ҚАРА ҚЫПШАҚ ҚОБЫЛАНДЫ ҚАЙ ЗАМАННЫҢ ҚАҺАРМАНЫ?
04.04.2017 4374
(Әлихан Бөкейханның «Қара қыпшақ Қобыланды батыр» аталатын сын мақаласы негізінде)

Әлихан Бөкейханның қазақ аңыздары мен жырларының ұлы кейіпкері Қара қыпшақ Қобыланды батырға арналған көлемді сын мақаласы «Қазақ» газетінде 1915 жылы 126-129-сандарында Қыр баласы деген әйгілі лақап есімімен жарияланған. Бұл жан-жақты мақалада әлі күнге дейін қазақ әдебиеті мен тарих ғылымы үшін өзекті көптеген мәселелер көтерілген, тіпті кітаптың мұқабасы қалай безендірілуі керектігіне дейін өз пікірін білдірген. Ә.Бөкейхан сол кезеңде қазақ ұлтының ұстазы, көшбасшысы және қамқоршысы екенін осы сын-мақаланы қарап отырып-ақ аңғарасың. Біз Әлекеңді зерттеуші ретінде өз ұлтының тарихы мен мәдениетінен, жақсы-жаман қасиеттерінен, тұрмы-салтынан қол үзбеген ұлы тұлға деп есептейміз. Қазақ пен Ә.Бөкейханов арасында көзге көрінбейтін, бірақ зерттеушіге аса қажет тамырластық  бар. Өкінішке қарай бүгінгі күні ғалымдарымыздың көбінде ұлт пен тұлға арасындағы тек пен  тәрбие арқылы келетін байланыс жоғалып кеткен.

Бұл үлкен де құнды мақаланың көтерген түйткілді сұрақтарының ішінен біз бір ғана аспектісін таңдап алып отырмыз, ол Қара қыпшақ Қобыланды батыр қай заманда өмір сүрді деген мәселе. Әдебиеттеанушы, мәдениеттанушы мен тіл зерттеушілері мақалада айтылған аса қажетті  тақырыптар бойынша бізді толықтыра жатар.  Тағы бір ескерте кететін мәселе, Ә. Бөкейхан зерттеушілік үлгісі тарихи деректануды игере бастаған жастар үшін аса қажет. Қай заманда болмасын зерттеушінің ғылыми деңгейі түпнұсқа мен бертіңгі заманның қоспасын айыра білуіне байланысты анықталады. «Қара қыпшақ Қобыланды батыр» жырын талдай келе Әлекең «Қобыландыдағы» заманына ұйқаспайтын жырларды, қазақ жұртының мәденет тарихына еш пайдасы жоқ өлеңдердің әлгі «Сал-Сал», «Зарқұмдағы» құл және надан ақындар қосқан» дейді (5, 307-б.). Бүгінгі күні де қазақ сөзінің маңызын түсінген, тарихынан хабардар адамға, қаптап кеткен «қолдан жасаған қаһармандардың» әр сөзінен жалғандық пен қоспа білініп тұратыны айқын. Әлекең осы жағынан бізге үлгі.

Ә. Бөкейхан алдымен «Қара қыпшақ Қобылданды батыр» жырының қысқаша мазмұнын келтіреді. Тоқтар бай мен оның бәйбішесі Аналықтың «әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып» Құдайдан бала сұрағаны, әулиенің аян бергені, одан Қобыланды мен Қарлығаның туғаны оқырманға белгілі болар.

Қобыланды тектен-текке эпикалық жырдың қаһарманы болсын ба, сағат санап, күн санап өсті, «алты жасында Қызыбастың жұртында патша Көклен кемпір бар екен, Қобыланды жүз құлаш биіктен теңге атып түсіріп, осы Көкленнің Құртқа атты қызын алды» (5, 299 б.). Ә. Бөкейхан «Қара қыпшақ Қобылданды» жырында дәл осы Көклен кемпір образын сомдауда кейінгі заман ақындарының қоспасы барынан бастайды «Көклен кемпір Қобыланды теңгені атып түсірген соң келіп, шырағым-ай, мұсылман зат бала екенсің деп, мұсылман болған...Қобыланды заманында қазақ кітапқа құл емес, Көклен кемпірді ақынның өзі мұсылман қылып отыр» (5, 303-б.).

