АТАМБАЕВ МЫРЗА, ХАН КЕНЕГЕ ТИІСПЕҢІЗ
21.10.2017 1408
Гректер үшін – Александр Македонский, түркі-моңғолдар үшін – Шыңғысхан, француздар үшін – Наполеон Бонапарт, орыстар үшін – І Петр тәрізді Кенесары хан да біз үшін біртуар тұлға

Жуырда қырғыз елінің президенті А.Атамбаев Қазақ еліне байланысты ауызына түскен жағымсыз сөздерді айтты. Соның ішінде Хан Кенеге де ауыр сөздер тиіп кетті. 1847 жылы қазақ жұртында болған оқиғаны еске алып, қырғыз манаптарының басын кесілгені де айтылды. Әрине, осы оқиға екі елдің арасында болған қарым-қатынастың ең суық беттері еді. Енді ол тарихи парақ ұмытылған сияқты еді, бірақ кетіп бара жатқан қырғыз президенті тағыда есімізге салды. Ондай қадамға баруының жөні жоқ еді. Дегенмен, сөз айтылды. Сондықтан А.Атамбаев мырзаға Хан Кененің қазаққа кім екенін айтып кеткіміз келеді. 

2017 жылы Ұлы Дала елінде есімін ел құрметтеген Кенесары Қасымұлының (1802-1847) туғанына 215 жыл толды. Еуразияшыл, орыс ғалымы, этногенез теориясының авторы Л.Н. Гумилевтің айтуынша, қарсыластарын қаймықтырған, үзеңгілестерінің құрметіне ие болып, қол астындағылары төбесіне көтерген Хан Кене – Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең көрнекті пассионарлық тұлға. Батырмен бетпе-бет келген патша әскербасылары «Көзсіз батыр», «Қазақ даласының Митридаты», «Қырғыздың (қазақтың) ұлттық батыры», «Сойқан», «Ержүрек билеуші», «Қиратушы дауылпаз», «Қырғыздың Шамилі», «Ұлық батыр», «Дала рыцары» деп таңдай қағып, еріксіз мойындаған еді.

Шындығында ол кім болған? Неге оны барлық Дала халық құрмет тұтқан? Оның сондай қошеметке бөленуінің сыры неде? Біз неге қайта-қайта оның өмір жолы мен қызметіне орала бергіміз келеді?

Кенесары ханның қалыптасуы. Гректер үшін – Александр Македонский, армяндар үшін – Тигран ІІ, түркі-моңғолдар үшін – Шыңғысхан, француздар үшін – Наполеон Бонапарт, орыстар үшін – І Петр тәрізді Кенесары хан да біз үшін біртуар тұлға.

«Бүлікшіл сұлтан» 1802 жылы Көкше тауында дүниеге келген, Қасым сұлтанның баласы, Абылай ханның немересі. Абылайдың отыз ұлының ішіндегі ең кішісі Қасымның отбасында ұлы Қазақ мемлекетінің ұлттық билігі мен азаттығын қайтару идеясы ерекше маздаған. Қасым төренің екі әйелінен дүниеге келген жеті бірдей ұлының ішінде Кенесарының болмысы биік еді. Ол сұлттанның екінші әйелінен қалмақ қызынан туған. Рухы биік жаратылған жасынан халық даналығын бойына сіңіріп өсті. Туған халқының салты мен дәстүрін біліп, дуалы ауыз билер мен шешендердің тәлімімен егескенді елдестіретін бітімшілік қасиеті де бір бойынан табылды. Орталық Азияның барлық тілдерінде еркін сөйлей алды. Жасынан дала заңын билер шешендігін бойына сіңіріп өсті.

Көтеріліс басшысы туралы Қазақ тарихшысы Е. Бекмаханов «жастайынан ол ат құлағында ойнап, садақ атуды үйренген» деген мәлімет келтіреді. Кәнігі аңшы болған. Әділетті ту еткен, ерік-жігері асқан, ержүректілігімен ерекшеленген сұлтанды «был храбр до-нельзя», яғни, «көзсіз батыр» деп ХІХ ғасырдың ортасында Ресей зерттеушісі Л. Мейер таң қалған екен.

Замандастарының айтуынша мықты ұйымдастырушы және қолбасшылық қасиеті болған. Діни сенімде Исламның сунниттік бағытындағы ханифа мазхабын ұстанған. Көз көрген адамдар оны орта бойлы, шымыр денелі деп суреттейді. Мысалы, халық көсемінің сыртқы келбетін ресейлік зерттеуші А. Смирнов былайша сипаттайды: «Кенесары орта бойлы, ашаң денелі, бет әлпеті қалмаққа келетін». Ал, орыс географы, Торғай өңірі қазақтарының этнографиясы мен қысыңқы келген кезінен ақылдылық та, қайраттылық та, қуланушылық та сезілетін тарихын зерттеуші А. Добросмыслов та батырдың болмысына тәнті болып: «Бұл сұлтан батыл, табанды, асқан ақыл иесі еді», – деп жазады. Ол аз сөйлеп, өзін тәккәппар ұстаған.

