#Алаш100: Алғашқы Алаш ауылы
22.10.2017 2780
Бекмұхамбет молда патша үкіметінің тиесілі деген 15 десятина үлес жерін алуға ауылдастарын көндіріп, Серғазы өзені бойынан қоныс салады. Жер бетіне жаңа қазақ ауылы бой көтереді

Қара Ертістің бойын жаз жайлап, қыс қыстаған төртуыл елінің бір бұтағы тұзақшылар еді. Бұл Алтайдың күнгей беті, Сауырдың теріскейі болатын. Алтай мен Тарбағатай екеуінің арасы «қол ұстасып» тұрмайтын, Сауыр мен Сайхан тауының жоталары менмұндалап, етекте өрген аң мен құс, тіршілік иесі көрікті мекенге айналдырып тұратын. Осы тұзақшы жайлаған елді ата-бабасынан тектілігі жойылмаған Сатыпалды әулетінде 1861 жылы Бекмұхамбет дүниеге келеді. Шаңырақтағы Сүлеймен, Бегалы, Бекмұхамбет, кенже ұл Жағыпар есімді төрт ұлдың үшіншісі жастайынан талапты болып өседі. Үлкен ағасы Сүлеймен бегалы екеуінің алғырлығына сүйсініп, олардың білім алуы үшін қажетті жағдайды жасаған. Ташкентте білім алып, дінді оқуына қамқорлық етеді. ХІХ ғасырдың 80-інші жылдары білім іздеген екі талапты жас Зайсаннан сонау қиырдағы ташкентке жол тартып, ондағы медреседе жеті жыл білім алады.

Содан соң Үфө қаласына барып, бас муфтиге сынақ тапсырып, «указной» молда деген заңды құжат алып шығады. Бұл – патша жарлығымен бекітілген діни лауазым, тәртіп бойынша берілген ресми құжат. Қазақтар арасында жандармериялық бақылау жасау үшін «указной молда» дейтін қызметті Ресей Сенаты 1868 жылы енгізген. Осы құжатта указной молдалардың қызметі нақтыланып, міндеті бекітілді. Аталмыш құжатта:

•  Қазақтар дін ісі бойынша Орынбордағы дін ислам мүфтиятына қарайды;

•  Қазақтардың жергілікті жердегі діни істерін тағайындалған молда ғана жүргізеді;

•  Молда азаматтық басқармаға сол арқылы Ішкі істер министрлігіне бағынады;

•  Молдалар облыстық басқарма мен әскери губернатордың шешімімен бекітіледі не босатылады;

•  Мешіттер тек қана генерал-губернатордың рұқсатымен салынады;

•  Мешіттің жанынан жергілікті балаларды оқыту үшін медіресе ашуға молда міндетті түрде уезд бастығының рұқсатын алуы керек» деген баптар бар. («Оян. Намыс kz» журналы.  №3, 2010.  20-б).

Бекмұхамбет елге оралған соң, ел ағаларымен ақылдасып, әрине, ояз бастықтары, генерал-губернатор кеңсесімен ақылдасып, мешіт салуды бастайды. Өз мамандығына сай әрі қолындағы заңды құжаттың күшін пайдалана отырып, ол өз ісінің орындалатынан сенімді болды. Тек мешіт салумен ғана шектелмей, мектеп ашуды да ойластырады.

Өлкетанушы Қалибек Алтыбаев: «Осында (Зайсан өңірінде – З.К.) 1903 жылы ашылған бастауыш мектебіне Бекмұхамбет Сатыбалдыұлы деген өте сауатты ұстазды указной молда етіп патша ағзамның өзі бекітеді. Бұл мектепте арифметика, жағырафия, орыс тілі оқытылған. Ал сөз болып отырған Б. Сатыбалдыұлы Төртуыл елінің «Ыбырай Алтынсарині» деген дерек келтіреді.

Ал белгілі жазушы Уақап Қыдырханұлы «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы Қорғанбек Аманжолға берген «Жүректегі иман» атты сұхбатында «Әкем Қыдырхан Зайсандағы алғашқы оқыған, сауатты адамдардың бірі болған. Осында 1903 жылы Бекмұхаммед деген «указной молда» ашқан мектепте Міржақып Дулатовтан білім алған. Одан кейін Зайсанның медресесін бітірген» деп жауап береді.

