Қажы Мұқан қай жылы туған?
18.07.2017 3436
Қазақ әдетінде «жасың нешеде?» деген адамға «жылым – қой» немесе «жылқы жылы туғанмын» деп жауап беріп жатады. Сол негізге орай Қажекеңнің жылы қой, ол жобамен 1871, 1883, 1895, 1907 жылдар шығады

Мені таң қалдыратын бір нәрсе, біздің қазақтың ұлы адамдары туралы деректер көбінесе түсініксіз, қисынсыз немесе жалған болып келеді. Құдды біреулер қастандықпен бұрмалап қоятын сияқты. Бұған Әбу Насыр әл-Фарабидің, Арыстан бабтың, тіпті күні кеше жұрттың көпшілігі сауатты кезде өмірден өткен Қажымұқанның өмірбаянында қайшылықтар аз емес.  

Қажы Мұқанның 18 жасынан ерекше күшімен көзге түсіп, 19 жасында Петербургтегі атақты Иван Лебедевтің палуандар даярлайтын мектебіне қабылданғаны бәріне белгілі жайт. Осында жобамен бір жарым жылдай күрес өнерін үйреніп, жобамен 2 жылдай уақыттан кейін, 21 жас шамасында күреске қатыса бастаған.

Қажы Мұқанның ең алғашқы ірі жеңіске жеткен және аты шетелдік басылымға да алғаш рет шыққан жылы – 1905. Франциядағы бүкіл дүниежүзілік французша күрестен өткен чемпионатта  бас жүлдені – үлкен алтын медальды Поддубный алса, кіші алтын медальды Қажы Мұқан алған. Бұл кезде Қажы Мұқанның жасы шамамен 21-25 жас аралығында болуы керек. Бірақ қазіргі дерек бойынша Қажы Мұқанды 1871 жылы 7 сәуірде туған деп жазып жүр. Демек, 1905 жылы Қажымұқан 34 жаста болып шығады. Бұл ешқандай қисынға келмейді. Қажы Мұқан оқып, күрес, цирк өнерлерін үйренетін «Дядя Ваня» – Иван Владимирович Лебедевтің мектебі 1901 жылы алғаш рет ұйымдастырылып, жұмыс істей бастаған. Ал Иван Лебедевтің өзі 1879 жылы туған. Ол Қажы Мұқаннан үлкен болатын. Қажы Мұқан бұл мектепке 1902 жылы келгенде 19 жаста болған. Ал егер Қажы Мұқанды 1871 жылы туған деп алсақ, онда күрес мектебіне ол 31 жасында келген болып шығады. Бұл мүмкін емес. 

Енді мына дерекке қараңыз:

«Шәһар Троицк, 1 декабрь 1913-жыл.

Өткен ноябрьдің  5-інен бермен қарай Троицк шәһарімізде бүкіл Сібірге мәшһүр ойын/цирк/ жасаушы  Стрепетов деген келіп, ойын-тамаша көрсетіп жатыр.

Циркте ноябрьдің 15-інен бермен қарай күрес басталды. Телеграммамен, хатпенен хабар алып, бүкіл жаһандағы балуандар Троицкіге жиналып жатыр.

...Бұл балуандардың арасында біздің қазақтан да бір балуан бар. Бұл – бүкіл мұсылманның күштісі деп атайды. Аты Қажы Мұқан Мұңайтпас ұғлы. Жасы 30-да, мойнында 12 медалі бар. Бұл Қажымұқан балуанды Кавказиядан телеграммамен Троицкіге шақырды. Троицкіге келіп, бөтен жұрттан жиылған 18 балуанның арасына түсіп, барлығын да Қажымұқан жықты.

Қажымұқан балуанның маған келіп, айтқан сөздері мынау:

– Мен Қараөткелге қараған алтыбас қыпшақтың 18 жасар баласы едім, күреске жас күнімнен құмар едім. Бір жылы Омск шәһаріне Злобин деген балуаны келіп, ойында жұрттың бәрін жықты. Мен де сол ойынға талаптанып барып, Злобинмен күрестім. Ол уақытта 18-де едім. Мені Злобин 18 минутте жықты. Ызам ішіме сыймай, мен жығылғаныма намыстанып, қамданып, біраз ақша тауып алып, күрес үйрену үшін Петерборға кеттім.