Қазақ мемлекеттілігінің қайта өркендеуі. Кенесары Қасымұлы әрдайым өзімен сұхбаттасушыны тыңдай білді. Ұлы Дала халқының арасында қонақжайлығымен ерекшеленді. Қазақ хандығын қайта құрып, оның он жыл бойында өмірін соған арнады. Белгілі зерттеуші Семей облысының өлкетанушысы Н. Коншин:

«Түркістанда Қасым Абылайұлы мен оның ұлдары Саржан және Есенгелді қаза болғаннан кейін (1836 және 1840 жылдар – авт.) қазақтың тәуелсіздігі жолында күрескен бауыры Кенесары Қасымұлы болды. Бұл адамды біртуар тұлға деп атауға негіз бар, өйткені ол жеке басының немесе ру аралық қатынастар мәселесінде тез шешім шығара алатын, барлық жағдайда да қиын қыстау сынақтардан өтіп кете алатын. Кенесары шын мәнінде барлық қазақтың саяси бірігуін армандаған қазақтың ұлы батыры» деп жазады.

Деректерге жүгінсек, 1837-1947 жылдар аралығында патшалы Ресей отарлау саясатының «шығыс» немесе «азиялық» векторларының күшейе бастаған тұсы еді. Егер, 1810-1822 жылдары Кіші жүзден 600 мың десятина жері бар Новоилецк ауданын тартып алса, 1835 жылы 3 400 мың құнарлы десятина жері бар Новолинейный ауданын көрші Орынбор губерниясына қосып береді. 1822 жылы хан билігі жойылғаннан кейін Орта жүзде, солтүстік-шығыс Қазақстанда округтық приказдар құрылымы арқылы Ресей империясы әскерінің дендеп енуі басталды. 1837 жылы патша далалықтар үшін 1 рубль 50 тиын бірыңғай үй алымын ендіреді.

Ханның көпұлтты әскері. Кенесары Қасымұлы төңірегіне әртүрлі ұлттың өкілдері топтасты. Көтерілісшілер арасында орыстар мен башқұрттар, өзбектер мен қарақалпақтар, татарлар және поляктар болды. Олардың кейбірі қазақ ханының ерекше сенімі мен шынайы құрметіне ие болып, жауапты қызмет атқарды. Мысалы, Кенесарының жеке хатшысы бұрынғы орыс солдаты болса, кіші інісі Наурызбайдың жеке жалшысы Николай Губин деген екен. Орыс солдаттары Бедашев пен Малкин хан әскерінің отрядтарын басқарды. Малкинді қазақтар кішік деп атаған. Татар Әлім Ягудин әскери кеңестің мүшесі болса, өзбек Сайдақ қожа Оспанов он жыл бойына ханның елшілік қызметін адал атқарған. Л. Мейер бұл туралы: «Ол орыс тұтқындарына үлкен мейіріммен қараған. Бұл әрекеті көпке үлгі болды. Оның адамды тартып алатындай ерекше қасиетті иеленген. Онда бірнеше орыс қашқындары шайқасқан».

Әрине, көтерілісшілердің басым көпшілігі қазақтар болды. Олар Ағыбай, Аңғал, Байсейіт, Байтабын, Бұғыбай, Бұқарбай, Жанайдар, Жеке, Толыбай, Жоламан, Иман, Сұраншы, Танаш, Нөгер және т.б. Қалың бұқараны бастағандар үш жүздің алдына шыққан билері мен батырлары, тіпті, сұлтандары еді.

Көтерілістің басталуы. Көтеріліс Кенесарының патша үкіметінің саясатын жарамсақтана қолдаған сұлтандар мен билердің ауылдарын шауып алумен және Көкшетау мен Ақмолада округтік дуандары құруға қарсылықтан басталды. Орынбор шекаралық бастығы Г. Генстің атына жазылған шағымында «Ол өз туыстарының бірнеше рет негізсіз және себепсіз патша отрядтарының шабуылына 1825, 1827, 1830, 1831, 1832, 1836, 1837 жылдар аралығында үздіксіз ұшырап келгендігі және ол әліде жалғасып отырғандығын келтірген». Мысалы Астана мемлекеттік архивінің құжатында көрсетілгендей жоғарыдағы шенеунікке ашу-ызаға толы хат жазады: «1831 жылы Көкшетаудан кейін шегінше 500 адамдық Алексей Максимовичтің қолы екінші рет қайтара Саржан сұлтанның ауылын тонады..., тіпті 450 адамды өлтірді». Оның жазған хаттарынан тағы бір мысал келтірсек: 1842 жылы наурызда есауыл Сотников отряды, хан ауылын шауып, 100 адамды өлтіріп және тұтқынға 25 адамды алды, оның үстінде 1000 түйе, 3000 жылқы, 9 мың қойды айдап кетті. Әрине мұның барлығы ұлт-азаттық қозғалыстың тұтануына және Қазақ мемлекеттілігін қалпына келтірудің себебі ғана еді. Ол өзінің талаптары мен жедел қадаммен дами бастаған патшалық отарлауға қарсылығын ашық білдірген, өзінінің ескерту хаттарын үздіксіз жіберіп отырды: «Күннен күнге біздің жерлерімізді басып ала отырып өздерінің бекіністерін соға бастаған олар халықты ызаландыра түседі. Біздің келешегіміз үшін ғана емес бүгінгі күніміз үшін де аса қауіпті». Ол шекара шебіндегі бекіністерге де, патша үкіметінің әскери жасақтарына да жиі-жиі шабуыл жасап тұрды. Мәселен, 1837 жылдың аяқ кезінде Кенесары хорунжий Рытовтың отрядын тас-талқан етіп жеңіп шықты. Бұл отрядтың құрамында 6 урядник және 48 сібір казағы болып, Петропавлдан Ташкентке бара жатқан сауда керуенін күзетіп бара жатқан еді.

