Ата Заңның жүріп өткен жолдары
30.08.2017 3528
Биыл Ата заңымызға 22 жыл. Конституция – тәуелсіз және құқықтық мемлекетіміздің басты символдарының бірі. Біз, ата заңымызды құрметтейміз және мақтан тұтамыз

Қазақ АКСР-нің 1926 жылғы Конституциясы

Қазақстанның алғашқы Конституциясы, КСРО құрылғаннан кейін, 1925 жылғы РКФСР Конституциясын есепке ала отырып, Қазақ АКСР-і ОАК-нің 1926 жылғы 18 ақпандағы Қаулысымен қабылданды. Аталған заңдық құжат негізінде мемлекетті басқару формасы, мемлекеттік құрылыс, саяси режим, мемлекеттік басқару органдарының құрылымы, орындаушы-өкім етуші органдардың міндеті мен қызметі бекітілді. Сайлау құқығының активті және пассивті негізгі бастамасы анықталды. Аталған Конституцияға сәйкес Қазақстан РКФСР-дің құрамындағы тең құқықты мемлекет болып табылды. 

Қазақ КСР-нің 1937 жылғы Конституциясы Қазақ КСР-і Конституциясы

1937 жылы 26 наурызда Х жалпықазақ съезінде қабылданды. Конституция – 11 тарау мен 125 баптан құралды. Онда 14-і баптан тыс Қазақ КСР мемлекеті өзінің тәуелсіз құқығын сақтай отырып, дербес билік жүргізеді деп жазылды. Одан бөлек 13-і бап бойынша Қазақ КСР-і басқа да тең құқылы мемлекеттермен өзара саяси, экономикалық, қорғаныс саласында көмек көрсетуде ерікті бірлестіктер құруға, 16-шы бап бойынша Қазақ КСР-нің келісімінсіз территориясын өзгертпеу, 19-шы бап бойынша республикаларды басқару сұрақтары жоғары республикалық және жергілікті мемлекеттік органдармен келісіп шешіледі. Сонымен қатар, сот және прокуратура органдарының қызмет ету жүйесі бекітілді. 83-90-шы баптарға сәйкес халықтық сот өкілдері жергілікті аудан тұрғындарының жалпы сайлау негізінде, тікелей және тең құқылы сонымен қатар құпия сайлау негізінде жүзеге асыралады деп жазылды. Сот ісі қазақ тілінде, ал өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған аймақта сол ұлт өкілдерінің тілдерінде жүргізілсін делінді. 1937 жылғы Конституцияда азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттері белгіленді: 96- бап еңбек етуге, 97-бап демалуға, 98-бап қартайғанда, еңбекке жарамсыз және ауырған жағдайда материалдық қамтамасыз етілу, сол сияқты денсаулық сақтау, сөз еркіндігі, баспасөз, жиналыс, шеруге қатысу, жеке құқыққа қол сұқпау, тұрғын үй, азаматтық санақ, шетел азаматтарына саяси баспана беру мәселелері қаралды.

1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясы

1978 жылы 20 сәуірде Қазақ КСР Конституциясы Жоғарғы Кеңестің кезектен тыс VII сессиясының ІХ шақырылымында қабылданды. Заң 10 бөлімнен, 19 тарау, 173 баптан тұрды. Ол бойынша бүкіл халыққа тиесілі болды, өз кезегінде жұмысшылар, шаруалар және зиялы қауымнан тұрды. Барлық органдар мен басқармалардың жұмыс жүйесінің үстінен Қазақ КСР Коммунистік партиясы қадағалап отырды (6 б.). Негізгі экономикалық жүйені республика мемлекеттік, кооперативтік-колхоздық және кәсіподақ меншігі деп бөлді. 90-жылдардың басында Қазақ КСР-і кезінде одан Қазақстан тәуелсіздік алған соң Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Заңға сәйкес 1990 жылдың 20 қарашасында Президент мемлекетті басқарушы және билікті бөлуші тұлға ретінде бекітілді. Министрлер Кеңесі Министрлер кабинеті болып өзгертілді. Басқа да заңдарға келсек, 1991 жылы 15 ақпанда «Жергілікті өзін-өзі басқару және Қазақ КСР-нің жергілікті халық депутаттар Кеңесі» туралы, 1991 жылы 10 желтоқсан «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы» атауын өзгерту туралы, 1991 жылы 20 желтоқсанда «ҚР Азаматтығы» туралы және т.б.

1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясы

Тәуелсіз Қазақстанның алғаш Конституциясы Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақыруымен 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Ата Заң кіріспе сөзден, 4 бөлімнен, 21 тараудан және 131 баптан тұрды. Конституция тәуелсіз ел тарихындағы тұңғыш басты заң болғандықтан көптеген жаңа құқықтық нормалардан тұрды. Қазақстанның тәуелсіздігінен бастап, басқару органдарының барлық бөлшегі толық жазылып көрсетілді. Мемлкетті басқаратын – Президент болып, ал модель парламенттік республика болып табылды.

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы

Қазіргі Конституциямыз 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Бұл күн «ҚР Конституция күні» болып мемлекеттік мерекеленеді. Сол жылдан бері 1998 және 2007 жылдары Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Жаңа Ата Заң кіріспе сөзден, 9 бөлім мен 98 баптан тұрады. Бүгінгі таңда ҚР Конституциясы - ширек ғасырлық тарихы тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының құқығы мен тыныштығын қорғаушы басты құрал болып табылады.