Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлттық кітапханада «Латын әліпбиі залы» ашылды

1957
Ұлттық кітапханада «Латын әліпбиі залы» ашылды - e-history.kz
Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Елбасының «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңарту бағдарламасы аясында «Латын әліпбиі залы» ашылды

Аталмыш залда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен бекітілген қазақ тілінің латын әліпбиіндегі соңғы нұсқасы үйретіліп, семинар-тренингтер, оқу курстары, лингвист ғалымдарының онлайн кеңестері өткізіледі.

«Латын әліпбиі залының» ашылу салтанатында сөз сөйлеген философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есім қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуін еліміз үшін тарихи оқиға болғанын тілге тиек етті.

«Елорда төріндегі Ұлттық академиялық кітапхана үлкен жұмысты бастап отыр. 26 қазан күні Елбасы латын әліпбиіне өту туралы жарлыққа қол қойды. Бұл тарихи оқиға. Мен сіздерге былай айтайын, бұл тарихи оқиға болғанда мына біздің ойлау жүйемізді өзгертетін оқиға. Біздің ойлау жүйеміз 1991 жылы Тәуелсіздік жариялаған күні, өзгерді. Біз еркін ойлай бастадық...  Бұған дейін екі тілде, 76 әріпті қолданып келсек, енді бір тілде 32 әріппен жазатын боламыз. Көшелерде де бір ғана жазу тұратын болады. Ал мына жаңадан ашылып жатқан залдың латын тілін меңгеруде алар орыны ерекше» - деді Ғарифолла Есім.

«Латын әліпбиі» залында 1929-1940 жылдар аралығында жарық көрген латын графикасы негізіндегі қазақстандық кітаптар мен мерзімді басылымдардың көрмесі және тақырыптық жаңартылған нұсқалары қойылған.

«Латынға көшу қоғамның қажеттілігі. Осы қажеттілікті Елбасымыз шешіп берді. Адамзат жазулы екінші тілді болғанға дейін 3 млн жыл тосты. Екінші тіл деген не? Ол жазу тілі. Ал біздің түркі тектес халқымыз, түрік этносы осыдан 3 мың жыл бұрын алғашқы әліпбиін жасай бастады. Грамматикасын жасаған уақытпен алсақ, 1500 жыл болды. Біздің тіліміздің тілдік артикулияциясына сай 26 таңбамен 8 дауысты, 18 дауыссызға ықшамдап келтіріп, қазіргі еуропа тілімен айтсақ руника деген жазумен ата-бабаларымыз 1500 жыл бұрын осыны жасап берген. Одан кейінгі уақыттарда біздің халқымыз 10-нан астам әліпбиді пайдаланыпты. Алфавит халықты ұйыстыратын, ұйытатын  негізгі ұйытқы» - деді залдың ашылу салтанатында сөйлеген филология ғылымдарының докторы, түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы.

Қазірдің өзінде залға латын әліпбиінің Елбасы қол қойып, қабылдаған нұсқасы таныстырылып, осы залда латын графикасын үйренемін деушілерге қызмет көрсетуге әзір.

«Мұндай залдар еліміздің әрбір кітапханасында ашылуы керек. Себебі әліпбиді үйрену 2025 жылдан бастап енгізген сәтте біз дайын болуымыз қажет. Ал 1928-1940 жылдар арасында 12 жыл пайдаланған әліпбиімізде көп кітаптар, баспа, басылым жарық көрмеген. Қорымыз аз. Сондықтан латын тіліндегі әдебиеттерді көптеп шығаруымыз керек. Ал әліпбидің уақыт өте келе толықтыра түсер жерлері көп» - дейді филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы.

Ашылу салтанатына Бәкір Әбдіжалел, Рахымжан Тұрысбек, Нұрсұлу Шаймерденова, Айгүл Үсенова, Болат Қорғанбеков, жазушылар Қуаныш Жиенбай, Жади Шәкенұлы, 2050 Жалпыхалықтық қозғалысының өкілдері, кітапханашылар мен оқырмандар қатысты.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?