Кенесары 1838 жылы өзінің адамдарын Батыс Сібір генерал-губернаторына жіберіп, оған арнайы хат жолдады. Хатында Ақтау бекінісі мен Ақмола приказын жоюды, Омбыда тұтқында отырған өз адамдарын түгел босатуды талап етті. Генерал-губернатор Кенесарының адамдарының барлығын да саптағы мың солдаттың арасынан өткізіп, дүре соқтырды. Олардың әскерге жарайтындары тұрақты армия қатарына алынып, қалғандары Шығыс Сібірге жер аударылды. Генерал-губернатордың бұл қылығы Кенесары сұлтанның ашу-ызасын келтіріп, көтерілісті бастап жіберуін тездетті...

Қазақ хандығының қалыпқа келтірілуі. 1841 жылдың қыркүйек айында үш жүздің өкілдері бас қосқан жиында Кенесары Қасымұлы хан сайланды. Сөйтіп Қазақ хандығы қалпына келтірілді. Патша үкіметі бұл жайсыз хабарды өте өкініш сезімімен естіп-білді. Ендігі жерде Кенесары бастаған көтеріліс ұйымдасқан сипат ала бастады. 1844 жылы оны қазақ ханы ретінде Орталық Азия билеушілері таныды. Бұл туралы А. Добросмыслов былай деді: «Бұқар мен Хиуа Қоқанды билеуге өзара қырқысуда, екі жақ хандықтың иелері Кенесарының ебін табуға өздерінің елшілері мен сыйлықтарын жібере отырып, оны қазақ ордасының ханы ретінде тануда». Бұқар әмірі мен Хиуа ханы танымал ханға зеңбіректер мен қару-жарақтар, мылтық пен оқ дәріден көмектесті. Соңғысы тіпті оған өз иелігінде еркін көшіп жүруге ұсыныс білдірді.

Ұлт-азаттық күресті табысты жүргізу үшін Кенесары хан бір орталықтан басқарылатын мемлекет құрды. Оны ханның өзі басқарды. Ханның жанынан жоғарғы кеңесші орган – өзіне барынша адал берілген батырлардан, билерден, сұлтандар мен жақын туыстарынан тұратын арнайы Кеңес құрылды. Бірақ шешуші дауысты хан өзіне қалдырды. Кенесары хандықты өзінің сенімді адамдары – жасауылдар арқылы басқарды. Жасауылдар сот ісімен, шаруашылық мәселелерімен, мәмілегерлік жұмыстармен, алым-салық жинаумен және әскери істермен айналысты. Жасауылдар сонымен қатар орталық өкімет билігі берген нұсқаулардың мұқият орындалуын, мал жайылымдарының дұрыс бөлініп, тиімді пайдаланылуын бақылады, халықтың көңіл күйін де қадағалады. Мемлекеттік рәміздер қабылданды: мысалы, хан байрағы жасыл түсті болды. Хан билігі қызметінің оңды нәтижелері ретінде оның қол астындағы халық арасында алауыздық пен барымта алу жойылды. Кенесары ең алдымен алым-салық төлеудің тәртібін ретке келтірді. Мал өсірушілер – зекет, ал диқандар – ұшыр төлейтін болды. Патша әскерлерімен соғысты одан әрі жалғастыру қосымша материалдық және қаржы шығындарын қажет етті. Сондықтан алым-салықтың да қосымша түрі енгізілді, сөйтіп халықтан киім-кешек, қару-жарақ, ат әбзелдерін жинау қолға алынды. Салық жинауда халықтың жағдайы жеке-жеке ескерілді. Меншігінде малы 40 бастан аспайтындар алым-салықтан босатылды. 40-тан 100 басқа дейін малы барлар бір малдан, ал 100 бастан артық малының әрбір 40 басына бір малдан төлеп тұратын болып белгіленді.

Диқандар өздерінің өндірген өнімінің оннан бір бөлігін төлеуге міндетті болды. Көтеріліске деп жиналған астықты патша үкіметі жиі-жиі тәркілеп кетіп жүрді. Тәуекел етіп, көтерілісшілерге астық апарып сатқандар жазалаушы әскердің қаһарына ұшырады. Сондықтан да Кенесары қазақтардың егіншілікпен айналысуын қатты қолдады. Көпестердің сауда керуендерінен алынатын баж салығы едәуір табыс беретінін ескерген Кенесары ондай керуендерді тонауға тыйым салды. Сауда керуендерінің толық қорғалуын қамтамасыз етті. Керуенбасыларын жеке өзі қабылдап та отырды. Баж салығын төлеуден жалтарғандарға қосымша салық салынды. Баж салығынан түскен қаржыға Орта Азия базарынан қару-жарақтар мен оқ-дәрі сатып алынды.

