинтаң Биянхудың қандай шырғаға тартып жатқанын түсіне қойды. Әйткенмен, оның табиғи кедергіге істей қояр амалы жоқ-ты. Тығырықтан шыға қояр тығыз амал, айналып өтер өзге сорап болмағандықтан Лю басқа ретін қарастыра бастады. Оның алдында екі таңдау тұрды: бірі – дәл Биянху болжағандай тұтас қосынды шашауын шығармай бірге алып жүру; екіншісі – тәуекелге басып, жүрістен жаңылмай қосыннан бөлініп, алға озып ұрыс салу. Әр шешімнің өзіндік бодауы, дөп келетін қиындығы бар еді. Лю жинтаң жарты күндей өзімен өзі оңаша қалып, сұрауына жауап іздеді. Соңында ол ауыр артиллерия мен азық тасымалы отрядын кейінге қалдырып, жүрдек жүрістен жаңылмай алға озуға бел буды. Бірақ Лю екінші бір қауіпке душар болды. Биянху күткеніндей, Корлаға жеткенінде Лю Жинтаңның азығы тақа таусылды. Оның жанындағы серіктерінің үрейі ұшып, мазасы қашты. Азық-түліксіз қалай жылжып, қайтіп соғысарын білмей бастары қатты. Қорқыныш билеп алған кеңесші топ әлсін-әлсін Лю Жинтаңға кейінгі қосынды күту турасынан ұсыныс айтып, ақыл бере бастады. Алайда бұған Лю Жинтаң тіс жарып, тіл қатпады. Өз ойымен үнсіз қалды. Өңінен соншалықты абыржу байқатпады. Корлаға кіріп, аттан түскеннен кейін ол әскерлеріне әр үйдің қалтарыс-бұлтарысын таса қылмай тексеріп, ұра (жертөле) іздеуді бұйырды. Осы пәрменінен кейін барып қана Лю Жинтаң жанындағы ақылмандарына ашылып, ішкі сырын ақтарды. «Бізде уақыт қандай шұғыл болса, дұшпан үшін де  уақыт сондай тапшы. Біз астық пісіп, орақ науқаны аяқталған мезгілге тұспа-тұс келіп отырмыз. Үй-үйді көшіргенде, біріншіден, қара халық түгел астығын тасып әкете алмайды. Оған қауқары да жетпейді, уақыт та жар беріп отырған жоқ. Сөзсіз керегін алып, артылғанын жасырады. Екіншіден, тасып әкете аларлық шамасы болды дегеннің өзінде өз отанын қиып, туған жұртын тастап қайда барармын деген іштей қимастық болады. Сол қимастықпен қайтып келгенде қажет болар деген сақтық қоры тағы болуы мүмкін. Сондықтан тінте іздеп, тәптіштеп қарсақ, бізге қажет азық табылуға тиіс», – деді. Лю Жинтаң осыны айтқанда бұған кеңес айтып, алды-артымызды бағайық деген топтың үндері ішіне түсіп кетті. Іштей бәрі де өздерінің тым үстірт, жайдақ ойлағандарына қынжылды. Ал Зо Зұңтаңның Жин Шүнді емес, неліктен Лю Жинтаңды бас сардарбасылыққа құп көргенінің мәнісін тереңнен ұғынды. Расында, мұндай соғыста қол бастаған көсемге тек батылдық пен ержүректік қана емес, тапқырлық, көрегендік те керек еді. Олар өз қолбасшысынан осыны көрді. 

