Ұлылар еліндегі ұлылық
17.06.2016 1860
Халықаралық тарихи-мәдени «Алтай мұрасы» экспедициясы ұлылар туған өлке Қарауыл, Жидебайға жетті

Халықаралық тарихи-мәдени «Алтай мұрасы» экспедициясы Ұлылар туған өлке Қарауыл, Жидебайға жетті. Қатпар-қатпар таулары, тарихи әлиелі үңгірлері бар Шыңғыстаудың топырағы ұлылар мекенімен ғана үндесіп жатқан жоқ. Онда ерте сақ-ғұн дәуірінің, көне түркі ғасырының тарихи сыры жатқан шежірелі аймақ. Соның бір дәлелі Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ тарих және археология факульетінің жемісті қазба жұмыстарынан табылған көне сақ дәуірінің мұртты қорғандары, олардан табылған құнды жәдігерлер, 2500 жыл тарихы бар ұлттық ойын түрі саналатын – асық түрлері, қыш құмыралар, ерте сақ дәуірінің киім қалдықтары. 

Шыңғыстауда

Осы орайда «Алтай мұрасы» экспедициясы да өз бағытын Шыңғыстау жағасындағы Тоқтамыс батыр ауылы маңындағы археологиялық лагерьге бұрды. Мұнда Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университеті, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Елорда төріндегі Назарбаев унивеситеті, ҚР Ұлттық музейдің қызметкерлері мен жас археологтары үздіксіз қазу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олардың қазба жұмыстарын экспедиция мүшелері көзбен көріп, қиыны мен қызығы мол мамандық иелерімен емен-жарқын әңгімелесті. 

Артынша жоғарыдағы үш университет, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық музейі өзара ресми меморандумдарға қол қойды. Алғашқы меморандум Л.Н. Гумилев ректоры, экспедициялық топтың жоба авторы, басшысы Ерлан Сыдықов пен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиевтер қол қойған ресми құжаттар болды. Өз сөзінде министрліктің жауапты өкілі Қ.Уәлиев қазба жұмыстарын жүргізіп отырған жас археологтар мен зерттеушілерге зор алғысын білдіріп, «Алтай мұрасы» экспедициясына сәт-сапар тіледі. 

Одан әрі экспедиция құрамы Шыңғыстауды бетке алып, «Қоңырәулие», «Қырықүңгір» үңгірлеріне сапар шегіп, қасиетті мекеннің құпиясымен бөлісті. 

Қарауылда

Қазақ елінің рухани бесігі – Қарауыл. «Алтай мұрасы» тарихи мәдени экспедиция Шыңғыстау етегін жағалай өтіп, ұлы Абайдың еліне табан тіреді. Абай елі Абай, Шәкәрім, Мұхтардай үш алыбын мақтан тұтады. Экспедиция қазақтың ұлы ақыны, дана ойшылы Абай есімі берілген аудан орталығы Қарауыл елді-мекенінде болып қайтты.

Аудандық мәдениет үйінің алдында экспедиция делегаттарын қарсы алған жергілікті жұртшылық, аудан әкімшілігі Халықаралық экспедицияның Абай еліне жеткеніне дән риза. Ұлы баба есімімен аталған жердің ұрпағы да ұлық екен. Концерттік бағдарлама әзірлеп, ән мен жырдан шашу шашып, тамылжыта күй шертіп, Абай өлеңдерін оқып, экспедиция қатысушыларын ерекше таңғалдырды. Әсіресе ұлы түркі аспаптар оркестрінің орындауындағы күй экспедиция мүшелерін бір серпілтіп, көне түркі дәуіріне саяхат жасаған әсерге бөледі. 

Артынша экспедиция мүшелері өнер, әдебиет, тарих ізденушілерімен жүздесіп, аудан әкімі дайындаған дастархан басына жайғасты. Экспедиция мүшелері, дүлдүл ақындар Серікзат Дүйсенғазы мен Дәулеткерей Кәпұлының жырларына Қарауыл жұрты сусындап, ерекше дауысты дәстүрлі әнші Ерлан Рысқалидың орындауындағы Абайдың «Сегізаяғы» тіпті ерекше ілтипатқа бөленді. ҚР Елтаңбасының авторы, «Алтай мұрасы» автоэкспедициясының мүшесі Жандарбек Мәлібеков қарауылдықтарға тарих жайында, ұлттық құндылықтар жайында әсерлі әңгіме айтып, ашық-жарқын сөйлесті. 

Экспедиция мүшелері 40 жыл тарихы бар «Қаламқас» ән-би ансамбьлінің мүшелерімен танысып, 90-ға жуық мүшесі бар ансамбльдің тарихымен де танысты. «Қаламқас» өнер бірлестігі Абай ауданы орталығында емес, жалпы республика көлеміндегі үлкен ұжым болып жұмыс жасап жатқан өнерлі қарашаңырақ. Экспедиция мүшелері өнер ізденушілерімен, ұжым мүшелерімен жүздесіп, халық әндерін орындап, ұлттық аспаптарда күй шырқаған жас әртістердің талантына еріксіз риза болды. Шыңғыстау және Абай еліндегі сапар осы жерде аяқталды. 

Қысқаша айтар болсақ, Абай ауданының тарихы ХХ ғасырдың 20 жылдарының аяғынан басталады. Ауданның алғашқы ірге тасы 1927 жылы қаланып, оған Бұғылы, Шаған, Шыңғыс, Қызыладыр, Мұқыр болыстары біріктіріліп, 1928 жылдың қаңтар айында Заңды күшіне еніп Шыңғыстау ауданы деп аталған. Сөйтіп, Абай елінен, ұлылар қасиетті топырағынан біршама рухани қуат алып, алаштың астанасы Семейге аттанды.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