Үш жүздік құрылым қайдан шықты?
04.10.2017 3299
Ресей отарлаушылары жүздік құрылымды қазақ хандарын арасына от салу үшін пайдаланса, ірі тайпалық одақтарды шағыстыру арқылы аға сұлтандарды тұқыртты

Академик-жазушы Сәбит Мұқанов қазақтың үш жүздік құрылымына қатысты түркітанушы оқымысты Н.Я.Бичуриннің еңбектеріне жүгіне отырып былай деп тұжырым айтады. Біздің дәуіріміздің 635 жылдары Азия төсін жайлап алған сақ-түркілер көрші қытайларға кешенді шабуыл жасау үшін үш орда типтес одақ құрған. Олар:

1. Үйсін жерінде – Ұлы орда;

2. Есіл-Ертіс бойында – Орта орда;

3. Балқаштан Каспий аңғарында – Кіші орда құрылған.

Қазіргі біздің жүз деп жүргеніміз осы үш ордадан бастау алады деп топшылайды (Қайдар Ә. Қазақ қандай халық? – Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 426-б).

Сәбеңнің пікірін жаңа қазақ тілі ғылымын негіздеушілердің бірі, танымал лингвист Сәрсен Аманжолов та нақтылай түседі. Оның пайымдауынша, көне қазақ тайпалары өзара топтасып, үш ордаға бөлінуі үш тайпалық диалектіге жіктелуі Түрік қағанаты дәуірінде (VІІ-ІХ ғғ) жүзеге асқан құбылыс екенін айтады (Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. – Алма-Ата, 1959. – С. 112).

Расында, бұл үштік одақ өте көнеден келе жатқан дәстүр. Сақтар: тиграхауда, хаомаварга, парадарайя деп үшке бөлінген. Бұл одақ әскери-қорғаныс, шаруашылық-басқару қажеттілігінен туындаған.

Қазақ тарихын зерттеуші Абель Яновский: «Қазақтар өздерін «Үлкен» «Орта», «Кіші» деп үш ордаға бөледі десе, (Брокгауз – Ефрон эн. Т.69. СПб., 1902. С. 60) басқада көне орыс жазбаларында «Үш жүзді» Үш орда деп жазады. Орда дегеніміз – көшпенділер үшін мемлекеттік құрылым.

Мысалы, ХХ ғасыр басында қазақ оқығандары мемлекет атын «Алаш Орда» деп атады. Бұның түп негізі б.з.д. 250 жылдары көшпелі ғұндар өз мемлекетін «Орда» деп атағаны жайлы қытайдың «Сүй патшалығының тарихы» атты дерекнамада айтылады.

Ғұндардың қағаны отырған патшалықты Үлкен Орда, балаларының басқаруындағы бөлікті Кіші орда деп атаған. Қазақ хандығы кезінде үлкен орданы «Алтын Орда» десе, оның құрамында Ақ Орда, Көк Ордалар болғаны тарихтан белгілі. Осы ордалар негізінде «жүздік» құрылым пайда болған. Бұл қазіргі біздің айтып жүргеніміз сияқты «рулық одақ» емес, әскери-терриориялық құрылым.

Тарих ғылымының докторы, этнограф Халел Арғынбаевтың тұжырымы бойынша, қазақ халқы үш жүзге XV-XVI ғасырда бөлінген және «жүз» дегенде – қазақы тұқымдық-генетикалық сипат та, аталық негіз де жоқ, бұл байырғы көшпенділерге тән әскери құрылымнан шыққан дүние десе, тағы бір қазақ тарихшысы Сәбетқазы Ақатаев: «Ертеде ғүндар мен скифтерде де осындай құрамдас үш құрылым болған. Яғни, «Жүз» сөзінің шынайы мәні «жақ», «бөлік», «фланг» мәндес әскери тактикалық соғыс ұғымы. Жүзде генетикалық сипат болмауының тағы бір дәлелі: бір ата мен екінші атаның (рудың) есімдері үш жүздің құрамында мидай араласып жатуы, – дейді (Ақатаев С. Тышқан жылғы қырғын. – Алматы: Ана тілі, 1994. – 72-б).