Петерборда күрестің профессоры Иван Владимирович Леутов (Лебедов) дегенді тауып алдым. Оның күрес үйрететін медресесі бар екен, сол медресеге айына 90 теңгеден төлеп кіріп, күрестің әдісін үйрендім. Жыл жарымда әдістің бәрін үйреніп болдым. Болғансын күреске, майданға түстім. Баяғы өзімді 18 минутта жыққан Злобинді үш минутте жерге алып ұрдым. Петерборда, Москвада, Варшавада, Вильнода, Стамбулде, Лондонда, Парижде күрестім. Орыс балуандары Кикин, неміс балуандары Лурих, Альрих дегендермен ұстасып, бірде жығып, бірде жығылып жүрдім. Мұсылманның ең күшті балуаны деген атаққа іліндім. Вильно деген шәһарда поляк татарының Фатима деген қызы маған ғашық болды. Сол қызды алдым. Төрт жасар балам бар. Әйелімнің некахын һам баламның туғанын метрикеге тіркеткім келеді, соған не ақыл бересіз? – деді».

Бұл мақала қазақтың тұңғыш журналисі Мұқамеджан Сералиннің Троицкіде шығарып тұрған «Айқап» журналының 1913-жылы 1-декабрьде шыққан 21-номерінде басылған. Авторы Жиһанша Сейдалин (Мақала «Қажымұқан қағанаты» кітабынан алынды. 491-492 бб.).

Қажы Мұқанның өзімен бетпе-бет сөйлесіп, сол күні жазылған деректе қате болмауға тиіс. Бұл дерек бойынша 1913 жылдан отыз жылды шегерсек, 1883 жыл шығады, сөйтіп Қажы Мұқанның туған жылы анықталады. Демек, 1905 жылғы дүниежүзілік чемпионатта Мұқан балуан 22 жаста болған. Бұл шындыққа жақын, қисынға келеді.

Жазушы Виктор Подрезов Шығыс Қазақстан облысының спорт тарихы туралы жазған «Восток – поэзия силы» атты кітабының Қажы Мұқан туралы естеліктер жазған бөлімін «Кумир степей» деп атапты. Жазушы «Қажымұқанның құпиялары» атты бөлімінде қазіргі Қажы Мұқанның туған жылы туралы деректің еш шындыққа тура келмейтінін көрсете келіп, Палуанның бірінші әйелі Надежда Николаевна Чепковская «Қажымұқанның туған жылы – 1883 жыл» деп нақты көрсеткенін жазады.

Жазушы Әуелбек Қоңыратбаев Қажы Мұқанның өз айтуы бойынша жазған естелігінде «Қажы Мұқан Петерборға келгенде оның 18-ге кәміл толған кезі еді. ...Иван Поддубный  Қажы Мұқаннан 10 жас үлкен екен» деп жазады. Ал И. Поддубныйдың туған жылы 1871 жыл.

Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» атты романының 3-інші кітабында Қажы Мұқан туралы естеліктерін жазады. Осы еңбегінің «Көңілді сапар» атты әңгімесінде  жазушы Қажы Мұқанмен 1918 жылдан таныс екенін айта келіп, 1925 жылы Орынбордан Ақмешітке (Қызылорда) пойызда бірге келгенін, Ақмешітте қонақүйде бір бөлмеде жатқанын әңгімелейді. «...Үкімет Қажы Мұқанды цирктің оқуына жіберіп, содан цирк балуаны болады да кетеді. Оқуға кеткенде ол он сегіз жаста болады. Бұнысына документі бар. Менімен сапарлас болған шақта Қажы Мұқан қырықты толық орталаған адам» дейді. Демек, Қажымұқан 1885-тен бұрынырақ (1883 ж.) өмірге келген болып тұр.  

Қажымұқанмен талай бірге болған ақын Нартай Бекежанов «Өнердің бар өзінде алуаны» атты еңбегінде:

«...Мен онда жиырма бестің шамасында,

Сан елдің басын қосқан арасында,

Немістің бір атақты балуанын,

Жығып ем сол Берлиннің қаласында» деп Қажымұқанның өз сөзін келтіреді. Германияда өткен бұл жарыстың уақыты – 1908 жыл.

Сонда энциклопедиялық еңбектерде жазылған «1871 жылы туған» деген дерек қайдан шықты?

Меніңше, бұл қазақша жыл қайыру бойынша есептен жаңылысқаннан шыққан сияқты. Қажы Мұқан балуанның арабша да, орысша да жаза, оқи да алмайтын, сауатсыз болғаны анық. Бұл балуан атаның өз айтуы бойынша қазақша жасын жануармен есептеген бөтен адамның қателігінен шыққан сияқты.

Қазақ әдетінде «жасың нешеде?» деген адамға «жылым – қой» немесе «жылқы жылы туғанмын» деп жауап беріп жатады. Сол негізге орай Қажекеңнің жылы қой, ол жобамен 1871, 1883, 1895, 1907 жылдар шығады. Осының қайсысын алу есептеушіге байланысты болған және өмірбаянды жаушы адам бір мүшел алға жылжытып жібергенге ұқсайды.

