Мойынқұмдағы мал шаруашылығы
23.07.2017 2934
Қазақтың дархан даласында шаруашылықтың қай саласы болсын берекелі дамыған. Егістікпен қатар көшпенділіктің көркі болған мал шаруашылығының өркен жайған өңірі – Мойынқұм атырабы

Қазақстанның әр өңірінде шаруашылықтың белгілі бір бөлігі өркен жайған, төрт түлік малы берекелі егістігі қаншанда жомарттығын аямаған. Оңтүстік-шығыс таулы аймақтар шаруашылықтың шеберлері қоныс тепкен Мойынқұм туралы сөз етпекпіз. Мойынқұм даласын білмейтін қазақ жоқ, кезінде ... «Мойынқұмда ауылым, қыз-бозбала қауымым ...» деген әнде шыққан.

Әңгімені Мойынқұмның құрылуынан бастасақ. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1964 жылы 31 желтоқсандағы жарлығымен Мойынқұм ауданы құрылып, орталығы Фурмановка селосына орналасты. Құрамына 14 совхоз кірген, ауданның сол кездегі аумағы 72,1 мың шаршы километр болып, облыстың жер аумағының 50 пайызын құрады.

1964 жылы наурызда Қазақстан Компартиясы ОК мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі қой шаруашылығын өркендетудің нақты шараларын бекітті. Іле-шала сол жылдың маусымында Жамбыл облыстық партия комитеті мен облыстық еңбекшілер депутаттар кеңесі атқару комитеті тиісті құжат қабылдап, облыста бес қой өсіретін арнайы совхоз құруды жоспарлады. Аталған жылдары республика бойынша қой шаруашылығымен айналысатын совхоздар саны 502 болса, 1970 жылға дейін олардың санын кем дегенде 750–800-ге жеткізу міндеттелді. 1964 жылы басында республика бойынша ұйымдастырылып жатқан қой совхоздарының саны 34 болса, құрылыс барысында көптеген қиындықтарға кездесті.

Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Назарбековтың Жамбыл облыстық партия активінің жиналысында жасаған баяндамасында көрсетілгендей, ауданның басты мақсаты – Шу өзенінің төменгі ағысы мен Бетпақдаланың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өңірді, соның ішінде қой шаруашылығын тиісті деңгейде өркендетіп, өлкені мол табысты шаруашылықтармен толықтыру, сонымен қатар, аудан көлемі 1 миллионға дейін қой отарларын ұстауға әлеуетті болған. Тіпті 1965 жылдың аяғына дейін қой басы санын 3,27 миллионға жеткізу көзделген. 1965 жылы 12 мамырда Жамбыл облыстық партия комитеті бюросы «Мойынқұмда қой шаруашылығын дамыту мақсатында ауданның шөл және шөлейт аумақтарын оңтайлы пайдаланылуына маңызы зор екенін алға тартты.

Қазақ КСР Орталық статистика басқармасының мәліметі бойынша, мысалы, 1966 жылы қой мен ешкі басының саны – 32,4 млн, 1974 жылы – 34,6 млн, 1979 жылы – 34,1 млн, 1983 жылы – 36,6 млн және де бұл көр- сеткішті 1990-жылдарға қарай 50 миллионға жеткізу міндеттелген еді. Деректер көрсетіп отырғандай Жамбыл облысының, оның ішінде Мойынқұм ауданының көрсеткіштері үнемі алдыңғы қатарда болғандығын архив құжаттары дәлелдейді Мойынқұм ауданы бойынша мал шаруашылығында көрсеткен үздік көрсеткіштері үшін Ж. Қуанышбаевпен қатар Д. Итбасова, Ш. Шәріпбаев, С. Көшеков, Қ. Біртаев, Ә. Жапаров, Ш.Тайбағаров және т.б. сынды ауыл шаруашылығы озаттары мемлекеттік марапаттарға ие болған. 1965 жылдан бастап қой шаруашылығы оның ішінде қаракөл елтірісін дайындауды дамыту шаралары да қатар жүзеге асырыла бастады. Жамбыл облысы бойынша қаракөл шаруашылығымен айналысатын Мойынқұм және Бетпақдала шөлдері жерлерін пайдаланатын негізгі үш аудан Мойынқұм, Талас және Сарысу аудандары еді. 1965 жылы Д.А. Қонаевтың КОКП ОК-не жолдаған хаты бойынша Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігінде Қаракөл шаруашылығы басқармасы құрылып, қойдың осы түрін өсіретін облыстар Шымкент, Жамбыл, Қызылорда және Гурьев облыстық ауыл шаруашылық басқармаларында Қаракөл шаруашылығы бөлімдерін ашу жоспарланып, ол 1968 жылы жүзеге асырылған. Осы тұста архивтік деректер негізінде статистика мәліметтерін келтірсек, 1963 жылы қаракөл қойының басы 2,6 млн, қаракөл елтірісін өндіру 1,2 млн дана көрсеткіш, ал 1985 жылдың басында бұл көрсеткіш тиісінше, 5,7 млн және 2,6 млн дана көрсеткішке жеткен. Кеңестік, партиялық билік жүйесінің салаларына сай мал шаруашылығына да жастарды тарту комсомол ұйымдары арқылы жүзеге асырылды.

