Есімі руға айналған аналар
08.03.2017 4068
Халық жадында сақталып қалған Тұмар, Зарина, Бегім, Бопай, Абақ, Айғаным, Күнбике, Зере тәрізді ханшалардың елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі мен ерлік істері бүгінгі болашақ ұрпақ жадында

Қазақ қоғамында әйелдің орны ерекше. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген тәмсіл бар. Ұлттың болашағы да қазақтың әйелінің қолында. Сондықтан қазақ әйелі отбасы қоғамының ұйытқысы, тәрбиенің берік қорғаны.

Халық жадында сақталып қалған Тұмар, Зарина, Бегім, Бопай, Қарашаш, Домалақ, Абақ, Айғаным, Күнбике, Зере тәрізді ханшалардың елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі мен ерлік істері бүінгі болашақ ұрпақ жадында. Арыға бармай-ақ қазақ хандығы тұсынан бергі ел билеген Айғаным, қол бастаған Бопай ханымдар,  Күнбике, Айбике, Зере аналардың ұлт тарихындағы орны бөлек.

Жоғарыдағы аналарымыз, сондай-ақ тарихымыздағы өзге де батыр аналарымыз ақыл-парасатымен, қайтпас қайсарлығымен  жұрт билеп көсемдік көрсетті, қол бастап жаугершілікті бастан кешті. Содан да болар тарихтағы ұлы аналарымыздың есімі бір рулы ел болып, ұранға айналды. Шежіре жылнамасын тізбектесек руға айналған аналарымыздың көп екенін қараймыз. Тіпті көп ру ана есімін ру атына беруге арланбаған. Керісінше ру-шежіресін сол аналардың құрметіне арнап, бір қауым елге айналған. Ендеше тарихта өз орнын алып, бір руға бас болған аналарымызға тоқталып өтсек.

 

Абақ Ана

Орта жүздің белді руы – Керейдің бір тармағы Абақ аталады. Он екі ата Абақ Керейіне Жәнтекей, Жәдік, Жастабан, Шұбарайғыр, Шеруші, Ителі, Итемген, Молқы, Меркіт, Сарбас, Қарақас, Көнсадақ жатады. Осы он екі ру өздерінің анасының атымен «Абақ керейлер» атанып кеткен.

Керейдің «Төр Шежіресінде» керей этнонимін Абақ есімін әйелмен байланыстырады. Абақ ана үйсін Сарымырзаның қызы. Күйеуі қайтыс болған соң Шымыр деген ұлын алып, төркініне кеткен.Нағашысы әлгі баланы кішкентайынан ашамайға мінгізіп, «Менің ашамайлы Керейім», - деп ертіп жүреді екен. Абақ соңғы күйеуінен Құттықожа деген ұл туады.Одан Майқы(би Майқы емес), Майқыдан: Ермен - Изен, Жусан туады. Абақ керейдің қазіргі 12 руы осыдан өрбиді.

 

Алтыншаш Ана

Қыпшақ Тоқтар бидің бәйбішесі Алтыншаштан − Бұлтың, Торы, Көлденең, Ұзын, Қарабалық атты бес ұл туған. Бұл бес баланың өсіп-өнген ұрпағы бес рулы елге ұласқан. Шежірешілер осы бес атаны қалың қыпшақ ішінен даралап, аналарының атымен «Алтыншаш» деп те атайды

 

Қызай Ана

Бәйдібектің әйелі Нұриладан (Домалақ ене) Жарықшақ туған. Жарықшақтың Күнбүбі (Айқыз деп те айтылады) деген қызы Найман еліне келін болып түсіп, ақыл-көркімен жұртқа жағып, төңірегі «Бәйдібектің немере қызы атасы мен әжесіне сай екен!» деп сүйсінетін болған. Осыдан Күнбүбі аты бірте-бірте ұмыт болып, келін боп түкен елі оны «Қызай» деп атап кетеді. Қызайдан өрбіген рулы ел де «Қызай» аталады (Н.Қазыбеков. Ат тергеу − әдептілік белгісі. − «Түркістан» газеті. 2000, наурыз).

