Қазаққа аты мәшһүр Иманжүсіп
30.06.2017 2635
Иманжүсіп отбасының кенжесі, төртінші бала болған. Өте батыл, алғыр да өжет болып өсті. Бойының ұзындығы, күшінің мығымдығы әкесіне тартқан

ХІХ ғасырдың басында қоқандықтар Қазақстанның оңтүстігін басып алады. Өздеріне ешкім қарсы шыға алмайтынын білген олар Сырдарияның төменгі ағысына, кейде Аралға дейін жетіп қазақтар тұрған елді мекендерге келіп шамадан тыс алым-салық жинайтын болған. «Бөліп ал да билей бер» қағидасына салып, мыңдаған әр қыпшақ ауылының алдына билеушінің өкілдерін қояды. Бес билеушінің біреуі Тұрғанбай болады. Оның шешендігі мен батылдығын, әділеттілігіне бола оған пансат жоғары әскери шенін береді. Тұрғанбай қазақтарды қоқандықтардың басып-жаншуынан қорғауға бас көтеріп, көтеріліс бастағанда оны өлтіреді. Оның тоғыз айлық баласы аман қалып, басқа өлкеде өмір кешіп, өмірінің соңында нағыз әкесі кім екендігін білуі таң қаларлық дүние деп қабылдауға болады. 

Тұрғынбайдың жас бәйбішесі Малбике қуғыннан қашып құтылып,  Қаратау сілеміне жетіп, екі баласымен құмнан өте алмайтынын біліп, жолға жақын жерге екі жасар ұлы Баймырзаны қалдырып кетеді. Өзі бес жасар баланы алып жақын маңдағы ауылға келеді.

Адамдар әйелдің Тұрғынбай датқаның бәйбішесі екендігін танып, дереу баласын тастап кеткен жерге келсе, ол жоқ болып шығады. Кейін белгілі болғандай, жол бойында жылап отырған баланы көрген керуеншілер алып кетеді. Арасында торғайлық батыр Дайрабай бар болатын. Оған Жаратушы бала бермепті. «Құт, бақыт әкеледі» деп ырымдап ұлдың атын Құтпан деп қояды. Ол күшті әрі батыл болып өседі. 1837 жылы жаңа әкесі Дайрабаймен бірге Кенесары сарбаздарына қосылып шайқасқа қатысқан. Оның әкесі сол шайқастың бірінде атыс кезінде қаза болады, ал Құтпан Кенесары әскерінің құрамында батыр қаза болғанға дейін шайқасады.

Әскер талқандалып, Хан Кене қаза болғаннан кейін, қудалаудан бой тасалап, байға жалшы болып Павлодарға жақын жердегі Алтыбай көлінің жағасында өмір сүреді. Бұл жерде оның ұлы Иманжүсіп дүниеге келеді. Бұл 1863 жыл болатын. Алтыбай көлі Павлодар облысының қазіргі Ақсу ауданында.  

Құтпан бірнеше жыл бойы малын жинап, байға жұмыс істемейтін болып көшуге бел байлайды. 1865 жылы Үміт атты қызға үйленеді. Ақмола округінің аға сұлтаны Ыбырай Жайықбаевтан рұқсат сұрап, қазіргі Астана маңындағы Күйгенжар деген жерге отбасымен көшіп келеді.

Ақмола өңірі Құтпановтар отбасын құшақ жая қарсы алды. Ыбырай Жайықбаев Құтпанмен таныса отырып, ұқыптылығы мен алдығына тәнті болады. Кескін-келбеті батырларға келетін: ұзын бойлы, кең жауырынды, қолдары ауыр жұмыстан үлкейіп,  күшейе түскен. Екі ұлы сондай жылдам әрі епті болып өсті, ылғи әкесіне еліктеуге тырысатын.

Иманжүсіп отбасының кенжесі, төртінші бала болған. Өте батыл, алғыр да өжет болып өсті. Бойының ұзындығы, күшінің мығымдығы әкесіне тартқан. Табиғат оған таңғжайып қабілет берген: батырдай өр тұлғалы, кең жауырынды, ашық та өткір көздер... Екі ағасы Ақшабай мен Шонай және апайы Бәтіш оны ерекше жақсы көрді. Ал ата-анасы еркелетіп «Жүсіпжан» деп атады.