Көтерілісші әскерлерінің құрылуы. Кенесары 20 мың сарбаздан тұратын әрі жауынгерлік қабілеті күшті тұрақты әскер жасақтай алды. Ол әскері арғы алыс атасы Шыңғыс хандай жүздіктер мен мыңдықтарға бөлінді. Ерлігімен ерекше көзге түскен сарбазына «жүзбасы» мен «мыңбасы» қылып тағайындады. Кенесары құралайды көзге ататын мергендерден іріктеп, мергенбасы басқаратын ерекше жасақ құрды. Орыс армиясының үлгісі бойынша хан өз әскерлеріне ерекше айырым белгілерін енгізді. Дала өлкесінің білгірі ХІХ ғасыр ортасындағы ағылшын зертттеушісі Т.В. Аткинсон:

«Кенесары қазақтардан тамаша жауынгерлер дайындай алды. Көпшілігі маған Кенесары жігіттерінің қылышпен, айбалтамен өте жеңіл қимылдауы қарсыластың күшімен соғысуда асқан жетістікке әкелді. Тамаша офицерлері бар қазақтар әлемдегі ең күшті атты әскерді құра алар еді» – деп жазады.

Хан сарбаздарынан шайқас тактикасы мен әскери өнердің амал-тәсілдерін меңгеруді талап етті. Көтерілісшілерді әскери өнерге үйретумен орыстың, татардың және башқұрттардың бұрын тұрақты орыс армиясында қызмет еткен тәжірибелі солдаттары айналысты. Хан жасағында қатаң тәртіп орната білді. Мәселен, сатқындық жасаған немесе әскери күзетте ұйықтап қалған сарбаздар өлім жазасына кесілді. Кенесары әскерінде қару-жарақ сатылып алынды. Қару-жарақ арнайы қоймаларда сақталды. Алғаш рет шағын зеңбірек жасау ісі жолға қойылды. Кенесары қолы жауға «Абылайлап» ұран салып, атойлап шабатын. Ол жөнінде 1885 жылғы «Орынбор парақшасы» (Оренбургский листок) газетінде А. Жантөрин сұлтан келтірген халық аңызының жолдары куә бола алады:

«Біз Кене хан тұсында,

Бурадай бұлқындық.

Қарлы боран бұрқасыны,

Біздерге түк болмады.

«Хан Абылайлап!» ұрандап,

Жаудың жолын бөгедік»

Кенесары барлаушыларды ұтымды пайдалана білген. Олар қазақ ауылдарында саудагер, молда кейпінде жүрген. Жазалаушы әскердің жоспарын алдын ала біліп, ханға жеткізіп отырған. Қазақ жеріндегі көтеріліс отынан патша үкіметі де үрейлене бастайды. Ресей императоры Николай І осы көтерілісті басу мәселесін күн тәртібінде ұстайды. 1843 жылы 27 маусымда қазақ ханына қарсы ірі жорық ұйымдастыру жөнінде өкім шығарады. Оның бұрыштамасына «бір мемлекетте екінші мемлекет болуы мүмкін емес» деген кәрлі нұсқау жазады. Ханның басы үшін үй басы салығына түсетін 3 мың рубль тағайындайды.

Көтерілісшілерге қарсы 300 адамнан тұратын әскери старшина Лебедевтың отряды жіберіледі. 1843 жылы сұлтандар А. Жантөреұлы мен Б.Айшуақұлы бастаған екінші топ атқа қонады. Бір уақытта Омбыдан, Петропавловскіден және Қарқарадан қосымша әскери отрядтар қосылады. Патша әскері жергілікті жерді жақсы білмеді, сондай-ақ далалықтардың шайқасты жүргізудегі ерекше тактикасы жазалаушылардың күшін барынша әлсіретті. Жергілікті халық арасынан шыққан жол бастаушылар халық батырының жау қолына түспеуіне барынша көмек көрсетіп отырды.

1844 жылы шілденің 20-сынан 21-іне караған түні Кенесары хан Тобыл өзенінің жоғарғы ағысында Жантөре сұлтанның әскеріне күйрете соққы берді. Кенесарының жеңіс жігерлендірген негізгі күштері 1844 жылғы тамызда Екатерина станицасына шабуыл жасады. Бекіністің маңындағы елді мекенді өртеп жіберді, 40 адамды тұтқынға алды, қыруар малды айдап әкетті. Сонымен қатар мылтық, тапанша, қылыш, найза сияқты көптеген қару-жарақ түрлерін олжалады. Арнайы жіберілген жазалаушы отряд Кенесарының ауылына жете алған жоқ. Үкімет басындағыларды абыржушылық пен үрей биледі.