 

Мұрын Ана

Орта жүз Найманның ішіндегі Қаракерейден өрбіген аталардың бірі − Байыс. Шежіре деректерінде Байыстың бес баласының бірі − Сары (Ерсары). Осы Сарының бәйбішесінің есімі Ақбике екен. Мұрыны зор кісі болса керек. Осы Ақбикеден өсіп-өнген ұрпақтың «Мұрын» аталып кетуі содан еді дейді, ел аузындағы аңыз деректері. Кезінде осы «Мұрын» аталған ұрпақтың өзі сегіз болыс ел болған.

 

Жанат Ана

Орта жүздегі Абақ керейдің ішіндегі он екі атаның бірі − Жәдік. Шежіре дерегінде Жәдіктің бірінші әйелінен − Итемген, Мұңал туады. Екінші әйелі Жанаттан − Қосай, Қыдыр, Тілеке, Байқазан, Байыс, Бұқай, Тоқай, Майма есімді сегіз ұл туған. Осы сегіз ұлдан өрбіген ұрпақты Қазақта шешелерінің есімімен «Сегіз Жанат» деп атайды.

 

ЕНЕҢ АНА

Шежіренің сөзі бойынша Орта жүз Арғын ішіндегі Қуандықтың бір баласы − Қарпық. Қарпықтан − Мәмбет, Көзей, Тінәлі атты үш ұл туған. Көзейден − Қаратоқа туады. Қаратоқадан − Түнқатар, Бесім, Молқы, Тоқтауыл, Сары, Құлымбет туған. Осылардың ішіндегі Бесімнің бәйбішесі Бәтей деген кісі екен, елге ана болғандай қасиетті қалпына орай жұрт «Енең» деп атайды екен. Сондықтанда, Бесімнің бәйбішесі Бәтейден тараған ұрпақты «Енең тоқалары» дейді. Сәкен Сейфуллин осы атадан.

 

Қарқабат Ана

Арғын ішіндегі ең бір өсіп-өнген ата − Мейрамсопыдан тарайды. Шежіре дерегінің басым көпшілігі Мейрамсопының бәйбішесі Нұрпиядан − Қуандық, Сүйіндік, екінші әйелінен − Бегендік, Шегендік, үшінші әйелінен − Болатқожа (Қаракесек) туып еді дейді. Бұлардың әрқайсысынан өрбіген ұрпақ бір-бір іргелі руға айналған.

Мейрамсопыны Қарқабат ерекше құрметтеп, қызмет көрсеткені сондай — өмірінде Мейрамның табанынан сыз өткізбей, етіне суық су тигізбей күтіпті. Түзге отын тере шықса, қу көдені жұлып әкеліп отағасысының табан астына төсеп, түнде дәрет алатын құманды бауырына басып жылытып жатады екен. Қарқабаттың осындай ықыласын көрген сайын Мейрамсопы: «Ой, көсегең көгерсін! Бір туғаныңнан бір туғаның аса берсін! Өсіп−өнген ұрпағыңның ұранына шық!» деп бата беретін көрінеді. Аруақты атаның сол батасы қабыл болып, Қаракесектер іргелі елге айналады, кезінде 25-26 болыс ел болды, елі мен жерінің айбары сияқты нелер жақсы-жайсаңдар шықты, Қарқабат ананың есімі Қаракесек руының ұранына айналды (Дерек беруші Мұқатұлы Ғалымжан (1905-1976).

ӘЛЕУКЕ АНА

Орта жүз Тарақты тайпасы он екі рудан құралған. Олар: қыдыр, жәші, әлі, сары, әйтей, қосанақ, қарашие (көгедей), келіс (әлеуке), алакөз, шәуке, апай, тоқтауыл рулары.

Шежіре дерегінде Келістің әйелі Әлеуке деген кісіден ұл бала болмапты. Содан, өзімен қадірлес (Келістің екінші әйелі) баласын етек астынан жерге түсірмей көтеріп алып, бауырына басқан екен. Сол баланың өсіп-өнген тұқымы Әлеуке, «он екі Әлеуке» деп, апасының есімімен аталып кетіпті.

