Ажалсыз Кащей, Ғұн көсемі және Вадамерку сұлу
24.07.2017 2092
Үшінші аттаныста ғұндардың көсемі Баламбер Эрак өзенінің жанында Винитариді садақпен атып өлтіреді. Сөйтеді де, ол кеткен еселерін толығымен қайтарып, шейіт кеткен сарбаздарының сұрауын алады

«Ажалсыз Кащей» – орыс ертегілерінің тұздықты кейіпкерлерінің бірі. Дәл оның прототипіне қатысты мамандардың да пікірі әралуан. Әрине, осы тақырыпқа қатысты салмақты, түбірлі зерттеулерді де жоқ деуге болмайды. Мысалы, оны кейбір зерттеушілердің «халықтық қысыр қиялдың жемісі емес, өмірде болған нақты адам» деп жататыны бұрыннан бар жайт. Әйтсе де, бұл болжам Виктор Болдактың жақында жарық көрген «Шығыс славяндарының II-V ғасырлардағы саяси тарихи уақиғаларына реконструкция» деген  еңбегімен де негізделе түсті десе болады. Мұнда автор Кащейді һәм оған қатысты барлық жайларды «осыдан 2000 жыл бұрын болып өткен оқиғалардың жаңғырықтары» деп нанымды суреттейді. Онда қаншалықты шындықтың үлесі бар, ол жағы әркімнің өз парасат-пайымына байланысты.

Славяндардың «алтын ғасыры»

Болдактың жазуынша, б.д  II ғасырының алғышқы жартысында Днепр жағалауын жайлаған славяндар «алтын ғасырды» басынан кешіп жатыпты-мыс. Олар бұл шақта айрықша дипломатия мен кәсіпшілдіктің жоғарғы деңгейлерін танытып, әсіресе шығыстан үнемі қатер төндіріп отырған сарматтармен келісімге қол жеткізген. Осы байланыстың орта тұсына қарай, тіпті олармен тонның ішкі бауындай араласуға көшіп, өркениет көшіне қосыла бастайды. Ол аз десеңіз, тыныштық салтанат құрған осынау аз ғана уақытта, егіс алқаптарында астығы шалқыған протоорыстар маңдайының жарқырағаны сондай, тарихта «варягтардан гректерге» деп аталып кеткен ұлы сауда жолы бұлардың үстімен өте бастаған. Яғни, бүгінгі Твер облысының аумағы арқылы өтетін бұл жолмен Балтық теңізінен оңтүстікке үлкенді-кішілі кемелер әрлі-берлі жөнкіліп жүрген көрінеді.

«Бұл кезеңнің басты жетістігі – Рим империясымен қарым-қатынастың қызу жанданғандығы еді. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай тіршілік тұп-тура жүз жылға созылды. Қалың жұртшылық ағаштан үйлер тұрғызып, өнермен айналысып, тату-тәтті өмір кешті. Тіптен, тапқа бөлініс деген болмай, княздарға шейін қатардағы егіншімен  иық тіресе, соқаға өгіз жегіп, бірге жер жыртады. Ешкім әлем-жәлемге, жылтыраққа қызықпай, ар-ұят үстемдік етеді. Бір сөзбен айтқанда, мұрты бұзылмаған табиғат аясында әділетті әлеуметтік теңдік қанат жаяды» дейді зерттеуші бұл кезеңнің келбеті хақында.

Әйтсе де бұл «дауыл алдындағы тыныштықтың» керін келтірген екен.

Готтар басқыншылығының басталуы

Б.д. II ғасырдың аяғы мен III ғасырдың басына қарай Днепрдің солтүстік шығысында Скандинавиядан қоныс аударған жауынгер де тағы гот тайпалары пайда болады. Олардың алдыңғы легі Дунайға дейін жетіп, жойқын шапқыншылықтарымен ірілі-ұсақты ұлыстар түгілі, сол кездегі «әскери тұрғыдан теңдессіз» саналатын Рим империясы шекарасының тынышын кетіре бастайды. Өз кезегінде, ол тайпалар екіге бөлініп, «остготтар» мен «вестготтар» болып, қарама-қарсы екі бағытта көш түзейді. Айталық, готтардың шығыстық тармағы Азау теңізінің жағалауын жайласа, батыстық бөлігі солтүстік Италияға дейінгі аймаққа шатыр тігіп, түтін түтетіпті.

