Анығында Алаша хан кім еді?
01.06.2017 4691
Қазақ даласының дәл ортасында, қасиетті Ұлытау байрайында Алаша хан кесенесі тұр. Кесененің иесі болған Алаша хан кім?

Қазақ ұлт-азаттық күресінің жетекшісі Ә.Н. Бөкейхан «Қазақ» газетінің 1913 жылғы №12 санында қазақ зиялыларының ішінде алғаш рет «Алаш не сөз? Мұны біздің «Қазаққа» жазатын аға-іні табылар ма?» деп қазақ баласына сұрау салған екен. Бұл мәселе әлі күнге дейін «Атамыз – Алаш, керегіміз – ағаш» деп өскен қазақ баласының көкейінде жүрген сұрақ. Әлихан ағамыз сол сұрақты Шәкәрім Кұдайбердіұлының  «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» кітабына жазған пікірінде көтерген, яғни сұрақ алдымен тарихшылар қауымына арналған. Біз осы тақырыпта бірнеше ғылыми еңбектер жасадық.

Қарап отырсақ Алаша ханның ата-тегі нақты белгісіз. Бір шежірелерде оның әкесі Бұхараның ханы Қызыл Арыстан хан, екінші шежіреде – Абдолла хан, үшіншілерінде – Абдул-Азис хан, т.б. Бізге белгілі шежірелердің көбі Алаша хан оңтүстікте, Бұхара өлкесінде туды деп көрсетеді.  Мәшһүр Жүсіп шежіресінде: «Қырық ханның бірі болған Қызыл Арыстан деген Бұхарада тұрыпты. Осы күнгі бір өзінде он бес азаншы азан айтатұғын мұнараны сол Қызыл Арыстан жасатқан екен деседі. Бәйбішесінен бала болмаған. «Қызыл аяқ» деген елді шауып, ат көтіне салып әкелген бір қызға аяқ салып, онан бір бала сауысқанның аласындай туады. Бәйбіше өзінен тумай, тоқалдан туғандықтан, іші тарлық қылып, күндеп, «бұл баланы балам деп сақтама, көзін жоғалт, қарашығын батыр. Мынау өскенде жұртыңды ала қылып ұстайды, еліңді ала тайдай бүлдіреді» деген соң, хан қырық жігітке бұйрық беріпті: «Мына баланы, тапқан шешесін, Сырдариядан әрі өткізіп қоя беріңдер. Өлсе өлсін, өлмесе өз бетімен қаңғып күн көрсін» деп жер аударады. Зинхар қайтып бұл жұртты мына қатын мен бала да көрмесін, сендер де көрмеңдер, – депті. Бұлар Сыр суынан өтіп, Алатау мен Қаратаудың алқабына келіп жан сақтап күн көріпті» деп басталатын осы аңыздың ең толық нұсқасы бар. Алаша хан туралы аңыз кең байтақ қазақ даласының қай түкпірінде болса да белгілі. Қай қазақтан сұрасаңыз да, ата-тек шежіресін сол Алаша хан заманына дейін алып барады, қазақтың үш жүзге бөлінуі де ел түсінігі бойынша Алаша хан заманынан өз бастауын алады. Ш. Уәлиханов осыған байланысты: «Это общее народное сказание известное каждому киргизу (қазаққа – Ж.А.) питающему хоть малую претензию на белобородство и старое ухо (кәрі құлақ – много слышавший)» деп баға береді. Біз де осыған қосыламыз.

Жазба деректері туралы сөз болғанда Рашид ад-динге мойын бұрмай кетуге болмайды. ХІV ғасырдың ортасында парсы жерінде жазылған «Жамиғ-ат тауарих» жалпы адамзат тарихынан ғана сыр тартып қоймайды, сонымен бірге түрік-моңғол этностарының ең көне бастауларын аңыздар мен жазба деректерге сүйене отырып тамаша баяндайды. Көп жағдайда Рашид ад-диннің жазбалары қазақ шежіресінің мәліметтерімен қабысып, дәлелденіп жататыны қызық. Оның бір себебін ұлы тарихшының өзі де баяндайды. Оның айтуынша түрік-моңғол халықтарына қатысты көп деректерді ол белгілі шежірешілерден, соның ішінде атақты Болат-чиңсаннан алған: «…Түріктер Яфетті Булджа-хан (Алаша-хан) деп атады және қазір де солай атап келеді және осы Булджа-ханның (Алаша-хан)  Нұқтың не ұлы, не немересі екенін анық біле қоймайды, бірақ соның әулетінен екеніне және уақыт жағынан соған жақын екендігіне келгенде олардың барлығының да  жауаптары бір. Бүкіл моңғолдар, түрік тайпалары және барлық көшпелілер (мәтінде: далада өмір сүрушілер) соның әулетінен тарайды. Осы мәселенің анық-қанығын былай түсіндіреді.

