#Репрессия37. Отызында опат болған отыздық
30.05.2017 2308
NDH порталы Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай 30 жасында репрессияға ұшыраған отыз қазақ зиялысының топтамасын ұсынады

1. АДАЕВ Иманғали

37 жасында опат болған қоғам қайраткері. 1901 жылы дүниеге келген. И. Адаев алғашында ауыл молдасынан хат таныған соң, Орынбордағы қазақ институтында білім алған. Атырау, Доссор қалаларында мектеп директоры, Маңғыстау аудандық білім бөлімінің бастығы, қалалық балалар үйі мен интернатының директоры болып қызмет етті. 1933 жылы 14 қарашасында Маңғыстау аудандық партия комитетінің шешімімен аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған. 1937 жылы «халық жауы» деген нақақ жаламен тұтқындалып, 1938 жылы 14 ақпанда атылған.

2. АЙТМАҒАМБЕТОВ Боран

Бұл да 37 жасында қаза болған қайраткер, саяси қуғын-сүргін құрбаны. 1901 жылы туған. 1929-1930 жылдары Мәскеу қаласындағы кәсіподақтар орталық советінің жоғарғы мектебінде білім алған. 1930-1933 жылдары БК(б)П Қазақстан өлкелік комитетінің бюро мүшесі және ҚазССР Әділет комиссары, 1933-1935 жылдары Гурьев атқару комитетінің төрағасы, БК(б)П Орал облысы өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі, 1935-1937 жылдары Қазталов аудандық комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Боран Айтмағамбетов сталиндік қуғын-сүргіннен құтыла алмады.

3. АЙМАҒАМБЕТОВ (Ақмағамбетов) Ақкенже

36 жыл ғана ғұмыр кешкен Алаш Орда жасақтары қатарындағы қазақ азаматы, қуғын-сүргін құрбаны. 1896 жылы дүниеге келген. 1917 жылдан кейін Қазақстанның әлеуметтік ісіне араласып, уездік, облыстық қазақ комитетінің жұмысына қолқабыс жасады, қаржылай жәрдем берді. 1918 жылы Семейде құрылған Алаш әскеріне көлікпен, қаражатпен жәрдемдескен.  Қызылдарға қарсы соғысқа шығып, қол бастаған. Турағұл Абайұлымен достық қарым-қатынаста болған. Мұқтаж шәкірттерге, аштыққа ұшыраған Жетісу, Сырдария қазақтарына мол жылу берген. 1928 жылы тәркіленіп, 200-ге жуық малы тартып алынған, отбасымен бірге (6 адам) Сырдария округіне жер аударылған. 1932 жылы опат болды.

4. АТЫРАУОВ Сәуір

37 жасында қаза болған қайраткер, саяси қуғын-сүргін құрбаны. Бұл тұлғаның өмірі И. Адаев пен Б. Аймағамбетовтің тағдырына ұқсас, екеуі құрдас. 1927 жылы Мәскеу қаласындағы Кәсіподақ қозғалысы мектебін бітірген. 1919-1921 жылдары Сарачинка кентінде революциялық комитеттің төрағасы болып еңбек жолын бастаған ол 1933 жылдың мамыр-шілдесінде Қазақ АССР Еңбек халық комиссарына дейін көтерілген. 1937 жылы қазанда тұтқындалып, ату жазасына кесілді.

5. АЯПБЕРГЕНОВ Сыздық

Саяси қайраткер, қуғын-сүргін құрбаны С. Аяпбергенов 1900-1938 жылдар аралығында өмір сүрген. Еті тірі, еңбекқор, елгезек жігіт қызметке ерте араласқан. 1934 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы Тораңғыл совхозының директоры болып бекітіледі. 1937 жылдың 16 қазаны күні тұтқындалған.