Болдақтың келтірген деректеріне қарағанда, итал және келт тайпаларын түре қуған батыстағы бауырларынан гөрі шығыстық остготтардың славян тайпаларына қарсы ұйымдастырған алғашқы жорықтары сәтсіздікке ұшыраған сыңайлы.

«Бұл оқиғаларға гот жылнамашысы Иордан мен орыс фольклорының деректері бұлтартпастай айғақ бола алады. Дегенмен, көп ұзамай Еуропа мен Азияның қиылысындағы саяси атыраптағы жағдай адам танымастай болып, күрт өзгеріп сала берді. Өйткені, осы аралықта тарих сахнасына «Кащей» есімді ұлы жаулап алушы шыққан еді. Осы күнге жеткен әрқилы жазба қайнарларында оның аты әртүрлі аталады. Біреулері – «Кащей» десе, екіншілері – «Востргот» дейді. Енді біреулері «жүз жасаған Германарих» десіп,  зерттеуші тарихтың бұл тұсына да өзінше түсінік береді. Әрине, біз де, ол шығармалардағы сипаттамалар мен жағдаяттарды саралай отырып, Болдак атап өткендей, мұның бәрінің бір ғана адам, яғни «Кащей» екеніне көз жеткізе түскендей боламыз. Ол сол кезеңде асқан ерлікке ие болған шығыс готтарының королі болған тәрізді. Мәселен, зерттеуші келтірген деректер негізінде, оның қол астында бүгінгі Қырым аумағы мен Азаудың жоғарғы жағалауы болған деуге толықтай негіз бар.

Болдактың өзі бұл туралы былай деп жазады: «Кащей дегеніңіз – жеңілу дегенді білмейтін атақты герман қолбасысы болатын. Негізінде, Кащей есімімен байланысты қанды соғыс туралы естеліктер орыс және неміс фольклорында жақсы сақталған. Көбісі, осы күнге әфсаналар түрінде жеткен».

Ұлы Дала көшпелілерімен текетірес

Рас, субективтік тұрғыдан келгенде, кімнің болса да «сонша ғасырлар бойы ұмытылмайтындай бұл нағылған соғыс» деуі мүмкін. Суворов айтпақшы, «көнеден беріде болып өткен маңызды да маңызсыз қақтығыстар мен кикілжіңдердің санап біту мүмкін емес». Десе де, мұның біздің номадтық құлағымызға әбден жағымды түсініктемесі баршылық екен. Зерттеушінің дәлелінше, сол шақтарда, дәлірек айтқанда, славяндар мен германдықтар мекендеген екі анклавқа Ұлы Даладан көшпелілердің  қаһарлы жаңа бір толқыны – Ғұндар ағыла бастаған-дүр. «Ал аталған көштің алдыңғы фазасында ғұндар мен аландардың арасында қырғын соғыс болады». Бұл ретте, әрине логикалық қисындылық бой көрсетіп тұр деуге болады. Яғни, аландардың да жазықта өмір сүрген далалық халық болғандығы себепті ғұндардың атты қосындары тарапынан жасалған қанды соққыларға бірінші болып ұшырауы заңды.

«Міне, нақ осы кезеңде, егер аландар жермен-жексен болса, өздеріне де тықыр таянатынын бірден аңдаған «Кащей» қажырлы остготтарын бастап, ғұн ғаскеріне қарсы аттанады» дейді Болдак.