Сонымен Көклен кемпір кім болды екен ? Бұл жерде ежелгі оғыз қауымдастығының құрамындағы гөклен тайпасы туралы деректерді еске алған дұрыс.  Гөклендер  салырлармен (салор) бірге ішкі оғыздардың құрамында және қоныс аудару үрдісіне ерте ілікті. Гөклендердің алғашқы легі қазақ жерін қоныс аударғанда  Ескі Үргеніш маңында орын тепсе, екінші бөлегі Иран жеріне қоныстанған. Мухаммед Риза мираб Агахи кітабына қарасақ «Гоклены живут по р. Атреку и его притокам, главным образом в персидских владениях, почти все оседлы» (1, с.20). Салыр (солор) бір бөлегі Шығысқа қарай қоныс аударған, қазір Қытайдағы  аз этностардың бірі. Гоклендердің Қызылбас билігін мойындауы Қаджар үстемдігі кезінде деп есептеуге болады, сонымен бірге қызылбас пен  гөклен ертеден бері көрші және бәсекелес екенін ұмытпау да керек.

Жырдағы Көклен кемпір туралы сюжеттен  шығатын қорытынды біреу. Қобыланды, жалпы қыпшақ елі үшін гөклендер ана жұрт, яғни қайын жұрт болып табылады. Қыпшақтардың ерте орта ғасырларда Ертістің оң жағалауындағы қоныстан жылжып сахараны игеруі және тарихи аренаға шығуы да оғыздардың гөклен сияқты тайпаларының қолдауы деп түсіну керек. Ә. Бөкейхан да «Алты жасында Қобыланды осы Көкленнің Құртқа атты қызын алды»  деп ескертеді (5, 299-б.). Құртқа түркі халықтары арасында қасқыр деген ұғымды да білдіреді. Ендеше біз ««Қара қыпшақ Қобылданды» жырындағы Құртқа образы қыпшақ қауымдарының даланың қасқыр киетекті оғыз тайпаларының құндылықтарын қабылдауын көрсетеді деген пікірдеміз. Әл-Масудидің замандасы араб географы әл-Истахри /Х ғ./ оғыз елінің Ұлы даланың ең ортасында орналасқанын суреттеп: «Пределы страны гузов – то, что находится между хазарами и кимаками, страной карлуков и булгар и границами мусульманских стран от Джурджана до Фараба и Исбиджаба» дейді (6, с. 43). Бұл жерде хазарлардың Еділ бойы мен Каспийдің сол жағалауына қоныстанғанын, оған шекаралас бұлғарлардың мекен еткенін, қарлұқтардың Жетісу өңіріне қатысты айтылатынын, ал Джурджан – Арал теңізі, Фараб – Отырар,  Исбиджаб – Сайрам екендігін ескерген жөн. Сонда оғыздардыңғ  Ертіс жағалауынан бастап, Сарыарқаны түгел қамтып, Еділ-Жайыққа дейін қолын созып жатқаны түсінікті. Ертіс бойындағы қыпшақ қауымдастығы алғашында оғызға бағынышты болғаны туралы деректерде нақты айтылады. Шығыс деректерінде далалық өлке ол кезде «Музаффат әл-гузия», яғни оғыз даласы, кейін қыпшақтардың оғыздарды оңтүстік-батысқа ығыстыруы нәтижесінде «Дәшт-и Қыпшақ» атана бастады. Оғыздың үстем заманында қазіргі Бетпақ дала – Оғыз шөлі деп аталады.

Екінші мәселе Қобыландының досы Қият жұртынан шыққан Қараман кім? Қият (хион, хон) түп-тегі қола дәуіріне бастайтын көне жұрттардың бірі. Қияттар туралы «Авестада» айтылады. Бұл тақырып тым бұлыңғыр, дегенмен дерек ретінде Қараман мен Қобыландының арасындағы достық қыпшақтардың оғыздарға қарсы күресте қияттармен одақтасқанын аңғартады. «Қара қыпшақ Қобыланды» жырында сипатталатын Қараман батырдың атауына қарағанда қият елі саны жағынан қыпшақтан көп, жасы жағынан да ересек.

Ә. Бөкейхан алдымен Едіге жырын мысалға алып отырып, Тоқтамыстың тоғыз батырының бірі Қобыландыны еске түсіреді.  Шәкәрім «Шежіресіне» сілтеме жасап «Бұл Қобыландының ісі ХІУ ғасыр ортасына лайық» дейді (5, 299-б.). Келісеміз, себебі  Тоқтамыс хан мен Едіге мырза ХІУ ғасырдың екінші жартысының адамы, яғни Қобыланды да сол кезеңге келеді. Бірақ Шәкәрім «Шежіресінде» Қобыланды батырдың аты Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты аталады. Ә. Бөкейхан «Қара қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным?» деген қазақ мақалы Ақжол атасы Құдан жырауынан қалған (қара: «Шежіре». 31 бет). Бұл екі ханның заманы 1450-інші жылдар. Бұған қарағанда Қобыланды 15-інші ғасыр ортасындағы жігіт болады, онда Тоқтамысқа жігіт бола алмайды» дейді (5, 300-б.).

