Қазақ ағартушылығы мен қазақ ұлтшылдығы – тарихи қажеттіліктен туған ұстанымдар
12.07.2016 4865
Қазақ ағартушылығын, әсіресе оның ХХ ғасырдың басына тән кезеңін, еуропалық және орыстық ағартушылыққа еліктеуден туған құбылыс ретінде қарастыру оның табиғатын тура түсіне алмаушылыққа ұрындырар еді

Қазақ қоғамына ағартушылық идеясы Ресей арқылы келгені рас. Бірақ қазақ ағартушылығының мазмұндық және хронологиялық тұрғыдан өз ерекшелігі, тағдыры болды. Қазақ ағартушылығын, әсіресе оның ХХ ғасырдың басына тән кезеңін, еуропалық және орыстық ағартушылыққа еліктеуден туған құбылыс ретінде қарастыру оның табиғатын тура түсіне алмаушылыққа ұрындырар еді. Осы ретте қазақ ағартушылығына тиесілі оның мынадай ерекшеліктерін ескерген жөн. Қазақ топырағындағы ағартушылық идеясы ескі феодалдық тәртіп пен қоғамдық қатынастарға, діни фанатизмге қарсы бағытталуымен бірге, ресейлік отарлық езгіден құтылуға, заман сұранысына лайық білім мен ғылымды игеруге үндеді. Ұлт-азаттық үшін күрес басшы¬лары бұл негізгі мақсатқа жетудің жолы қазақты ұлт ретінде біржола қалыптастырып, оның ұлттық мемлекеттігін жаңғырту арқылы жүретіндігін жақсы түсінді. Басқаша айтқанда, қазақ ағартушылығының идеясы қазақ ақын, жазушы, философ ғалымдарының шығармашы¬лық ізденісі арқылы жалпы ұлттық жобаға айналды. 

Кезінде кеңестік идеология қазақ ағартушылығын Шоқан, Ыбырай және Абайдың қызметімен шектеуге тырысты. Ал қазақ ағартушылығының ұраны-девизі ретінде ұлы Абайдың «Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті... Балаңа орыстың ғылымын үйрет!» деген тұжырымы алынды. 

Қазақ ағартушылығының ұраны ретінде Абай сөзін алған идеоло-гияның мақсаты қазақ мәдениетін ылғи да үйренуші шәкірт және еліктеуші мәдениет дәрежесінде ұстау болатын. Бұл ұстанымдағы қазақ мәдениетінің түпнұсқалық (оригиналдық) мазмұны күн өткен сайын әлсіреп, ең соңында көшірме мәдениет дәрежесіне түсуге тиіс еді. 

Мұндай тағдырдан бізді 1991 жылы келген мемлекеттік тәуелсіздік сақтап қалды. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекеттік Тәуелсіздік бірнеше ғасырлардан бері халқымыздың ең озық, ойлы азаматтары аңсаған басты құндылык екендігі айқын.  

Бұл арада біздің Абай айтқан пікірдің дүрыстығына шек келтіру пиғылымызда жоқ. Ұлы ойшыл сөзінде тарихи шындықтың табы жатыр. Орыс мәдениеті мен тілі қазақты әлемдік өркениетпен жалғастырған көпір болғаны даусыз шындық. Сонымен бірге, кеңестік идеология жасаған тұжырымды малданып тарихи шындыққа көз жұму да әділетсіздік болар еді. Ал тарихи шындық қазақ ағартушылығының қоғам мойындаған девизі Мыржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» (1909) деп тастаған ұраны болғандығын көрсетеді. Қазақты «Маса» болып ояту Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» (1909) және «Маса» (1911) атты кітаптарының негізгі өзегі болғандығы аян. Тіптен, XX ғасыр басындағы кітап, мақала жазған ұлт оқығандарының мақсат-мұраты осы ортақ ұстанымға келіп тоғысып жатты. 

Егер қорыта айтар болсақ, қазақ ағартушылығының толыққанды қоғамдық қүбылыс ретінде көрінуі XX ғасырдың алғашқы ширегіне, яғни алаш зиялыларының қызметіне тұс келеді. Жалпыұлттық «Айқап» журналының (1911-1915), «Қазақ» газетінің (1913-1918), екі миллионға жуық тиражбен басылған (революциялық өзгерістерге дейін) қазақ кітаптарының жарық көруі және басқа атқарылған істер осы тұжырымға негіз бола алады. Ал Ш. Уәлихановтың, Ы. Алтынсариннің және А. Құнанбаевтың ағартушылық ісіндегі орнына келсек, онда олардың қызметі қазақ топырағындағы ағартушылықтың алғашқы қадамы ретінде бағалануға лайық. 

Енді қазақ ағартушылығының хронологиялық ауқымы жөнінде. Салыстырмалы тұрғыдан алғанда, мәселен еуропалык ағартушылық ешқандай да сыртқы араласусыз барлық қалыптасу және даму саты-ларынан емін-еркін жүріп өтті. Сондай-ақ оның өкілдері ешқандай да репрессия құрбаны болған емес. Ал қазақ ағартушылығы барлық белгілерімен толыққанды тұтас қоғамдық процесс ретінде X ғасырдың басында қарқынды өріс алғанымен, ұзаққа созылған жоқ. Бар болғаны жиырма жылға жетер-жетпес мерзімге созылды. 