Булджа-хан (Алаша-хан) көшпелі болған; оның жазғы жайлауы керемет үлкен және биік таулар болып табылатын Ортаке и Казтауы, сол шамада Инандж атты қала болған. Булджа (Абулджа)-хана қысқы қонысы да сол маңайда болған, (Бурсук – Ж.А.), Какьян и Каракорум (Каракум – Ж.А.), оны Каракорум деп те атайды,  аталатын жерлерде. Осы жерге жақын Талас и Кары-Сайрам сияқты қалалары орналасқан.

Соңғы қала өте көне және тым үлкен. Осы қаланы көргендер, оның бір шетінен екінші шетіне жету бір күн жүру керек дейді және оның қырық қақпасы бар дейді. Бүгінгі уақытта онда түрік-мұсылмандар мекен етеді.... Булджа (Абулджа)-ханның Диб-Якуй (Диб-Бакуй) аталатын ұлы болған. «Диб» деген сөз сөзжарыс немесе қызмет орыны, ал «якуй» сөзі барлық тайпалардың үстінен қарайтын (адамды) білдіреді...».

Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресі» жоғарыда айтылған әңгімені толықтыра түседі. Ол да өзінің алдындағы тарихшылар сияқты түрік халықтарының шежіресін Таураттың аңыздарынан бастайды, бірақ сәті түскен жерлерде ел аузында сақталған түрік халықтарының өз деректерін де қосып жіберген. Әбілғазының айтуы бойынша Алаша хан Яфеттің замандасы емес, оның алтыншы ұрпағы (ата санағанда): Яфет – Түрік – Түтік – Елшехан – Диб Бакуй – Киік хан – Алаша хан.

Жоғарыда баяндалған Алаша хан туралы аңыз деректерінің тағы да бір тамаша дәлелін Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамса» еңбегінен табамыз. Оның жазуынша: «Алаша хан – жалпы хандардың бабасы, моңғол-татардың атасы», яғни шежіреші Алаша ханды Еуразия көшпелілерінің ең алғашқы билеушісі деп тауып отыр. Осы тұжырымына дәлел ретінде Құрбанғали имам қазақтың тарихи фольклорына жүгінеді:

Алаш Алаш болғанда,

Алаша хан болғанда,

Қазақ, қалмақ, ноғайлар,

Бәрі сонда бір болған.

Ынтымағы жарасып,

Жайқұн көлдей бай болған,

Еділ, Жайық, Оралға,

Ортан көлдей жайылған.

Сонымен Алаша хан заманы аталатын уақыт өте ерте заман, жазба тарихтың болмаған уақыты, алтай тіл семьясына жататын халықтардың (түрік, моңғол, мәнжүр, корей, жапон) әлі де ірге ажыратпаған кезі.

