Кітап байлығы кісінің ішкі мәдениеті мен пайым-парасатын танытады
25.04.2016 1641
Зал қорында қоғам игілігі үшін жүзеге асатын, келешек жастардың рухани қам-қарекеті үшін жинақталған құнды кітаптар мен деректер бар

Ұлттық академиялық кітапхана өзінің қоғам алдындағы он екі жылын артқа тастап, мына ақпараттық қоғамнан қалыс қалмай, өз атына заты сай елеулі мәдени орынға айналып келеді. Кітапхана тарихына көз жүгіртсек, сол жылдар ішінде қаншама оң өзгерістер мен алға басқан қадамдарымыз қарыштап дамып, өркендеу үстінде екен. Әсіресе, соңғы уақытта 2015 жылы кітапханада көптеген жаңа үлгідегі өзге елдерде таптырмас арнайы залдар ашылып, ұлттық әрі мәдени ерекшелігімізді айқындай түсті. 

Алаштың абызы, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбекұлының: «Астана – ұлт рухының құдіретті шарайнасы. Ол  мемлекетіміздің биік мәртебесі, жоғары дәрежесі, бақ-берекесі, елдік пен тұтастық-бірліктің тұтқасы, дербестігіміздің дара тумасы», – деген тұжырымды сөздері елордаға берген асыл бағасы болса керек. Астананың төрінде орналасқан Ұлттық академиялық кітапханада ашылған «Мырзатай Жолдасбекұлының мемориалды кітап топтамасы» залы халықты ілім мен білім алу шуағына бөлендіруде. 

Үстіміздегі жылы мемлекеттік және қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, Мырзатай Жолдасбекұлының мемориалды кітап топтамасынан арнайы зал ашылып, академик Мырзатай Жолдасбекұлының жеке кітапханасы ақпараттық, мәдени-ағартушылық және білім беру міндеттерін алға қоя отырып, көпшілік қауымға насихаттауды және орындауды талап етеді. Сонымен бірге, кітапхана пайдаланушыларына, ғылыми ізденушілерге, ғалымдар мен магистранттарға ақпараттық-библиографиялық қызмет түрлерін ұсыну әрі мәдени көпшілік іс-шаралардан: кітап таныстырылымы, әдеби кездесулер, күй өнерін насихаттау, онлайн конференциялар, дөңгелек үстелдер, тағы да басқа қызметтер жүзеге асырылуда. 

Залдың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедияұлы, Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры Ү. Мұңалбаева және мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысқан болатын. Бүгінде бұл арнайы залда Мырзатай ағаның біздің Ұлттық академиялық кітапханаға тарту еткен кітаптарымен қатар сыйлықтары да бар. Зал қорында қоғам игілігі үшін жүзеге асатын, келешек жастардың рухани қам-қарекеті үшін жинақталған құнды кітаптар мен деректер бар. 

Залдағы 9617 басылым бірнеше құжаттар түрінде: 

Олардың ішінде кітаптар – 6312, ғалымдардың қолтаңбасы бар кітаптар – 891, брошюралар – 441 ғылыми журналдар – 689, мемориальды экспонаттар (кәдесыйлар, фотосуреттер, дипломдар, марапаттар, сертификаттар) – 376, ашық хаттар, аудиокітаптар, бейне әрі дыбыстық жазба дискілер, күйтабақтар саны 908-ді құрайды. 

Ұлттық академиялық кітапхананың қызметкерлері ұстаз, ғалым М. Жолдасбекұлының өмірі мен шығармашылығына арналған библиографиялық көрсеткіш әзірледі. Көрсеткішке әліпбилік және жылнамалық ретпен 74 кітап пен 1960-2014 жылдар аралығында ғылыми-танымдық мерзімді басылымдарда және жинақтарда жарияланған 381 мақала мен жарияланым, 1986-2014 жылдар аралығында орыс тілінде жарияланған 64 мақаласы, әріптестер мен ғалымдардың 286 лебізі мен ізгі тілектері, жазушы шығармашылығы туралы орыс тілінде жарық көрген 31 зерттеу еңбек, естеліктер мен очерктер енгізілді. 

М. Жолдасбекұлының жылдар бойы жинақтаған жазба байлығы және рухани қазыналық қоры әлеуметтің үдесіне асып, қоғам игілігі үшін кітапханаға табыстауы – елдің салиқалы көзқарасын қалыптастырып, одан әрі жарасымды жалғасын табуы үшін тамаша үлгі. Сонымен қатар, бұл құнды тарту Ұлттық академиялық кітапхана қорының толығуына, одан өскелең ұрпақты ізгілікке, мәдени тағылымға тәрбиелеуде, оқырмандардың білім алуына қосылған өлшеусіз үлес болып табылады. 

Гүлдар Әуенқұлова, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Мерзімді басылымдар залының жетекшісі