Бұл әңгіменің ұзын-ырғасы Шәкәрім «Шежіресінде» былай баяндалады: «Сол кезде Шибан нәсілінен Әбілхайыр хан деген Жошы ұлысының күншығыс жағын түгел билеп тұрды. Сонда қазақтың  ханы Әз Жәнібек хан еді. Әбілхайырға қарап тұрушы еді. Әз Жәнібектің шын аты – Әбусағид еді. Тоқатемір нәсілінен, Барақ хан баласы еді. 1455-інші жылы Әз Жәнібек хан немере інісі Шаһгерей ханмен тамам қазақты алып, Әбілхайырға өкпелеп, Шудағы Шағатай нәсілінен, Есенбұғаның баласы Тоқлұқтемір ханға қарады. Әбілхайырға өкпелеген себебін біздің қазақ бұлай айтады: Біздің осындағы арғындардың арғы атасы Дайырғожа Әбілхайыр ханның сүйікті қазысы екен. Әділ айтқандықтан Ақжол атаныпты. Және Қара қыпшақ Қобыланды батыр да Әбілхайырға сүйікті екен. Екеуі ішінен жауласып жүргенде, бір күні далада, Қобыланды батыр Дайырғожаны өлтіріп кетіпті. Әз Жәнібек хан біліп, Қобыландыны шариғат бойынша, қысас қылып өлтіруге сұрапты. Әбілхайыр хан берейін десе, көп қыпшақ бұзылатұғын болған соң бере алмай, үш кісінің құнын алып бітім қыл деген соң, Әз Жәнібек хан өкпелеп кеткені, біздің қазақта мақал болып жүрген: «Қарақыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным», деген сөз Дайырғожаның сүйегін айналып жүріп жылаған әкесі Құдан тайшы деген кісінің сөзі. Аты – Құдан еді, «тайшы» деген өлеңші, ақын дегені» (10, 34-35-бб).

Бұл жерде шындық біреу болса керек. Шайбан әулетінің соңына тоқсан екі баулы қыпшақтар ергені анық. Қобыланды батыр – эпикалық тұлға ретінде осы қыпшақ қауымының жиынтық бейнесі ретінде қызмет істеген.  Ақжол би де эпиқалық тұлға, Жәнібек пен Керейге ерген алаш қауымның ортақ ұраны. Құдан /Қотан/ тайшы – қазақтың мифтік аталарының бірі, нақты өмір сүрген уақытын айыру қиын. Алаша туралы аңыздарды оқысаңыз Майқы, Қотан, Қоғам, Кондыкер билердің заманы  өте көне кезең.

Осыдан кейін Әлекең Қобыланды батырдың өмір сүрген кезеңін  мөлшеріне қатысты екі түрлі деректі  салыстыра келе «Қобыландының алысқаны қызылбас та, қалмақ та болмай, Жәнібектің жұрты арғын һәм өзге қазақтар болып жүрмесін» дейді (5, 300-б.). Бұл пікір болжам түрінде айтылады.

Енді Қазан ханға келейік. Ә. Бөкейхан Шәкәрім «Шежіресіне» сілтеме жасай отырып, енді Қобыланды соғысты делінетін Қазан хан қай заманның Қазаны деген мәселеге келеді. Әлекең үш түрлі Қазанды атайды. Оның біріншісі «Қобыландыдан бұрын болған...Түркияның ескі патшасы Ғұсманмен замандас. Ғұсман 1299 жылы патша болған». Екінші Қазан Шыңғыс ұлы Толыға алты ата «бұл да Қобыландыға замандас болатын көрінбейді» (5, 300-б.). Үшінші «Шағатай ұлысын жалғыз қаратып алам деп көп жаһид қылған» Қазан хан. Ә. Бөкейхан «Қобыландымен соғысқан Қазан хан осы болуы ықтимал. Бұл Қазан офат болған жыл 1347-інші жылы» дейді (5, 300-б.).