Бекмұхамбет мектепті өзінің мекені Серғазы өзенінің шығыс бетіне салдыртқан және оған әр болыстан екі баланы оқытып отыруды міндеттеген. Мешіт пен мектепті салуға Зайсанның сол кезеңдегі ірі байы, айнымас досы Бидахмет Бобкин де қаржылай көмек көрсеткен. Игі істерімен елге танылып, атақ-абыройы тасыған Бекмұхамбеттің отбасында 1898 жылы Адамбек, 1900 жылы Ғаділбек атты екі ұл дүниеге келеді. Бұл екеуі де Міржақып сабақ берген жылдары әке салдырған мектептің алғашқы шәкірттері болады. Кейін Дулатұлының кеңесімен Адамбек Семей қаласындағы мұғалімдер семинариясына оқуға түссе, екінші ұл Ғаділбек Түркияға білім алуға кетеді. Ыстамбұлдың арғы жағындағы Бурса шаһарында, Сұлтания медресесінде үш жыл оқып, 1915 жылы денсаулығы сыр беріп, көкірек ауруына ұшырап мезгілсіз қайтыс болады. Ұлының қайтыс болғанын әке үш жылдан соң бірақ естиді.

Адамбек (суретте) 1918 жылы Алаш партиясының Зайсанда құрылған «Теңдік» атты бөлімінде партия мүшесі және Алаш әскеріне командир болып қызмет етті. Алаштың екі полк әскерінің бірін соғыс өнеріне жаттықтырған Адамбек – Зайсандағы алғашқы офицердің бірі болып тарихта қалды.

Қазақтың жастарына әскери өнерді үйреткені үшін 32 жасында Адамбекті Семей түрмесіне қамаған, ақыры босатпай сонда өлтірген.

Қызы Халима Бекмаханованың «Мен – бес жасымнан қудалау мен қуғын-сүргінді көріп, соның азабын арқалаған адаммын. Құдайға тәуба, жасығам жоқ! Жасым 86-да. Ұрпақ өсіріп, шөбере сүйіп отырмын. Бес жасымда әкем Адамбекті «Алаштың офицерісің, Совет үкіметіне қарсы ақтың әскерімен бірге соғыстың» деп Семейдің түрмесінде өлтірді. Анам Айша балаларын, әкесінің отбасын қосып, Ташкентке барып тығылды. Анамды 1938 жылғы 26 мамырдан 1939 жылғы 5 мамырға дейін бір жылға түрмеге қамады. «Алаш партиясы офицерінің әйелісің» деп нағашы атам – анам Айшаның әкесі Бидахмет Бобкиндің 1937 жылы 74 жасында «сен Алаш әскеріне көмектестің, бай, саудагерсің» деп Ташкентте ұстап, содан хабар-ошарсыз кетті. Қайда, қай жерде қайтыс болғанын білмейміз. ...Атам Бекмұхамбет, әкем Адамбек, анам Айша, нағашы  атам Бидахмет, жолдасым Ермұхан – барлығы халыққа қызмет еткен адамдар» деген сөзі еңбек ардагері Көкенай Матжановтың «Бекмұханбет «Указ» молла» мақаласында берілген.

Патша әкімшілігінің қазақ жерін игерудегі сан түрлі қаулы-қарарларына иек артып, сонау Ресейден жүк тиеп жөңкіліп көшкен қарашекпенділердің қазаққа көрсетпегені жоқ. Келімсектер қарулы һәм өктемшіл орыс-казак әскерін арқа тұтты. Кісі баласының көзін қызықтырмай қоймайтын шұрайлы мекен, шүйгін шөп, мөлдір сулы Жарлы, Кендірліктің бойына олар баса-көктеп қоныстана бастайды. Атам заманнан бері бұл даланы мекен етіп келе жатқан байырғы қазақтардың көшпелі тұрмысына, дәстүрлі мал шаруашылығына және жерді сақтау мен оның құнарын жыл сайын арттырып отыратын қарекетіне қарашекпенділер шекеден қарады. Шекеден қарағаны аз, «орыстар әдейі көш жолына рұқсаттары жоқ болса да, егін сап, шатырларын тігіп, егінімді басасың, пішенімді жапырасың деген сылтаумен мал басына, шаңырақ басына 30-40 тиын ақша алған. Бермесе ағаш арасынан мылтық асынған, сойыл ұстаған орыстар шыға келіп мал айдатпайды, көшірмейді» делінеді Міржақып жазбасында. Мұндай көпе-көрнеу қорлық Жапабай Бітібайұлы, Бекмұхамбет Сатыпалдыұлы секілді ел ағаларының шамына тиеді.