Долгов және Герн бастаған елшіліктердің Кенесары ордасына келуі. Кенесарымен болған соғыстың ұзаққа созылуы патша үкіметіне елеулі шығын келтірді. Сондықтан 1845 жылдың ақпан айында Орынбор басшылығы Кенесары ханға Долгов және Герн бастаған елшілік жіберуді қажет деп тапты. Олар Кенесарыны патша үкіметінің талабын орындауға көндіруге тиіс болды. Сонымен қатар барлау жұмыстарын жүргізуді де көздеді: біріншіден, олар Кенесары әскерлерінің қай жерлерде қаншалықты мөлшерде орналасқанын дәл білуі тиіс болды, екіншіден, Ырғыз бен Торғай өзендерінің бойында тағы қандай бекініс салуға болатынын анықтап қайту еді. Патша үкіметі мұндай шараларды жүзеге асыру арқылы көтерілістің орталық аймақтарына толық бақылау орнатуды көздеді. 1845 жылы Долгов пен Герн бастаған елшілік ханның ордасына жетті. Кенесарыға оның әйелі Күнімжан қайтарылды. Жүргізілген келіссөздер барысында Кенесарыға қабылдауға болмайтын шарт қойылды: көтерілісшілерге үкімет белгілеген шектеулі аймақ шегінде ғана көшіп жүруге рұқсат берілді. Кенесарының Ресейге толық бағынуы және соғыс қимылдарын біржолата тоқтатуы тиіс болды. Орынбор ведомствосына қарайтын қазақтардың барлығы да Ресей империясының азаматтары ретінде әрбір үйдің 1 сом 50 тиын мөлшерінде түтін салығын төлеп тұруы тиіс екендігі, ханның Орынбор қазақтарынан зекет алуына тыйым салынатындығы айтылды. Кенесарының қылмысты істерді қарауына рұқсат етілмейтіні ескертілді. Ханның қашқын орыс пен татар және башқұрттарды жасырын ұстауына тыйым салынатыны, оларды Ресейге қайтарға тиісті болды. Кенесарының Ресейге «ұнамайтын» шет мемлекеттермен және жеке тұлғалармен қарым-қатынастар жасауына рұқсат етілмейтіні де ескертілді. Кенесары Долгов пен Герн елшілігінің қойған шарттарының түпкі мақсаты оның хан лауазымын иеленуге құқығы жоқтығын тұспалмен түсіндіру екенін оп-оңай ұқты. Ақырында жалпы қазақ көтерілістерінің басшысы Қарақоға деп аталатын шағын иелікте көшіп жүруге рұқсат етілді.

Хан патша үкіметі қойған бұл талаптардың бірде-біреуін қабыл алған жоқ. Келіссөздер тұйыққа тірелді. Патша үкіметінің елшілігі көздеген мақсатына жете алмады. Елшілер кеткеннен кейін хан әскери кеңес шақырып, енді Жетісу аумағына қарай көшуге шешім қабылдады. Патша үкіметі содан кейін-ақ Ырғыз өзені бойында Орал, ал Торғай өзені бойында Орынбор әскери бекіністерін салуға кірісіп кетті. Қазақстанның патшалық кезеңін зерттеуші Н. Коншиннің пікірі бойынша: «орыс үкіметіне қарсы күрес оңтүстік далаларында бірқатар бекіністер салғаннан кейін қиындай түсті».

Кенесары әскерлерінің Жетісуға шегінуі. Патша үкіметі Кенесары ханды Орынбор өлкесінен қалай да ығыстырып шығаруға ұмтылды. Соның салдарынан Кенесары Сарыарқаны тастап, көтеріліс орталығын Жетісу жеріне қарай ауыстыруға мәжбүр болды. Сібірдегі өкімет билігі Омбыдан генерал Вишневский басқарған елеулі әскер күшін зеңбіректерімен қоса Жетісуға жедел түрде жіберді. Азық-түліктің тапшылығы Кенесарыны егіншілікпен айналысуға мәжбүр етті. Күші басым патша үкіметінің қысым жасауымен Кенесары Іле өзенінің оң жақ бетіне өтіп, одан әрі Алатаудың етегіне көшіп барды. Ал патша үкіметі оған Кіші жүз бен Орта жүз қазақтары тарапынан көмекке келетін жолды кесіп тастады. Ұлы жүздің Сұраншы, Байсейіт, Тойшыбек сияқты батырлары Кенесарыға қолдау көрсетіп, көтерілісшілердің сиреп қалған қатарын толықтырып, едәуip күшейтті. Белгілі қазақ фольклорисі М.Ж. Көпейұлының айтуы бойынша: «Жетісуда ханға ерекше құрмет көрсеткен шапырашты руының қазақтары болды». Ханға олар киім-кешек, азық-түлік, қару-жарақ пен адамдардан көмек берді.

Кенесары Қасымұлы Қытайға барып, бой тасалай тұруды да ойлап, Құдайменді сұлтан бастаған елшілігін Қытай үкіметіне жіберді. Алайда олар Ресей империясымен қарым-қатынасымызды бүлдіріп аламыз деген қауіппен Кенесарының өтінішін қанағаттандырудан үзілді-кесілді бас тартты. Бұл туралы Омбы облыстық тарихи архивінің қорында тіркелген құжаттарда: «Елшілер араға екі ай сала екі қытай шенеунігі мен бір аудармашымен кері оралды. Олар Кенесарыға Қытай өз қол астына ала алмайтындығын жеткізді». Оларға Орталық Азияның қазақтары мен мұсылмандары арасында үлкен ықпалға ие болған, күшті де батыл ханның керегі жоқ еді. Бұл кезде Қытай көтерілісшілер мен бір діндегі ұйғыр мен дүнген көтерілістеріне алаңдаулы болатын.