Әр ауланың бұлтарыс-қалтарысын, әр үйдің бұрыш-қуысын тіміскілеп тексергенде айтып-айтпай ұраға жасырылған қап-қап астық табылды. Табылған олжаны түгел есептегенде түмен әскерді 3-4 күн азықтандыруға молынан жететін болып шықты. Мәселені түбегейлі шешпегенімен, табылған астықпен көз алдағы қиындықты еңсеруге мүмкіндік туды. Қасындағы нөкерлері әрмен қарай не істейміз дегендей Лю Жинтаңға қарады. Ондағысы «бұл астық мардымсыз ғой, кейінгі азық-түлік отрядын күтеміз бе» деген емеуріні еді.  Бұл ишараны түсіне қойған Лю Жинтаң тоқтаусыз алға жүретінін кесіп айтты. Ол Биянхудың өзін әртүрлі кедергімен алға жылжытпай, қыс түсіп, қар басып қалуға дейін итермелеп отырғанын тағы бір мәрте есіне алды.   Не де болса ұрысты ол қалаған қалыптан шығару керек деген бекімге тоқтады. Бұл байламы Лю Жинтаңды тағы бір тәуекелге бастады. Биянхудың ізіне түсіп, бетпе-бет майдандасу үшін ол қолындағы он мың адамды сұрыптауға кірісті. 2500 адамдық авангард атты әскер іріктеліп шықты. Кіші ұңғылы крупп зеңбірегінен 6 данасын бөктерді. Сөйтіп, олжаға түскен астықтан жетерліктей алып, жедел аттанып кетті. Лю Жинтаңның алдыңғы шешіміне тәнті болып, тапқырлығына тамсанған топ, ендігі тәуекелді көріп, тіксініп қалды. Олар мұны ержүрек, батылдықтан гөрі ақымақтыққа жақын алаңғасарлық деп ұқты. Сондықтан әуелгі кейіптеріне қайта түсіп: «2500 әскермен он мың адамға қалай қарсы тұрамыз?», «Біз өлім іздеп бара жатырмыз» деген секілді Лю Жинтаңды райынан қайтарғысы келетін сұрақ, ұсыныстарын қарша боратты. Ірікпей ой айтып, жасқанбай сұрақпен төпелеуінде олар нақты жағдайды топшылап отырмыз деп есептеді. Бір реттен, азық түлігі шақты, қару-жарағы шанақты 2500 адамның сақадай сайланып, бабында тұрған он мың әскерді жеңе алмайтындығы анық еді. Лю Жинтаңның не ойлағаны оларға тағы да құпия болып қалды. 

Екі айлакердің айқасы

Күндіз-түні тынбай жүріп отырып, екі күн дегенде Лю Жинтаңның шағын атты әскері Биянхуға жетеқабыл жер қалды. Биянхудың артқы сап әскері шүршіттердің таяп қалғанын айтып, лезде қолбасшысына хабар жеткізді. Енді Биянху ойға шомды: Чиң әскері қайтіп мұнша тез қуып жете қойды? Астықты қайдан алды? Кенет ол мәнін түсіне қойды да, сан соғып, бармақ тістеді. Шүршіттердің диқандардың ұраға жасырып кеткен астықты тауып алғанын аңғарды. Алғанын алып, артығын өртеп кетпегеніне опынды. «Қара басып, мұнша ақымақ болармын ба» деп жатып кеп өкінді. Бірақ амал жоқ еді, болары болып, бояуы сіңіп қойғаннан кейін енді не істеу керегін талқыға салды. 

Алғашқы пұшайманынан арылып, ақылмен сынай бастағанда ол шүршіт қолының соншалықты зәре аларлықтай қарасы көп емес деп болжам жасады. Корладағы орып алған астықтың денін көшіріп әкеткендіктен, ондағы қалған астық шүршіттің он мың қаралы қолын суыт жүріспен қуып келерлік деңгейде қамдай алмайды. Сондықтан Лю Жинтаң тәуекелге басып, аз жасағымен ізге түсіп келіп отыр, – деп қорытты Биянху. Дүнген қолбасшысы Лю Жинтаңның мұнша тез жете қойғанына қарап, дұшпанының ауыр техникасыз келгеніне бек сенімді болды. Биянху жағдайды дәл танып, дұрыс болжады. Екі стратег те соғысты өз діттегеніндей өрбітуге, ұрыс жағдайын өз қалауындай құбылтуға тырысты.  

«Лю Жинтаң қуып келген екен, демек оған ұрысты тез бастап, шапшаң соғысу, мені жедел жеңу қажет болып тұр. Ендеше, атойлап шапқанын күтейін», – деп Биянху қолындағы он мың атты әскеріне окоп қазып, орнығуға пәрмен берді. Бетпе-бет ұрыс салудан бас тартуында бір себеп бар-ды. Оның әскері дерліктей винтовкамен жарақтанған әрі мұның оғы тым алысқа даритын. Ол орнында отырып-ақ қарсы шапқан шүршіт әскерін қалпақтай қағып түсіруді көздеді. Биянху осы межемен Лю Жинтаңның шабуылын күтті. 

