Қамысқаладан Қызылордаға дейін
11.07.2017 3480
Алты алашқа ана болған - Сыр елінің орталығы Қызылорда қаласының 200 жылдық тарихы бар. Алғаш қаланың іргесі 1818 жылы қаланды

Осынау екі ғасырға жуық уақыттан бері бұрынғы Ақмешіт, қазіргі Қызылорда өңдірісі өркендеп, экономикасы дамып, сәулеті мен архитектурасы ерекшеленіп, зәулім ғимараттар мен көз тартар жаңа ғасыр ескерткіштеріне лық толды. Бүгінгі жайқалған қаланың көрінісін көріп, өткен тарихында ұмытпағанымызы абзал.

Қойнауында Сырдариядай шалқары бар, Аралдай көлі бар, барханды шөлі,  топырағы құнарлы, ырысты, күрішті аймақтың дамуына Қызылорда қаласының рөлі зор болды. Алдымен Қамысқала деп аталған жерден Ақмешіт деген бекініс бой көтерді. Сол бекініс бүгінгі Қызылорда қаласының орны. Ендеше өткенге бір сыр шертіп, тамыры терең, тарихы терең Сыр елінің бас шаһарының шежіресін тарқатып көрсек.  Қандай маңызды оқиғалар орын алып, қала атауының аты бірнеше рет неге өзгеріске ұшырағанын түйіндей түссек. Тарихи деректерді архивтік фотоқұжаттармен сөйлетсек. Сонымен.

Сол  жағалаудағы Ақмешіттің  ішкі  көрінісі

 

Ақмешіт – 1818 жыл

Тарихқа сәл шегініс жасайтын болсақ XIX ғасырдың  II жартысында Сыр бойы қазақтары патша үкіметіне номиналды түрде ғана бағынышты болды. Аралға құятын Сырдарияның жоғары ағысында Қоқан хандығы, төменгі  ағысында Хиуа хандығы жиі өз  шапқыншылықтарын жүргізіп отырды. Тек Қоқандықтар Түркістанды жаулап алғаннан кейін 1814-1817 жылдары Шымқорған, Күмісқорған, Жөлек, Жаңақорған бекіністерін салып, осылардың басты орталығы – Ақмешіт бекінісін шамамен 1817 жылы сала бастайды.  Қоқандықтар Ақмешітті қорған бекініс ретінде салады. Қаланың орталығында ақ кірпіштен өрілген мешіт болған. Қаланың атауы да осыған негізделіп аталған.

Ақмешіт бекінісін  алу  кезінде  қаза  тапқандардың моласы  июль 1853 жыл

 

Перовск – 1853 жыл

Патшалық Ресейдің отарлау саясаты қазақ жерін өзіне бағындырғаннан соң,  Орталық Азияға жақындай түседі. Яғни сол уақыттағы Түркістан даласын бағындыруы үшін ең алдымен Сыр бойындағы бекіністерді жаулап алуы керек болатын.

Орыс  солдаттары Ақмешіт қамалын барлау  кезінде

«Сыр өңірінің тоғыз жолдың торабында орналасуы, Арал теңізі мен Сырдария өзені арқылы Түркістан өлкесіне етене ену мүмкіндіктері ең алдымен әскери-стратегиялық жағынан маңызды болды», - дейді сыр өңіріне белгілі тарихшы Т. Сатпай.

Перовск  қаласындағы  саябақ

Сондықтан алдымен Сыр бойындағы Ақмешіт бекінісін оның төңірегіндегі қалаларды өзіне бағындыруды басты мақсат еткен патша үкіметі Орынбор генерал-губернаторы В.Перовский 1853 жылы 28 шілдеде Сыр қазақтарын қоқандықтардан қорғаймыз дегенді сылтауратып, орыс әскерлерімен Ақмешіт қаласына басып кірген. Қоқандықтарды қаладан қуып шығып, өздерінің бекініс орталығына айналдырады. Осы жылдан бастап қаланың аты Перовск аталады.

Перовскідегі алғашқы сауат ашу орталығы - қызыл отау

Кейін Түркістан төңірегін толық жаулап алған Патша үкіметі 1867 жылы 11 шілдеде Ресей императоры ІІ Александр жаңа Түркістан генерал-губернаторлығын құру жөнінде жарлыққа қол қояды.  Осының негізінде Сырдария облысы құрылып, оның құрамына Әулиеата, Шымкент, Ташкент, Перовск және Қазалы уездері мен Әмудария бөлімі енгізілді. Облыс орталығы Ташкент қаласы болды.

Қоқандықтардың  бұрыңғы мешіті. Кейін пәтерге айналдырылған  октябрь  1858 ж

1867 жылы Перовск бекінісі Сырдария уезінің орталығына айналады. Осы уақыттан бастап бекіністе кірпіш зауыттары, жел диірмендері, ұста дүкендері жұмыс істей бастайды. Ағартушылық саласында бастама көтеріліп, 4 сыныптық мектеп салынады.  

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Ресей империясындағы өнеркәсіптік және аграрлық қиындықтарды шешу жолында патша үкіметі жаңа теміржол нысаны салыну туралы бастама көтерді. Осы бастаманың бір шеті Орынбор-Ташкент темір жолы да болатын. Бұл жолдың тиімділігі Ресейдің орталық аудандарын Қазақстан арқылы Орта Азиямен байланыстыру.

Орынбор-Ташкент  экспрессі

Темір жол алғашында әскери-стратегиялық мақсатпен салынғанымен артынан экономикалық маңызды болды. Темір жолдың құрылысы 1901 жылы басталып, толықтай 1906 жылы аяқталды. Темір жол құрылысының негізінде Перовск, Қазалы қалаларында вокзалдар мен деполар, көптеген тұрғын үй кешендері салынды.  1905 жылы Орынбор – Ташкент теміржолы пайдалануға беріліп, қалада депо, вокзал үйлері салынды.