Ол алапат күшімен бәрін жеңіп шығуға ұмтылатын. Достары оны әділеттілігі мен адалдығы, көмек қолын созуға әрқашан даярлығы үшін жақсы көретін. Бала жасынан бері өлең айтуға құмар болып, зор дауысымен өлең шығарып айта бастады. Домбыраны ғажап тартады, ақылды әрі тапқыр болып өсті. Басында ауыл молдасынан оқып білім алды. Кейін Құтпан  балаларына орыс мұғалімін жалдап оқытты. Кешке қарай барлығы үйде кітап оқитын.

Иманжүсіп жылқы малын өте жақсы көрді. Ол керемет шабандоз әрі әуесқой аңшы болатын. Егер ол ақбоз атқа отырса, қолына киетін қолғабына дейін ақ матадан киіп алатын. Аттың ері мен әбзелдеріне өзі тапсырыс беретін. Жылқы туралы білімі жетік болатын. Он жасынан бастап үлкендермен бірге аңшылыққа барды. Кәнігі бүркітші ретінде де аймаққа танылды. Иманжүсіптің аттары – Сарымойын, Сейілторы, Теңбілкөк, Еркекүрек, Алақұйын, Ақсұр айналадағы жұртқа мәлім болды. Олар ат бәйгелерінде жүлделі орындар ғана алатын.

Иманжүсіптің әйгілі болуы бір атышулы оқиғамен байланысты. 1881 жылы Омбы базарында полиция қызметкері бір қазақты айыптап өлтіріп тастайды. Өлген адамның туыстары жергілікті билікке арыз айта барады. Жоғары шенді шенеунік, жәбірленушілерді тыңдай келе, қысқа ғана: «Егер де шамаларың жетсе өздерің өш алыңдар. Сіздер ержүрек батырсыздар емес пе» дейді. Полиция қызметкері ұзын бойлы, ерекше күш иесі болатын. Сол уақытта 18 жасар жасөспірім алға суырылып шығып, ащы дауыспен: «Шегініңдер, жол беріңдер» деп келіп, қамшымен полиция қызметкерін құлаштап ұрып жіберді. Ол еңгезердей болып, жерге дүрс етіп құлады.

Сәлден соң Иманжүсіпті тұрғындардың көбі тани бастады, одан ақыл-кеңес алып, көмек сұрап, қорғаныш болуына жер-жерден ағылып келіп жатты.  Тұрғанбай немересінің біреудің қасіретіне көз жұмып отырған кезі болмаған. Өзінің күші мен әділдігіне сенген ол шенеуніктер мен болыс басқармаларының билігін мойындамады. Бүгінгі күнге дейін ауызша таралған әңгімелерге сүйенсек, Иманжүсіп билікке сатылмайтын әділ бола отырып, зәбір мен қорлық көргендердің жағында болған деседі. Оны қоныс аударушы шаруалар да жақсы көрген. Иманжүсіп Егор Ткаченкомен және ағайынды Пересыпкиндармен, Татаренколармен терең достық қарым-қатынаста болған. Ал қадірлі ақсақал, Иманжүсіптің әндерін жатқа орындаушы Сұлтан Төлебековтың айтуынша: Иманжүсіп 1913 жылы өзінің туған өлкесінен ата-бабасының мекені Сырдарияға кеткеннен, 1928 жылы Ақмолаға астыққа келеді. Қала тұрғындары көшеге ағылып келіп, қуанышпен оны қарсы алады. Ол келгендегі мақсатын айтқанда астықты оған тегін беріп, керуенін күзетуге жігіттер береді.  Керуен Сырдария бойына келгенге дейін Иманжүсіп ауылдарға кіріп аш жатқан адамдарға астығын бөліп берген. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының Шілік аулының ақсақалдары осы күнге дейін айтып отырады.

Құмөзек ауылы, Мойынқұмдағыдай куәгерлердің айтуынша, Иманжүсіп күші әлсіреген, өлуге жақын қалған ауыл тұрғындарын жинап, Қосқұдық бекетіне апарған. Сол жерде оларды сексеуіл таситындар ретінде тіркеп, оларға түйелерін берген. Ал адамдар жұмыс соңында өздеріне тиесілі сорпа мен бір жапырақ нанды жеп аман қалған.

