#100 ауыл тарихы: Қажымұқан ауылы
09.08.2017 4266
Қазіргі Бозайғыр, Талапкер, Воздвиженко ауылдары №5 ауылдың төңірегі болған. Кейін аумалы-төкпелі заманда тың игеру уақыты келгенде есілдің ар жағынан жаңа ауылдар көтерді

Елбасы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырып, әркімді өзінің туған жері, туған елі, Отаны үшін жанашыр болуға шақырған. Әркім өзінің туған жерінің тарихын біліп, ауылының гүлденуі мен абаттануы тұрғысынан үлесін қосқан абзалырақ.

Қазақтың кез келген ауылы бұл дәстүрді кешегі көшпелі дәуірден бастап жүзеге асырған еді. Ауылдың тарихы кешегі колхоз болмаса, совхоз кезінен құрылған жоқ, бұл ұлы Қазақ хандығы құрылған дәуірден басталады.

Осы орайда National Digital History порталы «Жүз ауыл» жобасын жүзеге асыруды алдымызға мақсат етіп қойдық.  Акциямыздың беташары күш атасы Қажымұқан ауылынан басталды.

Бүгінгі Қажымұқан ауылы

Қазақтың даңқты балуаны Қажымұқанның кіндік қаны тамған Қажымұқан ауылы Астана қаласынан 30 шақырым қашықтықта, Астана-Екатеринбург тас жолынын бойында орналасқан. Аудан орталығы Ақмол ауылынан солтүстік-батысқа қарай 31 шақырым.

Целиноград ауданы, Талапкер ауылдық округіне қарасты ауылдың бүгінгі әлеуеті өзге ауылдардан көш ілгері. Ауылда поштасы, №4 негізгі мектебі, фельдшерлік клубы, ауыл бағы, шағын кәсіпкерлік нысандары және жаңадан бой көтеріп жатқан мешіті бар.

Жәдіктен Қажымұқанға дейін

1867-1868 жылдардағы «Уақытша ережеге» сәйкес жүргізілген әкімшілік реформалар бойынша Қазақстанның негізгі аумағы үш генерал-губернаторлыққа: Түркістан, Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарына бөлінді. Соның ішінде қазіргі Ақмола облысының төңірегі Батыс Сібір генерал-губернаторлығының құрамына енді. Орталығы Омбы қаласы болған. Ол уақытта Ақмола облысы кейін Ақмола уезі болды. Уезд құрамына қазақ болыстары кірді. Сарытерек, Ақмола, Есіл, Нұрбаев, Нұра, Қорғалжын, Сарыөзен, Шерубай-Нұра, Құмкөл,  Қарағанды, Спасск,  Атасу тағы басқа.