Ташкентте жеті жыл діни білім алып, оны Уфа қаласындағы муфтиге сынақ тапсырып, «указной» молда атанған Бекмұхамбет  Міржақыппен 1904 жылдан басталған достық рәуішті байланысын үзбей, ақыл-кеңес, жөн-жоба алып тұрған деді өлкетанушы Фемистокл Жүнісов. «Бекмұхамбетке «указной» молда деген заңды құжат берілген, бұл – патша жарлығымен бекітілген діни лауазым, тәртіп бойынша берілген ресми құжат» деп тәптіштеді өлкетанушы. Ояз бастықтарына айтқан шағымдарын ескермеген шенеуніктерге ел ағаларының қылар қайраны болмайды. Осындайда әбден ашынған Бекмұхамбет тобы Міржақыптармен астыртын келіседі де, батыл қадамға бастайды. 

Жүз шақты жігіттің қолына сойыл, найза, ішінара мылтық ұстатып, оларды талдардың арасына жасырады да, мұжықтардың беделділерін «Ақылдасатын шаруа бар» деп келіссөзге шақырады. Олардың ойында  ештеңе жоқ, ауылға келгенде әлгі қарулы жігіттер қоршап, байлап-матап тастайды. Басқа амалы қалмаған Бекмұхамбет сол арада істеген қылмыстарын тізіп айтып, өлтірілген адамдардың құнсыз, таланған малдың сұраусыз кеткенін қолмен қойғандай дәлелдеп сөйлейді: «Енді сендердің құндарың да сұраусыз кетеді. Ояз басшылары алыста, көріп тұрған заңгерлер де жоқ, дәл қазір сендерді өлтіреміз», – дегенде бәрі зар еңіреп жылайды екен. «Указной» молда тегін адам емес, патшалық шығарған заңдарды жайып салып, көздеріне шұқып отырып көрсетеді. Тез арада өзге де бұзақыларын басты адамдары арқылы шақыртып алып, мойындарына арқан, тақымдарына қыл бұрау салдырып, зар илетеді. «Бұдан былай біз де шетке шыққан адамдарыңды өлтіреміз», – деп сұс көрсетеді.

Осындай өктемдікке қарсы күш, қысасқа қарсы қысым көрсетілген соң, дандайсып кеткен қарашекпендер тәубәларына түсіп, келісімге келген. Бекмұхамбет молда патша үкіметінің тиесілі деген 15 десятина үлес жерін алуға ауылдастарын көндіріп, Серғазы өзені бойынан қоныс салады. Жер бетіне жаңа қазақ ауылы бой көтереді, іргесі қаланғанына бес жыл толуына байланысты атауын «Қуаныш» қояды. Бұл тарихи оқиғалар желісі марқұм жазушы Ғалым Байбатыровтың Зайсан шежіресінен жазған көлемді зерттеулерінің негізінде жазылды.

Ел ағасы, қайраткер тұлға Бекмұхамбет Сатыпалдыұлын алыста білім алам деп кенеттен қайтыс болған Ғаділбек өлімі күйретіп кетті. Міржақыпқа жазған хатында ол: «Қарағым Міржақып! Көңілімнің нұры, тіршілігімнің гүлі Ғаділбекті жұртқа қызмет етсін деп едім. Бақытсыздығыма мезгілсіз жол кез болды. Ішім күйіп, жүрегім жанып барады» деп жазғанындай, көп ұзамай, 1925 жылы қайғы мен қасірет еңсесін көтертпеген күйінше өмірден озады.

Ұлттық жаңғыру қарсаңында ағартушылықпен айналысып, елдің білім алуына жағдай туғызып, ұлдарын ел патриоты етіп тәрбиелеп қана қоймай, өле-өлгенше алашқа берілген, адал азамат қылған өнегесі үшін Бекмұхамбет Сатыпалдыұлын Алаш жолындағы пассионарлы тұлға деп тануымыз шарт.