Біздің ойымызша «Қара қыпшақ Қобыланды» жырында айтылатын Қазан хан оғыздың жырлары мен аңыздарының кейіпкері атақты Қазан алып. Оның ізі Ұлы Ертістің сол жағасында, Павлодар облысының  Май ауданының жерінде аңғарылады. Совет дәуірінде бұл жерде «Қазан совхозы» аталатын елді-мекен, шаруашылық ұжымы болды. Бұл совхоздың орталығы кәзіргі Жұмыскер ауылы, бөлімшілерінің бірі – Қызыл Еңбек. Осы жерлердің тарихи ескерткіштерге молдығы бізді таң қалдырады. Кәзіргі ауылдардың орта ғасырлық қоныс-қалалардың үстіне орын тепкені ғайыптан сақталып қалған  биік қорғандардан, әр жерде шашылып  жатқан қызыл кірпіш сынықтарынан көрініп тұрады. Ертіс бойындағы экспедициялар кезінде бірнеше жасы үлкен, ескіден хабары бар адамдарға жолықтық және «Қазан қорасы» аталатын ескі қыстауды зерттедік.  Осылайша  біздің ұлы дарияның жағасында Қазан алыпқа қатысты ескерткіш орналасуға тиіс деген ғылыми болжамымыз өзіне дәлел тапты. «Қара қыпшақ Қобыланды батыр»  жырында аталатын Қазан хан ішкі оғыз, сыртқы оғыз аталатын қалың елдің басшыларының бірі. Ол жырда қызылбас атанғанмен,  шын мәнінде оғыз елінің көсемі.  Қазан атына көп оқырман  «Қорқыт ата»  кітабын оқып қанық деп есептейміз. Енді «Қазан» атына қатысты кейбір тарихи материалдарды тізбелейік.

«Қобыланды  батыр»  жырында Қазан туралы әңгіме  «Әлқисса, ол кезде Қызылбастың елінен Қазан деген ер шықты, ноғайлының жерін,  Сырлы қала,  Қырлы қала деген екі қаласын тартып алды»  деп басталады (8,  29 б.). Тарихи деректерде  «қызылбас» деп Иран және Әзірбайжан жерін мекендеген  түрік (оғыз) тайпаларын айтады. Олар ертеде,   яғни оғыз заманында қазақ жерінен,  Ертіс пен Сырдың ортасынан шыққан елдер. Жалпы саны жеті ру- қаджар, афшар, шумлу, румлу т. б.  атаулары бар. Бұлардың билікке келуі шах Исмаилдың заманы,  яғни ХVI  ғасырдың басы.  Исмаил шах Сәфи-ад-дин  Ардабилидің баласы,  өзінің билігін осы тайпаларға сүйеніп жасады. Өзге елден ерекше көріну үшін жаңағы тайпалардың еркек кіндігі бастарына он екі қызыл жолағы бар шалма /шиіттің 12 имамына арнап/  тартатын.  Бұл  жауынгер тайпаларға сүйенген Исмаил өте соғысқұмар болды.  Біздің  қәзіргі уақытта өзбек пен қазақтың ХV-ХVI ғғ. Иранға қарсы жүргізді деген соғыстарымыз осы қызылбасқа  қарсы соғыстар (4, с. 128). «Қара қыпшақ Қобыланды жырында» ертедегі  қыпшақ-оғыз  арасындағы соғыстардың да, бертінгі қазақ-парсы  /қызылбас/ соғыстарының да лебі бар. Тек  «қызылбас»  атауын жыршылардың Қазан заманына қатысты шартты түрде ғана пайдаланылатынын айтқан дұрыс.

Қияттың басшысы Қараманның кеңесімен Қазан ханға қарсы Қобыланды батыр аттанды дейді жыр. Қазан жырда бірде «қырық қақпалы», бірде «қырық күншілік» делінеді, яғни Қобыланды мен Қазан арасы әжептеуір жер. Шын мәнінде бір-біріне таяу орналасқан болса керек.  Жырда айтылатын Алтынды тау менің ойымша Алтай маңына ұқсайды, Караспан тауын дәл анықтау қиындау. Калай  дегенмен осы жерден аттанып келіп қыпшақ пен қияттың Қазанды шапқаны айқын болуға тиіс. Жыр мазмұнына қарағанда  Сырлықала мен Қырлықаладан басқа  Қазан қаласы да болған:

Жалғыз адам құтқармай,

Сырлықала бәндесін

Артық туған Қобыланды

Айдап шықты далаға...

Бұл қырғынға қоймады,

Қобылекең бұған тоймады,

Шәрісін тегіс бұзсам деп

Ат қоймаққа ойлады

Қазанның Қырлы қалаға.

Қаланың аузын қан қылып,

Қақпаның  аузын шаң қылып,

Тұлымдысын тұл қылып,

Айдарлысын құл қылып,

Солқылдаған мырзасын

Табанға салып жүн қылып

Алтын артты шанаға...

Өтірік емес, жан аға,

Қырық қақпалы Қазанды

Он сегіз күн дегенде

Бұзып-жарып батырың

Малын-жанын ыңғыратып.

Қақпаның аузын аштырып,

Айдап шықты далаға,

Есіктің алды мойыл-ды,

Ашыққан қият тойынды (8, 73-74-бб.)

