ФАТИМА ХАНША
10.09.2017 4211
Қазақтың патриархалдық тарихында әйелдер әрқашан екінші рөлде болған. Ілеуде біреу әйелдердің билікті қолына алып, елеулі оқиғаларға тікелей әсер еткендері туралы бірен-сараң үлгілері қылаң беретін

Тарих - біздің өткеніміз дейміз, дегенмен кейде сол тарих қолданда да жасалады, ал біз соларды алынған нәтижелердің дереккөздері туралы оқиғалар үзіндісінен және сирек құжаттардан білеміз. Жәңгір ханның әйелі, Фатима ханша өз заманының көрнекті тұлғасы болған. Ол сұлулығымен тек қазақ даласында ғана емес, сонымен қатар Ресей империясында да белгілі болған.

Жәңгір хан әйелімен Кремльде балда болған кезінде, жас қызды император I Николай байқаған. Ол оны биге шақырып, Фатиманың білімділігіне және ақылдылығына тәнті болып, таңғалған. Сол кезде император сұрайды: - Иен далада қалай тұрасыздар? Онда ештеңе жоқ қой! Бұған ақылды ханша белгілі өлең жолдарымен жауап береді: - Туған жердің түтіні де бізге ыстық әрі тәтті, мәртебелі тақсыр!

Фатима Орынбордың белгілі мүфтиі Мұхамеджан Хусейновтың қызы болған. Ол балаларының білім алуынан ештеңені аямаған. Фатима орыс және татар тілдерінен басқа, ағылшын, француз, неміс тілдерінде еркін сөйлеген, сарай этикетін де жақсы білген, фортепианода ойнап, құранды білген. Жас хан оның сұлулығына ғана емес, сонымен бірге ішкі дүниесінің байлығына да тәнті болған. Көп уақыт өтпей жиырма бір жастағы Жәңгір хан он бес жастағы Фатимаға үйленеді. Алайда Жәңгір хан мүфтимен таныс болғандықтан Фатиманы кішкентай бала кезінен біліп-таныған деседі. Енді бір деректер бойынша бұл бар болғаны аңыз ғана болған көрінеді. Жәңгір ханның төрт әйелі болған, солардың ішіндегі ең сүйіктісі – үшінші әйелі Фатима болған деседі.

Шығыс әйелі ретінде Фатима, қолы, мойны мен иығын жауып тұратын көйлектер киген, ол жаңаны да жаны сүйген, талғамы да жақсы болған. Оның татарша тігілген көйлегі Қазан университетінің музейіне беріліп, көшірмесі Орал музейінде сақтаулы. Сонымен қоса Фатима еуропаша да киінген: кішкентай қалпақ, әдемі көйлек, қолғап, оның үстіне хан да ақсүйектер арасында әскери мундирін жиі киген. Ол Ресей армиясының генерал-майоры әскери атағында және де сарайдың флигель-адъютанты шенінде болған.

Ханша әркез күйеуінің тірегі мен қолдаушысы болған, ол күрделі саяси жағдайларға араласудан да қорықпаған. Көтеріліс кезінде Исатай Тайманұлы хан ордасын қоршап алған уақытта Жәңгір аман қалудың жолы – қашып құтылу деп санайды, алайда сүйіктісі: «Егер, Сіз орданы тастап кетер болсаңыз, онда хандық құрметінен мәңгілікке айырыласыз»,- деп ескертеді. Соның арқасында Жәңгір хан Исатайды бітісуге көндіреді, ал бай сыйлықтар ханның мүддесі мен тілегіне сай өз ісін істейді.

Жәңгір хан мен Фатима ханша патшаның ерекше ықыласына бөленеді. Александра Федоровна патшайым патша сарайының министрі князь Волконский мен Орынбордың әскери губернаторы Эссен арқылы Фатима ханшаға аса қымбат сыйлықтар ұсынады. Риза болған ханша жауап хат жазады: «Жұбайым арқылы Сіздің патшалық мейіріміңізбен сыйлаған, бразилиялық топаздармен безендірілген диадема, тарақ пен сырғаны алу бақытына ие болдым».

Хан ордасында болған барон Бюлер Фатима туралы былай деп жазады: «Хан бізді өз әйеліне таныстырды. Бетіне опа жағып, қызартып қойса да ол өте әдемі. Оған бұндай жасанды сұлулық керек емес. Сүйкімді Фатима ханшаның мені жылы шыраймен қабылдауы маған әркез жылылық сыйлайды».

Алайда жастардың бақыты ұзаққа созылмады. Ерлі-зайыптылардың жұмбақ өлімі көптеген сыбыстардың шығуына себепші болды. Санкт-Петербургке баратын кезекті сапарына дайындалып жүрген Жәңгір хан кенеттен қайтыс болады, ал үш айдан кейін Фатима да қайтыс болады. Олардың өлімінің және патшамен кездесуге жоспарланған ресми қабылдаудың арасында байланыс болды ма – осы күнге дейін жауабы жоқ ашық сұрақ...

http://kazakh-tv.kz/ сайтының материалдары қолданылған.