6 оқ немесе 7 қазақ
02.09.2017 2703
Журналист іссапарға шықса ғана өндіртіп жазады.

Журналист іссапарға шықса ғана өндіртіп жазады. Өткен жылы сондай сәтті сапардың бірі болған Қытайдағы жолжазбаларымызды ақтарып отырып келесідей деректерді тауып алдық. Жаңылмасам, Қытай елінде әкімшілік бөлініс: ауыл, болыс, уезд (ояздық), округ, облыс және республикалық деп бөлінеді. Біз жазғалы отырған оқиға округтың басшысы дәрежесіне дейін көтерілген бүгінде марқұм болып кеткен, Баркөлдік Алтынбек есімді ақсақалдың жас шағында басынан өткен оқиғалардың бірі екен.

Басынан қиын-қыстау кезеңдерді өткізген қазақ халқының тарихын шолып отырсақ, көрген құқайлары аз емес. Өткен ғасырдың 40-50-ші жылдары Қытай үкіметі мен КСРО билігінің арасындағы қарым-қатынас ушығып, шекараның ар жақ бетіндегі қазақтар қиын жағдайға душар болады. Ганьсу өлкесіндегі дұнғандарды дініміз бір деп сағалап барған қазақтарды «хұйзылар» (дұнған халқын Қытайдағы қазақтар осылай атайды) «құшақ жая» қарсы алғандарымен, әуелі мініске жарамды жылқыларын жаппай жинап алады. Араға аз уақыт салып, түйелерін тартып алады да, оқытамыз деген желеумен 13-16 жас аралығындағы жасөспірім балаларды алып кетеді.

Баркөлдегі қазақтардың айтуынша сол балалардың жартысына жуығы тігін фабрикаларында аштық пен биттен қаза болады. Бұл азапқа шыдамай бертін қарай қашқандарын арттарынан қуып жетіп, тобықтарын уатып, тізенің астындағы сіңірлерін қиып, тірідей мүгедек етіп, қайтадан қол жұмысына салып қояды. Осы қашқандардың ішінде ең жасы жоғарыда айтқандай Алтынбек ақсақал бар ұзын-саны жеті адам қуғыннан қашып құтылады. Бірақ, қашқан да жау, қуған да жау дегендей дұнғандардан құтылғандарымен қытай әскерінің қоршауына түсіп қалады. Өзара ақылдасқан әлгі жетеу: «кәпірдің қолына түсіп, қор болғанша, қолымыздағы алты атар мылтықпен өзімізді атып, шейіт кеткеніміз артық» деп бәтуаласады.