Қызылорда теміржол  вокзалы  1905 жылы салынған

 

Ақмешіт – 1922 жыл

1917 жылы патша үкіметіндегі дүрбелең кезенінде Перовск қаласы маңызды рөл атқармады. Мемлекет билігінің кеңестердің қолына өтуі кезінде Перовск қаласында кеңес үкіметі бейбіт түрде орнады. Ал азамат соғысы жылдары Перовск, Қазалы қызыл гвардия отрядтары жұмысшылар мен шаруалар депутаттары Кеңесінің ұйымдасқан қарулы күшіне айналды. Бұл жылдары Перовскіде партизан отряды құрылып, оның ішінде қазақтарда болды.

Перовскідегі алғашқы әмбебап дүкен

1922-1925 жылдары қала қайтадан Ақмешіт аталды. Қазақ АКСР-і Орталық комитетінің 1925 жылғы 9 ақпандағы шешемімен республика астанасы Ақмешітке көшірілетін болды. Бұл тарихта үлкен бетбұрыс болды. Ақмешіт қаласы Орынборға қарағанда қазағы көп өңір ретінде ең басты тілге тиек етілді. Бұл қала да 90 пайыздан астам қазақтар тұратын. Бүгінгі көзқарас тұрғысынан қарағанда республика басшылары Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Сәдуақасов астананы көшіру мәселесіне ұлттық мүддені басты назарға алғаны деген деректер бар.

Азамат соғысы жылдарында

«Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ жұртшылығына жуық болуы керек», - деп жазды Сұлтанбек Қожанов «Ақжолдың» 1924 жылғы 17 желтоқсандағы санында.

Орынбордан  жаңа астанаға келген үкімет мүшелері

Қазақ АССР-і Кеңестерінің V съезі делегаттары және өкімет мүшелері бар пойыз Орынбордан республиканың жаңа астанасы Ақмешітке 1925 жылдың наурыз айының аяғында аттанды. Съезд делегаттарының ішінде мәдениет, өнер қайраткерлері Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Жұмат Шанин, Қажымұқан Мұңайтпасов, Сәкен Сейфуллин үкімет мүшелерінен Мұхамеджан Тынышбаев, Сұлтанбек Қожанов, Абылай Серғазиев, Сүлеймен Есқараевтар болатын.

Архитектуралық  ескерткіш – бұрыңғы қалалық  атқару  комитетінің орналасқан  ғимараты  ХІХ ғ.

Құрамында Қазақ АССР-і Кеңестерінің үкімет мүшелері және V съезі мүшелері бар үкімет пойызын жол бойындағы Сексеуіл, Арал, Қазалы, Жосалы станцияларының жұртшылығы қошеметпен қарсы алып,  концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Ақмешіт қаласына келген үкіметті Сырдария облыстық партия комитетінің хатшылары қарсы алып, делегация мүшелерін Қазақстанның жаңа астанасының жұмысшылары мен интеллигенциясы қызу құттықтады.

 

Қызылорда – 1925 жыл

Сонымен 1925 жылдың 15 сәуірінде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АССР Кеңестерінің V съезі салтанатпен ашылды. Съездің басты қарарында «қырғыз» ұлтының «қазақтар» атауын қалпына келтіру» туралы қаулы қабылдады. Бұл қаулыға сәйкес бұрындары әдейі бұрмаланып келген «киргиз» атауы «қазақ» деген тарихи атауын қайта қалпына келтірді. Сонымен бірге съезд «Киргиз Республикасын» «Қазақ Республикасы» деп атауға, ал оның астанасы Ақмешітті Қызылорда деп атауға қаулы қабылдады.

Архитектуралық ескерткіш - Айтбай мешіті, Қызылорда қаласы 

Алты алаштың астанасы болған Қызылорда Қазақстан астанасы деп аталуымен жаңа тарихтың беті ашылды. Ата-бабаларымыздың ежелден астана орталықтары болған өңірге қайта ел үкіметі жасақталды. Жаңа астананың іргесі бекітілді. Қала да жаңадан құрылыс нысандары жүргізіле бастады. Қала тұрғындарының саны артты. Қала толығымен электр жарығымен жарықтана бастады. Астана мәртебесіне қол жеткізген соң түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының іргетасы қалана бастады. Біртіндеп кондитерлік фабрика, ет комбинаттары, сыра зауытымен бірге басқа да кәсіпорындардың  қатары көбейді. Жаңа оқу орындары мен халықтың қызмет көрсету ошақтары, жаңа ғылыми зерттеу институттары, халықтық ауруханалар бой көтерді.

№ 6 теміржол  мектебі  1905 жылы салынған, Қызылорда

Ел іргесін бекітуде, Қызылорданы республика астанасына айналдыруға Сұлтанбек Қожанов саяси басшылық жасап, ауқымды істер атқарса, Мұхамеджан Тынышбаев пен Сүлеймен Есқараев жаңа астанада жүргізілген құрылыс жұмыстарының бас инженері болып, қаланың бас жоспарын жасады. Халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасов оқу-білім, мәдениет саласына басшылық жасады. Республиканың Халық комиссарлар Кеңесінің төрағасы Нығмет Нұрмақов пен Абылай Серғазиев астана құрылысына қаражат жағынан қолдау көрсетті. Осылайша сыр бойындағы Қызылорда қаласы 1925-1929 жылдары қазақ елінің астанасы болған екінші қала ретінде қазақ тарихында алтын әріптермен жазылды.

Мақала Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп әзірленді. Фотоқұжаттардың барлығы музей қорынан алынды.