Міне, Қобыландының қылған ерлігі. Ертіс бойындағы ерте орта ғасырлық қимақ (кемек) қалалардың азып кетуіне осындай жаугершілік себеп болғаны айдан анық. «Қорқыт ата кітабында» Қазанды «Ұлашұлы  Телеқұстың баласы, кем-кетіктің панасы, оғыз елінің арыстаны мен қабыланы, қоңыр аттың иесі, Ораз ханның әкесі, Баяндүр ханның күйеуі  /күйеу баласы – Ж.А./, барлық оғыз елінің бақыты, оғыз батырларының  ағасы» деп  атайды (9, 22-б.). «Бір күні Қазан өзінің қырық жігітіне тоқсан жерден алтын шатыр тігіңдер, елдің бектері мен батырларын жиындар» деп жарлық берді. Ел жақсылары жиылған соң «жата-жата жамбасымыз тозды, тұра-тұра беліміз талды» деп сейілге ертіп Алатауға алып кетті. Дәл осы сәтте Қазанның жаулары да қапысын тосып отыр еді. Орданы шауып Қазанның баласы Оразды қырық жігітімен байлап алды, Қазанның әйелі сұнғақ бойлы Бөрлі сұлуды қасындағы шыбықтай сұлу қырық қызымен олжалады (9, 23-б.).

Осы Қазанды шауып жүрген  Қобыланды батыр болуға тиісті. «Қорқыт ата кітабы» әуелде жыр түрінде айтылып, кейін сан рет өңделіп барып, казіргі Түркия жерінде хатқа түскен мұраның бірі. Оның әуелгі нұсқалары менің пікірімше Қобыланды жырына тікелей қатысты болса керек. Тек біреуінде оғыздың, екіншісінде қыпшақтың тарихы, ерлік істері баяндалады. «Қорқыт ата кітабының» соңында Қазан басқарған ішкі оғыздар /бұзоқ/ мен Аруз бастаған сыртқы оғыздар /үш оқ/  бір-біріне өкпелеп, ел бұзылды. Осы жырда айтылатын Бұзоқ тайпаларының бір қасиетті мекені Есіл өзенінің бойында – Қараөткөл, қазіргі Астана қаласынан бес шақырым жердегі Бұзоқ көлі мен оның жағасына орналасқан қалашық болса, үш оқ қазақтың үш жүзінің негізін салған саяси-этникалық нұсқа емес пе?!

Жырда біресе қалмақ, біресе хан делінетін Көбікті тұлғасының ар жағынан қыпшақпен бірде жау, бірде дос печенег (бешене) елінің жиынтық бейнесін аңғауға болады. Ә. Бөкейхан «Қобыланды жырындағы Көбікті хан осы Көкетай хан болмасын»  деген болжам жасайды. Қалай болғанда да Көбікті хан өмір сүрген заманы қырғыздың ерте тарихын жырмен өрнектеген «Манас»  жырының қаһармандарынан алыс емес.

Осы жерде Ә.Бөкейханның тарихи зерттеу үрдісіне  қисынды да (логика) қосатынын аңғарамыз, бұл да біздің  жас тарихшыларымыз үшін үлгі. Мәселен жырда Қобыландыға жақтас болып Қазанды бірге шабатын Орақ деген батыр бар: «Қазан басты қара дәу, Шығып еді қаладан, Орақ алып тастады...». Әлекең «Қазақта «өз алдына жыры бар Орақ батыр болған. Бұл орысқа тұтқын түсіп 10 жыл жатыпты. Бұ да Қобыландыдан көп соң болса керек: Қобыланды заманында орыс қазақ батырын ұстап отыра алмайтын» дейді (5, 301-б.). Ә. Бөкейхан қазақтың ата-бабаларының Алтын Орда сияқты империяның құрамында болғанын және ол кезде орыстың империяның жауынгерлеріне ешқандай залал жасай алмайтынын аңғартып тұр.

Ә. Бөкейханның Алшағыр, Орақ, Атантай, Тайлақ сияқты кейіпкерлердің Қобыланды жырына бертінде енгенін ескертетін «бұ да ақын қосымшасы көрінеді» деген пікірімен қосыламыз. Қобыланды жырында жырдың негізгі өзегіне Ә. Бөкейхан жазғандай бертінде енген ақындардың қосымшалары аз емес.

Қосымшалардың тым көптігінен ««Қара қыпшақ Қобылданды» жырын талдау өте қиын. Бұл жерде  жырды ең алдымен текстологиялық тұрғыда әбден зерттеу қажеттілігі туралы  Ә. Бөкейхан пікірімен келсеміз. Жырдың ғасырлар бойы айтылып келіп, әр заманда өзі өмір сүрген ортаның ықпалына түскені анық, яғни ол жерде бірнеше дәуірдің әсері бар. Енді осы страттарды ажырату міндет. Ол үші бір амал жырдағы әр адам атына, тарихи атауларға қатысты зерттеулер жүргізу. Жоғарыда біз жырдың негізгі нұсқасы ерте ортағасырлық қыпшақ конфедерациясы заманында дүниеге келді дедік, ендеше жырдың қай ортада, қай заманда туғанын анықтауға себі тиетін жыр мәтінінде айтылатын Сырлықалаға талдау жасап көрейік:

Сырлы дейтін қаласы,       

Қорғансыз сырты ашық-ты.