Қазақ-қырғыз әскери қақтығысы. Көтерілісшілер қырғыз жеріне жақын келді. Бұл кезде қырғыздар Қоқан хандығының ықпалында болатын. Хан солтүстік қырғыз руларын билеуші манаптарының өзіне бағынуын талап етті. Бұл талаптар патша үкіметімен және Қоқан хандығымен одан әрі күрес жүргізу үшін күш біріктіру қажеттігінен туған еді. Хан қырғыздарға арнаған үндеуінде былай деп жазды: «Менің мұнда келгенімнің мақсаты, сендермен жауласу, қан төгісу емес, қайта қазақтар мен қырғыздардың басын қосып, оларды күшейту, Қоқанның қол астынан бөліп алу, қоқандықтардың қысымынан құтқару болып табылады».

Қазақ-жоңғар қырғын соғысы кезінде қырғыздар қазақтардың жағында шайқасқан болатын. Бірақ қырғыздарда Шыңғысхан ұрпақтарына бағыну дәстүрі қалыптаспаған еді. Сондықтан да олардың ханға бағынуы, сөйтіп өздерінің тәуелсіздігінен айырылуы, әрине, қырғыз ақсүйектерінің ойына кіріп те шықпағаны әбден табиғи нәрсе еді. Оның үстіне, қырғыздар Абылай ханның қырғыз аумағына жасаған жорықтарын да ұмыта қойған жоқ болатын. Қырғыздар патша үкіметінің Сібір әкімшілігі тарапынан едәуір қолдау табатынын да сезді. Вишневский қырғыздарды Кенесарының ауылдарына шабуыл жасауға ашықтан-ашық айдап салды. Алатау қырғыздары Қоқан хандығының қолдауына сүйенді. Қырғыз манаптары ірі тайпа өкілдерін құрылтай жиналысына шақырды. Ықпалы күшті Орман манап барлық қырғыздардың билеушісі болып тағайындалды. Құрылтайға жиналған манаптар Кенесары ханның ұсынысын қабылдаудан ашықтан-ашық бас тартты. Кенесары ханның қырғыздарға қарсы аттанған екі мың сарбазы жеңіліс тапты. Оның бір мыңы қырғынға ұшырады, екінші жартысы аш-жалаңаш, қару-жарақсыз, жаяу-жалпылап кері қайтты. Қазақ сарбаздарының бірқатары тұтқынға алынды. Мұның өзі қырғыздар тарапынан бұрын-соңды болып көрмеген батылдық пен қатыгездік болып шықты. Архив құжаттарынан басқа 1846 жылғы қазақ санағына қатысқан поляк жер аударушысы А. Янушкевичтің күнделік жазбасында былай келтірілген: «Ұрыс даласында мыңға жуық адам қайтыс болып, екі мыңға жуық адам тұтқынға түсті, олардың ішінде бес сұлтанға төлем талап етті».

Бұл қырғыздар тарапынан бұрын соңды естімеген қатігездік әрі ханды кемсіту еді. Тұтқынға түскендерді жау қолына қалдыра алмаған хан әрекеті туралы Омбы мемлекеттік тарихи архивінің құжаттарында былай көрсетілген: «Тұтқындарды босату үшін Кенесары ауылдан қолда бар мүліктерді жинай бастады және оларды тұтқындарды сатып алуға төледі. Үй басынан жиналған салық және мыңдаған көтерілісшілерді киіммен және басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етіп отыру ақырында ауылдардың тоналуына әкелді....».

Көптеген шекаралық аудандардағы бірқатар қақтығыстардан кейін және бейбіт келісімдерден соң қазақ ханы 1847 жылдың сәуірінде қоластындағы 10 мың жауынгерімен көршілердің жеріне жылжыды. Өздеріне таныс емес таулы аймақта соғысқан қазақтар қоршауда қалды. Соңғы шақырылған әскери кеңесте ханның жақтастары қоршауды бір жерден бұзып шығып, ұзап кетуді ұсынды. Бірақ хан одан үзілді-кесілді бас тартты. Сондағы ханның сөзін баласы Сыздық сұлтан былай жеткізді: «Егер мен өзім жауынгер болсам қашып кетер едім, бірақ мен онда халық алдында хан бола алмаймын».

Сұлтан Рүстем мен Ұлы жүздің ықпалды биі Сыпатай мен Байзақ жасақтарының кенеттен шегініп кетуі көтерілісшілердің жағдайын қиындатып жіберді. М.Ж. Көпейұлының айтуы бойынша қазақтар мен арадағы даулы жерлерді жергілікті қазақтарға беру туралы жасырын уәде беріледі... Қырғыздар тау бұлақтарын кері бұрып жіберу арқылы қоршауға түскендер мен олардың аттарын сусыз қалдырды Үш тәулік бойы батыр хан өзінің шын берілген 1000 жуық батыры мен 500-ге жуық қаруымен Алатау қырғыздарының бірнеше шабуылына тойтарыс берді. Тоқмақ маңындағы, жергілікті халық қанды жер деп атап кеткен, Майтөбеге таяу жерде тең емес соңғы ұрыста Кенесары 30-дан астам қазақ сұлтандарымен және өзіне шын берілген жауынгерлерімен тұтқынға түсті.