Осындағы пайымдауларды ескере отырып айтпағымыз, үш жүздің арғы жағында рулық емес, ежелгі тарихи қалыптасқан территориялық бірлестік жатыр. Қазақ ұлыстарын билеген хан-сұлтандар бір әулеттен тараған. Олардың бабасы Шыңғыс өз ұрпақтарына территория емес, әскер үлестіріп беріп, жорыққа шығатын бағытын сілтеді.

Ал, территорияны Шыңғыс ұрпақтары өздері басып алған ұлыстары арқылы қалыптастарды. Қазақ хандығының құрылуы да осындай құбылысқа жатады. Оның құрамына кірген ұлыстар өз жерлерімен келіп қосылған жоқ, көбі көшіп келіп қосылды.

Сондықтан да, өздерінің жаңа мемлекеттік-саяси құрылымын жерге қарап емес, жолға қарап белгіледі (Әбіш Кекілбаев). Өйткені, үш тараптан келген үш ұлыстың басын қосу үшін әуелден бір туған деп жариялап, мемлекеттік құрылымды қандастықты қуалайтын туысқандық жүйеге негіздеуден басқа жол жоқ еді.

Мұндай бірлік идеологиясының негізін салушы – Хақназар хан. Ол қазір біз айтып жүргендей бүтін ұлысты үш жүзге бөлген жоқ, үш тарап, үш ұлысты Үш жүз деп жариялап бастарын қосты. Көшпелі тұрмыс пен көшпелі экономика үшін ауадай қажет туысқандық психологияны, соған негізделген этика мен моральды жаңа саяси одақтың негізгі идеологиялық арқауына айналдырды.

Яғни, жаңа одаққа ортақ мекен болып отырған жердің түп иесі бұрынғы Моғолстан халқын қадірлеп «Ұлы жүз» атандырды. Жаңа одақтың алғашқы құрылымына негіз болған Ақ Орда халқын «Орта жүз» атандырды. Ал, бұрынғы Алтын Орда құрамына болған халықты «Кіші жүз» атандырды. Бұл бөлінушілікті емес, ағайынгершілікті, жікшілдікті емес, ынтымақты көздеген концепция еді (Үш пайғамбар. Құраст. А. Нысаналы. Алматы: Дәуір, 1992. – 134-б).

Осылай бірігудің арқасында Қазақ хандығы күшейіп, манағы Жүздіктер өздерінің байырғы қоныстарын қайтарып, Қазақ Ордасына қосып алды. Осындағы «жүздік бірлік» концепциясының арқасында қазіргі Атыраудан Алтайға, Тобылдан Қордайға дейінгі жеріміз сақталып қалды.

Қазақ хандары ұлысты жүзге бөлгенде арасына жік салып, бір-бірімен қырқыстыруды ойламаған. Бұны ел мен жерді жаудан құтқарудың амалы ретінде жасады. Кейін отарлаушылар жүздік құрылымды қазақты ыдыратқыш құрал ретінде пайдаланып кетті (Ақатаев С. Тышқан жылғы қырғын. – Алматы: Ана тілі, 1994. – 72-б).

Қазақ көсемсөзінің көшбасшысы Марат Қабанбайдың айтуынша: «Осы жүз шіркін қай ғасырдан бері қазақты шірітіп келеді екен?» деген оймен халықтың генетикалық ақыл-есі – фольклорды қағып-сілкіп ақтарып көрсек, жүзге бөлініп, жүзі күйіп жүрген атам қазақ жоқ.

Ондай атау болса бұйырмасын. Отарлау дәуірінде, әу бастағы жағырапиялық тұрғыдағы бөліністі бүлінуге, араздыққа айналдыру үшін еңсегей бойлы бір қазақтан үш мыртық қазақты өсіріп шығарған», – депті (Қабанбай М. Қазақ, қайда барасың? Алматы,1995. – 188-б).

Ресей отарлаушылары жүздік құрылымды қазақ хандарын арасына от салу үшін пайдаланса, ірі тайпалық одақтарды шағыстыру арқылы аға сұлтандарды тұқыртты, ал, кіші рулық араздықты қоздыру идеологиясы болыс-старшындарды ішінен іріту мақсатында қолданылды.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, зерттеуші