Қырлы дейтін қалаға

Атарман да, шабарман,

Беклері басын қосыпты

Қырлы қала маңынан,

Жау жүре алмас десіпті

Қырлы қала шәрінің

Бір жағы судың жағасы,

Алты қабат ор қазып,

Бекіткенін қарашы.

Қырық жерден қойдырып,

Болаттан соғып қақпаны…

Бұл суреттемелер орта ғасырлық қимақ (кемек)-оғыз қалалары туралы жазба және археологиялық деректерді еске түсіреді. Сырлы қала аталатын қоныс Ертістің сол жағалауында әлі де бар, ал Қырлы қала бұл суреттемеде Ұлы Ертістің жағасына орналасқан оғыз қалаларының бірі болуы керек: «Қырлы қала шәрінің Бір жағы судың жағасы». Мүмкін бұл жерде Ертістің оң жағалауына Сырлы қалаға қарсы орналасқан Қара қала сияқты қалашықтардың бірі де айтылуы мүмкін.

Құртқа сұлудың Қобыландыны шығарып салып тұрып айтқаны:

Қазан салған қос қала,

Қырлы қала, Сырлы деп,

Сырлысын бұрын аларсың.

Жалғасып біткен жанында

Қасқарлық деген тауы бар

Басына оның шағарсың.

«Қобланды батыр» жыры Қырлы, Сырлы қалалардың әуелде қыпшақтың қалалары болғанын жазады: «Әлқисса, ол кезде Қызылбастың елінен Қазан деген ер шығып, ноғайлының жерін, Қырлы қала, Сырлы қала деген екі қаласын тартып алды. Қырлы қалаға бектерін, сырлы қалаға жендеттерін жатқызып жатып алды» (8, 29-б.). Бұл дерек те ортағасырлық қалалардың Ертіс бойында оғыз-қыпшақ (кемек) шекарасында орналасқанын көрсетеді.

«Қобыланды  батыр» жырында Сырлы қала Бес ағаш деген жерде орналасқан:

Намаз ақшам жеткенде,

Қазанның Сырлы қаласын,

Қобыланды батыр көреді,

Бес ағаштың түбінде.

Жырдағы «Бес ағаш» Ертістің оң жағалауындағы қазіргі «Бес қарағай» аталатын қарағайлы алқап.

Бес ағаштың түбінде,

Қазанның алған жылқыға

Ағыны қатты Бурылмен,

Аңқытып келіп жолықты

Қазан елдің көп жылқы

Жатыр екен далада,

Қаланың сыртқы баурында,-

дейді жыршы (8, 61б).

Қазақ жылқыны Ертістің оң жағасында ұстайды. Оң жаға биік жар, жардың ар жағы тақтайдай тегіс дала, содан әрі жүз  шақырым орман-тоғай. Ертістің оң жағалауынан басталатын кең өлке Құлынды даласына қазақ  тайпаларының көпшілігі жылқысын айдайды. Ертісте қыс түсіп, мұз қатқан  соң Сарыарқадан  келген жүздеген мың жылқы қос-қос болып арғы жағаға өтеді. Бұл ежелден келе жатқан тәртіп. ХVІІІ ғасырдың ортасында  орыс Ертістен қазақты өткізбейміз деп өткелдердің  түбінде талай рет  қанжоса соғыстар болған. Осы қантөгіс соғыстар арқылы қазақ Ертістен  жылқы айдау құқығын сактап қалған. Ертіс әскери желісінде  талай  бекіністерді салған капитан И.Г. Андреев қазақтың  жылқысының  санына  дейін жақсы біледі (2, с.52-65).

«Қобыланды жырында» айтылатын Бес ағаш Ертістің оң жағасындағы тоғайдың ертеден бергі аты. Қазіргі уақытта «ленточный бор» деп атап жүрген ағашты қазақ  Бес ағаш, Бес қарағай атаған. Кейіннен бұл атаумен Павлодар обылысының территориясындағы елді-мекен және Шығыс Қазақстан облысының ауданы аталып кетті. Ендеше оғыз-қыпшақтың Сырлы қаласы мен Қырлы қаласының орналасқан жері Ертістің сол жағалауында Бес қарағайға қарсы өңір деп айта аламыз. Сырлықаланың тағдыры оғыз-бечене (печенег)-қыпшақ арасындағы тарихи тартыстың куәсі. Бұл елдер алғашқы уақытта бір-біріне жақын-туыс көрші болған, кейін жаугершілік көбейіп кеткен. «Худуд ал-әлем» жазатындай – «всякий раз как между ними (қыпшақ (кемек, бешене) и гузами бывает мир, зимою они идут к гузам. Царя кемеков зовут хаканом» (6, с.56 ). Осыған байланысты Ә.Х. Марғұлан «кипчаки и гузы жили совершенно нераздельно, как в позднейшее время казахи трех сотен на Сыр-Дарье» дейді (11, с.13).

Біздің ойымызшпа қыпшақтар мен оғыздардың  шекарасында, Ертіс өзенін бойлай қимақтардың отырықшы қоныстары орналасқан. Қимақтардың отырықшылыққа бейім, яғни қалалық жұрт екені деректерден мәлім, әл-Идриси қимақ қалаларының арасына кеме жүреді, оның өз мерзімі бар дейді. Бұл ойланатын мәселе, бұл жерде кәдімгі тұрақты тіршілік нышаны бар. Соңғы  кезде шығыстанушылар, соның  ішінде  Б.Е. Көмеков арабтың «қимақ» деген емлесін  «кемек»  деп оқу  қажеттілігін дәлелдеді. Ендеше кемек сөзін тікелей «өзен адамдары» деп аударуға болады деп ойлаймыз.  «Кемек»  өзен бойындағы түркі тайпалары. Кемек атауының негізгі нұсқасы, түбірі «кем/хем»  сөзі  өзен деген мағына береді. Мысалы,  Ұлығ  Кем – Енисей өзені.  Осыған байланысты үлкен қайық деген  сөзі қазақта әлі күнге «кеме», судың жиегі «кемер» деп аталады.

Деректерге қарағанда қимақтар мен оғыздардың шекара аймағында «Андар аз-Хифчак» деген өлке бар. Бұл «Қара қыпшақ Қобыланды» жырында айтылатын «Көктім аймақ» сияқты өлке Ертіске сол жағынан жапсарлас болса керек деген пікірдеміз. Оның тұрғындары оғыздарға жақын: «люди ее некоторыми обычаями похожи на гузов». Бұл деректен қыпшақтар мен оғыздардың арасында көзге түсетіндей, елеулі ерекшеліктер бар екенін аңғаруға болады. Қыпшақтың алғашқы уақытта оғызға бағынышты болуы да осы контексте түсінікті. Оғыздардың өзге елдерден ең басты ерекшелігі – көшпелілікке көбірек бейімділігі, жауынгерлігі: «вызывающе наглы и воинственны, недоброжелательны и завистливы; бродят по пастбищам и всюду, где есть трава, и летом и в зиму. Достояние их – лошади, быки и бараны. У них есть оружие» (6, с.61).

Осы жағдайларға байланысты кемек мәселесі Орталық Азия тарихының ақ-таңдақ бетінің бірі және оғыз-қыпшақ тарихын түсінуге кілт деп айтуға болады. Жазба деректерде және ортағасырлық карталарда келтірілген мәліметтер бүгінгі күнге шейін сақталған тарихи ескерткіштермен салыстырылып зерттелген емес. Ең бастысы осы өлкеге қатысты шежіре аңыздары жүйеленіп, зерттелген жоқ. Осы себептерге байланысты тарихнамада бір мәселе шала қалып қойды деп айта аламыз -ол оғыз мәселесі.

Ә. Бөкейханның Қобыланды батыр туралы пікірі М-Ж.Көпейұлы шежіресінен де қолдау табатын сияқты. Қазақ шежіресінің білгірі «Осы күнде шежіре сөйлеп жатқандар: бірі қытай тарихынан аударып алады, бірі орыс жазушыларынан аударып алады. Қазаққа ол қалай дәлелді шежіре болады? «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» дегендей, анық қазақтың өз ортасында сөйленіп жүрген танымал сөзден алып жазған біреуі де жоқ. Біздің Арғынның әр жақ, бер жағында – Қидан Тайшы» аталған ешкім жоқ. «Дайырқожаның әкесі Қидан тайшы» депті. «Қидан деген өлеңші болады» деп мағына беріпті ...Қазақ қазақ болғаннан бері қарай «өлеңшіні» «ақын» деп атайды. Мұның айтқан Дайырқожасы мен Қидан тайшысы – басқа бір жұрттың кісісі шығар. Және мұнда бір ұнамсыз сөз: «Қара қыпшақ Қобыланды хандарға бағыныпты» деген. Олар бір басты екі аяқты пенде былай былай тұрсын, «Құдай бар-ау!» деп, мойыны бұрылмайтұғын  майталмандар» дейді ( 7, 10-т, 135-б.).

Қобыланды батырдың ХV-ХVI ғасырлардың оқиғаларымен ешқандай байланысы жоқ. Бұл жағынан М-Ж. Көпейұлы ескертпесі жөн. «Қобыланды батыр» жырының негізгі сюжеттері ұлы далада оғыздар мен қыпшақтардың арасында қантөгіс соғыстар жүрген байырғы түркі заманына қатысты. Өте күшті қыпшақ тайпаларының әскери одағына төтеп бере алмаған Ұлы даланың бұрыңғы иелері – оғыздар батысқа және оңтүстікке Арал теңізіне жақын өлкеге, Каспий жағалауына, Сырдың бойына, одан әрі Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропаға жылжыды. Егер біз қыпшақтардың Х-ХІІ ғасырларда негізінде тәңірілік түсініктермен жүргенін ескерсек М.Ж. Көпейұлының «Олар бір басты екі аяқты пенде былай былай тұрсын, «Құдай бар-ау!» деп, мойыны бұрылмайтұғын майталмандар» дейтін сөзінің тарихи шындықтан алыс кетпегенін мойындау керек. Бұл тақырып біздің Орта Ертіс бойындағы кездесетін Сырлы қала, Қырлы қала, Бесағаш, Қазан қорасы, т.б. «Қобыланды батыр» жырында айтылатын тарихи топонимдерге жүргізген этимологиялық анализде көтерілді. Біздің ойымызша оғыз-қыпшақ заманында жасалған жыр бұл топонимдердің ертерек пайда болғанына негізгі дәйек. Сырлы қала, Қырлы қала оғыз қоныстары, ал Қазан қорасы Ертістің жағалауында қазіргі Саты ауылынан тым алыс емес, атақты Қазан бектің ордасы болуы әбден ықтимал.  Ертістің үлкен саласының бірі Ақсу өзенінің жағасында, Қазалы көліне иек арта орналасқан  Қазалы қонысын да оғыз дәуірінің ескерткіші деп қарастыруға болады.

Соныменен Қобыланды батырды оғыз-қыпшақ дәуірінің қаһарманы деп айтуға біздің дәйекті дәлелдеріміз бар.  Бұл тарихи тұлғалардың Қазақ хандығы тұсында аңыздарда қайта жаңғыруы, біздің ойымызша,  Жошы ұлысы ішіндегі күрделі саяси жағдайдан туындайды. Бұл ұлыстағы бір жағы Орда Ежен әулетінің сұлтандарын қолдаған арғындар, екінші жағынан Шайбан сұлтандары мен хандарының соңынан ерген қыпшақ (тоқсан екі баулы қыпшақ) тайпалары арасындағы үлкен қарама-қайшылықтар Қазақ хандығының пайда болуына себепші деп ойлаймыз.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы

«Қазақ хандығы» тарихи сериалында Қобыланды ролін актер Арман ӘСЕНОВ ойнады

ӘДЕБИЕТТЕР

Агахи Мухаммед Риза мираб. Собрание султанских сообытий. М., 2010. Андреев И.Г. Описание Средней орды киргиз-кайсаков. Алматы, 1998. Артыкбаев Ж.О. Среднее Прииртышье в контексте основных проблем Евразийской истории//Еуразия этностары мен мәдениеттері: өткені мен бүгіні. Астана.,2013. 2 т. -158-164 бб. Атыгаев Н. Проблема взаимоотношений Казахского ханства и сефевидского /қызылбашского/ государства в ХҮІ// Историко- культурные взаимосвязи Ирана и Дашт-и Кыпчака в ХІІІ-ХҮІІІ вв. Алматы, 2004. сс.125-140. Бөкейханов Ә.Н. Қара қыпшақ Қобыланды.//Шығармалары. Алматы,1994. 298-312 бб. Историко-культурное наследие кимаков и кипчаков. Сост. Н.Е.Кузембаев. Павлодар, 2006. (Серия: Кочевники. т.2). Көпейұлы М.-Ж. Шығармалары. 1-20 тт. Павлодар, 2013. Қобланды батыр //Батырлар жыры. Т.І. Қазақ  халық әдебиеті. Көп томдық. Алматы,1986. Қорқыт ата кітабы. Ауд. Ә. Коныратбаев, М. Байділдаев. Алматы,1986. Құдайбердіұлы Ш.Түрік, қырғыз-қазақ һәм ханлар шежіресі. Орынбор, 1911. Маргулан А.Х. Остатки оседлых поселений в Центральном Казахстане// Археологические памятники Казахстана. Алма-Ата, 1978. С. 3-36.