Қазақтардың жеңілуі мен хан өлімі. Кенесарының қолға түскеніне көздері жеткеннен соң, ханның тағдырын шешу үшін қырғыз манаптары кеңес өткізіп, оны өлтіруді қажет деп шешеді. Кенесары өзін өлтірер алдында тағы да оларға күш біріктіріп, Қоқан мен Ресейге қарсы соғысуға шақырды. Бірақ олар өз тұтқынын тыңдағысы да келмей, соңы жазаны орындаумен ұласты. Қазақ жауынгерлерінің соңғы күндері туралы жазба қалдырған Л. Мейер. «Олар қырғыздармен үш тәулік бойы ерлікпен шайқасты, Сібір қырғыздары көмекке келіп жетер деген үмітті болды. Бірақ патша үкіметінің жергілікті өкімет билігінің басшылары олардың келетін жолын бөгеп, тосқауыл қойып үлгерген еді. Үшінші тәулік дегенде көтерілісшілердің бір бөлігі қоршауды бұзып шығып, құтылып кете алды. Ханның көптеген сенімді серіктері түгелдей дерлік өлтірілді. Ханның өзі бірнеше сұлтандармен бірге тұтқынға алынды және азапты жазаның салдарынан қаза тапты». Бұл туралы соңын ала жазған М. Красовский де: «Кенесары Шу өзенінің оң жағындағы аңғарлардың бірінде қазіргі Тоқмақ бекінісіне жақын жерде қарақырғыздардың қоршауында қалды, бірақ оларға ерлікпен қарсы тұрған ол қолға түсіп, айуандықпен өлтірілді», – деп келтіреді.

Көп ұзамай жалпы қазақтың соңғы ханының бас сүйегі бұралаң соқпақтармен Том губерниясы арқылы Омбыға жіберіліп, Батыс Сібір генерал-губернаторы П.Д. Горчаковқа жеткізілді. Бұл жөнінде А.Добросмыслов былай жазды: «Кенесары ханның бас сүйегін княз Горчаковтың қолына тиді. Сөйтіп ол Батыс Сібір Бас басқармасындағы «Кенесары көтерілісі туралы іс» жанында сақтауға бұйрық берді». Оның бұл пікірі орыс ғалымы Н. Сераданың ойымен ұштасады. Ол ханның соңғы күндері туралы былай дейді: «Мен әр түрлі Торғай облысының қазақтарынан Кенесары тұтқынға алынғаннан кейін, оны азапты өлімге жіберер алдында қырғыздар қырық түн бойы қойнына сұлу қыздарды салып, батырдан ұрпақ алып қалуды көздеді... Кенесары ешқандай қызға бойын бұрмаған».

М.Ж. Көпейұлының жазуынша, барлығы да қасиетті ханның қаһарына ілікті. Кенесарының және оның жақын серіктерінің көзін жоюға қатысқан қырғыз манаптарының бәрін Сібір үкіметі қымбат сыйлықтармен марапаттады. Алайда солардың барлығы да тыныш өмір сүре алған жоқ, кейбірі «жұмбақ жағдайда» қаза тапты. Халықтың сүйікті ханының қапылыста қалай қаза тапқанын ақын Нысанбай Жаманқұлұлы «Наурызбай-Қаншайым» дастанында қайғылы сарында баяндайды.

Кенекем менің кеткен соң,

Заманым қалды тарылып.

Халық иесі хандардан,

Жетім қалдық айрылып.

Балдағы алтын ақ берен,

Тасқа тиді майрылып.

Кемшілік түсті басыма,

Көрінгеннен қаймығып…

Кенесары кеткен соң,

Иесіз қалды тағымыз.

 (Касымбаев Ж.К. Последний поход хана Кенесары и его гибель. – Алматы, 2002. – с.142. )

ХХ ғасырдың басында ханды ұнатып қалған орыс зерттеушісі Я.Полферов Нысанбай ақынның қайғылы өленің естігендер жайында: «Таңдаушылардың қара торы жүзінен жас сорғалап, кей кездерде ыңырсып та кететін. Бұл қайғылы әнмен табиғат та қоса жылағандай болды».