Ш. Уәлиханов жазып алған аңыздағы бір ерекшелік – Алаша ханға қосымша дана қария Алаштың болуы. Аңыз болғаннан кейін ара-тұра осындай қосымша элементтер кездеспей қоймайды. Расында да қазақ шежіресінде Алаша біресе хан, біресе қария бейнесінде кездесе береді. Қазақ ұғымында елдік дәстүрлердің, әдет-ғұрыптың, адамсүйгіштік пен қайырымдылықтың үлгісі Алашамен байланысты қалыптасқан. Соның ішінде қазақи салт деп аталатын «қонақасы» дәстүрі де бар. Қазақ түсінігі бойынша әрбір жолаушы адам – «құдайы қонақ». Оның ас-суын беріп, қондырып, мұқтажын ашу – міндет. Ертерек уақытта жолаушы қонағасы жемесе сол елдің биіне барып, арыз айтып, кінәлілерден «ат-тон» айып алатын тәртіп болған. Осы «қонақасы» дәстүрі тек қана қазаққа тән «Алаштан қалған бөлінбеген енші» деген ұғымға негізделеді. Қазақтың әдет-ғұрып заңдарын жинақтаушы Л.Ф. Баллюзек (сұлтан Сейдалин деректерінің негізінде) қазақтың Алашқа байланысты қайырымдылық дәстүрлерін былай баяндайды:«Қазақтың алғашқы ханы Алаша, жасы келіп қартайған уақытында, малының бір бөлігін өзіне қалдырып қалғанын бүгінгі күні ұлы, орта, және кіші жүз атанған үш ордалардың  атасы  өзінің үш ұлына бөліп береді, оларға бөлінген үлес әр біреуінен ешкім де тиіспейтін  ешкім де ала алмайын «еншісі» деп атанды.

– Бірақ, – деді Алаша хан ұлдарына, – сендер көшпелі өмір салттарыңмен, мал баққан шаруашылық дәстүрлеріңмен, өздерінің кез келген жолаушы қалтасында ақшасы болса (пұл) тамағы мен жатар орынын сатып алар сауда мен базары бар отырықшы қоныстардан алыстықтарыңмен, бір-бірлеріңе барғанда тамақтарыңды тасып жүргендерің қиын болады. Бұл әіресе сендерден тарайтын ұрпақтарыңа қиындық туғызады. Жарты күндік жолға шыққан да жейтін қойларыңды өңгеріп алып жүрмейсіңдер ғой. Ал одан да алыс дерге жолаушы шықсаңдар не болмақ?!

Сол себептен сендерге өсиет: бір-бірлеріңе жолаушылап барғанда тамақ бергенің үшін ақы сұрама, бір-біріңе арнайы шақырылған қонақтай бол, бір-бірлеріңнен «қонақасы», яғни жатар орын мен тамақ  талап ету заң болсын. Сол менде қалған мал мен дүниенің төртінші бөлігін өзара тағы бөліп алыңдар, бірақ бұл сендердің жеке меншіктерің емес, бұл ғасырдан ғасырға кететін сендердің араларыңдағы ортақ меншік».

«Қонақасыдан» басқа данагөй Алашадан  ұрпақтарына қалған тағы бір өсиет, бұл «жылу», яғни өртке ұшыраған, жау шабуылына ұшыраған немесе қатал қыста малынан айрылған туыстарына көмек»

Біздің пікірімізше бұл баяндалған әдет-ғұрып ережелері қазақ қоғамының ең түпкілікті қасиеттері болып табылады. Оның дәлелі бұл дәстүрлердің көшпелілердің рулық негізімен байланыстылығы. Қазақ қоғамының өзегі рулық қатынастар, туысқа көмек – міндетті парыз. Жоғарыда көрсетілген «қонағасы», «ортақ енші», «жылу» сияқты қайырымдылық нормаларынан бас тартқан адам өзіне бүкіл руды, қоғамды қарсы қойып алады. Мұның бәрі келіп айып төлеумен немесе одан да ауыр болып саналатын өз руластары мен бөгде елдің алдында жексұрын атанумен, тіпті қоғамдық жиын мен ойын-тойлардан шеттетуге дейін алып келеді.

Қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін, аңыз-хикаяларынан белгілі, кемеңгер Майқы би – Алаша ханның алғашқы ұстазы, жетекшісі, қамқоры-мыс. Аңыз мазмұнына қарағанда «Майқы би өзі ақсақ екен. Өмір бойы арбамен жүреді екен. Арбасын көлікке жектірмей, жаяу кісіге тартқызады екен». Бұл да аңыздың көнелігіне дәлел деген ойдамыз. Майқы бидің нұсқауымен Алаша ханның келген жері Сарыарқа. Жүз жігітті жанына қосып беріп Майқы бидің айтқан сөзі: «Қара таудан әрман асыңдар, Ұлытау, Кішітау деген таулар бар, Қаракеңгір, Жездікеңгір, Құдайберлі деген жерлерге барып, ірге теуіп, салық салыңдар». Бұл атаулардың бәрі де өзімізге таныс Сарыарқаның ең бір қасиетті, көне орындары. Шежіреде «салық салыңдар» деген сөз қоныс сал, тұрақта деген мағынаны білдіреді. Ерте уақытта әскердің шаруашылық бөлігін, бір орында тұрақтап ас-су әзірлейтін, ат жарататындарын «салықшы» деп атау содан қалған.