Биянхудың ор қазып, орнығып жатқанын Лю Жинтаң да білді. Биянхудың сырын жақсы ұғатындықтан, Чиң әскері қуып келгенін есіткенде қашып кетер деп те топшылаған. Егер қарасын жасырып қашса, қарауына түскен халықтан азық мәселесін шешуді ойластырған. Бірақ ол дәмесі болмады. Атойласа оқтан, бұғып жатса аштан өлетін қиын жағдайға дөп келді. Қарсы бетте ұмсынғанды мұрттай ұшырып, ұмтылғанды қалпақтай қағып түсіруге дайындалып Биянху қолы жатты. Тағдыршешті сәт туды. Ақыры Лю Жинтаң шабуылдауға бұйрық берді. Биянху әскерін бетке алып қою шаң көтерілді. Соғыстағы бір тәсіл жау қарасының қанша екенін көтерілген шаңға қарап парықтайтын. Ұзақ жыл соғысып, көз үйреншікті болған Биянху ауадағы шаңның биіктігіне қарап 2000-3000 шақты адам екенін топшылады. Бұл Биянхудың өз есебімен де дәл шықты. Бірақ бұл қою шаң тіке өзіне беттемей, саптың оң жақ шеткері тұсын ала қосынды бүйірден орай көтерілді. Биянху лезде біле қойып, жалаугерге бұйрық берді. Жалаугер бір туды көтергені сол-ақ екен, сап дереу бағытын өзгертіп, біртұтас бұрыла қойды. Сөйткенше болған жоқ, саптың сол жақ тұсынан бүйірлей тағы бір шаң көтерілді. Биянху көз салып, межелеп қарап еді: бұл да 3000 қаралы әскер екен. Мұншама шүршіттің қайдан жете қойғанын біле алмай, ол қайран қалды. Өз тұспалының қате шыққанына жіп таға алмай, сәтке    ойланып кеткенінде тура қарсы беттен тағы да бір оқшау шаң төбе көрсетті. Бұның ауқымы ана екеуінен қомақты көрінді. Жоқ дегенде де 4000-5000 адамнан шығатын шаңға ұқсайды. Биянхуға бірден Лю Жинтаңның үлкен қосыны жеткен екен ғой деген ой қылаң берді. Осы ойына ілес Лю Жинтаңның Дауан, Тоқсұн, Тұрпанды тым тез алғаны есіне сап ете түсіп, «үлкен қосынымен келді» деген ойды нығыздап тастады. Екі тараптың күші шамалас екенін пайымдаған Биянху бұл жолы тағы да қармақ қауып қалдым ба деп қарадай күдіктене бастады. «Тіке соғыссам, қолға түсіп қалармын, қашсам әбігерленіп әкелген халықты тастап кеткенім, онда Лю Жинтаң да азық-түлік мәселесін қиналмай шешеді. Не де болса тәуекел етсем бе екен» деп нақты бір ойға қонақтай алмай дағдарып тұрғанда қарсы тараптан зеңбірек атылды. Бірнеше рет қатарынан қайталанды. Оқ әудем жер алысқа түсті. Сол-ақ екен, Биянху ойынан мүлдем айныды. Чиң әскерінің жаяу және ауыр артиллериясымен қоса келгенін тұжырды. Енді артық аял жасаса, қоршауда қалатынын біліп, қосынға дереу шегінуге бұйрық берді. Жалаугер туын көтерген бетте, сымдай тартылған шеп атқа мініп, артқа қайтты. 

Биянху өзі тілеп алып, тағы бір мәрте Лю Жинтаңның шырғасына түсті. Шүршіт қолбасшысы оң-сол қанаттан, әрқайсысына 200-ден әскер бөліп, бар болғаны ағаш бұтақтарымен шаң шығарып, бопсаға алған еді. Биянху осы тұзаққа түсті. Ал Лю Жинтаң бұған өзге шығар жол қалмағандықтан барды. Не бел, не белбеу кетеді деп, аштан өлу мен соғысып өлудің арасынан ол осы әдісті таңдады. Күш-қайраты дұшпанынан әлденеше есе артық Биянху қарадай қорқып, үрікті. Сәл қолайсыз жағдай туа қалса, жалт беріп қашуға бейім тұратын аса секемшілдігін істеді. Болмашы сыбдырдан сескеніп, болымсыз сыбыстан сезіктенетін сақтығы оны он жылдан бергі майдан даласында қолға түсірмей аман алып келе жатқан. Сонымен бірге осы әсіре сақтығы ырықты жерде ығысып, жеңетін жерде жүрісінен жаңылуға да әкеліп соқты. 