6. ӘДІЛҰЛЫ Дінмұхамед (Дінше)

Алғашқы қазақ кәсіби театрының директоры болған қоғам қайраткері. 1900 жылы туған. Совет өкіметінің ірі байларды тәркілеу науқанын өткізуіне қарсылық көрсетті деген желеумен 1928 жылғы 17 желтоқсанда ГПУ қарулы жасағының күшімен қамауға алынды. Әйгілі «Алаш ісі» бойынша ату жазасына кесілген алғашқы он үш адамның бірі. 1930 жылы 21 сәуірде Мәскеуде атылды да, Ваганька зиратына құпия жерленді. Алаш ісіне қатысты репрессияға ұшыраған ең жас қазақ осы Дінше Әділұлы жарық жалғанды 30 жыл ғана көрген.

7. БАЙМАХАНОВ Сәдуақас

35 жыл өмір сүрген қайраткер, саяси қуғын-сүргін құрбаны. 1903 жылы дүниеге келген. 1932 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия мақта шаруашылығы институтын бітірген. 1919-1921 жылдары Қызылорда уездік статистикалық бюрода көшірмеші, Ташкентте комсомол қызметкері қызметінен 1937 жылдары Қазақ АССР Халық ағарту халық комиссарының орынбасарына дейін өсіп, 1937 жылдың мамырынан қарашасына дейін Мирзоян ауданы партия коммитетінің хатшысы қызметтерін атқарған. Осы жылдың қараша айында тұтқындалып, ату жазасына кесілді.

8. БАРМАҚОВ Кененбай

Қоғам қайраткері, қуғын-сүргін құрбаны. 1900 жылы дүниеге келген. Меркедегі орыс-қазақ мектебінде бастауыш білім алған. 1916 жылы халық көтерілісіне және Тұрар Рысқұлов ұйымдастырған «Қазақ жастарының революциялық одағының» жұмысына белсене қатысты. 1919 жылы БВКП(б) мүшесі қатарына өтіп, Әулиеата уездік милиция бөлімінің бастығы болып еңбек жолын бастаған. 1930-1931 жылдары Орал облыстық Жымпиты ауданы атқару комитетінің төрағасы, Қазақ АКСР Орталық атқару комитеті мүшесі. 1936-37 жылдары Шығыс Қазақстан облысы атқару комитетінің жауапты қызметкері. 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен тұтқындалып, ату жазасына кесілді.

9. БАСШЫҒҰЛОВ Үсен

37 жыл ғана өмір сүрген саяси жүйенің құрбаны. 1900 жылы туған.  Білімі орта. Қарағанды облсы Ақтоғай аудандық атқару комитетінің қызметінде жүрген 1937 жылдың 17 маусым күні тұтқындалған. Атышулы 58-статьяның 1а, 2, 8, 9, 10 және 11 деген тармақтары бойынша айыпты деп танылып, 1937 жылғы 22 қарашада атылған.

10. БЕКОВ Орынбек

Жазушы, қоғам қайраткері. 1898 жылы дүниеге келген. 1923 жылы Қарқаралы уездік милициясының бастығы, одан соң Семей губерниялық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі болады. 1925 жылы БК(б)П Өлкелік Комитетінің шешімі бойынша Еңбек халық комиссариаты аппаратына қызметке ауысады. 1928 жылы Алматыда шығатын «Тілші» ғазетінің редакторы, ал 30-ыншы жылдары қазақ драма театрының директоры болды. 1937 жылы нақақ жаламен ұсталып ату жазасына кесілді.

11. ДОСОВ Әбілқайыр

39 жасында опат болған қоғам қайраткері. 1899 жылы дүниеге келген. 1916 жылы Омбы орыс-қырғыз (қазақ) жетім балалар пансионында тәрбиеленіп, қазақ оқушы жастарының «Бірлік» мәдени-ағарту үйірмесіне мүше болған. 1920 жылы қазан айында өткен Қазақ советтерінің 1-құрылтай съезінде Қазақ АКСР ОАК-нің төралқа мүшесі және хатшысы болып сайланды. 1922-1926 жылдары Семей губерниялық атқару комитетінің, Түркістан облысы ревкомының, Орал облысы атқару комитетінің төрағасы болды. 1933-1937 жылдары БК(б)П Қазақстан өлкелік комитетінің, Қазақстан КП ОК-нің, БОАК және Қазақ ОАК-нің мүшесі болып сайланған. 1937 жылы 28 қарашада жалған саяси айыппен тұтқындалып, 1938 жылы 8 наурызда ССРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының үкімімен ату жазасына кесілді.