М.Ж. Көпейұлы «Алаш» деген сөздің мағынасына аса көңіл бөледі.

«Алаш» деген атты ұранға қойып, жауға шапқанда «Алаш! Алаш!» деп шабыңдар, «Алаш» демегенді әкең де болса ұрып жыға беріңдер» деп бата қылысты:

Кеше Алаш, Алаш болғанда,

Алаша хан болғанда,

Үйіміз ағаш болғанда,

Ұранымыз Алаш болғанда,

Үш жүздің баласы қазақ емес пе едік?!» деп айтылған сөз содан қалған».

Шежіре қазақ этносының бастауын Алаша ханмен байланыстырады. Тарихтағы мұндай персонификациялау, яғни тарихты жеке тұлғалардың өмірімен байланыстырып баяндау ақиқатқа қарсы емес және біздің төл дәстүріміз болады. Қазақ жыл межесін есепке алмайды. Қай заманды айтса да адаммен байланыстырады.

«Бұл Алаша ханнан бұрын қазақ ел болып, жұрт болып көзге көрініп, ауызға ілінген емес. Өз алдына отау тіккен емес. Әр жұртқа қоңсы болып жүрген. «Болат қожа» дейді, «Ақжол» дейді, екеуі бір кісінің аты. Өзінің шын аты Жанарыс екен. Жұрт алдында Ақжол атанған.

Ұлы жүз ұраны – Бақтияр,

Кіші жүз ұраны – Алдияр,

Орта жүз ұраны – Ақжол.

Қазақтың қаза болып, көзге түсіп, ауызға ілінгені осы Алаша ханның хан болып тұрған кезі. Қазақтың басын қосып, біріктіріп, орын тептірген де Алаша хан. Сонан бері Алаш ұранды Қазақбайдың баласы жанжал, ұрыс-төбелес болса, «Алаш-Алаш» деп айғай салса, естіген қазақта ес қалмайды».

Әрине, осыған байланысты қиын сұрақтар бір-бірінен туындай береді. Оның ішіндегі ең күрделісі – Алаш ханның заманын, туған-өлген уақытын анықтау. Жоғарыда баяндалған аңыздар мен деректер тек қосымша, жанама бағыт береді. Аңызға қарағанда жапанды жайлаған хаостан тәртіп құрылып жатыр, үздік-создық қашып, көшіп жүрген жүздіктерден ел-мемлекет аяғын қаз басып келеді.

Біздің қолымыздағы салыстырмалы-тарихи тілдік материал «алаш» ұғымының неолиттің соңғы кезеңі мен энеолит дәуірінде  /б.з.д. ІV-ІІІ мыңжылдықтарда/ Ұлы Даланы мекендеген түркілік және үндіеуропалық тайпалардың ішінде қалыптасқанын көрсетеді. Оның таралу және қолданылу ауқымы Қазақстанның далалық өлкесін, Шығыс Еуропа жазығын, Солтүстік Кавказ және Қаратеңіздің солтүстік жағалауын қамтиды. Екі тілдің де түпкілікті негізі бір-біріне туыс, ностратикалық жүйеге енетіні де осы мәселенің айғағы. Бұл тайпалардың тіршілік негізі жылқышылыққа тікелей байланысты, ал оның үлес салмағы шығыс аймақтарда молырақ болған. Мысалы В.Ф. Зайберт зерттеген Ботай қонысында /Көкшетау жері/ жүздеген мың жылқы сүйегі табылса және олар осы қоныстағы  барлық сүйек қаңқаларының 99,9 пайызын құраса, Днепр өзені бойындағы Деревки энеолит қонысында жылқының үлесі 60 пайыз екен. Осы екі энеолит мекенінің  арасына орналасқан Дон өзені бойындағы Репин Хутор қонысында жылқының үлесі – 80 пайыз. Жоғарыдағы мысалдар көне дәуірде жылқышылық орталығының қазақ жерінде болғанын дәлелдейді.