Көтерілістің тарихи маңызы және оның салдары. Қазақтардың кезекті көтерілісі жеңіліс тапты. Әлсіз қаруланған хан жасағы мықты дайындалған тұрақты орыс әскеріне қарсы тұра алмады. ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарында патша үкіметі поляк, белорус, украйн және литвалықтардың ұлт-азаттық көтерілістерін баса отырып біршама тәжірбие жинақтаған болатын. Кенесарының басты қатесі бір мезгілде бірнеше майданда әрекет ете соғысуы оның Ресейге, қырғыз манаптарына және Қоқан хандығына, қарсы соғысуы әскерінің қуатын әлсіретті. Сұлтандар әулеті мен ірі ру басшыларының өзара ауыз біршілігінің болмауы да көтерілістің жеңілуіне әсер етті. 1839 жылы Ғұбайдолла Уәлиев ұстанып Березов қаласына жер аударылды, тек 1847 жылы көтеріліс аяқталған соң ғана саяси қамаудан босатылды. Көтерілістің жеңіліске ұшырауы патша үкіметінің қырғыз жерлерін, Жетісудың аумағын және Оңтүстік Қазақстанды басып алуына жол ашты. Сондай-ақ Бұхара, Қоқан және Хиуа хандықтарын қосып алудың алғышарттары жасалды. 1854 жылы Семей облысы құрылды. Ішкі округтер сібір қазақтары облысының құрамында қалды. Ендігі жерде аға сұлтан болып «қара сүйектер» де сайлана алатын болды. Сөйтіп Ұлы Далада 600-жылдай қалыптасып қалған Шыңғысханның тәртібі күйреді. Сол жылы Ертістің оң жағалауында Семейдің ішкі округі құрылды. Негізгі халқы жергілікті қазақтардан тұратын бұл округті басқару орыс офицеріне жүктелсе, ал оның орынбасарлығын «қара сүйектен» шыққан аға сұлтан атқарды.

Кенесары Қасымұлы қазақ халқының есінде талантты әскери қолбасшы, аса көрнекті мемлекет қайраткері ретінде қалды. Хан билігі іс жүзінде жойылған жағдайдың өзінде ол қазақтың үш жүзінің басын біріктіріп, қазақ мемлекеттілігін қайтадан қалпына келтірді. Қазақ халқының тәуелсіздік жолында күресте ұлттық рухын оята алды.

ХІХ ғасырдың ортасында белгілі Қазақстан тарихын зерттеуші М.Красовский Кенесарының қазақ тарихындағы орны мен рөлі туралы былай деп жазды: «Егер Кенесары Қасымұлы тірі қалса, бізге қазақ даланың бағынышты болуының тағдыры белгісіз еді». Ресей әскери тарихының ірі маманы А.И. Иванин қазақ басшысының атына мынадай мақтау білдіреді: «Әділдіктің орнауын талап еткен, Кенесары өлгенше Ресейдің жауы болды, сондықтан да оны «даланың соңғы батыры» деп атасам өз отанымның алдында күнәлі емеспін». Генштаб офицерінің бірі В. Потто Кенесарыны тау қозғалысының имамы Шәмілмен салыстырып, «Ресей билігін қатты теңселткен» тұлға ретінде сипаттайды. Көптеген зерттеушілер Кенесарының ұлы Абылай заманындағы егеменді мемлекеттілікті қалпына келтіру үшін жасаған әрекеттерін жоғары бағалады. Ал оның қызметтесі, капитан Н. Фомаков оны: «Абылай ханның ақылды, батыл ұрпағы... өзіне қарсы болған барлық сібір отрядының қастандық әрекетін бұл елде көшбасы ретінде танымал болғандықтан түкке тұрғысыз ретінде көрсетті», – деп жазды. Бір еске қаларлығы Кенесары Қасымұлының жетекшілігімен болған қазақ көтерілісі басылған соң, шыңғыс ұрпақтары халық қозғалысына басшылық жасамады. Бұл жайын Л. Мейер былайша келтірді: «Осы кезден кейін халықтың қорғаушысы қарапайым халық болды... ал сұлтандар ең соңғы орынға келтірді немесе орыс шенеунігі болып шыға келді».

****

Ханның екі әйелінен – Күнімжан мен Жанымнан сегіз ұл қалды: Жапар, Тайшық, Ахмет, Омар, Оспан, Әбубәкір, Сыздық және Жәкей. Олардың бәрі Қоқан территориясына өтуге мәжбүр болды. Біршама уақыт қоқандық әскер сапында қызмет етіп, Ресейге қарсы соғысты. Біршама уақыттан кейін Ресей империясының әскері күшіне қарсы тұра алмайтындығын түсініп, оларға бағынуға мәжбүр болды. Ол сонымен қатар генерал Колпаковскийдің отрядына қарсы соғысты. Бір орыс офицері Кенесары ханның мылтығын біршама уақыт қолында сақтап, 1882 жылы Омбыдағы орыс географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің музейіне сыйлайды. Кенесарының мылтығы бүгінгі күнге дейін Омбы облыстық өлкетану музейінде және оны Қазақстанның орталық мемлекеттік музейіне әкелу өз шешімін күтіп жатыр.

Сөз жоқ, хан Кенесары Қасымұлы өмірі мен қызметі мысалында қазақ батырлары, ұлт-азаттық қозғалыстың бірнеше ұрпақтары тәрбиеленіп шықты. Сонымен бірге оның бас сүйегі табылып елге қайтарылса екен. Жалпы халыққа мәлім, болғар халқының көріпкел сәуегей әйелі Ванга қаза болар алдында Кенесарының бас сүйегі елге қайтарылған уақытта Қазақстан елі бұдан әрі дами түсетінін айтып кетіпті. Ал осы тұлға туралы басқа елдің президенті жаман бағытта сөйлеу- ол дөрекілік. Біздің намысымызға тиеді. Cондықтан айтарымыз: «Атамбаев мырза, хан Кенеге қол тигізбеңіз»! 

 

З.Е. Қабылдинов,

Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институтының директоры