12. ҒАТАУЛИН Мансұр

Есімі «Бесеудің хаты» деген тарихи құжатпен тікелей байланысты бұл тұлға да 34 жаста ғана болған. 1903 жылы туған. 1932 жылдан Қазақ мемлекеттік баспасының меңгерушісі. 1936-1937 жылдары Ақмола аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. Мансұр Ғатаулин Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.И. Голощекиннің әрекетіне өз наразылығын ашық білдірді, ұжымдастыру жылдарындағы қазақ даласындағы жаппай ашаршылық жағдайлары жөнінде хабарлады, сол үшін қуғын-сүргінге ұшырады. 1930 жылдардағы Қазақстандағы апатты жағдай жөнінде айтылған Ғ. Мүсірепов, М. Дәулетқалиев, Қ. Қуанышев, Е. Алтынбековтермен бірге «Бесеудің хатына» қол қойды. Жалған айып тағылған М. Ғатаулин 1937 жылдың қарашасында атылды.

13. ДҮЙСЕНОВ Хаким

Не-бары 33 жыл өмір сүрген қайраткер, саяси қуғын-сүргін құрбаны. 1905 жылы туған.  1921-1924 жылдары Семей жұмысшы факультетінің курсанты, Шыңғыстау ауданында мектепте мұғалім, Семей қазақ педагогикалық техникумының оқушысы болды. 1924-1931 жылдары БЛКЖО Қарқаралы уездік коммитетінің хатшысы болып еңбек жолын бастаған, ал 1936 жылдың қыркүйегінен 1937 жылдың қазанына дейін Қазақ ССР-і Совхоздар халық комиссары қызметтерін атқарды. 1937 жылғы жаппай қудалау саясатына ұшырап, қазан айында тұтқындалды да, 1938 жылы атылды. Ол небары 33 жыл ғана өмір сүріпті.

14. ЖАНДОСОВ Ораз

Саяси қайраткер. 1899 жылы өмірге келген. 1918 жылы Верный ерлер гимназиясын бітірген. Қазақстанда советтік билік орнағаннан кейін Жетісудың ұлт істері жөніндегі облыс бөлімін басқарды. Саяси істермен айналысудан бөлек, ауыл экономикасын зерттеу жөніндегі экспедицияны жүргізген, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып, ғылыми еңбектер жазды. 1928-1937 жылдары Қазақ АССР Ағарту халкомы, Қазақ ауылшаруашылығы институтының директорлығымен қатар Республика кітапханасының директоры болды. 1937 жылы тамызда партиядан шығарылады да, жалған саяси айыппен тұтқындалып, 1938 жылы 2-інші наурызда атылды. Ақын Кенен Әзірбаевтің «Оразжан» әнінің басты кейіпкері бұл кезде 39 жаста ғана болатын.

15. ЖҮРГЕНОВ Темірбек

Мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттің ірі жанашыры. 1898 жылы туған. Алғашында Перовскідегі (қазіргі Қызылорда) Суханский атындағы училищеде бастауыш білім алған ол кейін 1921-1923 жылдары Орынборда жұмысшы факультетінде оқиды. Ал 1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетін тәмамдайды. 1926 жылы Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтының директоры, 1929 жылы Тәжікстан үкіметінің қаржы комиссары, 1930-1933 жылдар аралығында Өзбекстан үкіметінің халық ағарту комиссары, ал 1933 жылдан бастап Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары қызметтерін атқарды. 1936 жылы Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін негізгі ұйымдастырушылардың бірі болған әйгілі қайраткер ССРО Жоғарғы Советіне депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылған 1937 жылы «халық жауы» деген жалған айыппен ұсталып, РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10 және 11-тармақтары бойынша ату жазасына кесілді.