Сол кездегі КОКП ОК-нің Бас хатшысы Л.И. Брежнев Алматыда өткен тың игерудің 20 жылдығына арналған салтанатты мәжілісте зор және жауапты міндет ретінде таяу жылдары Қазақстандағы қой санын 50 миллионға жеткізу мақсатын алға қойды. Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы «Айдарлы» совхозында «Сұңқар», «Шалқар», «Тұлпар», «Шұғыла» бригадалары құрылған. Шопандарға тигізген қолқабыстығы зор болған жастар, өз беттерімен 2500-ге дейін қойды үш-төрт отарға бөліп, бағып-күткен. Республикамыздың әр жерлерінде көрсеткен белсенділіктері мен жеткен жетістіктері үшін Қазақстан ЛКСМ ОК мен Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыспалы Қызыл Туы және ақшалай сыйлықтармен марапатталып отырған. Тіпті, сол кезеңдегі ауыл жастарын жоғары оқу орындарына түсу үшін 2–3 жыл осы іспеттес бригадаларда жұмыс жасауға міндеттеген көрінеді. Десекте, еңбекті тиімді ұйымдастырудың аталмыш тәсілі қой шаруашылығында жоғары жетістіктерге қол жеткізуге зор септігін тигізгендігін атап көрсету қажет, бұл ретте қазақтың қасиет қонған шопаны, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев және 100 жылдық мерейтойы келіп жеткен соғыс және еңбек ардагері, Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкер Әлкен Жапаровты атап өтеміз. Қашанда, қай жерде болсын Мойынқұм десе ілкі сәтте тек Ж. Қуанышбаевтың есімі еске түсетіні баршаға мәлім. 40-шы жылдардың басында Қазақстанда қаракөл қойын өсіру қолға алынғанда, тұғырлы тұлға алғаш айналысқандардың бірі еді. Алапат соғыс аяқталған соң да абыройлы ісімен алға шығып, жұмысын жақсы жалғастырды. Нәтижесінде 1948 жылы кеудесіне алғашқы Алтын жұлдыз тағылып, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Осыдан кейін де оның табысты еңбегі мен жемісті ісі көбейіп, елін сүйген ардақты азамат жаңа бел-белеске көтеріле берді. Араға он жыл салып, 1958 жылы екінші рет Социалистік Еңбек Ері атанды. Оның қаракөл қойлы отарынан орнықты еңбекпен өсіріліп, өндірілген көзді жаулап, талайды тамсандырған елтірілері Дели, Бухарест, Познань, Нью-Йорк жәрмеңкелері мен аукциондарында өте жоғары бағаланған. Ақсақал 1963 жылы зейнеткерлікке шықса да байыз тауып, қол қусырып отыра алмады. Дербес зейнеткер атанғаннан бастап Қазақ КСР ауылшаруашылығы министрлігінің кой шаруашылығы жөніндегі қоғамдық негіздегі инспекторы міндетін атқарып жүрді. Мойынқұм жеріне еңбегі сіңген тағы бір тұлға соғыс және еңбек ардагері, Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкер Әлкен Жапаров болатын.

Статистикалық мәліметтер ҚР Президенті Архиві қорынан алынды