Жазушы Әуелбек Қоңыратбаев «Баһадүр» атты естелігінде балуанның «Жастық шағы» туралы Қажымұқанның жас кезінде Мұңайтпаспен бірге  көрші отырған Асайынұлы Мергенбай қарияның әңгімесін келтіреді: «Бұл Қажымұқанның 12-13 жасар кезі. Соған қарамай, ол  20 жасар жігіттей көрінеді екен. ...Сегіз жасында-ақ ауылдың 15-16 жасар жігіттерін қирата жығып жүреді» дейді.

Қалмақан Әбдіқадыров «Қажымұқан» атты кітабында шана сүйреген жас бала Мұқан туралы «Жаяу сүйреген шана» атты әңгімесінде Мұқанның жасын да, тіпті қазақша туған жылының жануарын да білмейтінін айта келіп,  жылын ұлу деп алады да, есептеп 18 жаста дейді. Бірақ, Қажымұқан ата туралы естеліктер жазған адамдар Мұқан арба сүйреген көзінде жобамен 15-16-лардағы бала болатын дейді. Жобамен 3 жыл айырманы шегерсек, жылы қой, өзі 15-те болып шығады.

Сонымен «1871 жылы туған» деген нақты, сенімді дерек қайдан шыққан?

Меніңше, бұл деректі Қажымұқан атаның ҚазССР Министрлер советінің төрағасы Н. Оңдасыновқа жазған хатынан алып шығарған сияқты. Жазып-сызу сауаты жоқ Қажымұқан ата хатты өзі жаза алмайтынын айттық. Ал бұл хатта Қажымұқан ата өзінен 20 жас кіші, 43 жастағы Н. Оңдасыновты «ақсақал» деп атапты. Бұл – хатты жазған адамның (хатты жас жігіт жазған сияқты) қателігі екені көзге анық көрініп тұр. Хатты өзі емес, қарт палуанның атынан жазып отырғанын ұмытқан сияқты.

Хатта «мен 1 июнь 1946 жылы «Ленин туы»... колхозына көшіп келдім» деп нақты көрсетіп, аяғын  «1947 жыл 10 январь» деп аяқтапты. Өз туған жылын нақты білмейтін және өз жасын жаңаша есептей алмайтын қарт палуан бұндай дәлдікті айта алмасы анық. Тек хат жазатын жігітке «жылым қой» десе керек. Хат жазған жігіт қарт палуанның алып денесіне қарап, жобамен 70-тен асқан деп жобалап, 1883-інші жылдың орнына 1871-інші жылды қоя салған сияқты. Демек, «жасым жетпіс алтыдан жетпіс жетіге қараған...» деген дерек те жігіттің осы өз есебінен шығады.

Қажы Мұқанды жас кезінен танитын, бірге болған адамдар: бірінші әйелі Бәтима апаның, танымал журналист Жиһанша Сейдалиннің, жазушы Сәбит Мұқановтардың деректерін ескермей, тарихи деректерге («Дядя Ваня» мектебінде оқығаны) сараптама жасамай, тегі белгісіз, күмәнді хатты негізге алып, палуанның жасын бұрмалауды тоқтату керек деп есептеймін.  

Ең жаманы бұл хатта Н. Оңдасыновтан көмек сұраймын деп тіптен қара бұлтты төндіріп жіберген. «Уәде қылған 500 сом пенсияңды алған жоқпын, үйді де әлі салған жоқ. Екі бұзаулы сиыр мен бір құлынды бие болса» деген өтініш, хат жазған жігіттің өз «көркемдеуімен» «Қазіргі жағдайым өте ауыр, қайыршылық күй кешіп, ішер асқа, киер киімге жарымай келемін. ...Басымда үйім жоқ, құлағалы тұрған тоқал тамда отырмын» деген сияқты өте аянышты шығыпты. Орыс басылымдары қазақтың «тоқал там» дегенді қасақана «мал ұстауға арналған қорада тұрамын» деп аударады.

Осы мемлекеттік мұрағатта сақталып қалған хат нақты дерек есебіне алынып, бәрі жаңылысқан немесе әдейі бұрмалаған. Неге десеңіз, «Ресейде жүріп керемет жетістікке жеткен Қажымұқан өз жері, өз елінде қандай аянышты өмір сүргенін» көрсету қазақты тағы бір мұқатып қойғысы келгендерге «бұлтартпас дәлел». Айтар ауызға: «палуанның өз хаты солай деп тұр».

Абайдың:

«Қалың елім қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті-ау  мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі май, бірі қан боп екі ұртың», – деп күйінгені тегін емес. Содан бері бір ғасыр өтсе де қазақ өзгермеген секілді. Өзгермей ме деп қорқамын.

                                                     Бекжан БЕЙСЕНБАЙ, өлкетанушы