16. ЖҰБАНОВ Құдайберген

Тіл білімі саласындағы алғашқы қазақ профессоры (1932), түркітанушы, педагог. 1899 жылы дүниеге келген. 1918 жылы Електегі екі кластық орыс-қазақ училищесін бітірген. Темір-Орқаш болысының әуелі хатшысы, кейін төрағасы болады. 1920 жылы Орынбор қаласындағы «Хусайния» медресесін бітіреді. Араб, парсы, орыс, латын, түрік, жапон, француз, ағылшын, неміс тілдерін меңгереді. 1932-1937 жылдары ҚазПИ-де (қазіргі Алматы мемлекеттік университеті) профессор, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болды. 1935 жылғы Қазақстанның мәдениет қызметкерлері съезін ұйымдастыру комитетінің төрағасы, 1935 жылдан Қазақ ССР ОАК-нің мүшесі болды. 1937 жылы жалған саяси айыппен тұтқындалып, ату жазасына кесілді.

17. ЖҮСІПБЕКОВ Хамза

Мемлекет қайраткері, аудармашы. 1900 жылы туған. 1920-1922 жылдары Омбы, Ақмола губернияларында, Көкшетау уезінде жауапты қызметтер атқарған. 1933-1936 жылдары Қазақстан кәсіподақтар кеңесінің төрағасы, Қазақ АССР әділет халық комиссары, коммуналдық шаруашылық халық комиссарының орынбасары деген саяси еңбек сатыларынан өтті. Х. Жүсіпбеков 1937 жылы күзде «халық жауы» деген жалған айыппен тұтқындалып, 1938 жылы ату жазасына кесілді. Алматы қаласы маңындағы «Жаңалық» ауылындағы қорымға жерленген.

18. КӘЛМЕНОВ Атлаш

36 жыл өмір сүрген қайраткер, саяси қуғын-сүргін құрбаны. 1902 жылы дүниеге келген. Үш бірдей жоғары оқу орнын тәмамдаған: 1917 жылы Ақтөбе қаласындағы гимназияны, 1921 жылы Ташкенттегі жұмысшы факультетін, 1935 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық жоспарлау академиясын бітірген. Еңбек жолын 1922-1926 жылдары Орынбордағы мемлекеттік сауда мекемесінде уәкіл болып бастаған ол 1935 жылдың сәуірінен 1936 жылдың қыркүйегіне дейін Қазақ АССР-і жергілікті өнеркәсіп халық комиссарының орынбасары, кейіннен халық комиссары қызметтеріне дейін өскен. 1938 жылы қаңтарда тұтқындалып, «халық жауы» деген айыппен атылды.

19. ҚҰЛСАРТОВ Қалап

Қайраткер, саяси қуғын-сүргін құрбаны. 1899 жылы өмірге келген. 1915 жылы Бөкей Ордасындағы 2 сыныпты орыс-қазақ училещесін, 1928 жылы Мәскеудегі коммунистік университеттің 2 курсын бітірген. 1916-1928 жылдары Бөкей, Орал губернияларында лауазымды қызметтерде болды. 1933 жылдың қазанынан 1936 жылдың шілдесіне дейін Қазақ АКСР-і денсаулық сақтау халық комиссары, 1936-1937 жылдары Қарағанды облысы оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1937 жылы желтоқсанда тұтқындалып, 1938 жылы атылды.

20. ЛЕКЕРОВ Әзімбай

Қоғам қайраткері, экономист-ғалым, профессор (1932). 1901 жылы туған. 1920-1921 жылы Семей губерниялық аткомының нұсқаушысы, 1921-1922 жылдары Қарқаралы, Павлодар уездік аткомдарының төрағасы болды. Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері коммунистік университеті жанындағы курсты және Қызыл профессура институтының  экономика факультетін  бітіргенне кейін 1934-1937 жылдары Қазақстан марксизм-ленинизм ҒЗИ директоры қызметтерін атқарған. Философиялық, саяси әдебиеттерді қазақ тіліне аудару жұмыстарына басшылық жасаған Лекеров 37 жасында «Совет өкіметіне қарсы күресті» деген желеумен саяси қуғын-сүргінге ұшырады.

21. МАНКИН Біржан

Қайраткер, саяси қуғын-сүргін құрбаны. 1900 жылы дүниеге келген. 1924 жылы Қазақ педагогикалық техникумының дайындық бөлімін, 1928 жылы Орынбор жұмысшысы факултетін бітірген. Еңбек жолын корректор болып Қызылжардағы «Бостандық туы» газетінде бастады, «Жас қазақ» журналында жауапты хатшы болып істеген. 1933-1938 жылдары Қазақ өлкелік партия комитетінде меңгеруші, Қазақ ССР-і КП Алматы қалалық комитетінің, Қарағанды облысы комитетінің екінші хатшысы, Қазақ КСР-і ағарту халық комиссары, Оңтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1938 жылы тұтқынға алынып, ату жазасына кесілді.

22. МОЛДАЖАНОВ Ілияс

Қоғам қайраткері, ақын, журналист. 1900 жылы туған. 1914 жылы екі кластық орыс-қазақ училищесін бітіреді. 1918 жылы Семейде Алаш Орда жасақтаған атты әскерге алынып, Жетісу майданында шайқасты. 1920 жылы наурызда Совет өкіметі жағына өтіп, ІІІ Қазақ атты әскер полкінің соғыс комиссары болды. 1929-1935 жылы Гурьев, Қостанай округтік атқару комитетінің, Алматы облысы аткомның төрағасы, 1935-37 жылдары Қазақ АССР Қаржы халық комиссары болды. 1938 жылы саяси қуғынға ұшырап, атылды. 38 жыл ғана ғұмыр кешкен Ілияс жасынан шығармашылықпен айналысқан, оның қаламынан шыққан онға жуық дастаны мен қиссасының қолжазбалары Қазан университетінің ғылыми кітапханасында сақтаулы.

23. НҰРМҰХАМЕДОВ Хасен

Саяси және қоғам қайраткері. 1900 жылы өмірге келген. Атбасарда мұғалімдер курсында, кейін партия-совет қызметкерлерін дайындайтын курста оқыды. 1930 жылы Мәскеуде К. Тимирязев атындағы Ауылшаруашылық академиясының экономика факультетін бітірген. Еңбек жолын Атбасарда мұғалімдіктен бастады. «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан» газет-журналдарында қызмет етті. 1930-1932 жылдары Мәскеудің ауылшаруашылығы ҒЗИ ғылыми қызметкері болған Хасен 1936 жылдан бастап Қазақ ССР Денсаулық сақтау халық комиссары қызметіне дейін көтерілген. 1937 жылғы қазанда тұтқынға алынып, 1938 жылы халық комиссарларымен бірге атылды.

24. ОРЫНБАЕВ Мұқаш

Мемлекет және қоғам қайраткері. 1900 жылы туған. 1914 жылы Семейдегі бастауыш орыс мектебін, 1918 жылы Зайсан қаласындағы жоғары бастауыш училищесін, 1920 жылы Семейдегі ерлер гимназиясын, 1921 жылы Мәскеудегі Бүкілресейлік төтенше комитет курсын бітірген. 1920-1923 жылы Семей губерниясы атқару комитетінде әр түрлі басшылық қызметтер атқарып, 1924-1925 жылы Қазақ АССР-і Ішкі істер халық комиссары болды. 1927-1929 жылдары Қазақ АССР-і жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссарының орынбасары, 1930-1933 жылы Қазақ АССР-і Қаржы халық комиссары болып лауазымды қызметтер атқарған.  Қаржы комиссары болған кезінде ұжымдастыру науқаны салдарынан аштыққа ұшыраған қазақ халқының ауыр хәлін айтып, жоғары үкімет орындарына бірнеше рет хат жолдаған. 1937 жылы саяси қуғынға ұшырап, 1938 жылы атылды.

25. СӘДУАҚАСОВ Смағұл

33 жыл өмір кешкен аса көрнекті мемлекет, саяси, мәдениет қайраткері. 1900 жылы туған. 1912-1915 жылдары Павлодардағы екі кластық орыс-қазақ уилищесін, Омбыдағы ауылшаруашылық мектебін бітірген. Еңбек жолын 1918-1920 жылдары «Центросибирь» кооперативтер бірлестігінде бастаса,  1925-1926 жылдары «Еңбекшіл қазақ» («Егемен Қазқастан») газетінің жауапты шығарушысы әрі «Қызыл Қазақстан» («Ақиқат») журналының редакторы болды. 1925-1927 жылдары Қазақ АССР Халық ағарту комиссары, 1927-1928 жылдары Ташкенттегі қазақ педагогика институтының ректоры қызметтерін атқарды. 1928-1932 жылдары Мәскеу көлік инженерлері институтын оқып бітірген соң Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысында инженер-құрылысшы болып еңбек етті. Голощекин билігі кезеңінде жасындай жарқылдап көрінген асыл азамат 1933 жылы Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысындағы апатта қайтыс болды.

26. СЫРҒАБЕКОВ Нығмет

Мемлекет қайраткері. 1900 жылы дүниеге келген. 1924-1926 жылдары Қазақ АССР-і Жоғарғы Сотының қылмыстық істер бөлімінің бастығы, Жоғарғы Сот төрағасы, 1933-1937 жылдары Қазақ АССР-і Ауылшаруашылығы халық комиссары қызметтерін атқарды. Есіл ер «халық жауы» деген жалған айыппен тұтқындалып, 1937 жылы атылып кетті.

27. ТӘШТИТОВ Қайсар

Қазақстан жастар қозғалысының жетекшісі. 1904 жылы туған. 1920 жылы Қызылжардағы орыс-қазақ мектебін, 1924 жылы губернаторлық партия-кеңес мектебін, 1930 жылы Мәскеудегі Свердлов атындағы коммунистік университетті бітірген. 1931-1933 жылдары Қазақ АССР-і Халық ағарту комиссарының орынбасары, 1933-1937 жылдары Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. 1937 жылы қазан айында 33 жастағы Қ. Тәштитов «халық жауы» ретінде тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.

28. ТӨЛЕПОВ Мирасбек

Қоғам және мемлекет қайраткері. 1903 жылы өмірге келген. Ауыл мектебінде, Троицкідегі орыс гимназиясында оқып, 1932 жылы Мәсккеу Қызыл профессура институтын бітірген. 1921-1922 жылдары Қазақ АССР-і еңбек халкомының орынбасары, 1922-1927 жылдары Қазақ АССР-і кәсіподақтары өлкелік бюросының қызметкері, ССРО Сыртқы сауда халкоматының Қазақстан және Қытай бойынша уәкілінің орынбасары, Қазақ АССР-і Сауда халық комиссарының орынбасары қызметтерін атқарған. 1932-1933 жылдары БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің ғылым секторының меңгерушісі, БК(б)П ОК-нде (Мәскеу) баспа секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1937 жылы 22 тамызда «халық жауы» ретінде тұтқындалды, атылды. 

29. ТОҒЖАНОВ Ғаббас

Қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, публицист. 1900 жылы өмірген келген. 1917 жылы Омбы гимназиясын бітіріп, 1922-1923 жылдары Ташкенттегі Орта Азия университетінде, кейін Мәскеудегі В.Г. Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтында оқыған. 1922-1923 жылдары Ташкентте шыққан «Жас алаш» газетінің жауапты хатшысы, 1923-1924 жылдары ССРО ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты Орталық Күншығыс баспасы қазақ секциясының хатшысы қызметтерін атқарды. Қазақ ССР ХКК жанындағы көркемөнер істері жөніндегі басқарма бастығы қызметтерін атқарып жүрген 1937 жылдары репрессияға ұшыраған.

30. ТӨРЕҒОЖИН Зейнолла

Қоғам қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны. 1899 жылы туған. 1920 жылы Атбасар 2-жылдық педагогика курсын, 4 айлық қызыл мұғалімдер курсын, 1929 жылы Мәскеу қаласындағы сауда академиясын бітірген. 1930 жылдан Қазақ жабдықтау халық комиссариаты бөлімінде бастық, алқа мүшесі, Қазақ мемлекеттік сауда басқармасының төрағасы қызметін атқарған. 1936-1937 жылы Қазақ ССР-інің совхоздар халық комиссарының орынбасары қызметтерін атқарды. 1937 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 38 жылы ату жазасына кесілген.