Энеолит жықы мәдениеті белгілі дәрежеде үндіеуропа және алтай халықтары үшін ортақ құндылық. Екі үлкен тілдік жүйенің шеқарасы ол заманда  Орталық Қазақстан өңірі  /Сарыарқа/ арқылы да өтуі мүмкін. Себебі қазақтың көне өркениетінін тамаша ескерткіші Беғазы үндіеуропалық «Пегаспен» байланысты қарастырылса ғана түсінікті болмақ. Беғазының басқаша этимологиялық түсіндірмесі көңілге қонбайды. Шығыс үндіевропалық қауымдастыққа  жататын кельт, герман, балтық тайпалары Батыс Еуропаға ертерек қоныстанғанда /ІV-ІІІ мыңжылдықтар /грек /дориліктер/, славян тайпалары олардың соңын ала барған. Дегенмен бертінгі ғұн  дәуірінің өзінде көптеген герман тілдес тайпалар  Қаратеңіздің маңында көшпелі-бақташылық тіршілікпен жүрген. Тіпті батыс герман топтарының да отырықшылыққа өтпегені Рим тарихшыларының /Тацит/ еңбектерінен белгілі. Міне осы тайпалармен бірге толығырақ Еуропада «алаша» ұғымы   /пегас түрінде/ тарай бастады.

Алаша хан күмбезіндегі айналма баспалдақ (винтовая лестница) классикалық түрі болып табылады. Осының сыры неде? Қазақтың пәленше мың бұрын өмір сүрген Алаша ханға ХV ғасыр соңында ескерткіш көтеру себебі неде?

Алаша хан күмбезінің тарихы Қазақ хандығының тарихымен қатарлас, шамалас. Мен бұл күмбез «қасқа жолдың иесі» Қасым ханның тұсында салынды ма деп жобалаймын. Ел болғанымызды, жұрт болғанымызды өзгеге танытайық деген белгісі, ең бастысы Шыңғыс хан немесе Жошы ханды емес, Алаша ханды мемлекеттің символы қылып алу, туыстық идеологиясын соған бекіту жас Қазақ мемлекетіне мықты іргетас жасап берді. Өте күрделі рулық құрамы бар қазақ халқы үшін Алаша хан таптырмас негіз еді.

«Алаш» ұғымы  мыңжылдықтар мен ғасырлар шаңына көміліп қалмай бізге қалай жетті? Қазақ  тарихының ең шешуші кезеңдерінде дала кемеңгерлері бұл ұлы тұлғаға, дара мемлекеттік символға аса көңіл бөліп, жаңғыртып отырғанға  ұқсайды. Бізге белгілілерін санамалап көрейік.

Біздің дәуіріміздің VI ғасырында түрік-ашина руы Тұран мемлекетін қайта көтерді. Ел жадында ұмытыла бастаған «алаш» ұғымы түрік руларына бас қосуына ұйытқы болғанын Құрбанғали Халит жазбаларындағы деректер растайды: «…татарлар Алынша (Алаша) ханның аруағына сыйынып, бүкіл моңғол, татар, ұйғырларды қозғап, бұл ұранға Еділ, Дон, Хазар айналасындағы татарлар да үн қосып, бұған Алтай түркілері, Тұрақ хан бастап қосылып, бәрі 200 мың қол болып, Сағұн ханы Бұғықра (Бура) хан бәріне бас болып… бәрі Жайсан көліне жиналған… Монғол, татар, ұйғыр, түркілердің осы жиынында хан, байғұр, т.б. мансаптағы басшыларының бастары қосылып, енді бұдан былай Алынша хан атын ұлылап, ұран шақырғаннан көмекке баруға дайын болуға, жауды жау, досты дос деп білуге шақырып, келісім жасады. Келісім қолдарын қанға малып, арнайы ырыммен белгіленді».