1913 жылы қыпшақтардың шақыртуымен Сырдария жағасынан Жезкен Тамы деген жерде он бес жыл бойы, кәмпескеге дейін өмір сүреді. Ол Кенесары тәрізді атасы Тұрғанбайдың жете алмай кеткен арман-ниетін жүзеге асырмақ болды.

1916 жылы «Қазақ» газетінде Қалжан Қоңыратбаевтың «Тұрғанбай мен оның жоғалған ұлы туралы» мақаласы жарық көреді. Автор: «Иманжүсіптің келуі – біз үшін айтарлықтай оқиға, үлкен қуаныш. Көзімізден қуаныштың жасы ағады. Бұл жағдайға қуанбаған жан кемде-кем. Әкесі өлсе де, оны көрген-білген адамдар тірі. Ол біздің арамызда тірі жүрген тәрізді. Тұрғанбай біздің жадымызда мәңгі сақталған. Ол туралы естелікті сақтаушы біз оны, тікелей ұрпақтарына жеткізуміз тиіс. Иманжүсіп өзінің даңқты атасы Тұрғынбай датқаның лайықты ізбасары екен» делінген.

1916 жылы қазақтарды тыл жұмысына алу кезінде Иманжүсіп мыңдаған қыпшақты жинап алып, Бұхараға аттанып, Шиеліге 1917 жылы оралған. Иманжүсіп жиырмаға келмей жатып, барлық елді мекендер оның атақты әні «Сарыарқаны» айтып жүрді: 

Абылай аспас Арқаның сары-ай белі,

Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі.

Қырық мың жылқы су ішсе лайланбас,

Нияздың Аюлыда Қара-ай көлі.

Өкінішке қарай, оның шығармашылығының аздаған бөлігі ғана сақталған. Оның «Сарымойын», «Сарыарқа», «Әкем Құтпан», «Сарыбел», «Бұғылы-Тағылы», «Ерейментау» және «Сейфiл-Мәлік» әндері бізге жеткен. Көптеген жылдар бойы оның әнін айтпақ түгілі, атын атауға болмайтын. Сазгердің алты әні А.В. Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына кірген. Барлық әндері «Иманжүсiптiң әнi» деген атаумен жүр. Бұл мысалдарға қарай отырып ол Біржан сал мен Ақан серінің дәстүрлі мұрасын жалғастырушы ретінде танылады.

Шығармаларында әнші-сазгер ақындық поэзияның көркемдік бейнесіндегі әр түрлі тақырыптарды қозғайды. Өлеңдерінің мазмұнында өзінің өмір жолын бейнелейді.«Сарыарқа» әні Иманжүсіптің туған жерінің табиғатын суреттесе, «Сарымойын» әні – достығын болыстық шенге ауыстырған жақын досы, сатқын Шәріпке арналады. «Әкем Құтпан» әнінде ақынның Ақмола түрмесіне жабылғандығы баяндалса, «Сарыбел», «Ерейментау», «Бұғылы-Тағылы» әндерінде туған жерімен қоштасуы, айдалып бара жатқан адамның терең ойға берілу мұңы сипатталады. «Сейфiл-Мәлік» әні жақсы көретін жары Зейнепке арналады. Мөлдір сезім, сенім мен өзара сүйіспеншілік, күтуге дайын ғашығы туралы жазылған бұл өлеңге айшықты әр береді.

ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатында 276 бет Дала генерал-губернаторы барон фон Таубе мен Имнжүсіптің әйелінің жазысқан хаттары сақталған. Құжатта «Ақмола облысы мен уезінің қазағы Зейнеп Бұланбаева Құтпановадан. Хат алмасу 1898 жылы 22 тамызда басталып, 1906 жылы 14 желтоқсанда аяқталған» делінген.

Іс 1880-1917 жылдар аралығындағы құпия бөлімде сақталған. Бұл бөлімнің қызметі Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыспен күрес және оны болдырмауға бағытталған.