Халық көңілін тауып, дақпырт тарату  

Биянху қашып кеткеннен кейін, Лю Жинтаң көштен қалып қойған халық бұқарасын қуып жетті. Кәпір қолына түспеймін деп тайлы-тұяғымен күнгейге қарай жөңкіліп бара жатқан тұрғындарды тоқтатты. Қара шаруаның зәре-құты қашты. Кейбірі дұғасын оқып, жарық дүниемен қоштасып жатты, енді бірі «бала-шағамды аман қалдыр, сендердің іздегендерің менмін, өлтірсең мені өлтір», – деп кеуде керіп шықты. Халық бұқарасының жалпы ауанын байқаған Лю Жинтаң ауыл ақсақалдарын шақырып, мәжіліс құрды. Өзінің бөгде ниет, бөтен ойы жоқ екенін, астық сатып алғысы келетінін жеткізді. Астықтың нарқын өз үкіметі төлейтін бағадан әлдеқайда артық есептеді. Ауыл ақсақалдары шүршіт қолбасшысының сөзінің шын-өтірігіне нана алмады. Әлі де тосын қауіп, төтеннен қатер төнетіндей тоңтеріс күйі жібімеді. Тек Лю Жинтаң күміс жамбыны санатып, қолдарына салғанда барып иланды. Халықтың жүзіндегі ызғардан айығып, іштегі шеменнің тарқатылуына тағы бір оқиға себеп болды. Ауыл халқынан астық сатып ала отырып, Лю Жинтаң Корлада аса зәруліктен ұрадағы астықты алуға мәжбүр болғанын, алайда әр ұрадан қанша ағанын бәрін тақтайға тәптіштеп жазып, қазықпен қағып кеткенін, сол бойынша ақысын төлейтінін айтты. Мұны естіп, шүршіттен шошып, өлімнен қашып келе жатқан ауыл халқы жадырап сала берді. Істің байыбы басқа екеніне ойлана бастады. Шынтуайтында, бұл Лю Жинтаңның соғыс әдістерінің бірі болатын. Бұл тәсілді Чиң әскері дүнгенді тыныштандыру кезеңінде де шебер қолданған-ды. 

«Халық көңілін аулауды» қарумен қатар қолдануға Зо Зұңтаң мен Лю Жинтаң әу бастан-ақ пәтуаласты. Құмыл арқылы Шығыс Түркістан топырағына кірген беттен бастап, Лю Жинтаң қарапайым халыққа айрықша мәрттік танытып, ерекше жомарттық көрсетіп бақты. Әсіресе, бағындырған жерлерде баянды билік орнатуда жемісін көбірек көрді. Шаруасы шатқаяқтап, тұрмысы тұралаған халықтың тыныштықты тілейтінін, биліктің кімнің қолында болуы емес, кім алман-салықты аз салса, кім көңіліндегісін сөйлесе – соған қоғадай жапырылатынын іс жүзінен таныды. Ұзақ жыл аумалы-төкпелі соғыстан шаршап-шалдыққан, тіршілігін тұрақты түтете алмай күйзелген елдің расында да тыныштықтан басқа тілеуі жоқ-ты. Лю Жинтаң халық көңіл-күйіндегі осы арзу сезімді мейлінше пайдаланды. Шүршіт генералы мен қолбасшысы Биянхудың да, Яқұпбек пен оның тағына ие болып отырған балаларының да жергілікті халық жұртынан емес екенін біліп, осы тұстан сыналады. Іштен қожыратып, халық пен билік арасындағы сенімді сетінетуге тырысты. Сөйтіп билік басындағы үркердей топты халық қолдауынан ажыратпақшы болды. 

«Шүршіттер астықты жоғары бағамен сатып алады екен», «кәпір болса да кісі ақысын жемейді екен» деген дақпырт лезде-ақ жұрт арасына жайылып, күнгейдегі күпті жұртты тегіс кеуледі. Бұл дақпырт «Қытай келсе, бәріңді қырады» деген Биянхудың ел арасына салған үрейін тез-ақ сейілтіп жіберді. Биянху өзімен бірге көшіріп әкетпек болған кейбір ауылдар Чиң әскері келсе де қауіп жоғын біліп, көшпей орнында қалды. Сөйтіп Лю Жинтаң ең көкейкесті мәселе – азықтың жетіспеушілігін шешіп алды. Бір жағынан оның көңілін тоқ қылған – азық-түлік отрядының өкше басып келе жатқан хабары еді.