Алтын Орда  дәуірінде ноғайлы ұлысы /суперэтнос/ құрамында «алаш» қауымының болғанын біз бірталай ортағасырлық тарихи шығармалардан кездестіреміз. Солардың ішінде аса бір назар салатын еңбек Масуд бен Усман Кухистанидің «Тарихи  Абу-л-хайр-хани»  аталатын ХVІ ғ. алғашқы жартысында жазылған дүние. Бұл тамаша шығармада  Алтын Орда / Ұлығ ұлыс/ ыдыраған уақытта Дәшті-Қыпшақтың шығыс бөлігінде билікке келген  Шайбан тұқымы Әбілхайырдың өмірі мен саяси күрес тарихы, оның жолын жалғастырған  Мұхаммед Шайбанидің Мәуереннахрды жаулап алған жанкешті ерлігі, қазақ және өзбек хандарының арасындағы бітіспес жаулық тарихы сөз болады. Біздің тақырыбымызға ең керек мәселе – жас Әбілқайырдың Дәшті-Қыпшаққа ие болу тарихы.

Шайбан тұқымынан шыққан Жүмәдүк хан Қазиды өлтірген Алаш қауымына қарсы жорыққа шығады. Екі әскердің майдан даласында түйіскен жері – Жайтар-Жалқын деген жер болса керек. Осы жорықта он жеті жасқа жаңа келген  Әбілқайыр сұлтан Жүмәдүк ханның әскерінің сол қанатын басқарды делінеді деректе. Дәшті-Қыпшақтың жауынгер көшпелілері ханның әскері келді деп айылын да жиған жоқ, тас-талқанын шығарды. Байқожа батыр күрзімен Шайбан тұқымының он екі оғланының жаһаннамға жіберді дейді Масуд Кухистани. Әбілқайыр осы соғыста тұтқынға түсіп, ақыр соңында Алаш қауымының сұлтаны атанды. Арқа көшпелілеріне жас та болса қиындықты көп көрген, ерлігі ел аузында айтыла бастаған Әбілқайыр сұлтан ұнаған еді. Орда-Ежен тұқымынан ол кезенде көшпелі ұлыстардың тізгініне ие болатындай жігерлі азамат бола қоймады. Барақ оғлан қайтыс болған. Шайбан тұқымының белең ала бастаған кезі.

«Тарих и Абу-л-хайр-ханида» айтылатын «юрт Алаша бахадура-», «Алаш бахадур и его аймак» ұғымдары тікелей алаш еліне қатысты деп білеміз. Алаш тек дала көшпелілеріне ғана тән этносаяси ұғым болғандықтан оны Масуд Кухистани да осы шығарламаны,орысшыға аударған тамаша шығыстанушы С.К. Ибрагимов те онша айыра қоймағанға ұқсайды.

Екінші бір деректер Қазақ Хандығына қатысты. Әуелде Шайбан /Сыбан/ тұқымына біраз уақыт бағынышты болған Алаш тайпалары XV ғасырдың ортасында өздерінің еншісіне берілген Орда Ежен-Орыс хан тұқымынан шыққан Керей мен Жәнібектің етегінен ұстап жеке ұлыстың туын көтерді. Ондаған жылдарға созылған азаттық күресі Қасым хан тұсында сабыр тапқандай.

Баласы Жәнібектің сардар Қасым,

Қазақтың біріктіріп, құрап басын.

Осы жер ата-қоныс, мекенің деп,

Найзамен сызып берген шекарасын, –

деп мадақтайтын Қасым «тақты Сарайшықтан Ұлытауға орнатты» (3, 82-84-бб.). Алтын Орданың империялық дәуірі бітті, енді Алаш елі өз негізіне қайта келгені дұрыс. Ел болу үшін идеалды бағдарлама және негіз керек, қазақ ғұламалары қайтадан Алаша ханға жүгінеді. Қазақ қауымының ішіне енген әр түрлі, әртекті рулар Алаша баласы болып, бірі ағалық, бірі інілік жолмен туыстық жүйе құрады. Осы шешімнің белгісі ретінде Ұлытауда Қасым хан заманында Алаша ханға арналған кесене тұрғызылды. Бұл – қазақ халқының бірнеше мыңжылдық тарихындағы ең басты ескерткіші, бұл елдіктің, мемлекеттіліктің белгісі.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор