Бірінші жалпықазақ съезінің төрағасы – Халел Досмұхамедұлы
21.07.2017 4035
Халел Досмұхамедұлы 1917 жылғы Ресейдегі Ақпан революциясынан кейін қазақ даласындағы облыстық, жалпықазақ съездерін ұйымдастырып, өткізуге атсалысты

Халқымыз жүріп өткен ұзақ жолдың шежірелі күндеріне көз салсақ, тарих ата жадына тоқыған талай тағылымды істерді көрер едік. Қазақ  тарихының осындай белесті асуларының бірі – Алаш қозғалысы. Бүкіл қазақ даласын азаттық идеясына жұмылдырған бұл ұлы қозғалыстың тарихымен тағылымы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Алаш қайраткерлері ұлтты ұлт ететін талай-талай шаруаны бастағаны, жолға салғаны белгілі.

Сол Алаштың  өткен тарихын  халқына қайтаратын  ақтаңдақ оқиғалардың айқындалатын уақыты жетті. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізді, оңы мен солын таныды. Халықаралық деңгейде бай тарихы бар, іргелі мемлекет ретінде әлемге таныла бастады. Сондықтан  бүгінгі еліміздің мемлекеттілігі туралы тарихын  қозғау қажеттілік болып табылады.                                                                                    

Бүгінгі егемендігіміздің, тәуелсіздігіміздің тарихында Алаш атын аспандатқан арыстарымыздың  үлесі орасан екендігі дәлелдеуді  қажет етпейтіні  ақиқат. Биылғы жыл  Алаш қозғалысының 100 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып өтілмекші. Алаш арыстарының көпшілігі Орал реалдық әскери училищесінің түлектері болды.

Орал  реалдық әскери  училищесі 1877 жылы құрылды. Бұл ғимарат Александр Невский соборы орналасқан  Михайловско даңғылында (қазіргі Достық) көшесі мен Жаһанша Досмұхамедұлы көшесінің қиылысында орналасқан. Бұл училищеде ертеректе 300-дей бала оқыған. Қазіргі кезде реалдық  әскери училищесінің ғимаратында Жаһанша Досмұхамедұлы атындағы педагогикалық колледжі орналасқан. Осы училищеде  Алаш  зиялыларының көпшілігі оқып, білім алып, Ресейдің жоғарғы оқу орындарына оқуға түскен. Солардың бірі – Халел Досмұхамедұлы еді. 

Халел Досмұхамедұлы 1883 жылы 24 сәуірде Атырау облысы Қызылқоға ауданының Тайсойған құмында дүниеге келген. Қазақстандағы Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым. 1894 жылы Орал әскери-реалдық училищесінің дайындық класына қабылданып, оны 1902 жылы үздік бітірді. Осы жылы жоғары оқу орнына оқуға түсу үшін  даярлық класында оқыды. 1903 жылы Санкт-Петербургтегі Императорлық әскери медициналық академиясына латын тілінен қосымша емтихан тапсырып, оқуға түсті.  

Орал қаласының Батыс Қазақстан облыстық мұражайының қорында 26318-В құжатында Халел Досмұхамедұлының  1903 жылы 9 маусымда жазған Санкт-Петербург Императорлық әскери медицина академиясына өтініші бар және оқу орнына жіберілген құжаттар тізімі тіркелген:                                         

1) Орал әскери-реалды училищесін бітіргені туралы аттестат және әзірлік класын  бітірген бағалары берілген;                                                                        

2)  Туу туралы куәлік (анықтама);                                                                          

3) Әскери қызметін өтеу жөніндегі анықтамасы;                                          

4) Барлық құжаттарының көшірмесі;                                                            

5) 3 дана суреті [1].

Осы жылдың қыркүйегінде Халел Досмұхамедов Санкт-Петербург Императорлық әскери медицина академиясына студент болып оқуға қабылданады. Студенттік шағында Орал облыстық земстволық стипендия тағайындалған.                                                                                                          

1908 жылы 2-інші желтоқсанында Халел Досмұхамедұлының Тоқтыбаева Сағира Жармағалиқызына үйленгені жөнінде анықтама құжаты тіркелген. Сағира – 18 жаста, Халел – 25 жаста делінген [2].

  

Сонымен қатар Халелдің оқу орнына жазған өтініштері бар, үйленуге рұқсат сұраған, жас семьяға бөлме сұраған, стипендия туралы жазылған. Бұл өтініштерінің бәрі де қанағаттандырылған [3]. Стипендияны (шәкіртақыны) Сағираның әкесі №6 ауыл старшинасы ай сайын 50 рубль мөлшерінде Халел Досмұхамедұлына төлеп тұрады делінген. Барлық стипендия 90 рубль деп белгіленген.    

Сонымен қатар 5 жыл бойына оқытылған сабақтары мен өткен практикаларының бағалары қойылған анықтама қағазы – выпускное бар [4]. Ал медицина академиясының дипломы Халел Досмұхамедұлының қолына әскери борышын және практикасын толық аяқтаған соң берілетіні айтылған. 