Сондай-ақ «осы орайда, сол шақтағы готтардың қазіргі тілмен айтқанда, геосаяси жағдайының аса қиын болғанын айта кеткен жөн. Мәселен, шығыс готтары мен батыс готтарын славян текті «черняхов» мәдениеті бөліп жатты. Осынау аралық жат территориялық сына готтардың өзара экономикалық және саяси араласып-құраласуына кедергі болды. Сонымен қатар, славяндардың арасында да ауызбірлік болмады. Атап айтар болсақ, олардың ішіндегі осы оқиғаға қатыстысынан классикалық славяндар деп, тек қана «улич» бірлестігін айта аламыз. Ал тиверліктер деген бөлігі Рим империясының өркениеттік ықпалында жатты. Аңыздалған атақты росстар болса, солтүстікеуропалық және скандинавиялық халықтармен тығыз байланыста болды. Өз кезегінде аталған росстар ғана остготтармен одақтас еді. Қалған уличтер мен тиверліктер көшпенді ғұндармен достық қарым-қатынаста болды» деп еңбегінде және бір тосын дәйектер келтіреді.

Айтып-айтпай не керек, содан ғұндық һәм алан мен остготтық текетірестің соңында ғұндар жеңімпаз болып шығады да, бұдан кейінгі кезеңде оқиғалар ағыны соғыстарда үнемі қайталанатын әдепкі сценарий бойынша жүрген де отырған. Ең әуелі ғұн қаһармандары аландарды бас көтертпестей етеді. Орайында, оларға болысуға келген, яки ескертусіз,  қапылыста соққан Кащейдің тегеурінін түбегейлі ойсырату мақсатында гот топырағына да аяқ басады. Ал өз аумағында да жеңілістен соң жеңіліске ұшырған Кащей шамасы келгенше қарсыласып-ақ  бағады.

Бұдан әріде не болғанын Виктор Болдактың өз баяндауында  берсек: «Қалай десе де, күш тең емес еді. Одақтас рустар мен туыстас батыс готтары көмекке келмегесін, Кащейдің амалсыз тізе бүгіп, бас июіне тура келді. Басы өзі болып, готтар тарапы уақытылы салық төлеуге, «аттан» деген әмір келісімен әскер шығарып тұруға, т.б. міндеттемелерді мойынына алған соң, ғұндар жағы осы шарттарға қанағаттанып, далаға кері шегініп кетеді. Бірақ көп ұзамай-ақ, өркөкірек те әккі остгот басшысы уәдесінен тайып, ант аттады. Ол әуелі ғұн әміршісі өкіл ретінде қалдырып кеткен даруғалардың басын алады. Сонан соң славян жерлері арқылы батыс бағытында шеру тартады. Ондағы ойы: батыстағы туыстарымен қосылып, осы бағытқа қайта шабу болатын. Бұл көш өз кезегінде жай жүрмей, жолшыбай кезіккеннің бәрін қанға бөктіріп, бейбақ славян деревняларының кешегі жеңілісінің ашуын алумен болды. Славяндар да қарап қалмай, бірнеше жерден бұларға тойтарыс беріп, қорқау көшті тоқтатып тастайды. Енді, ол сайқал саясатқа көшіп, уличтер мен росстардың арасына от салады да, бөлшектеп соғуға кіріседі. Бұл жөнінде мәліметтер өте көп. Өйткені, сол кездегі жылнамалар уличтердің бұл жолғы шапқыншылықта тас-талқан болып, балалары құлдыққа, қатындары күңдікке кеткенін жамырай айтысады және де бәрі бірауыздан бауырластарына болыспаған бейтарап қалған росстарды лағынеттейді. Аталған жеңістерден желпініп алған Кащей әрі қарай тиверліктерге ауыз салады. Әрбір жорық сайын азуы қатайып, жоны біліне бастаған остготтардың дабысы бұл кезде алыстағы даланың түкпір-түкпіріне де дүңк-дүңк жетіп жатты».

Ғұн көсемінің гот ханшайымын әйелдікке алуы

Жалпы, бұл оқиғаларға қатысты, Болдактың басты дәйек етіп ұсанған иордандық нұсқасында, «көп ұзамай-ақ, ғұн дүбірі басылып-жанышталып жатқан славяндарға қамқорлық етуге келген» делінген. «Олар ұзақ шайқасты – депті атақты жылнамашы өзі жылнамасында. Мысалы, Иордан бұл уақиғаны бүге-шүгесіне дейін әңгімелей келіп: «Бірінші жолы Винитарийді (Кащей) мерейі үстем болып, майдан даласында көшпелілердің өлігі пырдай болып шашылып қалды. Сірә да, Винитаридың сондағы қатыгездігін тілмен айтып жеткізуге болмас» деп өз байқауларын ортаға салады. Оның куәлік беруінше, екінші қақтығыс итжығыспен бітіпті. Алайда үшінші аттаныста ғұндардың көсемі Баламбер Эрак өзенінің жанында Винитариді садақпен атып өлтіреді. Сөйтеді де, ол кеткен еселерін толығымен қайтарып, шейіт кеткен сарбаздарының сұрауын алады. Бұл орайда, еркек кіндіктісі түгелімен қырылып бітуге айналған остготтар жағы көшпелілердің «сендерді арба күпшегіне теңейміз» деген лепеспен бой көтерген ашуын басу үшін Кащейдің туған қарындасы Вадамерку сұлуды оған әйелдікке береді. Осылайша, қан төгумен басталған «ұлысаралық сұхбат» ақырында құдаласумен бітіп, готтардың шығыстық тармағы мен көптеген көне орыс жерлері ғұн иелігіне өтеді.

Деректерге заманауи көзқарас

Талассыз бір жайт: зерттеуді оқып отырып, аталған соғыстарда бәрінен де уличтер зардап шекті деуге қисын әбден келеді. Өйткені, славяндардың нақ осы тегіне қатысты Кащей туралы эпостар мен жырлардың біздің бүгінгі естіп жүрген кащейлік ертегілерімізге ұстын болғанын айтып өткен артық болмайды. «Бұлтартпас деректер Кащейді 375 жылы 110 жасында дүние салды деп атап көрсетеді» дейді зерттеушінің өзі. Әрине, бұл дәйектемелердің ғалымдардың археологиялық жәдігерлер мен славяндық, немістік фольклорларды, бізге жеткен өзге де жазбаша мәліметтерді талдап, жүйеге түсіргенінен кейін ғана ұсынылып отырғанын мойындауымыз керек-ақ.

110 жасыңда қолыңа қару алып соғысуға бол ма? Иә, бұл да енді, айрықша талқыны талап ететін бөлек әңгіме. Бір анығы: әйтеуір, ол тегін кісі болмаған. Заманында айналасын тітіреткен айперен әмірші десек те болғандай. Ал оның атына жалғанған «бесмертный» яки «ажалсыз» анықтауышын келсек, бұның да негізсіз еместігіне көз жеткізе түсеміз. Әфсанаға сүйенсек, гот әміршісі өмірінде бұған дейін бір рет өліп-тірілу оқиғасы орын алған. Яғни, Кащей жастау кезінде өз ордасында кепілдікте болған росс князінің әйелін дарға асқан екен. Қарымтасына ханшайымның кекшіл інілері оны бір қапылыста жайратып кетеді. Бірақ ол кесірткеше өлермендік танытып, дәл көму рәсімінің үстінде (жаназа) тіріліп кеткен. Әсілінде, Кащейдің орыс әйелін тұтқындауын бейнелейтін көптеген ертегілердің нақты осы тарихи сюжетке құралғанын байқаймыз. Солай дегенмен, ол туралы әфсаналарда да, тарихи деректерде де «ғұн көсемінің оның басын алғанынан кейін қайта тіріліп кетіпті» деген тырс еткен сыбысы жоқ. Соған қарағанда Кащейдің де адамына қарап тірілетін болғаны-ау! Атам қазақ «дүр дегенде дүр екенсің, адамыңа кездеспей жүр екенсің» дегенді осындай жағдайларға қаратып айтты ма екен, кім білсін...

                               Ерболат МАМЫРАЙХАН