Тың игеру және тарихи дерек
17.05.2017 7163
Біздің өлкемізге келген еріктілер ешқандай елдімекен болмаған ен далаға қоныстана бастады. Олар сол жерлерде тұрақтап, алғашқы қазығын қағып, кейін толыққанды шаруашылық аймағына айналдырды

1954–1956 жылдары тың игерушілердің күнделікті өмірінің кейбір мәселелері Соғыстан кейінгі жылдары елде ауыл шаруашылық күйзеліске түсіп, көптеген «совхоз» деп аталған кеңестік шаруашылықтар дағдарысқа ұшырады.

Халыққа азық-түлік жетіспеді, адамдар нан алу үшін үлкен кезекте тұруға мәжбүр болды. Азық-түлік жетіспеушілік тапшылығынан арылу үшін, халықты астықпен қамтамасыз ету мақсатында 1954 жылы СОКП ОК елде ары қарай астық өнімін ұлғайтуға, тың және тыңайған жерлерді игеруге шешім қабылдады.

Қазақстанда 1954–1960 жылдары 25,5 млн. га тың және тыңайған жерлер жыртылды, соның 17 млн. Қостанай, Целиноград, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Көкшетау облыстарының аумағында болды. Игеру науқанына еліміздің басқа аймақтарынан еріктілер ағыла бастады.

1954 жылы 17 наурыздағы мәлімет бойынша Ақмола облысына – 3705, Көкшетау облысына – 1363, Қостанай облысына – 4877, Павлодар облысына – 1431, Солтүстік Қазақстан облысына – 2666 адам келді. 1954 жылы мамыр айында Қазақстанға 130 мыңнан астам адам, 1954– 1955 жылдары барлығы 360 мың механизаторлар, құрылысшылар және т. б. мамандар, инженерлі-техникалық жұмысшылар жіберілді, ал 1954–1960 жылдары 640 мың- нан астам, оның жартысын комсомол жолдамаларымен келген жастар құрады. Сонымен 1954 жылы маусымында тың игеру аудандарында Кеңестік Одақтың республика мен облыстарынан 57 мың комсомолдар мен жастар және Қазақстанның облыстары мен аудандарынан 12 мың жастар жұмыс жасады. Алғашқы тың игерушілерді орналастыруда және мәдени-тұрмыстық жағдайларын қамтамасыз етуде қиындықтар туындады.

Президент Н. Ә. Назарбаев тың және тыңайған жерлерді игерудің 50 жылдығы құрметіне арналған салтанатты мәжілістегі баяндамасында: «Біздің өлкемізге келген еріктілер ешқандай елдімекен болмаған ен далаға қоныстана бастады. Олар сол елді мекендердің тарихын алғашқы қағылған қазықтан бастап, ол қазықтары бірнеше жылдан кейін толыққанды қазақстандық ауылға айналды. Бірақ сол шаққа дейін қыстың қақаған суығына тоңып, жаздың аптабына күюге тура келді» деп атап өтті.

Қазақстандық жерлерде алғашқы тыңгерлер ен далада жер жыртып, бидай егу керек еді. Басында адамдар шатырда өмір сүруге мәжбүр болды, үйлер баяу және сапасы төмен болып салынды, жатақ үй бәріне жетіспеді, сәті түскендер бірнеше адам болып бір бөлмені паналап тұрды.

Осындай жағдайлар Павлодар облысының Ертіс ауданынының Пушкин атындағы совхозда орын алды. 1955 жылы 1 қазандағы Құрылыс министрлігінің деректері бойынша жоспарланған 11 500 үйдің орнына 568 үй ғана пайдалануға берілді. Тамақтандыруды және сумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру аса қиыншылық туғызды. Ішетін су бірнеше километр алыс жерден әкелінетін, оның өзін сарыла күтетін. Суды ми батпақтан қолдану жағдайлары да орын алды. Ақтөбе облысы Қызыл-Қайың астық совхозынан Альберт Рожковтың ата-анасына 1955 жылы 9 мамырда жазған хатынан: « ... көртышқан сияқты жер кепеде тұрамыз. Жұмыстан кейін жуынбаймыз, өйткені су жоқ. Суды өте аз әкеледі, ішкенге ғана жетеді. Өте нашар тамақтандырады».

Тың игерушілер азық-түлікпен қамтамасыз етуде қиыншылықтарға тап бол- ды. Мәселен, Ақмола облысының Краснодар, Шу, Курск және т. б. совхоздарында дала жұмыстары кезіңде кейбір тракторлық бригадалар 2–3 күн нансыз және басқа да қажет азық-түліксіз қалатын. Сонымен қатар, тың игерушілер қажетті тұрмыстық заттармен қамтамасыз етуде де тапшылық көрді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы, Черкасск совхозында 26 бала дүниеге келді, ал жұмыс кооперативінде сатуға көрпе де, жөргекте, балаларға арналған кереует те, жас нәрестеге арналған киімдер де жоқ, 6 мың жәшік емізік ғана әкелінген. Жұмыспен тұрмыстың қатаң жағдайларына шыдамай мыңдаған тың игерушілер Қазақстан жерлерлерін тастап, өз туған өлкелеріне кері қайтты. Мәселен, Көкшетау облысына келген 2598 отбасынан 663 отбасы, Ақмола облысында – 412, Павлодар облысында – 416 отбасы кері қайтты.

Тың және тыңайған жерлерді игеру аудандарындағы мәдени-тұрмыстық өмірді, медициналық қызмет көрсетуді, кеңестік шаруашылықтары мен ұжымдық шаруашылықтарды техникамен қамтамасыз етуді жақсартуға бағытталған шаралардан кейін мыңдаған бөлімшелері, фермалары, бригадалары бар 500-ге жуық жаңа кеңестік шаруашылықтар құрылды. 1954–1960 жылдары 16 млн. шаршы метр тұратын алаң салынды, соның ішінде 10 млн. шаршы метрге жуық ауылдық аумақта, 7088 төсектік аурухана, 31 393 орындық бала бақша іске қосылды. Сонымен қатар, ұжымдық шаруашылықтар өзінің қаражатына 1 246 400 оқушыларға арналған 508 жаңа мектеп, 44 278 орындық бала бақша салды.

Республикада осы жылдар ішінде ондаған жоғарғы және орта арнайы оқу орындар ашылды. Тың және тыңайған жерлерді игерудің бастапқы кезеңіндегі қиыншылықтардың бәрін жастар өздері тәрбиеленген патриоттық сезім мен табандылықтың арқасында ғана жеңді.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ АРХИВІНІҢ ДЕРЕКТЕРІ ҚОЛДАНЫЛДЫ