Халел Досмұхамедұлының студенттік өмірі империяның саяси толқуларға толы кезеңімен тұстас келіп, оның саяси білімін жетілдіріп, қалыптасуына әсер етті. Осы жылдары ел ішінде үгіт-насихат жүргізіп, жергілікті «Фикер», «Уральский листок» газеттеріне мақалалар жазып, болып жатқан саяси толқулардың мән­­-жайын халыққа түсіндіріп отырды. 1905 жылы Орал қаласында бес облыстың делегаттары жиналған съезде Ресей кадеттері партиясының жергілікті бөлімшесі есепті құралған Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының 9 адамнан тұратын Орталық комитетіне Б. Қаратаев, М. Бақтыгереевтермен бірге сайланды. 1909 жылы академияны үздік дәрежелі дәрігер атағымен бітіріп, офицер ретінде келісімді мерзімге әскери міндетін өтеуге жіберілді [5].

Алдымен Пермь губерниясында, кейін 2-інші Түркістан, 2-інші Орал казак-орыс атқыштар батальонында әскери кіші дәрігерлік қызмет атқарды. Осы жылдары Орал қалалық ауруханасында бір жыл мамандандыру курсын өтеді. 1912-1913 және 1915 жылдары оба індетіне қарсы күрес ісіне қатысты. Бұл еңбектері үшін Императорлық қола медальмен марапатталады. 1913 жылы Орал облысының вице-губернаторы берген №6618 куәлікпен әскери борышын өтеуден босап, Орал облысы Темір уезіне бөлімшелік дәрігер болып орналасты. 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінде «Темір дәрі хақында», «Сары кезік-сүзек, «Жұқпалы ауру хақында» сынды кәсіби, әлеуметтік-саяси тақырыптарда мақалалар жариялап, өзіндік ой-пікірін білдіріп тұрды. «Как бороться с чумой среди киргизского народа» деген кітабы өз кезінде оба індетіне қарсы күрестің әдіс-тәсілдерін түгел қамтыған еңбек болды.

 

1917 жылы Ресейдегі Ақпан революциясынан кейін қазақ даласында облыстық жалпы қазақ съездерін ұйымдастырып, өткізуге атсалысты. Орал облыстық қазақ съезінде Жаһанша  Досмұхамедұлы екеуі «Орал облысының далалық бөлігін басқарудың уақытша ережелері» атты жергілікті және облыстық деңгейдегі басқару жүйесін толық қамтыған заң жобасын ұсынып, оған делегаттар бір ауыздан дауыс берді. 1917 жылы мамырда Мәскеуде өткен Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. 1917 жылы желтоқсанда 2-ші жалпықазақ съезінде жарияланған Алашорда үкіметі – Ұлт Кеңесі құрамына енді. Алаш қайраткерлерімен бірге бірінші кезекте халықты бүліншіліктен қорғайтын ұлттық әскери-халық милициясын жасақтауға, Алаш қорын құруға, елден алым-салық, қаражат жинау ісіне күш салды. Уақытша үкіметтен билікті күшпен тартып алған большевиктердің үстемдігі нығайған тұста, 1918 жылы наурыз айында Жаһанша Досмұхамедұлымен бірге Совет үкіметінің басшысы В.И.Ленинмен, ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В. Сталинмен келіссөздер жүргізеді. Большевиктер Совет үкіметін толық мойындап, сөзсіз бағынуды талап етсе, олар Алашордаға ішінара билік беру (заң шығару, атқарушы билік, сот жүргізу, өз әскері болу), қазақтар шоғырланған жерді түгел қазақтарға қайтару, әр жерде совет органдары тұтқындаған Алаш қайраткерлерін түрмеден босату, оларды қудалауды тоқтату, қаржылай көмек беру сияқты маңызды мәселелерді батыл қоя береді.

1918 жылы 18-21 мамырда Жымпиты қаласында өткен Орал өңірі қазақтарының 4-съезінде Қазақстанның бүкіл батыс өңіріне ықпал етерлік ұлттық-территориялық құрылым – «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметін жариялауға қатысты. Алаш Орда қайраткерлері бұл құрылымды қолдап, оған «Алаш Орданың батыс бөлімшесі» деген ат берді. 1919 жылы Совет үкіметін амалсыз мойындаған соң, Қазақ өлкесіне басқару жөніндегі революциялық комитеттің 1920 жылы 5 наурыздағы Алаш қозғалысының белсенді мүшелерінің бір тобымен Досмұхамедұлы Ресейдің орталық губернияларына жіберілді. Осы жылдың жазынан бастап, Ташкентке келіп жұмыс істеді. 1920-1921 жылдары Ташкенттегі физикалық әдіспен емдеу институтының ординаторы; Қазақ педагогикалық институтында мектеп дәрігері, Орта Азия (Түркістан) университеті медицина факультетінің хирургиялық емханасында ординатор, 1922-1924 жылдары Түркістан Денсаулық сақтау халық комиссариаты коллегиясының, мүшесі және емдеу санитарлық бөлімінің меңгерушісі болды.