Ал оны бастап, бағыт-бағдарын анықтаған тұлғалар түгелдей дерлік саяси репрессия құрбаны болды. Мұндай трагедияны бірде-бір еуропалық ұлт басынан кешірген жоқ. Соған қарамастан қазақ зиялы-ларының 20-30 жыл көлемінде жүріп өткен жолы кез-келген зерделі адамды таң қалдырмай қоймайды. Осы мезгілде олар заман сұранысына лайық ұлт-азаттық күрес идеологиясын қалыптастыра отырып, отаршыл билікке арыз-тілек (петиция) жазудан (1905) ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту мәселесін қолға алып, оны іске асыру әрекетіне дейін көтерілді (1917). Мұндай жағдайдың адамзат тарихында жиі көріне бермейтіндігін айтқан артық емес. 

Қазақ ағартушылығының сондай-ақ мынадай бір ерекшелігіне назар аударған жөн. Ол қоғамдық ұстаным және көзқарас ретінде қазақ, ұлтшылдығына соқпай өте алмайтын еді. Ал қазақ ұлтшылдығы қоғамдық ойдағы негізгі де ықпалды ағым ретінде «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті арқылы толық көрініс тапты. Бұл ретте «Айқаптың» орны мен рөлі (1911-1915) қазак ұлтшылдығының бастапқы қалыптасу кезеңіне сай келсе, ал «Қазақ» газетінің қызметі оның, яғни қазақ ұлтшылдығының біржола кемел ағым ретінде орнығуына тұс келді. 

Ұлтшылдық (қоғамдық ойдағы ағым, ұстаным ретінде) бұл жалғыз қазақ қоғамына ғана емес, жалпы барлық отар елдерге ортақ құбылыс болатын. Сондықтан болса керек, Дж. Неру осы тарихи кезеңде ұлтшылдық «бүкіл Азия елдерінде үстемдік құрған прогресшіл күш болды» деп көрсетті (Неру Дж. Открытие Индии.Кн.2. М., 1989.С.109- 113).

XX ғасыр басындағы қазақ қоғамы жағдайында білімді және саналы азаматқа ұлтшылдық ұстанымында болмау мүмкін емес-тін. Міржа¬қып Дулатұлы айтқандай сол тарихи кезеңдегі қазақ қоғамында «шын ұлтшылдың өзі аз еді. Ұлтшыл еместердің көбі, өзімшіл, дәрежеқұмар, зорлықшыл еді». Бұл мезгілдегі қазақ ұлтшылдығының өзі ағартушылық сипат алды. Бұл тұрғыдан алғанда ол Абай мектебінен шыққан ұлтшылдық, яғни өз ұлты – қазақ елінің кемшілігін ашық сынға алып, онымен ымырасыз күреске шыққан сыншыл әрі қорғаныстық ұстанымдағы ұлтшылдық болатын. 

XX ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының алдына қойған міндеті қазақ деген «халқын ұлт деңгейіне көтеру», өз елін «жат үстемдіктің тепкісінен құтқарып өз мекемелеріне ие, тәуелсіз бір жеке тұлғаға айналдыру (М. Шоқай)» болды және осы мұратқа жету жолында халық бұқарасымен арада ортақ сана қалыптастыруға тырысты. 

Осы ретте қазақ ағартушылығы мен ұлтшылдығына тиесілі мына-дай бір жағдайға назар аударуға тура келеді. Қалыпты да бейбіт даму жағдайында ағартушылық қызмет ұлттық тілдің, білім жүйесінің, жаңа сатыдағы ұлттық мәдениеттің, ұлттық бірегейлік пен сананың қалыптасуымен аяқталмақ. 

Басқаша айтқанда, ағартушылық ұлт үшін ұйытқы элемент міндетін атқарады. Сол сияқты ұлтшылдықтың да түпкі мақсат-мұраты бар. Отарлық езгі жағдайындағы елдер үшін ол ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту немесе оны қалыптастыру. Ұлттық мемлекет азаттық жолына түскен елдің территориялық тұтастығы мен еркін дамуының кепілі. 

Қазақ ағартушылығымен қазақ ұлтшылдығының тағдыры, өкінішке қарай, қайғылы қалыптасты. Олар көздеген мақсатына жете алмай, бар болғаны жиырма жылға жетер-жетпес уақытта тарих сахнасынан ығыстырылды. Патшалық биліктің орнына келген Кеңестік билік қазақ ұлт-азаттық қозғалысын гуманизмге, өркениеттік ұстанымдарға мүлдем жат әдіс-құралдар арқылы басып жаншыды. Бүгінгі казақ қоғамның көптеген мәселелері ағартушылық және ұлтшылдық идеяларының өзінің табиғи логикалық соңына жетпей үзіліп қалуына байланысты. 

Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымдарының докторы, профессор