 

АЛТЫН АНА

Шежіре сөзінде кіші жүздегі Алтын-Жаппас деп аталатын ру осы Алтын деген анасының атымен аталып кеткен. Ол өзінің төрт баласына қосып Жаппасты да тәрбиелеп өсіргендіктен бұл екі ру көбіне қосарланып айтылады. Алтын ана — Қыдырқожаның (Байұлының) екінші әйелі болған.

 

ТҮРІКПЕН АНА

Бұл кісінің шын аты белгісіз. Шежіре деректері бойынша Кіші жүз Байұлыдағы Адайдың екі баласының бірі Құдайке өзінің алғашқы әйелі төрт баласымен жаугершілікте суға ағып кетіп қаза болғаннан кейін, Түрікмен халқынан қыз алады. Құдайке одан екі ұл көреді: екеуіне Тəзіке мен Қосай деп ат қояды. Бұл Екеуі де батыр, мерген, жаужүрек болып ержетеді.

Ер Қосайдың есімі Қазақ хандығын құрған Жәнібек пен Керей хандардың тұсында барлық Дешті Қыпшақ даласына әйгілі болған. Сол Түрікмен анасынан, яғни барлығы «сегіз арыс Адайдың» ішіндегі екеуі болатын Тәзіке мен Қосайдың кіндігінен тараған ұрпақтарды, қазір Маңғыстауда жарты млн-нан асып отырған барша тұқымдарын осы екеуінің аналарының тегіне орай «Түрікпен Адайлар» деп те атайды.

 

ҚАРАКЕМПІР АНА

Шежіре дерегінде Кіші жүз Қыдырсиықтан − Шеркеш, одан − Қосым, Қойыс, Жауғашты, Шумақ, Қылышкескен туыпты дейді. Осылардың Қойысынан − Дербіс туады. Дербістің бәйбішесі Зылиха деген кісі, өңі қара болған соң «Қаракемпір» аталып кеткен көрінеді. Бүкіл Дербіс әулетіне ұйтқы болып, жөн үйреткен, жол көрсеткен адам. Дербіс батырдың бәйбішесі Зылихадан − Тоқтар, Базар, Қошқар, екінші әйелінен − Түрке, Шыңбай, үшінші әйелінен − Сатай, Сатылған туған. Дербістің осы үш әйелінен тараған ұрпақтан жөн сұраса «шеркешпіз, оның ішінде қаракемпірміз» дейді. Сөйтіп, Қаракемпір ру атына шыққан.

 

ҚАРАҚЫЗ АНА

Қыпшақ Тоқтар биден бес ұл − Бұлтың, Торы, Көлденең, Ұзын, Қарабалық туған. Олардан өрбіген ұрпақ бес рулы ел болғанда, осылардың Қарабалығынан Қарақыз деп аталатын бір ата тарайды. Қарақыздың шын аты Қарашаш екен, өңінің қараторылығына орай «Қарақыз» аталып кетсе керек.

 

НҰРБИКЕ АНА

Орта жүз Арғын, оның ішінде Қаракесектен өрбіген аталардың бірі − Шаншар. Шаншар ақылгөй, көреген адам болса керек, шежірешілер «Шаншар абыз» деп отырады. Сол Шаншардың үш әйелінің бірі Нұрбикеден тараған ұрпақты «Нұрбике-Шаншар» елі деп атайды. Нұрбике болса Есім ханның тұсында Ташкентті билеген Тұрсын ханның қызы болса керек. Нұрбике-шаншар елінен әйгілі күйші-композитор Қазанғапұлы Тәттімбет шыққан.

 

АҚКҮЛЕК АНА

Кіші жүз – Байұлы – Байбақты – Дат қызы. Ұзатылып келгенде өзі мініп келген ақ үлекке байланысты осылай аталыпты. Қасиетті адам болған екен. Шеркеш-Қойыс-Шүйініш Тұрлан батырдың әжесі. Ұрпақтары Ақүлек руын иеленген. 

Әзірлеген: Алтынбек БЕКНҰР

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)