1923 жылы Орта Азия мемлекеттік баспа коллегиясының, кейін Қазақ мемлекеттік баспасы шығармашылық бөлімінің мүшесі, 1925 жылдан шығармашылық бөлімнің меңгерушісі, 1926 жылы Қазақ мемлекеттік баспасы басқармасының мүшесі және меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. Жауапты қызметтер атқара жүріп, отандық ғылымның дамуына мол үлес қосты. «Табиғаттану», «Жануарлар», «Адамның тән тірлігі», «Оқушылардың саулығын сақтау», «Дене бітімі және оның жұмысы туралы әңгімелер», т.б. оқулықтар мен ғылыми еңбектер жазды. 1922-1925 жылдары мәдениетті көркейту мақсатында құрылып, жұмыс жасаған «Талап» қауымының жұмысын ұйымдастырып, халқымыздың мәдениетіне, тарихына қатысты материал жинақтап, тілдің дыбыс жүйесін зерттеді. «Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы» (1924), «Шернияз шешен» (1925), «Алаш не сөз», «Бұқарадағы Көгілташ медресесін салу туралы әпсана» (1927) т.б. жинақтарын шығарды. 1924 жылы Ресей ҒА-ның орталық өлкетану бюросының мүшесі болып сайланды, осы жылы Түркістан халық ағарту комиссариаты атынан Орынборда өткен қазақ білімпаздарының, Мәскеуде өткен Бүкілресейлік денсаулық сақтау қызметкерлерінің съездеріне қатысты. 1927 жылы Қазақ пединститутының доценті болып бекітілді. Қазақ мемлекеттік университетінің ұйымдастыру жөніндегі комиссиясының төрағасы болып сайланды. 1928 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің әкімшілік-шаруашылық бөлімін басқарды. 1929 жылы осы университеттің профессоры болып бекітілді.

Алайда келесі жылы Совет өкіметі ұйымдастырған қуғын-сүргін саясаты кезінде тұтқындалып, 1932 жылы 20 сәуірде ОГПУ үштігінің шешімімен Воронеж қаласына 5 жылға жер аударылды [6]. Онда жүріп Денсаулық сақтау және гигиена институтында бөлім меңгерушісі, балаларды емдеу-сақтандыру амбулаториясы меңгерушісінің орынбасары болып қызмет істеді. Сондағы бір жыл келісімді мерзім бітсе де, елге оралмады. 1938 жылы 26 шілдеде жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып, Мәскеуге, кейін Алматыға әкелінді. 1939 жылы 24 сәуірде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілді. 1939 жылы 19 тамызда «түрме ауруханасында өкпе туберкулезімен қайтыс болды» деген хабар келген. Бірақ бұл дерек толық анықталған жоқ. 1958 жылы 11 ақпанда ақталған. Қазіргі туған жері Атырау облысының Миялы кентінде оған ескерткіш қойылған, Атырау университетінде, Алматы және Атырау қалаларындағы көшелердің біріне Халел Досмұхамедовтің есімі берілген [7].      

                                                                                            

Халел Досмұхамедұлы – мамандығы дәрігер бола тұра, тарихты, саясатты, тілдің даму үйлесімділігін зерттеген ғалым. Оның көптеген ғылыми-зерттеу еңбектері баршылық әрі медицинаны да дамытуға көп еңбек еткен адам.

Батыс Алаш Орда үкіметінің басшысы Жаһанша Досмұхамедұлының айнымас қанды көйлек жолдасы. Олардың достығы жөнінде Алаш қайраткерлері арасында мәнді әңгімелер сақталған. Мысалы, 1930-1932 жылдары Алаш қайраткерлері жаппай тұтқындалып, әуелі өлім жазасына кесіліп, кейіннен көпшілігі Воронежге жер аударылған жылдары, бір-бірінен хабар ала алмаған уақытта Мағжан Жұмабаевтың «Екі дос» деген өлеңінде:

Қайда екі дос?

Орал боп-бос...

Қайда олар?

«Алла хақ, –

Біз нахақ», –

деп жүр деген сөзі адамға үлкен сезім  тудырады.

Бүгінде Орал қаласында көшеге, колледжге Жаһанша Досмұхамедұлының есімі берілді және ескерткіші қойылды, ал Халел Досмұхамедұлына Зашаған кентінде көшеге есімі берілді.

Орал реалдық әскери училищесінде оқыған  Алаш зиялылары туралы  материалдар жалғасын тауып, баспаға шығарылып отырады.

Әдебиеттер:

БҚОМ № 26318-В БҚОМ № 26320-В БҚОМ № 26311-В; БҚОМ № 26319-В; БҚОМ № 26317-В БҚОМ № 26298-В БҚОМ № 26299-В Сүлейменова Д. Батыс Алашорда тарихы – өлке тарихының құрамдас бөлігі. – Арыс баспасы, 2007. Сүлейменова Д. Алаш қозғалысы және Жаһанша Досмұхамедов

 

Дәметкен СҮЛЕЙМЕНОВА, алаштанушы, Ж. Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» ҚҚ президенті