1895 жылы Иманжүсіп Рақымжан Жайықбаевпен бірге болыстық басқармаға сайлауға түскен уақытта Иманжүсіп 35 жасқа толмағандықтан кандидатурасы алынып тасталады. Жеңімпаз болып қайта сайланған Рақымжан Жайықбаев Иманжүсіпке Ақсура атын беруді талап етеді. Өз дегеніне жете алмаған ол оған қарсы соғыс ашады. Ол барлық әдіс-айлаларды қолданады. Болыс басқармасы адамдарға жалған куәлік жаздырып, Иманжүсіпке қарсы шағым білдіреді. Ақмола уездік басшысының рапортында Иманжүсіпті қарақшы және тонаушы ретінде сипаттайды. Сондықтан 1898 жылғы соттың шешімі бойынша Құтпановтар Семей болысының Тарғын уезіне айдалады. Тек 1906 жылы 5 желтоқсанда Дала генерал-губернаторы Ақмола губернаторына:  «Семей облысының Қопал уезіне Ақмола уезі мен болысынан 3 жылға әкімшілік тәртіппен жер аударылған қазақтар Шонай мен Иманжүсіп Құтпановтар елге қайтарылсын» деп хабарлағаннан кейін босап шығады.

Совет өкіметі орнап, мүлікті кәмпескелеу кезінде Иманжүсіп қазіргі Жамбыл облысының аумағында, Қосқұдық бекетінде өмір сүреді. Ұжымдастырудың құрбаны тек байлар ғана емес, қарапайым адамдар да болғанын өз көзімен көреді. Батыр, әрі ақын, әрі сері бола тұрып мұндай бассыздыққа қалай қарап отырсын?! Бұл уақыттарда ол реформаларға қарсы көтерілуге  бұқара халықты маңайына жинайды. Осындай бас көтерулер Мойынқұмда да бұрқ ете түскен. Соттың шешімі бойынша, көтеріліс басшылары халық жауы деп танылып, ату жазасына бұйырылады. Иманжүсіпті 1930 жылы желтоқсанда түнде ұстап әкетіп, 1931 жылы 2 наурызда Әулие-Ата (қазіргі Тараз қ.) маңында атады.

1960 жылы Иманжүсіп Құтпанұлының кінәсін жартылай алып тастайды, тек 1990 жылы толықтай ақтаған.

Иманжүсіптің он баласы: үш ұлы мен жеті қызы болған. Үлкен екі ұлы – Даулетхан мен Сейітхан Күйгенжарда дүниеге келген. Иманжүсіп үлкен ұлдарына кіші бауырларын қорғауды тапсырды: «Мен енді жоқпын. Мені іздеуші болмаңдар. Әрдайым бірге болыңдар. Нұрханды оқытып, оны күтіңдер» деген. Кішісі Нұрхан ол уақытта он жаста еді. Ол қарындастарымен Мойынқұмның Бөріқазған елді мекенінде қалып қойды. Үлкен ұлдары да ұсталып, әкелерімен бірге отырды. КГБ мұрағатында әкесі мен ұлының тергеу барысындағы жауап хаттамасы сақталған: «ештеңе білмеймін, ештеңе естімедім, ешкіммен таныс емеспін» делінген.  Дәулетхан Алматыға жіберілген уақытта қашуға мүмкіндік алды. Ал Сейітханды үш айға мәжбүрлі еңбекке жіберген. Үш айдан кейін олар кіші бауыры мен қарындастарын құпия түрде Ташкентке алып кетеді. Нұрханды Юсупов деген фамилиямен Наманган балалар үйіне өткізеді. Ал өздері Таштөбеге қоныстанады. Дәулетхан қысқа ғана өмір сүреді. Ол  соғысқа дейін қайтыс болады, артында жалғыз ұлы Әмірхан қалады. Ұрпақтары қазір Павлодарда өмір сүреді. Сейітханның отбасы үлкен болды, көп ауырып, 1959 жылы қайтыс болады. Оның балалары мен немерелері Павлодарда және Алматыда тұрады.

Нұрхан балалар үйінен шыққаннан кейін Өзбекстанның Субхандария облысының Әндіжан агрохимиялық техникумын аяқтайды. 1940 жылы әскерге шақырылып, соғыс майданына аттанады. «Катюша» бөлімінде командир болады. «Халық жауының» ұлы болғандықтан ол, әскерге аға сержант ретінде қатысып, сол шенімен аяқтайды.

Майдандағы жанқиярлық ерлігі мен батылдығы үшін «Ерлігі үшін» деген екі медальмен марапатталады. Оны Совет Одағының батыры атағына бірнеше мәрте ұсынған, бірақ қағаздарын қабылдамаған.  Сталинград түбінде айрықша  бөлімнің қызметкерлері қарсылық көрсетсе де, большевиктер партиясының қатарына алынады. Қазақстанға 1946 жылы миллитаристік Жапония талқандалғаннан кейін қайтып оралады. Соғыстан кейін НКВД-КГБ қызметкерлері соңына түседі. Оның «заңсыз» партияға кіруі» оларға қажет болған екен. 1948 жылы тергеушінің алдында тұрып, ол өзінің өткенін жасырмағанын және партияға Сталининградта окопта жатқанда өткендігін дәлелдеп берген.

Ол бұдан кейін колхоз бен совхоз басшысы қызметін атқарды. 76 жасында өмірден өткен. Ол өмір бойы әкесі туралы мәлімет іздеп өтті. Нұрханның балалары Алматыда тұрады. Оның алты баласы болған. Оларға әкесінің зиратын тауып, есімін халыққа қайтаруды тапсырған. Иманжүсіптің қыздары: Гүлбарам, Гүлжазира, Күләнда, Шолпан, Гүлқадиша, Гүлзейнеп, Гүлзағипа. Гүлбарам Жетісуға күйеуге шығып, ерте өмірден қайтқан. Гүлжазира Алматыда 80-інші жылдары қайтыс болса, Күләнда 102 жас жасап, Қызылорда облысы Сырдария өзенінің бойында жерленген. Шолпан Түркістанда өмір сүріп, отыз жасында өмірден озған. Иманжүсіптің кіші қыздары Павлодарда болған аштық жылдары қайтыс болған.

2013 жылы батырдың 150 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысы Шілік ауылдық округінде қарасты Тұрғанбай датқаның ауылында қазақтың үш батыры Иманжүсіп, Құтпан, Тұрғанбай датқаға арнап он метрлік ескерткіш орнатылды. Оны респуликадағы әйгілі меценант, ғалым, кәсіпкер С. Сейітжановтың қолдауымен бой көтерді. Сол жылдары Қызылорда облысының Шиелі ауданында Иманжүсіпке арнап ескерткіш бой көтерді. Ауылдағы спорт стадионы оның атымен аталды. Ертіс бойында, Павлодар облысында Иманжүсіптің 150 жылдығына байланысты шаралар жыл бойы жалғасын тапты. Мұражай экспозициясы, еске алу кештері, ат-спорттық жарыстар, көптеген елдердің әйгілі ғалымдары жиналған халықаралық ғылыми конференциялар, Иманжүсіпке ескерткіш ашу, Спорт сарайының атын беру, республикалық айтыстар, жыр мүшәйралары – осының барлығы мерейтойға қатысушыларының есінде қалып қойды.

Мұның артынша Иманжүсіп өмірінің соңғы екі жылын өткізген Жамбыл облысына кезек келді. Мойынқұм ауданында зерттеушілер жүргізген дала экспедициясы нәтижесіз болды. Иманжүсіпті көрген-білген адамдар табылмады. 2014 жылдың басында Кұмөзек ауылынан Иманжүсіптің ауылы Жібек жолына келіп, батырдың сенімді досы әрі көмекшісі болған оның әкесінің аманаты бойынша мұражайға аттың жабуы мен жүгенін табыс еткен. Мойынқұм құмында кезінде Иманжүсіп қойып кеткен жел диірменінің бір бөлігі табылған. Бағалы экспонат та мұражайға жеткізілді. Шілік ауылынан Иманжүсіптің винтовкасы және әйелі Әсемгүлдің бұхар шәлісі мен күміс білезігі әкелінді. Алматыда тұратын Иманжүсіптің немересі, Нұрханның ұлы Сейітбек Иманжүсіптің кіші ұлына өз қолымен дайындаған ер-тоқымын мұражайға табыс етті. Ақмола облысының Жібек жолы ауылындағы мектепке батырдың есімі берілді. Бұл жерде мұражай ашылмақшы.

Иманжүсіптің немересі, Раушан Нұрханқызы – белгілі ғалым, ғылым, мәдениет саласындағы қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлердің өмірін зерттейді. Ол есімі бүркемеленіп жоғалуға айналған, қазақ халқының батыр ұлының есімін қайта тірілтуге көп күш жұмсап келеді.

 

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор