Атақты суретші көрмесін Астана күніне арнады
05.07.2016 2355
Бұл көрмемді Астана күніне орай арнайы дайындадым. Түрлі жанрдағы жұмыстарымды тамашалай аласыздар. Олардың ішінен қазақ халқының тіршілігі мен еңбектегі ерліктерін көруге мүмкіндігіңіз бар

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Астана күні қарсаңында «Камил Муллашевтың ретроспективасы. Менің заманым» атты көрмесі ашылды. Суретші әлемінің сиқырын танытатын рухани шараға Ресей, Қытай, Татарстан елдерінің елшілері, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері,  ғалымдар мен өнертанушылар, қала қонақтары, БАҚ өкілдері қатысты. 

Көрменің салтанатты ашылуында сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай автордың туындылары туралы айта келе, оларға жоғары баға берді: «Камил Муллашевтың есімі біздің елімізде де, шет елдерде де кеңінен танылған. Ол өзінің туындыларында балалық шағынан бастап бүкіл өмір жолын бейнелей білген. Одан бөлек, автордың шығармашылық жұмыстарынан қазақы бояуды, қазақы мінезді аңғаруға болады. Оның еңбектері сонысымен де құнды. Камил ағамыздың туындылары Ұлттық музейден орын алып, көпшіліктің көзайымына айналып жатқанына өте қуаныштымыз», - деді Д.Мыңбай. 

Сондай-ақ атақты суретшінің көрмесіне Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысып, Камил Муллашевың көрмеге қойылған туындылардың көркемдік мәніне тоқталып, суретшіге шығармашылық табыстар тіледі. 

 - Мұндағы туындылардың қай-қайсы да адамның қызығушылығын тудырмай қоймайды. Камил ағамызды еліміздің Еңбек сіңірген қайраткері ретінде жақсы білеміз. Арнайы шеберханасында да болғанмын. Оның туындылары расымен де жоғары бағаға ие. Камил Муллашев – қазақ бейнелеу өнері жолында өзіндік қолтаңбасын қалдырған талантты суретшілердің бірі. Сондықтан да автор кез-келген құрметке лайық. Ағамызға тек шығармашылық табыстар тілеймін, - деді Е.Аманшаев. 

Қала қонақтары мен зиялы қауым алдында сөз алған көрме авторы Камил Муллашев жұмыстарының ерекшеліктері туралы айта келе, өнердегі еңбек жолы туралы баяндады. «Бұл көрмемді Астана күніне орай арнайы дайындадым. Түрлі жанрдағы жұмыстарымды тамашалай аласыздар. Олардың ішінен қазақ халқының тіршілігі мен еңбектегі ерліктерін көруге мүмкіндігіңіз бар. Мен үшін әсіресе 90-шы және 2000-шы жылдар жемісті болды. Осы жұмыстарымның барлығы дерлік бірнеше елдердің ауыр кезеңдерінен хабар береді. Оның бәрін сурет арқылы бейнелеу расымен де оңайға түскен жоқ», - деді К.Муллашев.

Камил Муллашев – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Татарстан Республикасының Ғабдулла Тоқай атындағы мемлекеттік сыйлығының иегері, Франция көркем өнер академиясының күміс медалі иегері, Қытай Өнер академиясының академигі. Оның туындылары Мемлекеттік Третьяков галереясының, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік музейдің қорларында, сол сияқты Қазақстанның жеке коллекцияларында және АҚШ, Франция, Германия, Лихтенштейн, Түркия, Қытай және т.б. шетелдердің топтамаларында сақтаулы.

Көрме 2016 жылғы 1 тамызға дейін жұмыс істейді.